Адам саудасы (адам траффигі) – бұл аңыз әңгіме емес. Жыныстық эксплуатация, мәжбүрлі еңбек, қарыздық құлдық, балалар еңбегін пайдалану, үй жағдайындағы құлдық, қайыршылық, қару-жарақ құрылымдарында адамдарды күштеп пайдалану, органдары мен тіндерін трансплантациялау үшін адам сату – осының барлығы бір қылмыстың жантүршігерлік формалары. Адам саудасының барлық түріне құрбандарды бас бостандығынан заңсыз айыру, зорлық-зомбылық пен қорқыту тән.
Адамдар құлдыққа әртүрлі жолмен түседі. Көп жағдайда жастарды айлығы жақсы, тұруға барлық жағдай жасалған, некеге тұруға немесе жоғары білім алуға мүмкіндігің бар деген ұсыныстармен еліктіреді. Әдетте, мұндай қауіпке 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер, 18-25 жас аралығындағы жастар, 30 жасқа дейінгі жас әйелдер ұрынады.
Таныстарыңыз немесе шетелдік ұйымдар сізге шетелде жұмыс ұсынысын жасады ма? Олай болса, құл сатушылардың желісіне түсіп кетпес үшін мына кеңестерге құлақ түріңіз:
1. Шетелде қызмет етуді ұсынатын агенттіктің ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі беретін лицензия барын, оның заңды жұмыс істеп жатқанын біліңіз
2. Шетелге шықпай тұрып, жұмысқа орналасу туралы келісімшартқа қол қойыңыз. Сізге қол қоюға берген келісім-шартты мұқият оқып шығыңыз, оның бір данасы өзіңізде қалуы керек. Сізге ұсынып жатқан қызметтің бір данасы өзіңізде қалуы керек. Сізді шетелге жіберіп жатқан фирмаға еш қатысы жоқ заңгермен кеңесіңіз. Келісім-шартта жұмыстың жағдайы, тұратын жер, жалақы және медициналық сақтандыру туралы айтылуы тиіс.
3. Жұмыс істеушінің визасын алыңыз, туристік виза сізге жұмыс істеуге ешқандай құқық бермейді. Барамын деп шешкен елдің Елшілігіне барып, дәл сол жұмыс түріне жұмысқа орналасу мүмкіндігі туралы біліңіз.
4. Медициналық сақтандыруды рәсімдеңіз.
5. Барлық құжаттарыңыздың, визаңыздың, төлқұжатыңыздың жоқ дегенде екі көшірмесін жасатып алыңыз, оның біреуін өзіңізбен алып жүріңіз, ал екіншісін туыстарыңызға қалдырыңыз. Бұл — құжаттарыңызды тартып алса немесе жоғалтып алсаңыз керек болады.
6. Өз туыстарыңызға қайда, кіммен бара жатқаныңызды тұратын жеріңіздің мекен-жайы мен телефонын қалдырыңыз. Өзіңіздің туыстарыңызбен егер белгілі бір уақыт аралығында хабарласпасам, онда басыма қауіп төніп тұрғанын білдіреді деп келісіп алыңыз.
7. Шетелге шықпас бұрын алдын-ала, сол елде сізге көмектесе алатын ұйымдардың мекен-жайлары мен телефон нөмірлерін жаттап алыңыз. Бұл Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілеттіліктері, үкіметтік емес ұйымдар, сонымен қатар жұмысқа орналасқан елдегі көші-қон бойынша халықаралық ұйымдар болуы мүмкін.
8. Баратын елдің тілін үйреніңіз, сіздің мамандығыңыз бен біліктілігіңіздің таңдап алған қызметіңізге сәйкестігін біліп алған жөн.
9. Егер де Сіз бәрібір құл сатушылардың құрбанына айналып, алайда олардан қашып үлгерсеңіз, өз консулдығыңыздан немесе басқа елді мекеннен қолдау күткеніңіз дұрыс.
Есіңізде болсын! Қандай жағдай болмасын, өзіңіздің құжаттарыңызды, көші-қон қызметі немесе құқық қорғау органдары өкілдерінен басқа ешкімге бермеңіз. Өз құжатыңыз тек сізге ғана тиесілі! Сақ болыңыз, кез-келген ұсақ-түйекке көңіл бөлгеніңіз дұрыс.
Пайдалы сілтемелер:
1) www.migration.ucoz publ 5-2-2 — Миграция сайты;
2) www.rodnik — Әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығының сайты.
Хабарласу үшін телефондар: 116 16 – адам саудасына қарсы күрес бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефоны (республиканың барлық өңірлерінен қалалық және ұялы телефон арқылы байланысуға болады), сондай-ақ 119, 8 8000 80 80 50, 8 (7172) 509 509.
Интернет арқылы іздеу. Сіз Интернет арқылы да осы тақырып бойынша көптеген материалдармен таныса аласыз. Ол үшін іздеуге арналған сайттар, мысалы www.google, www.rambler, www.yandex сияқты жүйелерде адам саудасы , адам саудасының құрбаны болмау үшін не істеу қажет және т.б. кілт сөздерді теру керек.