Бөгенбай есіктен кіріп келе жатқан Сеңкібайды көре сала

Скачать


Би Сеңкібай кешегі,

Ерекше ер деседі.

Тіл біткеннің шешені,

Жауға бермес есені.

Әруақты – көшелі,

Қазақтың алғыр көсемі. (Ел аузынан)

Қазақтың тағы бір айбынды жеңімпаз батыры әрі ділмар шешен биі – Сенкібай Оразғұлұлы. Ол 1709 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында туып, 1786 жылы бұрыңғы Қызылтау жайлауында қайтыс болды. Оразқұлдың бірінші әйелінен Сенкібай, Ақкісі, Желтау, Найза, Қылыш, Ақжол тарайды. Екінші әйелінен Шой, Тайсары, Қойсары тарайды. Бұл тоғыз ұлдың ең үлкені. Биата , аталып кеткен. Сеңкібай баба екен. (Н.Төреқұлов Қазақтың жүз биі . Қазақ әдебиеті 1993 жыл). Біз енді осы Биата туралы сыр шертпекпіз:

Сарыарқаның жер жаннатының бірі қасиетті Қарқаралы топырағында шамамен дүниеге келген Сеңкібай бабамыздың 17 жасынан бастап басына дулыға, үстіне сауыт киіп, қолына шашақты найза Абылай ханның қалын жасағымен бірге жоңғар шапқыншылығына бастап қарсы шыққаны, қан майданда жауды күйреткеннен кейін елге оралған ол қара қылды, қақ жарған батагөй би, дуалы ауыз әулие атанғаны туралы біраз әңгіме естіген едік.

Бөгенбай жасағының құрамында кейін қазаққа әйгілі болған би шешендер мен жыраулар да болған еді. Солардың бірі өзінің ақыл-парасаттылығымен, әділ-төрелігімен жұртқа танылған Сенкібай еді. Тарихи шежіреде айтылғандай Бөгенбай батыр Орта жүзден жиналған он мың қолымен Алакөл шайқасына бара жатқанда жолшыбай Қарқаралының жарлы өзенінің бойына тоқтап, жасағын демалдырып, жүздіктерге, мыңдықтарға бөліп, әр-түрлі ұрыс-тәсілдерімен жаттығулар жүргізеді. Ол сол шақта Қаракесек руының қарт батыры Қожас ауылы жайлауда отыр дегенді естіп, әкесінің досына сәлем берейін және бата алайын деп арнайы іздеп барады. Қожас оның келгеніне өте разы болып үлкен қошаметпен қарсы алады. Қожас әулеті бай баласы Оразғұлға бірнеше арнайы үй тіктіріп, Бөгенбай батырға ерекше сый көрсетеді. Оразғұл ағайын арасында қайырымды, адамгершілігі мол, дәулетті кісі болыпты. Ел оны Ожаң дейді екен. Әсіресе, Ожанның үлкен баласы Сеңкібай қонақты күтуде өте бір ілтипаттылық, тапқырлық көрсетеді. Бөгенбай жас Сеңкібайдың ақылдылығына шексіз риза болады.

Қожас осы жолы Бөгенбай батырға немересі Сеңкібайдан зор үміт күтетінің айтады. Бөгенбай батыр жорыққа аттанар алдында Сенкібайдың түр-тұлғасына, жүріс-тұрысына қызығып, оны өзімен бірге ала кетеді.

Сенкібай қарт атасының тәрбиесінде болып, жас күнінен садақ тартып, найзаласуға, жекпе-жекке шығуға машықтанады. Сөйтіп, ат құлағында ойнап өседі. Он бес жасында ауыл арасындағы, ағайын ішіндегі реніш-қуаныштарына ортақ болып, даулы мәселелерге билік айта бастайды. Сенкібайдың әділдігі, ақыл-парасаты жас кезінен дараланып, ел көзіне түседі. Сенкібай биді жас кезінен-ақ жақсы білген Бөгенбай батыр оны жақсы көріп, ерекше құрметтеген екен. Кескілескен шайқастар артта қалып, бейбітшілік орнаған кезде, бір жолы Сенкібай би жолдастарымен түн-күн қатып жоғалған жылқыларды іздеп жүріп, қалын жұрт жиналып жатқан бір ауылға ат-басын тірейді. Жолаушылар жолыққан бір адамнан сұрастырып көрсе, бұл екі ел арасындағы егеске бітім айтылатын жиын екен. Және де арнайы тігілген сегіз қанат үйде Бөгенбай батыр да бар екенін естиді. Аттарынан түсіп, үсті-бастарын қағынған жолдастарына Сеңкібай: қарт батырға сәлем беріп шығайын деп үйге кіреді. Бөгенбай есіктен кіріп келе жатқан Сеңкібайды көре сала:

—   О, Сеңкібай би келді, сапарын ақжолтай болғай. Жоғары шық, деп қолын алып амандасқан соң, оған оң тізесінен орын ұсынады. Үй толы ақсақалдарға біраз бағдарлай қол жіберіп, алған Бөгенбай оларға көтеріңкі үнмен:

—   Мына келген кісі Қара-Шордың Сеңкібай деген биі. Бүгінгі жер даудың барлық шешіміне, бітіміне түгелдей сол иелік етсін, — дейді.

