Өмір айнасы деген атаққа ие болған мерзімді басылым-дардың басқа жазба деректерден ерекшелігі сонда , олардың беттерінде мерзімділігіне байланысты қоғамда болып жатқан әр алуан оқиғалар мен құбылыстар болған уақыттарына қарай әр түрлі дәрежеде бейнеленеді . Ол бейнелер , яғни құбылыстың сөздік суреттемелері тасқа басылу тәсілі арқылы газет-журнал беттерінде бекітіледі . Сөйтіп , болған уақиға не құбылыс туралы мәлімет баспасөз бетінде ұзақ уақыттар бойы сақталу мүмкіндігіне ие болады . Екіншіден , кез келген уақиға мен құбылыс белгілі бір кеңістік пен уақытта болатындықтан , сол құбылыстар негізінде пайда болған объективті дерек ретінде , баспасөз материалдары өз бойларында өзі дүниеге келген жері мен уақытының , яғни белгілі бір тарихи кезеңінің ерекшеліктерін де сақтайды . Осылай , мерзімді басылымдар жазба тарихи деректің бір түрі ретінде келешек ұрпаққа оқиға мен қатар сол оқиға мен болған елі мен жері және уақыты туралы да мәліметтер жеткізеді .
Сонымен қатар , газеттер мен журналдар нақты субъектердің саналы іс әрекеттерінің жемісі ретінде дүниеге келгендіктен , яғни оларда салынған ақпарат сол нақты субъектердің дүниеге көзқарастары арқылы енгендіктен , сол субъектің не субъектердің қоғамдағы орнына , әлеуметтік және таптық позициясына байланысты белгілі бір топтың , таптың не саяси ұйымдар мен партиялардың , кейде тұтас бір ұлттардың да тарихы туралы мағлұматтар береді .
1998 жылдың басында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Жадымызда жатталсын , татулық дәйім сақталсын” деген еңбегінде “Тегінде тарихи сабақтастық пен заңдылықтардың әркім өзінше түсініп-түйсінеді , яғни өз елі , өз халқы өткен жолдың байыбына әр адам өзінше барады . Мұнда бәріне ортақ , әрі бәріне де жарамды әмбебап әдістеме жоқ және болуға да тиіс емес . Тарихтың соншама бай, сан қырлы болып келетіні сияқты , танымның жолы да сан тарау” 44 — деп жазды .
Осындай біздер үшін өз еліміздің , өз халқымыздың өткен жолының байыбына апаратын танымның тек бізге ғана тән жолдарының бірі , ол – ғасыр басында шығып тұрған ұлттық басылымдарды тарихи дерек көзі ретінде пайдалану . Оларды зерттеп зерделеу , тарихи дерек көзі ретінде талдау , олардағы мәліметтерді синтездеу .
Тарих сияқты тарихи деректердің де , олармен айналысатын тарихи сынның да әр алуандылығы туралы белгілі орыс тарихшысы , “Тарихи деректану” курсы бойынша Москва университетінде тұңғыш дәріс оқыған профессор В. О. Ключевский , өзінің 1888 жылы оқыған дәрісінде , тарихи сын қосымша ғылым ретінде барлық жерде бірдей болу керек пе, әр түрлі материалдарға бірдей тәсіл қолданылып , бірдей мақсат қойылуы қажет пе , немесе әр халықтың өзінің ерекше тарихы болатындығы сияқты ерекше жергілікті тарихи сын болуы мүмкін бе деген сұраққа , жергілікті , өзіндік ерекшелігі бар тарихи сын қажеттігін дәлелдей келе: “Эта необходимость вытекает из тесной связи задач и приемов исторической критики со свойством исторических источников , а эти источники не везде однородны” — деп жауап берді .
Міне осындай , қазақ халқына ғана тән , өзіндік жергілікті ерекшелігі мол , төл деректеріміздің бір тобын , жоғарыда айтылғандай , қазан төңкерісіне дейінгі ұлттық мерзімді басылымдар құрайды . Олардың ішінде “Қазақ” газеті де бар .
Қазақстанның ХХ ғасырдың басындағы тарихын зерттеуде “Қазақ” газетінің тарихи дерек көзі ретінде алар орны ерекше екендігіне , оның ғылымға берер мағлұматтарының құндылығының жоғары екендігіне бүгінгі күні бәріміздің де көзіміз жеткен сияқты . Кеңестік тарихнаманың “Қазақ” сияқты қазақ тарихының деректік мөлдір көзінің бірін , 70 жылдан астам уақыт бойы , ғылым үшін жауып тастағандығы ұлттық тарих ғылымына өлшеусіз зиян келтіргендігін дәлелдеп жатудың қажеті болмас деп ойлаймыз .
