Ұлы Дала елі
КИІЗ ҮЙ
Киіз үй – негізінен киіз бен ағаштан тұратын қазақ халқының үйі, баспаханасы. Ол маңызы мен көлеміне қарай бірнеше түрге бөлінеді.
Орда – салтанатты, жоғары мәртебелі адамдар бас қосатын, елдік мәселе шешетін немесе аса құрметті хан, би, сұлтандар отыратын үй. Мұның да бірнеше түрі бар.
Алтын орда – 30 қанаттан (кереге) тұратын ханның мәжіліс ордасы.
Алтын үзік – 24 қанаттан тұратын аса лауазымды хан отбасы тұратын үй.
Ақ шанқан – 18 қанат ақ орда, 12 қанат – ел басылар, бай, билер тұратын киіз үйлер.
Ақ ала орда – 8 қанатты дәулетті бай үйі.
Ақ үй – 6 қанатты дәулетті адамдар тұратын үйлер.
Боз үй, қоңыр үй – 4 - 5 қанатты орташалар тұратын қарапайым киіз үй.
Қараша үй – кедей үйі.
Отау – жас жұбайлар үйі.
Жолым үй, аблайша, жаппа – уақытша ғана отыратын шағын немесе жартылай тігілетін үйлер.
Күрке, қос – ауыл да ас сақтайтын, далада малшылар тұратын немесе кедейлердің үйлері.
Үй құрамы – үй сүйектері, киіздері және арқан - баулары деп аталатын 3 бөліктен тұрады.
Киіздері – барлық киізден тұратын бөлшектері.
Арқан - баулары немесе бау - шулары – құр, арқан, бау, жіптен тұратын бөліктері.
Шаңырақ – үйдің бас бөлігі. Ол бірнеше атаудан тұрады.
Тоғын – шаңырақтың дөңгелек шеңбері.
Күлдіреуіш – түндікті көтеріп тұратын ағаштан иіп жасалған бөлшек. Шаңырақ күмбезі осыдан тұрады.
Кепілдік (кепіл ағаш) – күлдіреуіштерді біріктіріп ұстап тұратын ағаш.
Қаламдық – уықтың қаламы (басы) кіріп тұратын шаңырақтағы төрт бұрышты тесік.
Уық – шаңырақ пен кереге ортасын қосатын иінді ағаш.
Қаламы – уықтың шаңырақ қаламдығына кіретін ұшы.
Қары – уықтың иініне дейінгі бойы.
Иіні – уықтың иілген (бүгілген) тұсы.
Алақаны – уықтың кереге басына бекітілетін басы.
Уық бау – уықты кереге басына байлайтын жіп.
Кереге – үй іргесі мен шеңберін құрайтын негізгі бөлік.
Қанат – керегені жинап біріктіруді қанат деп атайды.
Желі – керегені құрайтын ағаштар.
Ерісі – ағаштардың кереге құрайтын ұзыны.
Сағанақ, балашық – ағаштардың қысқасы.
Ыру – уық пен керегеге салынған оюлы сызықтар.
Көз – керегенің торкөздері ( тор көз , жел көз ).
Азат көз – керегенің көктелмеген жерлері.
Сықырлауық – киіз үйдің ағаштан жасалған жарма есігі.
Босаға – киіз есік, маңдайша мен табалдырықты қосатын, керегеге байланатын берік ағаш.
Маңдайша – екі босағаны жоғарғы жағынан ұстап тұратын берік ағаш.
Табалдырық – екі босағаны төменгі жағынан ұстап тұратын берік ағаш.
Бақалақ – сықырлауықты жапқанда маңдайшада бекітіп тұратын айналмалы ағаш тиек.
Туырлық – ордада кереге бойын, шағын үйлерде шаңыраққа дейін жабылатын киіз.
Үзік – ордада кереге мен шаңыраққа дейін жабылатын туырлық бөлігі.
Дөдеге (үзікті үй) – үй сыртына кереге басы тұсына киізден оюлап жасалған әшекейлі киіз.
Түндік – шаңырақ үстінен жабылатын төрт бұрышты киіз.
Түндік бау – түндік белдеуге байлайтын бау.
Ши – киіз үй бөлшегін, тұрмыс бұйымын жасайтын өсімдік.
Ақ ши – кереге сыртынан, кейде туырлық сыртынан орай тартылатын тоқыма ши.
Шым ши – ою - өрнекті, жүн оралған туырлық ішінен тартылатын ши.
Таңғыш құр – үй тіккенде керегелерді бір - біріне қосып байлайтын терме бау.
Бас құр – кереге басы туырлықты тесіп кетпеу үшін үй айнала жүргізілетін (тартылатын) жалпақ оюлы құр.
Жел бау – сәндік үшін шаңыраққа байланатын шашақты баулар. Желді күні оған үй шайқалмас үшін салмақ байланады.
Балақ бау – көшкенде уықтарды қосып байлайды.
Аяқ бау – уыққа сәндік үшін байлайтын түрлі жіптер шоғы.
Есік бау – киіз есік бауы.
Тастама – киіз есіктің жоғарыдан шаңырақ арқылы маңдайшаға байланатын бауы.
Керегенің басы – керегенің жоғарғы жағы.
Керегенің аяғы – керегенің жерге тірелген жағы.
Кереге қап – сырлы кереге қажалмас үшін әрі көгіне су тимес үшін қапталған киіз.
Жел арқан – дауылды күндері үйді бастыра тартатын арқан.
Күйеу қазық – үй сыртында іргесіне жел арқан байланатын қазық.
Бақан – шаңырақ көтеретін, киіз есікті көтеріп қоятын бір жақ басы аша ұзын ағаш.
Жабық – туырлықтардың бір - біріне айқаса жабылатын тұсы.
Дақтау, дембі – шеберлер термині, белгілеу деген сөз.
Белдеу – туырлық желде көтеріліп кетпес үшін үй сыртынан екі жерден тартылатын арқан.
Бас арқан – үйдің барлық салмағын ұстап тұратын, кереге басын орай маңдайшаға бекітілетін берік арқан.
Үй тіге – киіз үйді көтеруді (құруды) халық үй тігу дейді.
Үй жығу – көшер кезде үйді бөлшектеуді үй жығу дейді.)
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі