НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ ӨМІРДЕ ЖҮЗЕГЕ АСҚАН ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЖОБАСЫ ТУРАЛЫ

Скачать


НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ ӨМІРДЕ ЖҮЗЕГЕ АСҚАН ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЖОБАСЫ ТУРАЛЫ.

Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігінің жиырма жылдығын түбегейлі әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар жүргізу бағытында кең ауқымды жетістіктермен қарсы алып отырған болса, ал халықаралық қоғамдастық Қазақстанды бүгінде жаһандық үдерістерге беделді де ықпалды қатысушы ретінде таниды.
Қазақстанда ұлттық мемлекеттіліктің берік іргетасы қаланып, елдің аумақтық тұтастығы қамтамасыз етілді. Ел сенімді түрде дамудың нарықтық қатынас жолына қадам басып, әлемдік экономикаға сәтті енді. Бүгінде Қазақстан — бұл табысты, динамикалық сипатта дамып, әлемдік үдерістерде елеулі рөл атқарып отырған мемлекет. Біздің елімізді өзгелер бәсекеге қабілетті мемлекет деп біледі, онысы ХХІ ғасырдың түрлі сынақтары мен қатерлеріне уақтылы және тиімді қам-қарекеттерімен дәлелденіп отырғандай.
Тұрақты ішкі саяси ахуал, ұлтаралық татулық пен дінаралық келісім, мемлекеттік құрылысты ұтымды жүргізу — осының бәрі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың табанды да салиқалы саясатының нәтижесі.
Мына бір жәйтті еске сала кеткіміз келеді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылғы қазанда жасап ұсынған Қазақстанның дамуы жөніндегі алғашқы бағдарламасы — Қазақстан-2030″ Стратегиясы болатын. Ауқымды да кешенді бұл жоспарда ұзақ мерзімдік модернизациялық қайта жаңғыртудың негізгі бағыттары мен мақсаттары анық айқындалып, елдің негізгі әлеуметтік және экономикалық салалары қамтылды, Қазақстанды тәуелсіз және бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде қалыптастыру көзделді.
Дамудың стратегиялық бағыты 2009 жылғы мамырда 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламада тиянақталып, айқындалды. Бағдарламаның негізгі міндеті — үдемелі қарқынмен, ең ал­дымен инновация және озық технологияларды енгізу арқылы жаңа индустриялық экономика құру болды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы және оның бай да көптносты еліміздің кескін-келбетінде сенім мен ынтымақтың, өзара түсіністіктің ерекше ауанын қалыптастыруы, сөз жоқ, әлемдік тәжірибедегі жаңашылдық болып табылады.
Қазақстанның этносаралық үнқатысу мәселелерін тиімді шешіп отырған мемлекет ретіндегі беделі Мемлекет басшысының өркениеттер мен конфессиялар арасындағы үнқатысуларды өрістететін және бүгінде дәстүрге айналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу жөніндегі бастамасы арқылы да дәлелдене түсті.
Қазақстанның Еуропадағы жетекші ұйым — ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі де елдің жетістіктерін мойындаудың, сондай-ақ, әлемдік аренадағы Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары беделінің айқын дәлелі болды. Оған Еуропа елдері басшыларының, араларындағы қарама-қайшылықтарға қарамастан, саяси ерік-жігерін оятудың, 11 жылдан соң бірінші рет Астанада Ұйым Саммитін өткізіп, жаңа тарихи жағдайда Хельсинки рухын тірілтудің сәті түсті.
Сөз жоқ, біздің еліміздің халықаралық деңгейдегі жоғары беделінің іргетасы сонау 1990-жылдардың басында Қазақстан Көшбасшысы ядролық қарусыздану бастамасын көтергенде қаланған болатын. 1991 жылы ядролық қарудан ерікті түрде бас тарту және Семейдегі сынақ полигонын жабу жаһандық ядролық қарусыздану мен оны таратпау ісіне елеулі үлес болып қосылды. Бұл шешім біздің еліміздің ядролық емес мәртебесінің негізін қалап қана қоймай, шын мәнісінде ядролық сынақтарды тоқтату жөніндегі әлемдік үдерістің бастауына айналды.
Қазақстан Президенті — Қазақстан мен Ресей арасындағы шынайы стратегиялық әріптестіктің сенімді жақтаушысы. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ғасырға бағдарланған мәңгілік достық пен одақтастық туралы Декларацияның, ғажайып Байқоңыр ғарыш айлағының қызметі және Каспийдің қойнауын игеру жөніндегі елеулі келісім-шарттардың қабылдануы осының нақты дәлелі.
