Халық қазынасы болған фразеологизмдердің талай заманды басынан көшіріп, өңделе, ажарлана отырып, әбден шыңдалған сарасы ғана халық санасында сақталады. Олардың ескісін ескіртпей, жаңасын құлпыртатын қасиеті – түр-тұлғасының көркемділігі мен мағынасының тереңдігінде. Бұлардың көпшілігінің сыртқы құрылысы өзіне арнаулы түр талап етсе, ішкі мазмұны айтылатын ойға сай болуын талап етеді де, сол екеуінің бірлігінен мәнерленіп құралады.
Біз дипломдық жұмысты жазу барысында салт-дәстүрге байланысты қолданылатын фразеологизмдердің берілу жолдарына, олардың сөз табына қатыстылығы мәселелеріне тоқталдық. Сонымен қатар, салт-дәстүрлеріміздің ішіндегі ауқымдыларына, яғни қыз ұзатуға байланысты қолданылатын салт-дәстүрлеріміздің тұрақты тіркестермен берілуіне, қаза ғұрыптарының тұрақты тіркестермен берілуіне және де балаға байланысты қолданылатын салт-дәстүрлеріміздің тұрақты тіркестермен берілу жолдарына, олардың көркем шығармада қолданылуына тоқталып, нақты мысалдармен дәлелдеп өттік.
І.Кеңесбаевтің авторлығымен жарыққа шыққан Фразеологиялық сөздікті басшылыққа ала отырып, ондағы кездесетін салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты қолданылатын фразеологизмдердің берілу жолдарына тоқталдық. Фразеологиялық сөздік тілдегі сан алуан сөз тіркестерін қамтиды. Қазақ тілі неше қилы фразеологиялық сөз тіркестеріне өте бай, соның ішінде салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты қолданылатын фразеологизмдер де молынан қамтылған. Сөздікте әрбір фразеологизмдердің мағынасына түсініктеме беріліп, қолданылу орайы келтірілген. Сонымен қатар, қазақ фразеологизмдерінің синонимдері мен варианттары да, мүмкін болғанынша жинақталып берілген. Кей жағдайда салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты қолданылатын фразеологизмдердің пайда болуы жайы да сөз болып отырады. Яғни, бұдан лексикология мен фразеологизмдер өзара тығыз байланыста екенін көре аламыз. Жалпы фразеологизмдер сөздікте берілгенде ұйытқы сөздің ұясына топтастырылады. Сонымен қатар, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты қолданылатын фразеологизмдер де сол заңдылықпен топтастырылған десек қателеспейміз. Мәселен, сөздікте қайтыс болған адамның артын күтуді бірнеше фразеологизмдермен берген. Атап айтатын болсақ:
1. Аза салды – қаралы үйге жиын асына, асқа деп үлес-сыбаға беру;
2. Азасын өткерді – қайтыс болған кісіні арулап жөнелтті;
3. Аза күтті – өлген кісіні жоқтады, қаза тапқан кісінің басы-қасында болды.
Көріп отырғанымыздай, мұндағы тіркестердің бәрі де бір ғана аза сөзінің бойына топтастырылған. Мұның бәрі де тілімізде жарыса қолданылады. Сондықтан да сөздікте мағынасын ашып, қолданылу аясын анықтап көрсеткен. Осы қаза ғұрыптарына байланысты қолданылатын тұрақты тіркестер баршылық. Солардың ішінде өлікті шығарып салуға байланысты тілімізде ақ арулап жөнелтті , ақ жуып арулап көмді деген тұрақты тіркестер де кездеседі. Олардың мағынасын сөздікте былай ашып көрсетеді:
1. Ақ арулап жөнелтті – өлікті мейлінше қадірлеп, бар кәдесін жасап қойды, жерледі.
2. Ақ жуып арулап көмді – өлікті ардақтап, қастерлеп шығарып салды.
Қарап отырсақ, бұл екеуінің беретін мағынасы да, атқаратын қызметі де бір. Фразеологизмдерді сөздікте берудің басты қағидасы тілімізде қолданылатын барлық тұрақты тіркестерді жинақтап, жүйелеу болса, мұнда да сол заңдылық сақталған.
