Ажырататын тежелу туралы қазақша реферат
Жаңа қалыптасқан шартты рефлекстің алғашқыда жалпылама өзгешелігі болады. Өйткені ол үйренген шартты тітіркендіргіштен басқа, оған ұқсас немесе көптеген бір райлы тітіркендірулерге де жауап ретінде пайда болады (шартты рефлекстің жалпылама сатысы). Алайда, егер тек шартты тітіркендіргіш ғана бекітіліп, басқалары елеусіз қалса, біраз уақыттан кейін ұқсас тітіркендіргіштерге әсерленіс өшеді (шартты рефлекстің, мамандалыс сатысы). Бұл заттар мен құбылыстардың қасиеттерін, ұқсастығын жете ажыратуға мүмкіндік береді.
Шартты рефлекстің мамандалуын қамтамасыз ететін үрдіс, яғни тітіркендіргіштерді сұрыптау ажырататын тежелу деп атайды. Бұл үрдіс ми қыртысында өтетін шартты тежелуден туады.
Ажырататын тежелудің қасиеттері: 1) тітіркендірулердің белгілері өте ұқсас болса, оны қалыптастыру қиынға соғады; 2) тежелу дәрежесі нығайтушы тітіркендірістің күшінен тәуелді келеді; 3) бұл тежелудің түрін қалыптастыру толқын тәрізді болады; 4) тежелуді жаттықтыруға болады, бұл ортаның сезімдік түрткілерін жіті айырып танудың негізін құрады.
Шартты тежегіш.. Егер небір қосымша әсермен ұштастырылған тітіркендіру нығайтылмаса, ал жеке қолданған шартты сигнал әрдайым нықталса, жүйке орталықтарында шартты тежелу пайда болады. Көп кешікпей қосымша әсермен қиыстырылған үйренген тітркендіргіш іштей тежелу салдарынан шартты әсерленіс шығаруды тоқтатады. Сол шартты сигналдың әсерінен өтіп жатқан әрекетті тежеуге қабілеті бар қосымша тітіркендіргіш шартты тежегіш деп аталады (мәселен, мектепте соғылатын қоңырау).
Шартты тежегіштердің негізгі қасиеттері: 1) ол әлсіз тітіркегішке (мысалы, жарыққа) қосымша күшті тітіркендіру (қоңырау) қосылса оңай қалыптасады; 2) бұрынғы қолданылған күшті тітіркендірудің іздері қосымша түрткі ретінде әсер ете алады; 3) егер қосымша тіткендіріс әлсіз болса, ол екінші ретті рефлекстің түрткісі бола алады; 4) егер қосымша тітркендіргіш шартты тежегіш мәнін иемденсе, ол басқа да ұқсас шартты бейнелістерді тежейді; 5) қосымша тітркендіргіш бірнеше рет жағымды сигналмен бірге берілгенде, ол бағдарлау рефлексін тудырады.
Қосымша тітіркендіргіш күшті болған сацын, шартты тежегіш тез қалыптасады. Организм мен сыртқы ортаның өзара қатынасында шартты тежегіштің биологиялық маңызы зор.
Кешіктіретін тежелу. Кешіктіретін шартты рефлекстер бірден құрылмайды, тек нығайтудың басталуы біртіндеп ұзартылғанда барып жасалады. Осы шартты тітіркендіргіштің жекеленген әсерімен бастапқы кезде жүйке нейрондарының әрекеті тежеледі. Кешіктіретін тежелу шартсыз рефлекстің күшінен тәуелді, егер ол күшті болса, бұл тежелудің пайда болуы қиынға соғады. Бұл тежелу арқылы әр уақытта шартты рефлекстің әсерленіс дер кезінде іске қосылады.
Кешіктіретін тежелудің негізгі қасиеттері: 1) шартты тітіркендіргіш неғұрлым күшті болса, бұл тежелу соғұрлым қиын жасалады; 2) нығайтушы түрткі күшті болса, шартты рефлексті кешіктіру қиынға соғады; 3) тәжірибелерді қайталау кезінде оқшауланған шартты тітркендіру біртіндеп баяулап ұзартылса, кешіктіру оңай болады. Тітіркендірулердің арасы 2-3 минут болған жағдайда кешіктіретін тежелу қалыптаспайды; 4) шартты рефлекстің бірге берілуі көбірек нығайтылса немесе қысқа уақытқа кешіктірілсе тежелуді ұзартуға кедергі жасайды. Шартты тежелу, уақыттық түрткінің кірісуіне байланысты басқа түрлерінен ерекшк ьолады.