Қазақ аспанын қара бұлттай торлаған қара түнек патшалық дәуірде дүниеге келіп , ақын айтқандай: “қараңғы қазақ көгіне , өрмелеп шығып күн болам” деген газет туралы , “Ақиқат” журналы: “Қазақ” өзі өмір сүрген бес жыл ішінде талай күрделі құбылыстардың , қоғамдық сілкіністердің куәсі болды . Бір ғана қолдың саусағымен санауға болатын жылдар ішінде бір емес бірнеше ұрпақтың ғұмырына жетерліктей оқиғаларды басынан өткерді . Тарих үшін қас-қағым деп те айтуға келмейтін уақыт аралығында бірнеше ғасырға татырлық өзгерістерді басынан кешірді .
Атап айтсақ , “Қазақ” екі жойқын соғыстың (І дүниежүзілік және азамат соғыстары) , 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің , екі қоғамдық-саяси төңкерістің (ақпан және қазан), төрт саяси биліктің (патша өкіметі, Уақытша үкімет , Алаш Орда үкіметі , кеңес өкіметі) куәсі болды” 45 — деп жазды .
Біздің бұған қосарымыз “Қазақ” тек аласұрған заманның , аласапыран оқиғалардың сырттан қараған бақылаушысы ғана болып қойған жоқ . Ол сол буырқанған оқиғалардың бел ортасында жүрді . Қайнаған құбылыстар барысын суретке түсіргендей өз беттерінде бейнеледі . Олар туралы мәліметтерді тасқа басып өз беттерінде қаттады . Сөйтіп “Қазақ” қазақ өмірінің аса бір күрделі кезеңінің шежіресіне , баға жетпес дерек көзіне айналды .Большевиктік-коммунистік саяси басқару жүйесінің , уақыт сынына шыдамай , тарих аренасынан кетуі және КСРО сияқты алып империяның көз алдымызда күйреуі нәтижесінде еліміздің тәуелсіздік жолына түсуіне байланысты туындаған қазақ халқының ғылыми тарихын қайта жазудың объективті қажеттігі , жалпы тума төл деректерімізге , оның ішінде ұлттық бейресми басылымдарға , әсіресе “Қазақ” газетіне деген қызығушылықты тудырды . Тәуелсіздікке қол жеткізген бірнеше жылдың ішінде ғана “Қазақ” газеті материалдарын кеңінен пайдалану негізінде бір докторлық және бірнеше кандидаттық диссертациялар қорғалды , ғылыми-зерттеу еңбектері жарияланды . Осындай еңбектердің бірінде , зерттеушілердің “Қазаққа” деген қызығушылығының себебін ҚР ҒА мүше-корреспонденті , профессор Кеңес Нұрпейісов: “Әңгіме болып отырған ұлттық баспасөз органдары қатарында “Қазақ” газетінің алатын орны ерекше . Өйткені ол басқа басылымдармен салыстырғанда ұзақ мерзім (1913-1918 жылдар) шығып , 265 саны жарық көрді . “Қазақты дүниеге келтірген және оның тұрақты авторларының қатарында Алаш қозғалысының халық таныған жетекшілері Әлихан Бөкейханов , Ахмет Байтұрсынов , Міржақып Дулатов сияқты қайраткерлер болды . Осы азаматтар мен олардың сенімді серіктері “Қазақ” газетін жалпыұлттық басылым дәрежесіне көтерді” , — деп түсіндірді .