Нұрсұлтан Назарбаев жасаған және жүзеге асырған жетістіктің формуласы бір жағынан, реформаларды жүргізу барысында Қазақстанның жаратылыстық артықшылықтарына: табиғи байлықтарына, географиялық жағдайына, қуатты адами капиталына негізделген болса, екінші жағынан, Қазақстан Президентінің Еуразия мемлекеттерімен интеграцияны сатылы түрде тереңдете жүргізуі де маңызды фактор саналады.
Қазіргі таңда экономикалық интеграция жаңа, мейлінше тұрақты да әділетті әлемдік тәртіпті қалыптастырудың басты құралы болып отыр. Терең иірімді өзгерістер, түбегейлі өзгеріп бара жатқан бүгінгі дүние білім экономикасына көшуге, озық технологияларды ендіру мен таратуға, инновациялық дамудың әлеуеттерін тиімді пайдалануға жаңаша ғажайып мүмкіндіктер тудыруда.
Бұрынғы кеңестік кеңістікте осы заманғы интеграциялық құрылымдарды құру көп ретте Еуразия халықтарының ғасырлар бойы келе жатқан берік тату көршілестік және өзара сыйластық дәстүрлеріне негізделген. Әйтсе де, Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған қазіргі еуразиялық интеграция идеясы — көршілес мемлекеттердің экономикалық ықпалдастығын белсенді де сатылы түрде одан әрі кеңейтудің практикалық нұсқауы болғандай.
Көпшілік білетіндей, Қазақстан Президенті сонау 1994 жылдың наурызында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде негізінде мемлекетаралық ықпалдастық және оған анағұрлым дайын елдердің тығыз экономикалық, гуманитарлық интеграциясы жатқан Еуразиялық мемлекеттер одағын қалыптастыру туралы (ЕАС) жобасын таныстырды. Осы ЕАС жобасы бойынша Еуразия елдері бірігуінің негізінде экономика жатуы керек делінді. Оның үстіне, Еуразиялық Одақ нарықтық өзгерістерде, ұлттық қауіпсіздікте, әлемдік экономикалық жүйеге бірлесіп енуде келісілген қадам-қарекеттерді қолдануды қамтамасыз еткен болар еді.
Жоба авторының ойынша ЕАС жиынтық интеграциялық әлеуеті бар, әрбір қатысушы елдің ұлттық-мемлекеттік мүдделерін жүзеге асыруға бағытталған тең құқықты тәуелсіз мемлекеттердің одағы болуы тиіс. Еуразия мемлекеттері интеграциясының басты мақсаты тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, аймақта әлеуметтік-экономикалық модернизация жүргізу болып табылады.
Жаңа интеграциялық бірлестіктің институттары мен механизмдерін қалыптастыру еуразиялық стратегияны іске асырудағы алғаш қадам болмақ. Құжатта, ЕАС-та Еуропалық Одақтағыдай ұлттықтан жоғары тұратын органдар құрылатындығы айтылды. Қазіргі ЕурАзЭҚ, Кеден одағы және қалыптасқалы жатқан Біртұтас экономикалық кеңістік секілді интеграциялық құрылымдар еуразиялық жобаның жүзеге асуының нақты көріністері.
Астанада 2000 жылы құрамына Беларус Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы және Тәжікстан Республикасы кіретін Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шешім қабылдануы өзара көп жақты ынтымақтастық пен шынайы экономикалық интеграция жолымен табанды түрде жүруге бел байлаған бес мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерлері бірлігінің дәлелі болды.
ЕурАзЭҚ — бұл әлемдегі (құрлықтың 15 пайызын құрайтын) үлкен территорияға орналасқан, мол минералдық-шикізаттық қорға ие және айтарлықтай экономикалық әлеуеті бар (181 миллиондай тұтынушы тұратын) аймақтық ірі рынок. ТМД Статистикалық комитетінің есебінше, оның әлемдік ІЖӨ-дегі үлесі 2010 жылы 4,4 пайызды құрады. Қоғамдастық елдерінде әлемдегі барланған мұнай қорының 8,5 пайызы, табиғи газдың 25 пайызы, көмірдің 22 пайызы, тұщы су мен орман алқабының 20 пайыздан астамы орналасқан.
