Еменнің түбі сары бал,
Еріскен көңіл бәрі бал.
Жоғарыдан төмен төгейін,
Керегіңді теріп ал.
Қасыма ерген жолдастар,
Антыңды бұзып айрылма,
Зейініңді бермен сал.
Жапанға біткен жасылды-ау,
Жамандардың басы сау.
Жаманды байқап қарасаң,
Күндердің күні болғанда
Өз басына өзі жау,
Арғымақ жақсы ат мініп,
Жеке шығып елімнен,
Толықсып толғау толғасам,
Іштегі қызғын басылды-ау!
Өлең айтып толғадым
Көкірегімді басарға.
Махамбеттей мұңдыға
Енді келер күн қайда
Ханға құрған шатырды
Сүңгімен түртіп ашарға?!
Алтын жақса жарасар
Жылтыраған күміске.
Он екі ата Байұлы
Жиылып келсе бұл іске,
Алты сан алаш ат бөліп,
Тізгінін берсе қолыма,
Заулар едім бір көшке!