Жұртшылыққа танымал қазақ ғалымының бұл пікірінің дұрыстығын соңғы жылдары “Қазақ” газеті материалдарының әр түрлі жолдармен , қазіргі оқырмандарға түсінікті етіліп , қайта басылып шығарыла бастауы да дәлелдейді . Бұл сол газетке деген жаппай қызығушылықты қанағаттандыру мақсатында жасалынып отырған шара екендігі белгілі . Мысалы , 1993 жылы Үшкөлтай Субханбердинаның “Қазақ” , “Алаш” , “Сарыарқа” атты мазмұндалған библиографиялық көрсеткіші шықса , Ә. Бөкейханов , А. Байтұрсынов , М. Дулатовтардың “Қазақ” газетінде кезінде жарияланған мақалалары олардың жеке жинақтарына енді . 1998 жылы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы газет материалдарының
жинағын кітап түрінде жарыққа шығарды . Сонымен қатар , “Ақиқат” журналы өзінің 1998 жылғы үшінші санынан бастап “Мұра” айдарымен газет мақалаларынан , сандық және жылдық ретін сақтап , үзінділер жариялай бастады . Осындай жан-жақты жүргізілген шаралардың арқасында “Қазақ” газетімен танысуға тек зерттеушілер ғана емес , өз халқының өткені қызықтыратын жалпы оқырмандар да мүмкіндік алды . Әрине , “Қазақстан” әркім алдымен өзіне керегін іздері даусыз . Дегенмен оның газет ретіндегі ең басты құндылығы қазақ тарихының аса бір күрделі кезеңінің маңызды жазба деректерінің бірі екендігінде ешкімнің таласы жоқ деп ойлаймыз . “Қазақ” газетінің тарихшы ғалымдар үшін басты құндылығы туралы М. Қойгелдиев: “… газет материалдары ХХ ғасырдың алғашқы жиырма жылдығындағы қазақ қоғамында болып өткен түрлі қоғамдық процестерді зерттеп тану үшін аса бағалы деректер болып табылады” — деп жазды .
Дегенмен , тарихи дерек көзі ретінде “Қазақ” газеті де тарихи сыннан өткізуді қажет етеді . Себебі басқа да тарихи деректер сияқты , “Қазақ” та әлеуметтік сұраныстарға сай , нақты тарихи жағдайда , өзін қоршаған қоғамдық-саяси ортада , белгілі бір субъектердің саналы іс-әрекеттерінің жемісі ретінде пайда болған объективті дүние . Сондықтан , газеттің жарыққа шығуының объективті тарихи алғышарттарын және оның шығарушыларының қоғамдық позициялары мен әлеуметтік жағдайларын терең білудің ондағы мағлұматтардың ғылыми ақпараттық және танымдық маңызын ашуға көмектесері даусыз.
Бұл жерде зерттеушілердің “Қазақ” газетінің мазмұнына түбегейлі әсер еткен үш түрлі тарихи кезеңде шығып тұрғандығын ұмытпағаны дұрыс . Қалыпты объективті жағдайдың өзгеруі газеттің бағыт-бағдарына да , оның алдына қойған мақсатына да , мақалалардың мазмұнына да әсер етуі заңдылық . Аз-ғана уақыт аралығында елімізде болып өткен түбірлі
қоғамдық өзгерістер “Қазақты” да осындай өзгерістерге ұшыратты . Мысалы , 1913 жылдың ақпанында дүниеге келіп патшалық самодержавие тұсында 4 жыл бойы шығып тұрған “Қазақ” пен 1917 жылдың ақпанынан кейінгі “Қазақтың” арасында үлкен айырмашылық бар болса , қазан төңкерісінен кейінгі “Қазақтың” мазмұны да , тарихы мен тағдыры да тіптен бөлек . Демек , “Қазақты” тарихи дерек көзі ретінде қарастырғанымызда осы айырмашылықтарды ескеруге тиіс боламыз .
ХХ ғасырдың басындағы ұлттық бейресми басылымдарға деген қоғамдық қажеттілік пен олардың пайда болуының тарихи алғышарттары туралы жоғарыда айтылды . “Қазақта” солардың бірі ретінде пайда болған еді . Дегенмен , оның өз тарихы , пайда болып өмір сүруінің өз ерекшеліктері де жоқ емес .
“Қазақ” сияқты , қазақ баспасөзі тарихында әлі бірде бір басылым көтеріліп көрмеген биікке көтерілген , сөздің шын мағынасында , жалпыұлттық сипатқа ие болған газет шығару үшін үлкен дайындық , көптеген адамдардың бірігіп еңбек етуі қажет болды . Ол туралы тарихшы М. Қойгелдиев: “Ә. Бөкейханов және А. Байтұрсынов бастаған белсенді топтың жалпыұлттық газет шығару ісін 1905 жылдан бастап қолға ала бастады” , — деп , олардың нақты атқарған істеріне тоқтай келе: “Егер қорыта айтсақ , “Қазақ” газеті , белгілі бір дәрежеде , сол кезеңдегі ұлт-азаттық қозғалысының ең белсенді қайраткері А. Байтұрсынов және М. Дулатовтың үлкен еңбегінің ортақ жемісі еді” — деген әділетті пікір айтады .