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің кедендік аумағында еркін сауда режімін қамтамасыз етіп, олардың арасындағы тауар айналымын 2000 жылғы 29 млрд. доллардан 2008 жылы 123 млрд. долларға дейін, яғни 4,2 есеге өсірді. Бұл экономикалық интеграцияның келесі сатысы — Кеден одағын құруға сенімді негіз болып, логикалық алғышарт жасады.
2007 жылғы қазанда Беларус, Қазақстан және Ресей мемлекеттері басшыларының Кеден одағын құру жөніндегі шешімі де маңызды кезең болды. Жұрт білетіндей, 2010 жылдың 1 қаңтарынан Ортақ кедендік тариф пен Ортақ тарифтік және тарифтік емес реттеу ережелерін енгізу арқылы Кеден одағы жұмыс істей бастады. 2011 жылдың 1 шілдесінен Ресей, Қазақстан және Беларустің ішкі шекараларынан кедендік бақылау алынып, кедендік бақылау мен тіркеудің барлық түрі кедендік белдеудің сыртына шығарылды. Осылайша, Кеден одағы әлемдік өлшемдерге сай: ортақ кедендік территория, ортақ кедендік тариф және Кеден кодексімен іске кірісіп, онда посткеңестік аумақтағы тұңғыш ұлттықтан жоғары орган — Кеден одағы комиссиясы (КТС) жұмысын бастады.
Кеден одағының құрылуы сауда мен экономиканың өсуіне, еркін бәсекелестіктің дамуына және оған қатысушы елдердің ішкі рыноктарында инновациялық белсенділіктің күшеюіне қолайлы жағдай тудырды. Кеден одағы елдері арасындағы өзара сауда айналымы 2010 жылы 2009 жылмен салыстырғанда 21 пайызға өсіп, 88,4 млрд. АҚШ долларын құрады. Ол 2011 жылы 110 млрд. АҚШ долларына жетеді деп күтілуде.
Экономиканың нақты секторы, бизнес қауымдастығы мен Беларус, Қазақстан және Ресей тұрғындары Кеден одағынан пайда таппаса, зиян шеккен жоқ, өйткені, үш елдің өзара сауда-саттығында кедендік және басқа да кедергілер жойылды, Кеден одағының сыртқы шекарасында кедендік рәсімдеуден өткізіліп, басқа елдерден әкелінген импорттық тауарлар кедендік территорияның ішінде еркін айналып, біздің тауарлармен бәсекеге түсетіндей жағдай қалыптасты.
Осының бәрі Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің экономикасындағы нақты сектор кәсіпорындарының жұмысы мен дамуына, олардың өндірістік кооперациясына, бірлескен кәсіпорындар құруына, жаңа жұмыс орындарын ашуына қолайлы жағдай туғызып, сайып келгенде, экономиканың инвестициялық тартымдылығы мен бәсекеге қабілеттілігінің өсуіне жеткізеді.
Ресей Ғылым академиясының Халық шаруашылығын болжау институтының есептеулері бойынша, ЕурАзЭҚ аясында Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік құрудың макроэкономикалық тиімділігі алдағы бес жылда ішкі жалпы өнімнің 5 пайыз шамасында, ал 10 жыл мерзімде 15 пайыз өсімді құрайтын болады .
ЕурАзЭҚ пен Кеден одағын құруға сол уақыттағы ең бір табысты және интеграциялық құрылымның алғашқы міндеттерін мейлінше толық жүзеге асырған Еуропалық Одақ үлгі болды. ЕурАзЭҚ ынтымақтастық қарқыны және стратегиялық даму бағыты бойынша ЕО-ны еске түсіреді, алайда, бұл талай ой елегінен өткізілген және посткеңестік аумақ елдеріндегі макроэкономикалық үдерістердің деңгейі мен даму ерекшеліктеріне ыңғайластырылып құрылған.
Еуропалық Одақтың iрге қалауы 1950 жылдардан бастау алады. Оның алғашқы белгiлерi Еуропа көмiр және болат бiрлестiгi туралы келiсiм (ЕОУС, 1951 жыл) мен Еуропа атом энергиясы жөнiндегi қауымдастық туралы келiсiмде (Евратом, 1957) көрiнiс тапты. 1957 жылы Римде қол қойылған Еуропалық экономикалық қоғамдастық туралы келiсiм-шарт Еуропалық Одақ құру мәселесiн жаңа деңгейге көтердi. Еуропа елдеріне Кеден одағын құруға 11 жыл, ортақ ішкі рынок құруға 34 жыл, ал экономикалық және валюталық одақ құруға 43 жылдай уақыт қажет болды.
