Жасыл шырша жанында
Кейіпкерлер: Ақшақар, Қаршақыз, Аяз Ата, аққала, гном, қоян, мешін, тауық.
Жаңа жылға безендірілген залға балалар кіріп келеді.
Балалар көңілді музыка әуенімен ортаға шығады, оларды Қаршақыз қарсы алады. Қаршақыз балаларды шыршаның айналасына тұрғызып хоровод жасайды.
Қаршақыз: Әй, балалар көңіл - күйлерің қалай!
Балалар: Керемет
Қаршақыз: Бәрің солай ойлайсыңдар ма?
Балалар: Иә!
Қаршақыз: Онда мерекені бастайық! Алға достар, Алақай!
Ән: Кел, кел жаңа жыл
Қаршақыз: Қыс - ғажайып жыл мезгілі, тек қыста ғана көңілді мереке Жаңа жыл болады. Қанша қызықты ойындар ойнауға, шана мен шаңғы тебуге және Аққала салуға болады.
Музыка әуенімен Аққала кіріп келеді де қар лақтыра бастайды
Қаршақыз: Мынау кім, балалар? Аққала ғой бізбен ойнап жатқан!
Аққала: Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мені балалар қардан жасады. Мені өте әдемі жасаған: басым ақылды, ішім қызыл, мұрным тамаша - сәбіз! Бірақ, менің өзімді мақтап тұруыма уақытым жоқ. Балалар, Ақшақар мен Аяз Атаға Жаңа жыл мерекесіне шақыру хатын жібердіңдер ме? Ендеше, телефон арқылы хабарласайық. (телефон қоңырауы соғылады, телефонның ар жағында Аяз ата).
Аққала: - Сәлеметсіз бе, Аяз Ата! Бүгін Балдырған балабақшасында Жаңа жыл мерекесі өткізіледі, сізді Ақшақар екеуіңізді көңілді мерекеге шақырамыз. Балалар мен қонақтар сізді күтеді.
Аяз ата: - Келеміз, күтіңдер, Жаңа жылды бірге қарсы аламыз.
Аққала: Аяз ата мен Ақшақар келгенше, біз көңілімізді көтеріп ойнайық та, билейік. Қане онда менің соңымнан қайталаңдар!
Ойын: Қар жинаймыз.
(Музыка әуенімен Ақшақар кіреді)
Ақшақар: Сәлеметсіңдер ме, балалар! Сәлеметсіңдер ме, қонақтар!
Мен Ақшақармын Аяз Атаның немересімін. Мен сендермен бірге Жаңа жылды қарсы алуға келдім! Қазір Аяз ата да келеді, ол әуежайда бөгеліп қалды. Аяз ата келгенше бәріміз би билейік.
Би: Ұлпа қарлар
Осы кезде тырсылдаған бір дыбыс естіледі.
Ақшақар: Балалар, тыңдаңдаршы бұл не деген дыбыс?
Сол кезде ортаға қоян шығады.
Қоян: Ой, мен қайда тап болдым? Сендер кімсіңдер? (Қорқып балаларға қарайды)
Ақшақар: Қоян қорықпа бізде балабақшада Жаңа жылдық мереке өтіп жатыр. Балалар қоянды бізбен бірге Жаңа жылды қарсы алуға ортаға алайық.
Ойын: Іздермен жүгіру
Ақшақар: - Балалар, жақсы ойнадыңдар, енді бәріміз қоянмен бірге би билейік.
Би: Қояндар биі
Қоян: Балалар, рахмет сендерге, көңілім көтеріліп қалды, енді мен ештеңеден қорықпаймын. Барлығыңды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап сендерге сәбіз сыйлаймын.
(шылдырлаған телефон дауысы естіледі.)
Ақшақар: Балалар, Аяз ата телефон соғып жатыр, иә Аяз Ата тыңдап тұрмын.
(интерактивтікі тақтадан Аяз атаның бейнесі шығады)
Аяз Ата: Ақшақар қызым мені күтіп қалдыңдар ма, мені әуежайда кеден басқармасы бөгеп жатыр, себебі барлық балаларға сыйлық дайындадық па соны тексеріп жатыр. Мен сыйлықтарды Жаңа жылға (мешінге) тастап келе беретін шығармын.