Қазақтардың күнделікті мұқтажын айқындап отыру үшін қазақ тілінде газет шығару қажеттілігі туралы айтып , өкімет алдына талап қойған 1905 жылғы Қарқаралы петициясы мен , тікелей қазақ газетін шығару ісіне кіріскенге дейін едәуір уақыт қажет болды . Себебі , 1905-1907 жылдардағы қазақтарды да қамтыған саяси толқуларға басшылық жасап , белсенділік көрсеткен келешек газет шығарушылар патша жандармериясы тарапынан саяси қуғын-сүргінге ұшырады . Жоғарыда аталған “Алаш” көсемдерінің үшеуі де әр түрлі уақыттарда тұтқындалып, бірінен кейін бірі , Семей түрмесіне жабылды . Аса қауіпті саяси қылмыскерлер ретінде Қазақстаннан тыс жерлерге жер аударылды . Тек , осындай тар жол тайғақ кешулерден кейін ғана , 1910 жылдан бастап , олар газет шығару ісімен тікелей айналысуға мүмкіндік алды . Зерттеуші Ө. Әбдиманов “Қазақ” газетін шығарудағы А. Байтұрсыновтың ұйымдастырушылық істерін айта келе: “Егер оның Орынборға 1910 жылы наурызда келгенің ескерсек , газет шығару дайындығына аттай үш жыл кеткенің аңғарамыз” , — дейді 46 . Сонымен , “Қазақ” жалпыұлттық сұранысқа сай , оның шығарушыларының бірнеше жылдарға созылған дайындық жұмыстарының нәтижесінде дүниеге келген газет . Оның барлық алғышарттары пісіп жетілген табиғи іс ретінде пайда болғандығы туралы Міржақып Дулатов: “Қазақтың” шығуы толғағы жеткен баланың тууындай еді” — деп , дәл айтты 47 .
“Қазақ” газетінің пайда болуы және оның қайта шығуы туралы Тіней Оразайдың Мұртазаның Файзолласы: “Газеттің 80 жылдығына арнап баяғы 265-санынан кейінгі 266-санын шығаруға ниет етіп отырмыз .
Жалпы бұлай етуге бүгінгі Оразай әулетінің моралдық құқы бар деп білеміз. Өйткені , “Қазақ” газетін шығару идеясы Ахмет Оразаевтікі болғанын , сол Ахмет Оразаев ауылына Міржақып Дулатов барғанда осы кісі тарапынан идеяның мақұл тапқанын және Оразаев Ахметтің газетті шығаруға қаржы беріп , құрылтайшылық еткенін газет тігіндісі де , Орынбор генерал-губернаторлығының құжаттары да дәлелдеп отыр” — дейді .
“Қазақтың” қайта шығуына келсек — 1993 жылдың 11 ақпанда “Егемен елдің ерікті газеті” деген айдармен “Қазақтың” кезекті 266 саны
шыққан . Бірақ , көп ұзамай “Қазақ” “Қазақ үніне” айналған . Ал, ең бастысы , бұл “Қазақтың” ол “Қазақ” емес екендігі сезіле бастаған .
Газеттің болашақ редакторы Ахмет Байтұрсыновтың “Қазақты” нелiктен , басқа емес , Орынбор қаласында шығармақ болғандығын зерттеушілер мынадай факторлармен түсіндіреді: біріншіден , Орынбор шығыс пен батысты жалғастырып тұрған ірі мәдениет сауда орталығы , екіншіден , онда араб графикалы , қазақ тілінде газет шығаруға қолайлы бірнеше татар баспаханалары бар . Өмір А.Байтұрсыновтың бұл шешімнің дұрыстығын толығымен дәлелдеді . Орынбор көп ұзамай бүкіл қазақтың ақыл-ойының орталығына айналды .
Сонымен , ұзақ жылдарға созылған алдын ала жүргізілген жан-жақты дайындықтардан кейін “Қазақ” 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап Орынбор қаласында шыға бастады .