Беларус, Қазақстан және Ресей бұл жолда шапшаң қарқынмен жүріп келеді: ЕурАзЭҚ-тан Кеден одағын құруға дейін 11 жыл, ал Біртұтас экономикалық кеңістіктің жұмыс істей бастауына дейін 12 жыл уақыт кетті.
ЕурАзЭҚ-тың Кеден одағын құру жұмыстарының аяқталуын күтпей-ақ, 2009 жылғы 19 желтоқсанда Алматыда өткен бейресми саммитте үш мемлекеттің басшылары Біртұтас экономикалық кеңістік (БЭК) қалыптастыру жөніндегі іс-әрекет жоспарын бекітті. Аталған мемлекеттер басшыларының табанды саяси ерік-жігері мен осы елдер үкіметтерінің белсенді жұмыстарының арқасында БЭК-тің құқықтық базасын жасау жөніндегі күрделі міндет аса қысқа мерзім ішінде (басында жоспарланған екі жылдың орнына бір жылда) орындалып шықты. 2010 жылдың желтоқсанында БЭК қалыптастыратын арқаулық 17 келісім қабылданды. Бұл келісімдер 2012 жылдың 1 қаңтарынан күшіне еніп, Біртұтас экономикалық кеңістік жұмыс істей бастайды.
БЭК-тің толық көлемде жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін 2011 — 2015 жылдар аралығында тағы да 55 халықаралық келісімдерді және басқа да құжаттарды қабылдап, белгіленген нақты мерзімдеріне сәйкес БЭК қалыптастыратын келісімдер бойынша 74 міндетті шаралардың орындалуын қамтамасыз ету қажет.
БЭК-тің құқықтық негізін қалыптастыратын келісімдерді шартты түрде алты топқа бөлуге болады: келісілген экономикалық саясат жүргізу және экономиканы реттеу жүйесін үйлестіру; қызмет көрсетудің ортақ рыногын жасау; капиталдың ортақ рыногын қалыптастыру және келісілген валюталық саясат жүргізу; еңбек ресурстарының ортақ рыногын жасау; ортақ энергетикалық рынок қалыптастыру, энергетика мен көлік саласында табиғи монополиялардың қызметіне қолжетімділікті туғызу; техникалық реттеу деген сияқты.
БЭК-ті құрайтын төрт құрамдас бөліктің біреуі — тауарлардың ортақ рыногы — жұмыс істеп тұрған Кеден одағымен атқарылып отыр. БЭК-тің тағы бір маңызды бөлігі — қызмет көрсетудің ортақ рыногының алғышарттары 2012 жылдың басында жасалмақ. Осының шеңберінде БЭК-ке қатысушы мемлекеттер өздеріндегі заңды және жеке тұлғалардың қызмет көрсету рыноктарына енудің ұлттық режімдерін бекітуге ұмтылып, арнайы лицензияны қажетсінетін қызмет түрлеріне берілген лицензияларды мойындауды қамтамасыз етеді және ұлттық заңнамаларды үйлестіреді, ал қызмет көрсету саудасы бойынша үшінші елдерге қатысты келісілген саясат жүргізеді.
2013 жылғы 1 қаңтардан жүктерді тасымалдаудың темір жол тарифтері бір жүйеге түсіріліп, әрбір мемлекеттің территорияларында қолданылып келген бұрынғы экспорттық, импорттық және ішкі тарифтер жойылады. Олардың орнына ортақ тариф енгізіледі. 2015 жылғы 1 қаңтардан БЭК-ке мүше мемлекеттердің жүк тасымалдаушылары үшін темір жол инфрақұрылымын еркін пайдалану мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.
2014 жылғы 1 қаңтардан БЭК-ке мүше елдер үшін мемлекеттік (муниципалдық) сатып алу жүйесінде ұлттық режім қолданылатын болады.
2014 жылғы 1 қаңтардан капиталдың ортақ рыногын құру шеңберінде БЭК-ке мүше елдердің ұлттық режім жағдайында қаржы, банк және сақтандыру қызметтеріне еркін ену қамтамасыз етіліп, инвестициялық қызметке теңқұқықтық жағдай жасалады, валюталық операцияларға шектеу алынып тасталады.
2015 жылғы 1 қаңтарға дейін газ бағасы бойынша (нарықтық) бірдей пайда түсетіндей жағдайға қол жеткізіледі.
