1921 жылы жалпы шаруа ортасынан соғыс кезінде байып шыға келген меншік иелерін бөлу процесі өтті. Жағдайын жақсартып алған шаруалар аграрлық бірлестіктер құра бастады. Өздерінің жерін қорғау үшін өзін өзі қорғау отрядтарын жасақтай бастады.
Жерді өңдейтін адам алу керек деген лозунгымен фашистер саяси, кәсіподақтық және кооперативтік ұйымдарды тонап өртей бастады. 1921 жылғы деревняларды қирату аграрлық фашизм деп аталды. Ал қалаларда фашистерге пролетариаттардың ұйымдасқан көпшілігі қарсы тұра бастады. Соның өзінде оларға да фашистер тарапынан қиянат жасалынды. Атап айтсақ, 1921 жылдың алғашқы жарты жылдығының өзінде фашистер еңбекшілер ұйымының 726 ғимаратын (социалистік және коммунистік партиялардың секцияларын, кәсіподақтарды, кооперативтерді, газет редакцияларын т.б.) талқандап тонады. Бұрыш-бұрышта фашистердің адамдарды өлтіріп кетуі, демонстрацияларға шабуыл жасау, қорқытып-үркіту т.б. жаппай орын ала бастады .
Фашистердің алғашқы кезден бастап пролетариатқа және революцияға қарсы сипаты анық аңғарылып тұрды. Сонымен қатар ол бүкіл жариялылық тәртібіне қарсы бағытталған болатын. Фашистік шабуылдың объектілері тек ғана социалистік және коммунистік партиялардың жергілікті ұйымдары емес, сонымен қатар жергілікті буржуазиялық партиялардың, республикалық және либералдық ұйымдардың ғимараттары да болды.
Әрине, фашистердің осындай шабуылдары басқарып отырған либералды буржуазияның саяси ортасының қорқынышын пайда қылды. Осының нәтижесінде фашизм жайлы түрлі пікірлер қалыптасты. Олардың кейбіреулері фашизм арқылы реакциялы мемлекет құруға болады десе, екіншілері революциялық қозғалысқа күресуде таптырмайтын құрал деп шешті. Соңғы пікірді жақтаушылардың бірі премьер-министр Джолитти болды.
Осындай жағдайда Италияда фашистерге қарсы күрес ұйымдастыру ең қиын мәселенің бірі болатын. Фашистерге қарулы қарсылық ұйымдастыру кейде мүмкін бола қоймайтын. 1921 жылдың алғашқы айларында фашистердің қоқан-лоққысына қарсы тұрудың кең тараған түрі ол қарсылық ретінде көтеріліске және демонстрацияға шығу болатын. Осындай көтерілістің бірі 1921 жылдың 25-қаңтарында Дифеза газетінің баспаханасын фашистер талқандағанда Флоренцияның жұмысшылары қарсылық ретінде жаппай көтеріліске шыққан болатын. Сол кезде фашистердің террорына қарсы ең ірі көтерілістер Вивенцеде, Болоньеде, Верчеллиде, Пизеде, Мортареде, Ливорнода орын алды.[14] Турин қаласында фашистер еңбек Палатасын өртеп кеткенде сәуір айының соңында үлкен көтеріліс болып, жұмысшылар қаланың ірі кәсіпорындарын басып алды. Көтерілісті басу тек ғана қалаға ауыр артиллериямен әскери бөлімдерді енгізгенде ғана қол жеткізілді.
Жұмысшылардың фашистерге қарулы қарсылық көрсетулері жиілей бастады. Ең маңызды деген оқиғалардың бірі Флоренциядағы фашистерге көрсетілген қарсылық десек болады. 28-ақпанда фашистер бұл жерде теміржолшылардың тоқсаныншы секциясының хатшысы коммунист Спартако Лаваньиниді өлтіріп кеткен.[15] Осыған наразылық ретінде теміржолшылар кәсіподағы көтеріліс ұйымдастырып, оған қаланың көптеген халқы қатыстырылды. 1-наурыз күні Флоренцияда нағыз көтеріліс басталды. Фашистер мен жұмысшылардың арасындағы қақтығыстар Сан Фредианода, Порта дель-Пратода, Кавура алаңында орын алды. Көптеген көшелерде тосқауылдар қойылды. Қалаға атты әскерлер енгізіліп, броневиктер мен артиллерия әкелінді. Әскер күшімен жұмысшылардың қарсылығы жаншылды.
Осыдан бастап Италияда фашистер мен антифашистердің қарулы қақтығыстары күндегі үйреншікті нәрсеге айналды. Фашистер жақсы қаруланған болғандықтан және полиция оларды жақтағандықтан үнемі жеңіске жетіп жүрді.
Фашистерге қарсы көтерілістер ұйымдастыруда кәсіподақ ұйымдары – еңбектің жалпы конфедерациясы, Италияндық кәсіподақ бірлестігі, теміржолшылар одағы үлкен рол атқарды. Бірақ олар тек ғана күресудің кәсіподақтық жолын ғана таңдайтын, ең негізгісі көтеріліске шығу болды. Кеңірек алатын болсақ еңбекшілердің фашистерге қарсы күресі тек пролетариаттың саяси партияларымен – социалистік және коммунистік партиялар арқылы ұйымдастырыла алатын еді.
Қатардағы социалистер мен коммунистер еңбекшілердің фашистерге қарсы күресінде ерекше рол атқарды. Бірақ бұл партиялардың ең негізгі кемшілігі фашизмге қарсы күресудің ортақ саяси жолын таңдап ала алмағандығында.
Социалистік партияның жетекшілері фашизмге қарсы қарулы қарсылықтың тиімділігіне сенбеді. 1921 жылғы 18-ақпандағы шешімдерінде олар біздің жолдастарымыз ешқандай арандатушылыққа көнбесін, мүмкіндігінше социализмге және партия дәстүріне тән әдістермен күрессін деген болатын. Олар фашизмге мүмкіндігінше кәсіподақтың күшін қарсы қою керек деп шешті. Парламент пен үкімет фашистердің басқыншылық әрекетіне тосқауыл қою керек деп ұйғарды. Фашизмге қарсы бұл әрекет бәсең қарсылық деген атқа ие болды.