“Қазақ” газеті өзінің алғашқы адымын , саналы да мақсатты күрес жолын , өзі дүниеге келген уақыты мен қоршаған қоғамдық ортаның ерекшелігін және ұлтының жағдайын анықтаудан бастады. Газеттің бірінші нөмірінің бірінші жолдары “Заманына қарай амалы” деген сөз бар . Мұның мағынасы – заманның түріне қарап іс істеу” 48 деген сөздермен бастап , өздерінің қалыптасқан объективті жағдайға қарай әрекет етуге мәжбүр екендігін ескертсе , одан әрі: “Төңірекке қарасақ түнерген-түнерген бұлттар көрінеді . Түбі қандай белгісіз . Не боларын білмейміз . Нұр болып жауып , жерімізді көгертіп , несібемізді молайтар ма , болмаса дауыл болып соғып , үйімізді жығып , үй-ішімізді шашып тастар ма ?! Көзіміз бұған жетпейді . Жалаң аяқ , жалаң бас , жеңдеріміз киюсіз , етектеріміз жиюсыз ашылып шашылып қамсыз жатқан халықпыз” — деп , қазақ қоғамындағы ғасыр басында қалыптасқан , сол объективті жағдайды жұмбақтап , қазаққа тән теңеулермен суреттейді . Әрине бұл жерде басқарманың атынан жазылған Бас мақаланың авторы
Ахмет Байтұрсыновтың меңзеп отырғаны қазақ жеріне қарай қаптап келе жатқан қара шекпендер екендігі , солардың тарапынан бейқам жатқан жұртына төнген қатер екендігін түсіну қиын емес . Oл туралы газеттің келесі нөмірінде “Іргеміз тұтас ыдырамай , бірыңғай жатқан халық едік , енді арамызға бөтендер келіп кірісейін деп тұр… Арамызға түрлі жұрт кіріскенде солармен қатар атымыз жоғалмай , қазақ ұлты болып тұра аламыз ба? Осы төсекте төңбекшітіп ұйқымызды бөлетін нәрсе…” — деп , өз ойын ашығырақ айтқан . Ал өздерінің түпкі мақсаттары “Бостандық , теңдік , туысқандық…” — екендігін , тек 1917 жылдың жазында ғана ашып айта алды .
Газет шығарушылардың “Қазақ газеті” мен “Серкенің” қайғылы сабақтарын ескеріп ішкі ойын жасыру да , шын мақсаттарын бүркемелеу де , айтар сөзін жұмбақтап жеткізу де , “Қазақты” саяси қуғын-сүргіннен құтқара алмады . Газет соңына шам алып түскен патша үкіметінің жергілікті сақшылары “Қазақ” беттерінде жарияланған мақалалардан үнемі заңға қайшы келетін , өмір сүріп тұрған саяси құрылысқа қауіп төндіретін материалдар тауып , газет редакторы Ахмет Байтұрсыновты айыптап , штраф салумен , абақтыға жабумен , газетті жауып тастау қаупімен қорқытумен болды . Ол туралы ақпан революциясынан кейін , 1917 жылдың жазында , “Қазақ” басына орнаған азғана шуақты күндердің бірінде Міржақып Дулатов: “Жер аудару” деген мақала басылған 9 нөмірден бастап кешегі өзгеріске шейін тергеу , тінту , абақты , штрафтан “Қазақтың” көзі ашылған жоқ . Дәл Николай түсіп өзгеріс болардан бес-алты күн ғана бұрын жауыз хакімдер “Қазақты” тағы да тексеріп , біржола жабуға айналып тұрғанда , өздері су түбіне кетті” — деп , қуана жазды 49 . Иә , осылай патша зорлығынан құдайдың өзі құтқарған “Қазақты” келер жылы большевиктер зорлығынан ешкім де құтқара алмады .
Тек , 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін ғана “Қазақ” қуғыннан құтылып , оның авторларының қолы бұғаудан босанды . Сол жылдың 9 наурызындағы 221-нөмірінен бастап “Қазақ” өз халқы — қазағына ашықтан-ашық , еш бүркемесіз қызмет етуге мүмкіндік алды . Сөйтіп “Қазақ” газеті тарихының жаңа кезеңі басталды . Ресейдегі саяси жағдайдың өзгеруіне байланысты туындаған: комитеттер құру , қазақ съездерін өткізу , өз жеріне өзі ие болу мақсатында Құрылтайға депутаттар сайлау , Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметін құру , түптеп келгенде ұлттық автономияға қол жеткізу сияқты ұлт алдында тұрған ірі , ауқымды істерге “Қазақ” ашық араласып , ұйтқы бола білді . Сол істердің қажеттігі мен маңызы , барысы мен туындаған қиыншылықтардан шығудың жолдары туралы жазды . Сол арқылы “Қазақ” , бұрын қазақ даласында болып көрмеген , саяси құбылыстар тарихының құнды жазба деректер көзіне айналды . Жаңа демократиялық жағдайда пайда болған “Қазақ” газетінің деректік ерекшелігі де , сол газет бетінде жарияланған ұлт мүддесіне қатысты мәселелердің ашық айтылуы , еркін жазылуынан туындайды .