БЭК-те ортақ еңбек рыногы қалыптасады. БЭК-ке мүше елдердің еңбек мигранттары белгілі бір әлеуметтік кепілдіктерді пайдаланып, олардың құқықтары қорғалатын болады. Осы аталған шаралардың бәрі 2016 жылдың 1 қаңтарынан БЭК-тің толық сипатта жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
БЭК-ті құру — бұл ең алдымен, еркін бәсекелестіктің дамуына мүмкіндік және ортақ кеңістікте инновациялық белсенділіктің күшеюіне жағдай тудыру. Мұндай бәсекелестік тауарлар мен қызмет көрсетудің сапасын жақсартудың маңызды ынталандырушысы болып табылады. БЭК-ті қалыптастыруда нормалар мен ережелерді бір ізге түсіру мен үйлестіру кәсіпорындарда бәсекеге қабілетті өнімдер шығаруға және оларды дамудың инновациялық жолына салуға қолайлы жағдай жасайды.
Биылғы жылдың 18 қарашасында посткеңестік аумақ елдері үшін тарихи оқиға болып, Ресей, Қазақстан және Беларус президенттері Еуразиялық экономикалық интеграция туралы Декларация мен Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) жөніндегі келісімді қабылдады.
— Мұнымен біз Еуразиялық экономикалық одақ қалыптастыру жолында кезекті және өте мықты қадам жасадық, — деді Дмитрий Медведев бірлескен баспасөз мәслихатында. — Бұл бірлестік ешбір күмәнсіз біздің елдеріміздің болашағын айқындайды. Осы ретте ол былай деп атап айтты: Мен ең алдымен өз әріптестеріме алғыс айтқым келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа рахмет, егер турасын және ашығын айтатын болсақ, аса қиын 90-жылдары ол осынау идеяның ұсынушысы болды. Сол уақыттың өзінде Нұрсұлтан Әбішұлы шын ықыласымен посткеңестік аумақта интеграциялық үдерістермен айналысуға шақырды .
— Біз ЕурАзЭҚ, Кеден одағы және БЭК секілді перзенттерді дүниеге әкелген әкелер ретінде өз шешімімізге берікпіз, — деді Нұрсұлтан Назарбаев. — Мұның посткеңестік кеңістікте аса жоғары, басқа халықтардың да қосылуы үшін ең тартымды нағыз интеграциялық бірлестік болуын қалаймыз. Басты мақсатымыз — біздің халықтарымыздың әл-ауқатын көтеру. Сондықтан экономиканы дамыту негізгі мақсат емес. Мақсат адамдардың өмір сүруін жақсарту. Адамдардың осындай игіліктерге кенелуі үшін экономика табыс табады. Бәрі осындай мақсат үшін жасалады. Интеграция да осыған бағытталған.
Беларус Президенті Александр Лукашенко өз кезегінде былай деді: Мен еуразиялық кеңістікте жаңа экономикалық, саяси күш орталығын құру арқылы Беларус, Қазақстан және Ресейдің дұрыс бағытта жүріп келе жатқанына сенімдімін, өйткені, БЭК табысы біздің мемлекеттеріміз ғана емес, жақын көршілеріміз үшін де маңызды болмақ. Және ол барлық ірі халықаралық орталықтар үшін елеулі фактор болады .
Сөз жоқ, еуразиялық кеңістіктегі интеграция үдерісі бұдан әрі де тиімді дами береді. Мұндай табысты интеграциялық құрылымдарға ЕурАзЭҚ және ТМД-ның басқа да мүшелері қызығушылық танытуда. Жұртқа мәлім екеніндей, Қырғызстан басшылығының өтінішіне жауап ретінде бұл елдің Кеден одағына кіруін дайындау жөніндегі жұмыс механизмі іске қосылды. Мұндай қызығушылықты Тәжікстан да білдіріп отыр.
2011 жылғы 26 қазанда Известияда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық одақ: идеядан болашақтың тарихына деген бағдарламалық мақаласы жарияланып, онда Еуразиялық экономикалық одаққа ұласатын Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің одан әрі дамуының мүмкіндіктері нанымды түрде бейнеленді.
ЕурАзЭҚ-тың дамуының практикалық нәтижелерін бағалай келе, Қазақстан Президенті 11 жыл ішінде қоғамдастықта интеграцияның әр түрлі өлшемдердегі тиімді жылжуын қамтамасыз ететін тораптық механизмдерінің, оның ішінде, салалық деңгейде, сондай-ақ кәсіпкерлер, ғылым қайраткерлері, жастардың бастамасымен құрылған құрылымдарының қалыптасқанын атап көрсетті.