Сонымен танымайтын қалын жұрт алдында Сенкібай қазылық жасайды. Көп жылдан бері шешілмей келе жатқан жер-су дауын шешіп береді: Оның “қара қылды қақ жарған” әділ билігіне жиналған ел де, Бөгенбай батыр да риза болады.

Орта жүздің Қарқаралы уезі қазақтарының Арғынның ұрпақтары екеніне ешкім дау айтпайды. Сол арғынның бірінші әйелі Аргүлден Мейрам туады. Мейрамның үшінші әйелі кейінгі ұрпағы аруағына сиынған Қарқабат анамыздан алты алашқа әйгілі Қаракесек (Болатқожа) өмірге келеді. Енді әрі қарай ата қуа тарататын болсақ Қаракесектан (Болатқожадан) Ақша – одан Түйте, Түйтеден Танас, Танастан Сары туады. Сол сарының тұңғыш ұлы Қожас жалпақ елге атағы жайылған батыр болады. Қанжығалы Бөгенбай батыр он мың қолмен Алакөл шайқасына бара жатқанда жолшыбай Қарқаралының жарлы өзенінің бойына тоқтап, жасаған демалдырып, жүздіктерге, мындықтарға жіктеп әр түрлі ұрыс тәсілдерінен жаттығулар жүргізген екен. Ол сол манда әкесінің үзеңгілес досы Қожас батырдың ауылы жайлауда отыр дегенді естіп, оған сәлем беріп, бата алайын деп арнайы іздеп келеді. Атағы жер жарған Бөгенбай баһадүрдің ішеттілік көрсеткеніне бек риза болған Қожас өзінің немересі, дәулет иесі Оразғұлға бірнеше ақ боз үй тіктіріп, батырға үлкен сый құрмет көрсетеді. Сенкібайдың әкесі қара шаңырақ иесі Оразғұл ел ішінде адамгершілігі мол, әрі адалдан жинаған дәулет иесі болған. Оразғұлдың мейірбандығын қадірлеген қалын жұрт Ожаң деп атап кеткен. Қазірге дейін ел арасында Ожанның қайрымдылығы мен мәрттігі туралы ұмытылмай, бірден-бірге ауыз-екі тараған әңгімелер аз емес. Арасында екі ғасырдан астам уақыт салып кеткен. Сонау бір жылы бүкіл Қарқаралы төңірегінде қалын мұз жауып, мал жұтап ел күйзеліске ұшырайтын күн туыпты. Осындай қиын қыстау кезде Оразғұл қойшы малшылар мен көп жылқысын Сыр бойына қарай айдайды. Ол ел жағасы жайлауда дегендей табиғат апатынан аман екен. Оразғұл жайылымға жылқыларын жайғастырып болған соң сол маңдағы ел жұртпен танысайын деп бір-екі жолдасымен келе жатса, алдынан бірі атты, бірі жаяу екі адам шығады. Олар жақындаған сайын әлденеге келісе алмай дауласқан дауыстары естіледі. Аттылы кісі жаяу адамды алдына салып, салпақтатып, еріксіз бір жерге әкеле жатқан тәрізді. Жолаушыларға таяп келген Оразғұл олармен сәлемдескеннен кейін, мына Оғаш жүрістің жөнін сұрайды. Аттылы адам: — мына кісіден қарызға берген бір серкешім бар еді. Енді соны сұрасам, соқа басымнан өзге ештене жоқ деп манына жуытпайды. Сондықтан биге жүгініп, кесімін естуге әкеле жатыр едім, — деп жауап береді. Оразғұл жаяу адамға көз салса, киімі тым нашар, өні өте жүдеу екен. Жұттан қашып, елден жырақ шығып кетсе де, оған жаны ашыған Оразғұл ат үстіндегі шіреніп тұрған адамға қарап, үстіндегі түйме жүнінен тігілген шыт жана шекпенін көрсетіп. – Мына шекпенім ана кісіден алашақ серкешінің құнына тұрама? деп сұрайды. Ол: — егер шынымен беретін болсаңыз шекпенініз серкештің құнына артығымен татиды, — деп жауап береді. Сонда Ожан атынан түсіп, Серкеш даулаған адамға шекпенін шешіп беріп, — Осымен егес бітсін. Жоққа жүйрік жетпейді деген ғой. Енді би іздеп әуре болмаңыздар, — деп қош айтысып жүріп кетеді. Серкешке борышкер жаяу адам: Мұның қалай   ? Тым болмаса мына бейтаныс, қайырлы адамның кім екенін біліп алмағаным ұят болар деп ойлайды да, Оразғұлдың атынан айқайлап тоқтатып: — мынның түсін танығанша бірдің атын біл деген. Аты-жөнінді айта кет бауырым, дейді. Атының тізгінің тартып, артына бұрылған Ожан: — мен Қаракесек деген рудан шыққан Оразғұл деген адам боламын. Сарыарқаның бір төскейі Қарқаралы деп аталатын ата мекенімізге биыл қыс түсе қалын мұз жауып, осы елге жылқымызды паналатуға әкелген едік. Қайыр қош болыңыздар деп өз жөнін айтады.