1917 жыл туралы “Қазақ” , “Өткен жыл қазаққа қалай болды ?” — мақалада: “Өткен жыл қазаққа жаман болған жоқ . Көпке бірдей болған бостандықтың айрықша қазаққа жақсылығы тиген орны болды . Алдыңғы 1916 жылдың ауырлығын өткен 1917 жыл жоғалтқан жыл болды… Қысқасын айтқанда , өткен 1917 жыл қазаққа өшкені жанып , өлгені тірілгендей қуанышты жыл болды” — деп шаттана жазды 50 .
Бірақ , 1917 жылдың күзінде Ресейдің астанасында басталған большевиктік бүлікшілік көп ұзамай қазақ даласын да қамтыды . Алданған солдаттар мен жұмысшыларға арқа сүйеген большевиктер алдымен Түркістан өлкесінде , кейін дала уалаятында өкімет билігін өз қолдарына күшпен тартып алып , барлық жерлерде , жергілікті халықтарға жат , саяси мәні түсініксіз , кеңес өкіметін зорлықпен орната бастады . Осылай “Қазақ” тарихының жаңа кезеңі басталды .
Қазан төңкерісінен кейінгі , әсіресе соңғы , 1918 жылғы “Қазақ” газетін большевиктерге қарсы ымырасыз , принципті күресімен ерекшелінеді деуге болады . Газет большевиктер партиясы тарихи аренаға шыққан күннен бастап олардың авантюристік әрекеттерін , адамзатқа қарсы істерін әшекереледі . Сондықтан “Қазақ” газеті Қазақстанда кеңестік тоталитарлық жүйенің орнау тарихының ең алғашқы жүйелі жазба деректерінің бірі ретінде ғылым үшін , тарих үшін қымбат .
Өз кезегіндегі кеңес үкіметі де “Қазаққа” , оның шығарушыларына қарсы аяусыз күрес жүргізгені белгілі . Бұл күрестің ең алғашқы құрбандарының бірі “Қазақ” газеті болды . Орынборда кеңес өкіметінің орнауына байланысты өзінің бес жылға жуық тарихында “Қазақ” бірінші рет , 1918 жылдың 17 қаңтарындағы , 260 нөмірінен кейін шығуын ұзақ уақытқа тоқтатты . Оны біржола жабу туралы Омбы атқару комитетінің 1918 жылы 4 наурызда Орынбор совдепіне берген телеграммасында: “Ввиду того , что киргизский орган партии Алаш “Казах” является контрреволюционным , открыто выступает против Советской власти , организуя Алаш-Орду , просим немедленно закрыть газету” — делінген .
Үш күнге созылған соғыстың нәтижесінде , Орынбор қаласының , 1918 жылдың 20 маусымында , большевиктерден азат етілгеннен кейін ғана , шілденің 23,30-да “Қазақтың” 261,262 , қыркүйектің 5-16-да 263-265-нөмірлері жарыққа шықты . “Қазақтың” өз жұмысына қайта кірісуіне байланысты , оны шығарушыларының және негізгі авторларының бірі Мадияр (М. Дулатов) “Жандарм үкіметтің штрафынан , абақты-айдауынан аман өткен “Қазақты” жауыз большевиктeр қанды қолымен тоқтатып еді,
құдайға шүкір , бүгін жарық дүниеге қайта шығып , ардақты Алашын тағы аралап отыр . Сағынып көрген жұртына “Қазақ” жеті айдан бері көкірегінде байланған шерін тарқатып , көрген-білгенін айтқысы келеді” –дeп жазды .
Газеттің соңғы нөмірлерімен тереңірек танысу оны шығарушылардың келешекке үлкен сеніммен қарағандығын байқатады . Мысалы , “Қазақтың” 1918 жылғы 16 қаңтардағы 265-нөмірінде басқарма: “Январдың 17-нен бері большевиктің кесірінен “Қазақ” тоқталып тұрды . Енді газет жұмысы реттеліп келеді . Мезгілінде шығып тұрады” — деп , өз тілшілері мен оқырмандарын газетпен үзбей байланыс жасап тұруға шақырды . Бірақ өмір басқаша шешті . Бұл нөмір қазақтың соңғы нөмірі болды.
