Ахмет Байтұрсынұлы мен Мағжан Жұмабаевтың мақсат – мұраттары бір еді. Ахмет Байтұрсынұлы қалай елді надандықтан босатам деп армандаса, Мағжан Жұмабаев та дәл сол арманды ісінің басты мәселесі деп білді. Ахмет Байтұрсынов бай педогогикалық мол мұра қалдырды.
Ахмет Байтұрсынов өзінің ғылыми педогогика тәрбие процесінің ерекшеліктерін негізгі кезеңдерін басқа құбылыстармен байланыстырып қарастырады.Олардың заңдылықтарын анықтайды.
Ғылыми философия құлықтық және эстетикалық тәрбиеге байланысты мәселелер зерттеуде педогогика этикамен, эстетикаға ал оқыту мен білім беру проблемаларын зерттеуде таным теориясына сүйенеді.
Педогогика ғылымы философиялық білімді басшылыққа алып, тәрбиенің теориялық және практикалық мәселелерін шешуге үлесін қосады.
Ахметтің жастарға ұсынған адамгершілік жолы адалдық және ғылымды игеру. Ол үшін жастарды адал еңбек етуге, өз мінін өзі көріп түзете білуге шақырады, бар білмнің түп төркіні ақыл деп қорытындылайды. 1928 жылы еліміздің ең алғашқы жоғарғы оқу орны Қазақ Педагогикалық Институтының ашылу салтанатында Ахмет Байтұрсынов: қазақ институтын ашу – жетілген халықтың жоғарғы мәдениетке жету қажеттілігінің көрсеткіш стимулы деген болатын. Осы оқу орны ашылған күннен бастап Ахаң онда қазақ тілі мен әдебиет пәнінен дәріс берді. Оы оқу орнының профессоры атағын алды. Ағартушы ғалым өзінің Оқыту жайында баяндамасында : Оқу жұмысының үш жағы үш нәрсеге тіреледі: бірі ақшаға, бірі құралға, бірі мұғалімге. Осы үш тіреуі бірдей тең болса, оқу ауытқымай түзу жүреді. Ол үшеуі тең болмаған жағдайда оқу жұмысы аумалы жүк сияқты, орнықсыз.
Жөн көрсеттім қазақ деген намысқа,
Жол сілтедім, жақын емес алысқа.
Өзге жұрттар өрге қадам басқанда,
Дедім, — сен де қатарыннан қалыспа!- деп ащы да болса, ақиқатын айтып өткен Ахмет Байтұрсынұлының Әліппесі , Әліп – би , Сауат ашқыш сияқты оқу құралдары кейінгі ұрпаққа қалдырған мол мұрасының көшбасшысы болып қала бермек.
Мағжан Жұмабаев Педагогика оқулығын жазғанда, елдің сауатын ашу мақсатын көздеген. М.Жұмабаев Ақынның ақыны ғана болып қойған жоқ. Ол ең алдымен ұстаз-ағартушы еді. ХХ ғасырдың басында Ә.Бөкейханов бастаған қазақ халқының көзі ашық азаматтары елді құлдық бұғаудан аман алып қалудың жолы – тек қана оқу-ағарту жолы екенін білді. Өздерінің бар білімдерімен саналы ғұмырларын олар – қазақ халқын сауаттандыру ісіне арнады. Олардың бірі оқулық жазса, бірі мектеп ісімен, мұғалімдер даярлаумен айналысты. М.Жұмабаевтың үлесіне (Омбы мұғалімдер институтын бітірген соң) оқулық жазып, мұғалімдер курсын ұйымдастыру тиді. Соның нәтижесінде оның ұшқыр ойынан Жазылшақ оқу құралдары һәм мектебіміз , Сауатты бол , Бастауышта қазақ тілін оқыту , Педагогика оқу құралы мен әдістемелері шықты. Әсіресе, оның 1922 жылы жарық көрген Педагогика оқулығы сол кез үшін таптырмайтын құрал болды. Мұнда ол тұңғыш рет ұлттық педагогиканы психологиямен байланыстыра отырып, оқытудың тәсілдерін қарастырып, бала тәрбиелеудің және олармен қарым-қатынас жасаудың жолдарын ғылыми тұрғыдан көрсете білді. Сонымен