Сабақтың тақырыбы: Қазақ ою - өрнегінің ұлттық киімде орналасуы.
Сабақтың мақсаты: Оқушыларды ұлттық киім үлгілерімен, ұлттық ою - өрнектер элементтерімен композиция құру шеберлігін дамыту, сабақ барысында эстетикалық талғамға ұқыптылыққа үйрету.
Білімділік: Халқымыздың ұлттық киім түрлеріне, олардың ою - өрнек түрлеріне сипаттама беру.
Дамытушылық: Ойлауды, танымдық қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелік: Жеке және топта жұмыс істей білуге, әдемілікті сезінуге тәрбиелеу, көркемдік талғамды, икемділікті қалыптастыру. Ою - өрнектің сырына мән беру арқылы оқушылардың ой - өрісін, білімін жан - жақты дамыту, халқымыздың асыл мұраларын, салт дәстүрін, өнерін құрметтеуге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: дәстүрлі сабақ, топпен жұмыс.
Сабақтың типі: Аралас сабақ.
Сабақтың әдісі: Топпен жұмыс, түсіндіру.
Сабақтың көрнекілігі: Ою – өрнек үлгілері, киімдердің дайындамалары, қайшы, желім, түрлі - түсті қағаз.
Пәнаралық байланыс: Бейнелеу өнері, Қазақстан тарихы.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
- Оқушылармен амандасып түгендеу, сабаққа арналған материал мен құрал – жабдықтарды тексеру, техника қауіпсіздігін айтып өту.
II. Жаңа сабаққа дайындық
Қазақ халқының киім түрлерін, ою – өрнек түрлерін еске түсіру.
1. Ою - өрнек сөзінің мағынасы, тарихы туралы түсінік
Біздің ата - бабамыз қолөнерімен айналысқан, сол өнерді жетілдіріп, ұрпағына мұра етіп қалдырып отырған. Барлық жасалған қолөнер заттарын табиғатпен байланыстырып ою - өрнектермен безендірген. Ою - өрнек деген сөзіміз латын тілінен алынған, “Орнамент” (әшекей) деген ұғымды білдіреді. Мағынасы сәндеу, әсемдеу деген сөзден шыққан. Ұлттық киімнің негізгі сәндеушісі – ою - өрнек. Халқымыздың ұлттық киім түрлері өте көп. Олар өзінің көз тартарлық әсемділігімен, ою - өрнегімен, сәнділігімен осы кезеңге дейін жоғары бағаланады. Олардың кейбірулерін күнделікті киіп жүрсе, енді біреулерін мереке - мейрамдарда, ойын - сауық, той - думандарда киеді. Қазақ әйелдерінің ұлттық киім түрлеріне көйлек, кимешек, сәукеле, камзол т. б жатады. Оларды әр – түрлі ою - өрнек түрлерімен сәндейді. Ер адамдар мен әйелдердің бас киімдері де сәнділігімен ерекшеленеді. Оны барқыт сияқты материалдардан тігіп, жиегіне әр - түрлі ою - өрнектермен көмкереді. Қазақ ұлттық ою - өрнегінің бірнеше ондаған ғасырлық тарихы бар. Атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып, үнемі қолданыста болып, дамып келе жатқан өнер түрі. Қазақ халқының тұрмысында ағаштан жасалған заттар өте көлемді. Жазы - қысы пайдалануға келетін ағаш уықты, киіз туырлықты киіз үй киіз бен ағаштың өте күрделі үйлесінен тұрады. Тігуге де, жинауға да, алып жүруге де өте қолайлы осы мүлікте ою - өрнек қолданылмайтын бөлшек жоқтың қасы. Ою - өрнекті жақсы саналы жасау үшін алдымен пайдаланатын материалды дұрыс таңдай білу қажет, оның ою - ырғағы мен мөлшерін, яғни оюдың заттың бетіне түсуі мен орналасуын нақты жобалау қажет. Оюдың жақсы шығуы оюшының ой ұшқырлығында, шеберлігі мен оюдың ретін келтіріп үйлестіре білуінде. Ою - өрнектің қандай түрі болса да, ол – адам ойының жемісі. Ою - өрнек бір - бірімен қабысып, жымдасып, ескен арқандай бірігіп тұруы керек. Ара жігі бадырайып, үйлеспей, олпы - солпы болса, ою өзінің сәнін, сұлулығын, үйлесімін тіпті мазмұнын жоғалтуы мүмкін.
Қазақ ою - өрнегі қошқар мүйіз түрінен бастау алатындықтан қандай ою түрін жасағанда да осы ою түрі басты көрініс табуы қажет. Басы қошқар мүйіз оюынан бастау алған өрнек дами келе неше алуан түрге еніп, ара жігі әр түрлі ою - өрнектермен толыға келе, үлкен күрделі ою түрі шығады. Ою тасы қошқар мүйіз бастаған өрнек түрлері бір - біріне үйлесе сән бере келе бірігіп, жымдасып, байланыс пен сәндік тауып жасалатын ою түрін әрлендіре түседі. Табиғаттағы әсем гүл шоғырындай ою - өрнекте өз шеберін тапса, жарасып, құлпырып, көз тартып, көзге қуаныш, көңілге жылылық, ортаға әсемдік, сұлулық шашып тұрары анық. Біздің ата - бабаларымыз осындай өнер түрін өзінің шырқау шыңына жеткізе білген.
Менің түсінігімде ою - өрнек дегеніміз – дәлдік, есеп, теңдік, теңеу, үйлесім, жарасым, сәндік, көркемдік, сәйкестік, тазалық, нәзіктік, сүйкімділік, парасаттылық, жылылық, сұлулық, ойлылық, ақылдылық, зеректік, көңіл - күйдің жақсылылығы, шабыт береді, ептілікке, іскерлікке, шеберлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды, тәрбиелейді. Өнерге деген махаббат, сұлулыққа деген ғашықтық, құштарлық жинағы. Ою ойған адамның жүрегі жылы, нәзік болады.
ІІІ. Топпен жұмыс.
Өткенді еске алып, ойға толам,
Сұрыптап тезге салып, көп ойланам,
Ой түбіне жете алмай титықтасам,
Қолыма қайшы алып, ою оям – деп Б. Момышұлы атамыз айтқандай біз де кезекті сарамандық жұмысымызды бастайық.
ІҮ. Оқушыларға тапсырма: Алдыларындағы киім үлгісіне қағаздан ою - өрнек қиып, желіммен жапсырмалау.
Техника қауіпсіздік ережелерін еске түсіру.
V. Сабақты бекіту (Киім үлгілеріне ою - өрнек жапсыру )
1. Қазақ тың ұлттық киімдері туралы түсінік
2. Ою - өрнек сөзі қандай ұғымды білдіреді?
3. Ою - өрнек неше топқа бөлінеді?
4. Қошқар мүйіз өрнегі қандай бұйымдарда қолданылады
5. Көбіне қолданылатын ою - өрнек?
ҮІ.. Сабақты қорыту
Оқушылардың жұмыстарын талдау.
ҮІІ. Үйге тапсырма. Оюлар түрін ойып үйрену.
ҮІІІ. Бағалау