Мерзімді басылымның сипатын , оның қоғамдық-саяси бағытын анықтау және оны есепке алу – оған деректанулық талдау жасаудың , одан алынған мәліметтерді ғылыми-зерттеу жұмыстарында пайдаланудың ең басты және міндетті алғышарты . Ол үшін , алдымен нақты газеттің не журналдың кімнің қаржысына немесе қандай қаражат көздерінің арқасында шығып тұрғандығын анықтау қажет . Себебі басылымның сипаты , бағыт бағдары түптеп келгенде , оның деректік маңызы мен шынтуайттық дәрежесі осы фактормен тікелей байланысты . Сондықтан , бұл кез келген басылымды тарихи дерек ретінде пайдалану барысында ерекше көңіл аударатын принціпті мәселелердің бірі .
Ал , енді өзіміздің негізгі зерттеу обьектісі ретінде қарастырып отырған “Қазақ” газетіне келсек , онда оның қаражат көздері туралы бүгінге дейін үш түрлі пікір айтылып келгендігін көреміз . Біріншісі -газетті қазақтың қалталы байлары бірігіп ақша жинап шығартқан. Сондықтан , ол өзінің сипаты жағынан “байшыл” газет болған . Екіншісі – газет негізінен бір адамның ақшасына шыққан . Сондықтан , ол бір ғана әулетке тән газет . Үшіншісі – газет байы бар басқасы бар жалпы халықтың қолдауымен , газетті жаздырып алушылардың алдын ала төлеген ақшасына және жарнамадан түскен қаражатқа шығып тұрған , негізінен өзін-өзі қаржыландырып тұрған газет . Сондықтан ол жалпыұлттық сипатта болған газет . Oсы пікірлерге жеке-жеке тоқталып , қай пікірдің шындыққа жақын екендігін қарастырып көрейік .
Газеттің қаражат көздерін арнайы зерттеген Қайрат Сақов “Қазақ” — өзін-өзі қаржыландырған газет” 51 — деген мақаласында , бірінші пікірді айтқан белгілі жазушы Сәбит Мұқанов екендігін айтады . Ол мақалада жазушының 1932 жылы шыққан “ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті” деген кітабындағы: “Қазақ” газетін шығару үшін қазақ байлары 7 жыл дайындық жасап , 5000 сом ақша жинаған . Оны газет шығарту үшін Смайыл қажы Жаманшаловқа тапсырған . “Қазақ” сол ақшаға шыққан” — деген пікірдің негізсіз екендігін , ондай болжамның сол кездегі уақыт талабына сай пайда болған , тарихи шындықтан алыс , саяси болжам екендігін дәлелдейді.
Газет өмірге келіп , өз жұмысын бастаған соң да үнемі халықтың қолдауын көріп отырды . Ә. Бөкейханов екі жылдан кейін , газеттің екіге толып үшке аяқ басуына байланысты: “Тәңірден соңғы күшті халық қой. Халық қолдаған іс анау-мынаудың қастығымен өшпейтінің көзбен көріп , қолмен ұстағандай болдық… әуелі құдайға сеніп , екінші , құдайдан соңғы күшті халыққа сүйеніп , “Қазақ” алдағы жасына аяқ басты . Қайырлы болсын!” — деп жазды 52 . Мұнда , “Қазақ” газетінің негізгі сүйенері халық екендігі ашық айтылған . Олай болса , газеттің жалпыхалықтық-ұлттық сипатта болуы заңдылық .
Дегенмен , бір қолдың саусақтарымен санап шығуға болатын жылдар аралығында болып өткен қоғамдық құбылыстар тасқыны “Қазақ” газетінің сипатын өзгерте алмағанымен , оның бағыт бағдарына , алдына
қойған міндеттеріне түбегейлі өзгерістер енгізбей қоймады . Уақыт газет шығарушылардан бұрын-соңды еш қазақ кездесіп көрмеген мәселелерді шешуді талап етті . Жер мәселесінің қазақ үшін өмірлік маңызы бар мәселе екендігін , 1916 жылы қазақтан солдат алу мәселесі газеттің өзекті мәселесіне айналды . Ал , 1917 жылдың наурызынан бастап газеттің бағыт-бағдары түбірімен өзгерді . Енді ол Алаш ұлына: “Азаттық таңы атты . Тілекке құдай жеткізді .Күні кеше құл едік , енді бүгін теңелдік !” — деп , ұрандап комитет құру , съез шақыру істеріне кірісіп кетті . Басқа да Ресей халықтары сияқты құрылтай жиналысына көп үміт артып , оған қатысатын қазақ депутаттарын сайлау жұмысымен айналысты . Баспахана сатып алып , келешекке үлкен үмітпен қарады .