Дипломдық жұмысты жазу барысында байқағанымыз, қазақтың үйлену салтына байланысты кездесетін ұрын келу салтының бірнеше синонимдері бар екен және олардың да сөздікте мағыналары ашылып көрсетілген.
1. Ұрын келді – айттырған қызға тойдан бұрын күйеудің жеңгелеріне деген сыйлықтарын алып, қыздың аулына жасырын келу мағынасында.
2. Есік көрсету – күйеу ірге көрді, ұрын барды.
Ұрын келу , есік көрсету — мағыналары мен атқаратын қызметтері бір тұрақты тіркестер. Енді бұлардың қынаменде деген тағы бір түрі бар. Оның мағынасы сөздікте берілмегенмен, мағынасын ашу үшін С. Кенжеахметовтың Қазақ халқының салт-дәстүрлері деген еңбегіне жүгіндік. Онда қынаменденің мағынасы былай көрсетіледі:
Қынаменде — бұл да ұлттық ғұрпымызда салтанатты да, көңілді кешінің бірі. Құда түсіп, уәде пісіп, қалыңмал төлеген соң күйеудің атастырған қалыңдығын алғаш рет көруге келген тойы қынаменде деп аталады. Бұл да дәстүрімізге бай еліміздің тәрбиелік ережесінің бір саласы. Болашақ күйеу қыз ауылына өзінше көрінбеген болып, бірақ қараңғы түсе салтанатпен, жолдас-жораларымен келеді. Мұны есік көру , көбінесе ұрын келу деп атайды.
Сонымен қатар, ұрын келудің қалыңдық ойнау тіркесімен де кездесетін кездері болады. Ал есік көрсетуді ірге көру деп те атайды. Ойымызды нақты әрі дәлелді қорыту үшін көркем шығармадан алынған мысалдармен дәлелдеп өтейік.
М.Әуезовтің Абай жолы роман-эпопеясында ұрын келуге байланысты мынадай мысал келтіреді.
Осы байлаумен қатар, Құнанбай енді Ұлжанның басқа екі баласы туралы да жаңалық айтты. Оның біреуі – Тәкежан туралы. Былтыр ұрын барып келген Тәкежан енді осы жақында үйленбек. Қайны болса, бар малын алған.
Ал енді қалыңдық ойнауға мысал келтіретін болсақ, оның көрінісін С.Көбеевтің әңгімелерінен көре аламыз. Мысалы:
Енді шалқасынан жатып, бозбала кезіндегі қалыңдық ойнағаны есіне түсіп, енді заман сондай болар ма екен деп тәтті қиялда жатып, талығып көзі ұйқыға кетті.
Айтылған ойымызды қорытындылайтын болсақ, ұрын келудің есік көрсету , ірге көру , қалыңдық ойнау , қынаменде деген синонимдері бар екенін байқадық. Жалпы тұрақты тіркестер жеке сөздің орнына жұмсалып қана қоймайды, сонымен қатар мән-мағынасы жағынан үйлес келіп, бірінің орнына бірі балама болып та қолданыла береді. Мұндай құбылыс тіл білімінде фразеологиялық синонимдер деп аталатыны баршамызға белгілі. Қазақ тілі лексикалық синонимдерге қандай бай болса, фразеологиялық синонимдерге де соншалықты бай.
Тілдегі лексикалық синонимдер мен фразеологиялық синонимдер екеуі екі түрлі аталғанмен түптеп келгенде, бір мақсатқа қызмет етеді. Ол мақсат – ойлаған ойды жеткізе, жан-жақты баяндау болып табылады. Сондықтан бұл екеуі үнемі бірлікте, өзара тығыз қарым-қатынаста, тұтас бір бүтін нәрсенің екі жағы деп қаралуға тиіс.
Салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты қолданылатын фразеологизмдердің сөз табына қатыстылығы деген тараушасында олардың қай сөз табына жататындығы қарастырылды және де оларды нақты мысалдармен дәлелдеп отырдық.