Содан біраз жылдар өтеді. Ел жұртына силы болып, Ожан атанған оның орта жасынан асқан шағы екен. Бұл Абылай ханның қалын жасағымен бірге болып, жоңғар басқыншыларына қарсы соңғы шайқасқа қатысқан оның тұңғыш баласы Сенкібай туған жеріне жеңіспен оралып, отау көтерген кез болса керек. Он үш жыл бір мүшелде табиғат құбылысы өзгеріп тұртындай арқада тағы бір қатты қыс қайталанады. Енді әкесінің ақылымен Сыр бойына жылқыны қыстатуға Сенкібай басшы болып, аттанады. Әлгі елге Оразғұл деген байдың қалын жылқысы келе жатыр деген хабар лезде тарайды. Бұл сөзді баяғыда қарыз серкеші үшін Ожан шекпенің шешіп берген адамды естиді. Ол адам сол кезде дәулет құрап, балалы шағалы болған бір ауылдың ақсақалы атанған екен. Сенкібайлар ауылға жақындап келіп, қойныпты деген хабарды естіген жаңағы кісі қосын әдейі іздеп келіп, амандық-саулық сұрасқаннан кейін:

— Сіздің елде сенің әкеннен басқа Оразғұл деген адам бар ма? – деп Сенкібайдан сөз тартады.

Сенкібай оған өз төңірегінде әкесінен басқа Оразғұл деген адамның жоқ екендігін айтады.

— Олай болса осы бет алып келген, қос көтерген аймақ менің мекенім. Қыстай жылқын осы жерде болсын. Жер аяғы да кең. Тек жазғұтырым еліне қайтар шағында маған жолыға кет, — жаңағы кісі Сенкібайға қатты тапсырады.

Жылқы қыстан күйлі шығып, биенің алды құлындай бастаған кезде Сенкібай би ауыл иесімен сәлемдесіп, қош айтысуға келіпті.

Ақсақал оны құшақ жая қарсы алып, қонақ етіп, сый құрмет көрсетеді. Жайғаса отырып, дәм татқан әңгіме үстінде ол:

— Біз осы өңірге сінсіп кеткен Қарақалпақ елі екенбіз. Әкеннің маған таршылықта маған жасаған естен кетпес адамгершілік ісі бар еді. Тағдыр сол Оразғұлмен бір кездестірсе деп армандаушы едім. Міне бүгін сол тілегім орындалып, түңғышы сен кез болдың, — деп сонау кедей кезіндегі уақиғаны еске түсіреді.

Содан кейін, әлденеге жан сезіммен толқып кеткен ауыл иесі бойжеткен бір қызын шақырып алып:

— Ең жақын көрген досыммен адам беріп, адам алысу екі еліміздің салтында ертеден бар. Мына баламды сенімен бірге аттандырам. Әкене апарып бер. Оразғұлдың аяғында жатса қор болмас, — деп көзіне жас іркеді.

Сеңкібай ертеңінде қасындағы атқосшысын жылқыға шаптырып, құйрық жалы сүзілген бір үйірлі жылқы алдырып, қызының қарғы бауы үшін ақсақалға бергізеді.

Сөйтіп, төрт аяғынан жорға ақ боз атқа қызды мінгізіп еліне бет алады.

Дүйім халық қадірлеп, бүгінгі ұрпағы бас иетін Сенкібай батыр – Биата деген екі бірдей ардақ тұтар қасиетті есімге ие болған бабамыз туралы кейінгі екі жылдан бері тірнектеп дерек жинап жүргенімізде оның қалмақ-жоңғар шапқыншылығына қарсы жойқын шайқастарда үстіне киген сауыты осы күнге дейін сақтаулы екендігін естігенбіз. Ес біле бастаған бала кезімізде де сол киелі сауыт пен әруақ жайлы: Сеңкең сауытының бір үзім шиыршық шыжырын дұға оқып қолқалап алған біреу жалғыз ұлының мойнына тұмар жасап тағыпты. Перзентке зар болып, еңірегенде етегі жасқа толып жүрген бәлен деген бейбақ Биатаның аруағына сиынып, ақсарбас айтып, бейітіне түнеп қайтыпты деген еміс-еміс сыбыстарды құлағымыз шалатын.