Бірақ , “Қазақтың” мұндай шуақты күндері ұзаққа бармады . Сол жылдың күзінде Ресейдің орталығында орын алған қазан төңкерісі “Қазақ” газетінің бағыт-бағдарына кезекті өзгерістер енгізді . Енді ол өзінің бар күш жігерін большевизмге қарсы күреске арнады . Олардың демагогиялық желауыз сөздерін әшкерелеп , ұлтының көзін большевиктердің тарапынан төнген қауіпке жеткізуге тырысты . “Аттан Алаш азаматы !” — деп ұран тастап , қазағына: “Жауың — большевик… Ортақ жау – большевикке қарсы жорыққа аттану кеудесінде жаны , денесінде бабалары түріктің қаны болған алаш азаматына парыз” — деп , халықты қазақ жеріне күштеп орнатыла бастаған кеңес өкіметіне қарсы күреске ұйымдастыру ісімен айналысты .
Міне осылай , айналасы бірнеше жылдың ішінде ғана қоғамда болған күрделі саяси өзгерістер “Қазақ” газетіне өзінің бағыт-бағдарына , алдына қойған мақсаттарына , Ұлт мүддесінен шығып , бірнеше рет түбегейлі өзгерістер енгізуге мәжбүр етті .
Сонымен , “Қазақ” газетінің өзінің объективті негізі – қаражат жағынан да , атқарған іс-әрекеттері жағынан да жалпыұлттық газет
болғандығы , оның қалыптасқан әрбір объективті тарихи жағдайдағы , нақты бағыт-бағдары , алдына қойған мақсаттары ұлт мүддесінен туындағаны анық .
Қайталанбайтын деректердің деректік маңызы , олардан алынатын ақпараттың ғылыми құндылығы , сол деректерді жасаушы субъектерге тікелей байланысты . Мерзімді басылымдарда субъектерге редакторлар , авторлар , тілшілер жатады . “Қазақ” газетінің бетінде , бес жылдан астам уақытта , жүздеген авторлардың мақалалары жарияланғанымен , оның бастан аяқ негізгі шығарушылары және тұрақты авторлары Ахмет Байтұрсынұлы , Міржақып Дулатұлы және Әлихан Бөкейхановтар болды және жинаққа енген материалдардың 53 процентке жуығын жазғандар да осылар .
Бүгінгі күні — тәуелсіз Қазақстанның төл тарихының қалыптасу кезеңінде , өз бастауымызға көз салсақ , А. Байтұрсынұлының тарих туралы , әсіресе тарих ғылымының аса бір күрделі саласы , тарихи деректану ғылымы туралы айтқан ойлары , пікірлері өзінің дәлдігімен , ғылыми құндылығымен ерекшеленетіндігін байқауға болады .
Тарих ғылымының негізін тарихи деректер құрайтындығын , деректерде салынған ақпараттарды алып , ғылыми еңбектерде пайдалану үшін тарихи деректану ғылымның қажеттілігін , “Шежіре , заман хат , өмірбаян , мінездеме – бәрі де тарихтың жемі есебіндегі нәрселер . Тарих олардың айтқанының бәрін ала бермейді . Аударып , ақтарып түрлі жағынан қарап , түрлі мағлұматтармен салыстырып , сипатталған мағлұматтарды ғана алады” — деп , қарапайым ғана сөздермен , аса маңызды ғылыми проблеманың шешімін түсіндіре білді .
“Қазақ” газетінің авторларының жалпы саны 200-ден асады . Тек жинақта келтірілген “Ашылмаған бүркеншік есімдер” — деген тізімде 109 “Қазақ” авторларының әлі ғылымға белгісіз бүркеншік аттары көрсетілген.
Солардың бірі мазмұндылығымен , ұлттық мерзімді басылым беттерінде көтерген мәселелерінің маңыздылығымен , өзіне еріксіз көңіл аудартқан мақала жазған , “Қазақ” газетінің 2-ші нөмірінен бастап бірнеше нөмірлерінде (№№ 3,5,7,9) Қазақтың тарихы” — деген көлемді де қызықты , танымдық маңызы жоғары мақала жариялаған “Түрік баласы”.
“Қазақ” газеті халықтың рухани және ақшалай қолдануымен шыққан, ұлттық сипаттағы бейресми басылым . Оның негізін қалаушылар және негізгі авторлар А. Байтұрсынов , Ә. Бөкейхан , М. Дулатов және басқалар болды .