Тұрақты тіркестердің белгілі сөз табына қатыстылығын әрбір тіркестердегі сөздердің грамматикалық сипатына қарап танып білуге болады. Алайда, тіркестегі негізгі сөздердің лексика-грамматикалық мағынасы мен фразеологизмдердің тудыратын мағыналары үшін үнемі сәйкес келе бермейді. Мәселен, арасынан қыл өтпейді деген идиомның сыртқы грамматикалық сипатына қарасақ, етістікке жататын сияқты. Ал мұның беретін ұғымы тату-тәтті дос деген сын есімге қатысты болып тұр. Олай болса, фразеологизмдердің қай сөз табына қатыстылығын анықтау үшін, негізгі сөз бен жалпы тіркестен тұратын фразеологиялық мағынаны салыстырып отыру қажет.
Жалпы қазақ тіліндегі фразеологизмдердің сөз табына қатыстылығы жағынан ең көбі етістік фразеологизмдер. Онан кейінгілері сындық және заттық мағынадағы фразеологизмдер. Бұл үшеуінен азырағы үстеу мағынасындағы фразеологизмдер. Бұлар жалпы фразеологизмдердің сөз табына қатыстылығы туралы айтылса, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты қолданылатын фразеологизмдер де осы заңдылықтың негізінде жасалады. Оларды жинақтай келгенде, мұнда да етістік мағыналы, зат есім мағыналы және етістік мағыналы фразеологизмдердің көптеп кездесетінін байқадық. Негізінде фразеологизмдерді нақты бір сөз табына жатады деу – қате түсінік. Олар контекске, яғни сөйлемдегі беретін мағынасына, атқаратын қызметіне байланысты болып келеді. Етістікке жатады деп дәлелдеген фразеологизміміз сөйлем ішінде зат есім болып шығуы әбден мүмкін. Мысалы, құда түсу деген тұрақты тіркеспен келген салт-дәстүр сырт тұлғасы жағынан етістік сөз табына жатады, сөйлемде етістік қызметін атқарады. Мысалы:
Әкесі төрде сілейіп әлі тұр. Кемпірі: Оу, сен сабазға не болған? — деп еді, сонда барып тіл бітті. Е, қатын, Қыдырбайға құда түстім, ырзық дарыған үй еді, қызын беретін болды — деді.
Бұл сөйлемде құда түсу етістік болып тұр. Ал, осы құда түсу кейде субстантивтеніп барып, яғни заттанып зет есімнің қызметінде жұмсалатын кездері де болады. Мысалы:
1. Бірақ, кімге… Енді құда түсе келген біреуіне беріп жіберсе, бұған дейін құда түскендер одан сайын өшікпей ме…
2. Әжем күліп алды:
— Алдымен мына шүйкебастарға құда түскендерден қалыңмал алайын. Қабырғамызға шыр байлап алайықшы. Сонан соң іздеп жүріп, сұлу қалыңдық тауып берем.
Бұдан шығатын қорытынды, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты қолданылатын фразеологизмдердің құрамы жағынан ең кең қолданыс тапқаны – етістік пен есімдер тобы және үстеу мағыналы фразеологизмдер де кездесіп отырады. Құрылысы жағынан мол кездесетіні – есім мен етістіктің тіркесіп келуі.
Жазушы өз шығармасында фразеологиялық тіркестерді орайын тауып, молынан қолдаеуы шығарманың тілін әрі бай, әрі нәрлі етеді. Біздің Салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты қолданылатын фразеологизмдердің көркем әдебиеттегі көрінісі атты тарауымызда осы мәселелерді қарастырған болатынбыз.
Фразеологизмдер көркем шығарма тілін жандандырумен бірге, шығарма тіліне ұлттық колорит те береді. М.Әуезов туындысында фразеологизмдер, соның ішінде қаза ғұрыптарына байланысты қолданылатын фразеологизмдер, міне, осындай қасиетімен көзге түседі. Қаза ғұрыптарына байланысты қолданылатын фразеологизмдердің тұрақты тіркестермен берілуі атты тараушамызда қаза ғұрыптарының мағыналары ашылып, олардың атқаратын қызметтерін көркем шығармадан алынған нақты мысалдармен дәлелдеп өттік. Қазақ халқында қаза ғұрыптарының саны біршама баршылық. Сондықтан да дипломдық жұмысты жазу барысында сол қаза ғұрыптарының тұрақты тіркестермен кездесетін түрлерін жүйелеп, жинақтап, нақты мысалдармен дәлелдеп отырдық.