Шартты тежелудің тағы бір ерекше, нығайтылса да өшетін түрі болады. Ол жағымды шартты стимул ұзағынан бір ырғақта немесе бір сарында нығайтқышпен қоса әсер еткен жағдайда пайда болады.
И.П. Павлов ішкі тежелудің түрлерін әрекетіне және қалыптастыру тәсілдеріне қарай жіктеумен бірге, тежелу қасиеттерінің айырмашылығы олардың күшіне байланысты болатындығын атап көрсетті. Ол шартты тежелудің жергілікті және ми құрылымында жалпылама түрде кездесетініне ерекше көңіл аударды.
Сөйтіп шартты тежелу организмнің бейімделу іс-әрекетін реттеп отырады. Егер шартты тежелу қалыптаспаса, организмде табиғи қажетсіз, қолайсыз әскрленістер көп болар еді.
Шартты тежелу өте нәзік, төзімсіз келеді. Әртүрлі аурулар, қажу, зорлану бұл тежелуді әлсіретеді.
Организмнің сыртқы ортаға жете бейімделуі, оның әсерленісінің сыртқы жағдайларға өте сәйкес келуі тежелу процесіне байланысты болады. Негізгі жүйке процестері – қозу мен тежелудің көрсеткіштері, олардың өзара әсері организмге көптеген тітіркендіруді талдап және синтездеп, өзін әртүрлі жағдайда бағдарлауына мүмкіндік туғызады.
И.П. Павловтың көзқарасы бойынша, шартты тежелу тек ми қыртысында болатын құбылыс. Қалай болғанда да, тежелу процесінің ми қыртысындағы орналасуы үш түрлі болуы мүмкін. Біріншіден, шартты сигналдық ми қыртысы проекциясында, екіншіден, шартсыз рефлекстің ми қыртысы проекциясында, үшіншіден, уақытша байланыстың өз құрылымында қалыптасады. Соңғы жылдары көптеген зерттеушілер, шартты тежелу әуелі мидың қыртысасты құрылымдарында немесе олардың белсенді қатысуымен пайда болып, үлкен ми сыңары қыртысына жоғары көтеріледі деп санайды.
Шартты тежелудің шығу жағдайы, көптеген деректерге сәйкес арнайы тежегіш құрылымдарға байланысты болады. Бұларға тежегіш түйіндер, тежегіш интернейрондар жатады. Демек, олардың белсенді әсерленісі арнайы тежегіш рефлексін жасайды. Сөйтіп, ми қыртысындағы тежелу міндетті түрде арнайы тежегіш жүйесін құрайтын мамандандырылған тежегіш нейрондар арқылы жүзеге асырылады. Көптеген нейрофизиологтардың ойынша, жоғары жүйке іс-әрекетінің тежелу құбылыстарында әртүрлі қыртысасты құрылымдар өте маңызды рөл атқарады. Дегенмен, соңғы жылдары М.Н. Ливановтың лабораториясында жүргізілген тәжірибелер ішкі тежелудің гиперполяризациялық (әсіреүйектеліс) болжамын дәлелдеді. Ішкі тежелу қалыптасқанда, гиперполяризациялық құбылыстардың біршама өсетіндігі анықталды. Ол үйрету кезінде теріс стимулдың әсерінде мидың тежегіш жүйесінің әсерленгіш қабілеті жоғарылайтынын растайды. Оған нейрондардың сатылық және бедерсіз белсенділігінің, қоздырылған потенциал мен биік шайқалатын баяу тербеліс шамасының күшеюі сәйкес келеді.
Сонымен ішкі тежелу ми қыртысы деңгейінде орталық қозу ретінде пайда болып, рефлекстік жауапты жүзеге асыратын қыртысасты механизмдердің бағынышты (субординациялық) тежелуін белгілейді. Әсіресе мінездің ұйымдастырылу және реттелу істерінде мидың маңдай алаңы маңызды рөл атқарады. Ол қыртысасты бөліктері арқылы ми бағанының белсендіргіш жүйесіне тікелей немесе жанама түрде ықпал жасайды. Сөйтіп, мұндағы тежелу құбылыстары бейімдендіру мәніне қарай, мидың медиаторлық жүйесін іріктеп еліктіру арқасында жүзеге асырылады