Көнекөз қариялардан сұрастыра келгенде білгеніміз Сенкібай батырдың сауыты қуғын-сүргін кезде оның бел баласы ұрпақтарының бірінен екіншісіне өтіп, аман сақталып, ақыры Хакімнің еті тірі, әр нәрсенің қадір-қасиетін парықтай білетін анасы Мәшімнің қолына түскен. Сауыттың соңына түсушілер Сеңкен Абылайдың қалын жасағында хан батырларының бірі болып, үстем таптың сойылын соққан деген солақай саясаттың керсоқыр қостаушылары еді.

— Иә, он жеті жасқа жаңа толған Сенкібайдың қалын қол жасақтаған Бөгенбай батырдың соңына еріп, елі мен жерін қалмақ-жоңғар шапқыншылығынан аттың жалы, түйенің қомында жүріп қорғайға қатысқаны тарихи шындық. Сонау 1725 жылғы Алакөл шайқасы, 1728 жылғы Шұбар теңіз жағасындағы және Балқаш көлінің оңтүстік өңіріндегі қырғын соғыстар қазақ қолының жеңісімен аяқталып, отырған. Орта жүзден жиналған қалын әскерге басшы болған Бөгенбай баһадүр қолы Бұланты мен Бөленті өзендерінің жағасында қалмақтарды тасталқан етеді. Ал Нұра даласында жоңғарларға қарсы жойқын шайқаста жиырма жасар Сенкібай Қонтажының немересі Ноян Қоренмен бетпе-бет келеді. Сол жылы ол қара ата атандай ірі денелі, білектей ұзын айдарлы, қабағынан қар жауған жоңғар батырымен жекпе-жекке шығады.

Өзінің тау төңкерерлік алып күшіне мастанған Ноян Қорен:

— Қане, қазақ батыры, арманда кеттім дерсің. Алғашқы кезекті сен ал – деп гүрілдеген дауыспен айқай салады.

Астындағы Көкдауыл атына қамшы басып, біраз ойқастанып, етін қыздырып алған Сенкібай сол қолында найзасы, оң қолында алған батыр атасы Қожастың алты бүктемелі ақ семерін жарқылдатып, құйғытқан беті жауға шүйіледі. Анау болса, оны өзіне місе тұтпай жайбырақаттау тұрады. Сеңкібай атын жұлдыздай ағызып, емен сапты найзасын Ноян Қоренге ұмсына беріп, оң қолындағы ақ семсерімен жаудың желке тұсынан жар еткен нажағайдай есіп өтеді. Тегеурінді күшпен сілтенген семсер жау батырының басын жерге домалатып түсіреді. Жеңіске жігерленген қазақ қолы Ақжолтайлап ұрандап жаумен өршелене шайқасады. Осы жолы Бөгенбай, Малайсары, Олжабай батырлар бастаған қол Әмірсана әскерін талқандап, оларды Оңтүстік-шығысқа қарай ығыстыра қуады.

Біз батырдың сауытын көре отырып, Сеңкен оны талай қиянкесті шайқастарда үстіне киіп, жауға ойсырата соққы бергеннен-ақ шығар деген ой құшағына енген едік. Абылай хан оның батырлығына, тапқырлығына сүйеніп, көріпкел киелілігіне риза болғандықтан барлаушылар мындығын басқарушы етіп тағайындаған, өзінің жақын серігі, соғыс кеңесшісі деп таныған. Ол Абылайдың қалын жасағындағы атақты оң батырдың бірі болған. Бұған ұлы Бұқар жыраудың мына толғауы да кепілдік ете алса керек.

Қалденменен ұрысып,

Жеті күндей сүрісіп,

Сондағы жолдас адамдар:

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Шақшақұлы Жәнібек,

Сіргелі қара Тілеуке,

Қарақұлақ Құлашбек,

Тегіден шыққан Естербек,

Шапырашты Наурызбай,

Құдаменді Жібекбай қасында,

Бақ дәулеті басында

Сенкібай мен Шойбекбай.

Осылай жоңғарлар шапқыншылығы кезінде ел қорғаны болған Сенкібай батыр 77 жыл жасап, дүниеден өткен өмірінің екінші жартысында қара қылды қақ жарған киелі дем әруақты Биата атанған. Оның: Батыр жауда, дана дауда білінер. Қуаншылық кетер, бел қалар, бектер кетер, ел қалар , деген даналық сөзі өзіне тән қасиет болып бүгінгі ұрпағына жетті.


Скачать


zharar.kz