Сонымен қатар, балаға байланысты қолданылатын тұрақты тіркестерді де осы заңдылықтардың негізінде жүйелеп, олардың мағыналарын ашып, қазақ халқында олардың алатын орындарының қандай екенін дәлелдеп отырдық.
Сонымен, дипломдық жұмысымызды қорытындылайтын болсақ, қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрпына байланысты қолданылатын фразеологизмдерінің өзіндік орны, маңыздылығы бар екеніне көзімізді жеткіздік. Алға қойған міндеттерді орындау барысында біз өз мақсытымызға жете алдық деп айта аламыз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1 Кеңесбаев І. Фразеологиялық сөздік. – Алматы: Арыс, 2007. – 800 б.
2 Смағұлова Г. Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мәдени аспектілері. – Алматы: Ғылым, 1998. – 196 б.
3 Көбеев С. Орындалған арман: Романдар мен мысалдар. – Алматы: Жазушы, 1988. – 272 б.
4 Момышұлы Б. Ұшқан ұя. Повесть, әңгіме, нақылдар. – Алматы: Атамұра, 2003. – 240 б.
5 Есенберлин І. Көшпенділер: Тарихи трилогия. – Алматы: Көшпенділер, 2004. – 760 б.
6 Майлин Б. Шұғаның белгісі: Хикаят, әңгімелер. – Алматы: Раритет, 2006. – 256 б.
7 Кенжеахметұлы С. Қазақ халқының салт-дәстүрлері. – Алматы: Алматыкітап ААҚ, 2004. – 284 б.
8 Аймауытов Ж. Шығармалары: Романдар, повесть, әңгімелер, пьесалар (Құраст. М. Атымов, Қ. Керейқұлов). – Алматы: Жазушы, 1989. – 560 б., портр., суретті.
9 Әуезов М. Шығармалар: Он екі томдық. Төртінші том. – Алматы: Жазушы, 1968. – 398 б.
10 Кекілбаев Ә. Дала балладалары. – Алматы: Жазушы, 2001. – 226 б.
11 Смағұлова Г. Фразеологизмдердің варианттылығы. Көмекші оқу құралы. – Алматы, Санат, 1997. – 128 б.
12 Кеңесбев І. Қазақ тілінің сөз таптары. ДД. – Алматы, 1944. – 196 б.
13 Сайфуллин Ч. Фразеологические единицы и их классификация. Вопросы фразеологии . – Самарқанд, 1961. – 223 б.
14 Қайдаров Ә., Жайсақова Р. Принципы классификации фразеологизмов. Известия АН ҚазССР. Серия филологическая, 1979. – №3.
15 Болғанбаев Ә. Қазақ тілінің лексикологясы. – Алматы: Мектеп, 1988. – 218 б.
16 Кенжеахметұлы С. Ұлттық әдет ғұрыптың беймәлім 220 түрі. –
17 Қожахметова Х. Фразеологизмдердің көркем әдебиетте қолданылуы. Алматы: Мектеп, 1972. – 110 б.
18 Әуезов М. Абай жолы: Роман-эпопея. Үшінші кітап. – Алматы: Жазушы, 2002. – 296 б.
19 Әуезов М. Абай жолы: Роман-эпопея. Төртінші кітап. – Алматы: Жазушы, 2002. – 316 б.
20 Уәлиханов Ш. Көкетайдың ертегісі. Таңдамалы. 2-бас. – Алматы: Жазушы, 1985. – 395 б.
21 Радлов В. Из Сибири. Страницы из дневника . Пер.с нем. К. Д. Цивиной и В. С. Чистовой. Прим.и послес. С. И. Вайнштейна. – Москва: Наука, 1989. – 436 б.
22 Бөкейханов Ә. Таңдамалы. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1995. – 394 б.
23 Көпеев М. Қазақ шежіресі. – Алматы: Жалын, 1993. – 265 б.