Ақшақар: Жақсы Аяз Ата өзіңіз келе беріңіз.
Ақшақар: Балалар, Аяз Ата келгенше біз ән айтайық.
Ән: Аяз Ата
(Осы кезде ортаға Аяз ата кіреді)
Аяз ата: Балаларым балғыным
Армысыңдар жарқыным,
Тілегенім жыл бойы,
Сендердің денсаулығын!
Сендерді әзер таптым ғой. Ой, қатты шаршадым.
Тәрбиеші: Аяз ата біздің мерекеге қош келдіңіз төрлетіңіз.
Аяз Ата: Жаңа жылдарыңмен, достар!
Қоян: Аяз Ата! Балалар сені күтіп отыр, қазір олар сізге өз өнерлерін көрсетеді.
Аяз Ата: Сендерді көргеніме қуаныштымын. Енді шыршаның шамын жағатын уақыт келді. Қане бәріміз бірге ойын ойнаймыз. Шыршаның түрлі - түсті шамдарын жағу үшін сиқыр білемін. Аяғымызбен топылдатқанда шырша шамы жанады. Ал, барлығымыз шамға үрлегенде шамдар сөнеді. Ойынды тез - тез ойнаймыз сонда шамдар жарқырап жанады.(Шыршаның шамдары жанады)
Аяз Ата: Кәне, балалар, Жаңа жылдық шыршаға бәріміз бірге ән айтайық
Ән: Шырша
Аяз Ата: Мынау менің қолғабым емес пе? Өткен жылы жоғалтып алып едім, қайтарып бересіз бе?
Жүргізуші: Бұл қолғапты би билеп берсеңіз ғана сізге беремін.
(Аяз ата би билейді)
Би: Джентельмен
Жүргізуші: Аяз Ата енді ойын ойнайық
Ойын: Қатырамын
(Табиғаттың дыбысы естіледі. Сол кезде Гном қоңырауды сылдырлатып шығады)
Гном: Сәлеметсіңдер ме, балалар мен сендердің шырқаған әндеріңді естіп сонау орманнан әдейілеп келдім. Жаңа жылды бірге қарсы алып ән атып би билейік. Мен сендерге сиқырлы телпек ала келдім. Бәріміз билейік.
Ақшақар: Балалар бірге би билейік
Би: Гномдар
Ақшақар: Балалар Аяз ата шаршады отырып дем алсын, ал біз өз өнерімізді Аяз атаға көрсетейік.
(Балалар өлең, тақпақтарын айтады.)
Би: Айналамыз
Ақшақар: Аяз ата, балалардың өнерін тамашаладыңыз, енді оларға сыйлық бермейміз бе?
Аяз ата: Тұра тұр қызым, мен Жаңа жылдың келгенін күтіп тұрмын.
(Сағаттың тілі соғады, сол кезде Мешін ағаштардың ортасынан шығады.)
Мешін: Сәлеметсіңдер ме? Балалар мен Мешінмін, Жаңа жылмын.
Аяз ата: Қош келдің, Жаңа жыл, төрлет! Мен сені күтіп отыр едім, қайда жүрсің, менің тапсырған сыйлықтарымды әкелдің бе?
Мешін: Ия, Аяз ата тапсырмаңызды орындадым ғой, бір – ақ бір қиындық болып тұр, сіздің сиқырлы сөзіңіз керек сонда сыйлық тез ашылады.
Аяз ата: Ашыл, қорабым ашыл! Сүф - сүф!
(Қорап музыка әуенімен ашылады, Аяз Ата сыйлықтарын таратады.)
Бәрі шеңберге тұрып би билейді.
Би: Буги - буги
Ақшақар: Сау болыңдар балалар, енді бізді басқа да балалар күтіп отыр. Келесі жылға дейін аман болыңдар!
Барлық кейіпкерлер балалармен қоштасып музыка әуенімен шығып кетеді.
Балалар бәрімен қоштасады. Осымен ертеңгілік аяқталады.
Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы,
Балдырған балалар бөбек бақшасы
Балабақша тәрбиеленушілеріне арналған ертеңгілік сценарийі
автор: Хасенова Айжан Лұқманқызы, әдіскер