Тауарлы-материалдық қорлар есебінің ұйымдастырылуы, олардың жіктелуі туралы қазақша реферат
Өндіріс процесіне еңбек құралдарымен қатар өндірістік босалқы қорлары еңбек заттары ретінде қатысады. Еңбек құралдарынан айырмашылығы еңбек заттары өндіріс процесіне бір-ақ рет қатысады және олардың құны өндірілетін өнімнің материалдық негізін құрай отырып, өнімнің өзіндік құнын құрайды.
Тауарлы-материалдық босалқылар келесідей активтер түрінде болады: өндірісте пайдалануға немесе жұмыстар мен қызметтерді орындауға арналған шикізаттар, материалдар, сатып алынған жартылай шикізаттар және құрастырушы бұйымдар (детальдар), отын, ыдыс және ыдыстық материалдар, қосалқы бөлшектер және басқа да материалдар; аяқталмаған өндіріс; субъект қызметі барысында сатуға шығарылған дайын өнім, тауарлар.
Өндіріс барысындағы қызметтік ролі мен мақсаты бойынша барлық материалдық босалқылар негізгі және көмекші болып бөлінеді.
Негізгілер – дайындалатын өнімнің заттай материалдық негізін (нан пісіргенде ұн) құрайтын материалдар болса, көмекші материалдар өндірілетін өнімнің өзіндік құнына кіргенімен негізгі материалдар сияқты оның заттай негізін құрай алмайды. Өнімге қажетті қасиеттерді беру үшін (сырлар, лак, желім) көмекші материалдар негізгі материалдарға қосымша пайдаланылады.
Бірақ материалдарды негізгі және көмекші етіп бөлу шартты сипатқа ие, өйткені олар өнімді шығаруға жұмсалған материалдардың санына (мөлшеріне), технологиялық сипатына және басқа да көптеген факторлеріне тәуелді болып келеді.
Материалдық босалқы қорлардың барлық түрін есепке алу үшін жаңа типтік шоттар жоспарына сәйкес 1300 Запастар бөлімнің негізгі, активті мүліктік шоттары пайдаланылады. Бұл бөлімше құрамына төмендегі аналитикалық шоттар кіреді: 1310 Шикізат және материалдар , 1320 Дайын өнім , 1330 Тауарлар , 1340 Аяқталмаған өндіріс , 1350 Басқа да запастар , 1360 Запастарды есептен шығару бойынша резерв .
1310 Шикізат және материалдар шотында шығарылған өнімнің негізін салатын немесе өнімді жасап шығаруда оның компоненті болып табылатын қажет шикізаттар мен материалдарын есепке алады. Бұл жерде сондай-ақ өнімді шығаруға қатысатын немесе шаруашылық, технологиялық және өндіріс процесіне тигізетін көмекші материалдар да есепке алынады.
1320 Дайын өнім шотында негізгі және қосалқы цехтарының сатуға арналған өнімі есепке алынады.
1330 Тауарлар шотында қозғалыс процесінде және сату мен қайта сату үшін сақтау орындардағы тауарлар есепке алынады.
1340 Аяқталмаған өндіріс шотында аяқталмаған өндіріс бойынша шығындар есепке алынады.
1350 Басқа да запастар өндіріс қалдықтары, жөнделмейтін ақау бөлшектер, негізгі құралды жою барысында алынған материалдар және т.б. есепке алынады.
1360 Запастарды есептен шығару бойынша резерв мұнда запастардың таза құнынан кем емес төменгі бағамен сату бойынша резервтердің пайда болуына әкелетін запастардың бүлінуі мен моралдық жағынан ескіруі операциялары есепке алынады.
Әрбір шаруашылық жүргізуші субъектілер қажеттігінше әрбір шоттар бойынша субшоттар және материалдық есебі бойынша аналитикалық (талдамалы) шоттар аша алынады.