Осы мақалаға орай жазылған үнқосуында академик Олег Богомолов Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразияшылдық идеясын жаңашыл сипатта және іргелі ой-құндылықтармен беріп отырғанын атап өтті. Академик Қазақстан Көшбасшысының біздің елдеріміздің табиғи ресурстарды шетте қалған экспортқа шығарушы және модернизацияның шаңында қалушы ретіндегі жағдайын орынды сынауына ерекше назар аударған. Ғалым ықпалдастықтың әр түрлі деңгейлік сипаты мен икемділігін көздейтін интеграцияның негізгі ұстанымдары ретіндегі толық тең­құқықтық және ерікті әріптестік идеясын қолдайды.
Белгілі ресейлік экономист, РҒА академигі Иван Ивановтың пікірінде де осындай ойлар айтылған. Ол біздің елдеріміздің инновациялық өсуінің әлеуеттерін біріктіруге және кәсіпорын деңгейінде кәсіпкерліктің жанды ұлпасын түзетін бизнес пен биліктің үнқатысуын қалыптастыруға сүйенген Қазақстан Президенті ұстанымының дұрыстығын айтады.
Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразияшылдық идеясының интеллектуалдық тереңдігі мен практикалық дамуын РҒА-ның корреспондент мүшесі, РҒА Экономика институтының директоры Руслан Гринберг те атап көрсеткен. Ғалым ЕурАзЭҚ-тың табыс формуласы прагматизмді күшті әрі ғылыми еуразиялық интеграциялық бастаманың идеологиялық құрамдас бөлігімен біріктіруде деп біледі.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев былай деді: Еуразияшылдық — бұл болашақтың идеясы. Бұл бүгінгі күні жаһандануды қажет етіп отырған интеграциялық үдерістердің тәжіндегі алмас. ЕурАзЭҚ, АӨСШК және ШЫҰ тәрізді практикалық үш құрылым — келешектегі еуразияшылдықтың құрамдас үш бөлігі. Мен түбінде үлкен еуразияшылдық идея, Еуразия құрлығының бірлігі жеңеді деп ойлаймын .
Жақында жарық көрген Евразийский проект Нурсултана Назарбаева, воплощенный в жизнь деп аталатын кітапта тұңғыш рет құжаттық негізде іргелес Еуразия мемлекеттерінің интеграциялық үдерістері қарастырылды және тиімді жұмыс істеп тұрған әрі Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразия жобасының жүзеге асуының өзекті құралдарына айналған ЕурАзЭҚ, Кеден одағы және қалыптасып келе жатқан Біртұтас экономикалық кеңістіктің дамуы талданды.
Қазақстан Көшбасшысы өрісі кең Еуразиялық мемлекеттер одағын қалыптастыру идеясын ұсынып, мұндай интеграциялық ұсыныстың тиімділігіне іргелес мемлекеттердің басшыларын сендіре отырып және солардың белсенді қатысуымен осынау еуразиялық жобаны табысты түрде жүзеге асыра білді. Ой мен практиканың осындай тұтастығы және оларды сабақтас та нық сипатта ілгерілету Еуразия жобасының табысты болуын қамтамасыз етті.
Нұрсұлтан Назарбаев тұлғасының пассионарлығының арқасында кеше ғана орындалмайтын арман сияқты көрінген мақсаттар бүгінде шындыққа айналуда. Сөз жоқ, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы табыстары мен жетістіктерінің негізі Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық факторында жатыр. 2011 жылғы сәуірдегі инаугурация салтанатында Нұрсұлтан Әбішұлы былай деді: Мен осыдан 20 жыл бұрын, яғни біздің Тәуелсіздігіміздің алғашқы кезеңінде халқымыздың алдына қойылған мақсаттар мен міндеттердің орындалғанын, тіпті асыра орындалғанын мақтанышпен айта аламын. Және де мен осындай жаңа ұлттың, әлем халықтарының отбасына лайықты енген біздің Қазақстандай ұлы елдің көшбасшысы болу сияқты үлкен бақытқа кенелгенім үшін тағдырыма ризашылық білдіремін! .

( Егемен Қазақстан , 6 желтоқсан 2011 жыл). 


Скачать


zharar.kz