қатар, алғаш рет қазақ тілінде педагогиканың ғылыми терминдерін қалыптастырды. Ізгілік (гуманистік) педагогикасының негізін салды. Ешқандай елге еліктемей қазақ халқының өз педагогикасы, өз мектебінің болуын қалады. Оның үстінде, тіл мәселесін жоғары қойып, баланы 4-сыныпқа дейін таза қазақ тілінде оқытып тәрбиелеуді ұсынды. Халықтық педагогиканы әлемдік педагогикамен ұштастыра отырып, қазақ педагогикасының алдыңғы қатарлы елдердің санатына жақындатуды меңзеді. Баланы заманына сай оқытып, білім беру керектігін алға тартты. М.Жұмабаев пәндерді оқытуда қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып дамыта оқыту, бала қиялын өсіру, өздік ойлау мәселесіне көп көңіл бөлу, ғылымның соңғы жаңалықтарымен балаларды таныстырып отыруды – оқытудың басты принциптеріне жатқызды. Тіптен, ол баланың дұрыс дем алып, тамақтануына шейін оң көзқарас пен ұқыптылықтың қажеттілігіне шейін жазады. Балаға тәртіпсіз тамақ беретін әйел екеу болса, біреуі қазақ әйелі ,- деп, өткір сын да айтқан. Сондай-ақ, баланы бесікке салып ұйықтатқан кезде, падагогтік білімнің қажет екендігін ескертеді. Ол Бөлеу һәм бесік деген бөлімінде ( Педагогика оқулығында): Қазақ қатыны баланы бесікке екі жерден тас қып байлап тастайды. Бұл балаға зиянды. Баланы ұйықтатарда шешесі долданып тарс-тұрс тербетеді. Мұнымен баланың басы айналады. Басы айналған бала амалсыздан ұйықтайды. Бұдан бала ұйықтап жатқан жоқ. Ол талып жатыр ,-дейді. Сонымен бірге, М.Жұмабаев баланы жастайынан өнерге, бойына сұлулық сезімдерін дарытуға, ән айтып өлең айтуға баулуды нұсқайды. Тілді үйреткенде өте ұқыпты болу қажеттігін қатты ескертеді. Тілсіз ұлт құриды – оның болашағы жоқ ,- деп, кесіп айтады. Жоғарыда айтқандай М.Жұмабаев педагогикасының басты ілімі (идеясы):
-Ізгілікті педагогика; яғни баланың балалық қасиетін сыйлау, ұрыспау, қатты мінез көрсетпеу, оны жақсы өнерге тәрбиелеу; бала қиялын дамыту, заманына сай оқыту, бастауыш сыныпты таза қазақ тілінде оқыту; ғылымның әр саласынан мағлұмат беру; ұлттық педагогика негізінде тәрбиелеп, оқыту болса – С.Сауытбековтың ілімінде Мағжан педагогикасымен сабақтастық дүниелер жеткілікті.
С.Сауытбеков бала тәрбиесінде балаға өтірік айтпау, алдамау; сабақ барысында тиянақты білім бере отырып оқушыны ғылым жаңалықтарымен қаруландыру, халық педагогикасы негізінде тәрбиелеу; ұлт тәрбиесі арқылы оқушыны сусындату; дамыта оқыту принциптерін пайдалану; батылдыққа, батырлыққа тәрбиелеу; әділдік пен өнерге баулу, сурет салып ән айтуға тәрбиелеу сияқты идеялары Сейтенді Мағжанмен жақындастыра түседі.
М.Жұмабаевтың педагогика саласындағы жазған еңбектерінде оқытудың әртүрлі тәсілдері айтылып қана қоймай, сабақ берудің әдістері терең талданып жазылған. Әсіресе, бала тәрбиесі мен оқыту үрдісінде мұғалімнің рөлі ерекше көрсетіледі. Оның көп шығармаларының негізгі өзегі ел жайында, қазақ халқын оқу-білімге, өнерге шақыруға арналған. Мәселен, Ләззат қайда , Жазғы таң , Сорлы қазақ , Өнер-білім қайтсе табылар , Балалық шақ өлеңдері соның куәсі. Өнер-білім қайтсе де табылар өлеңінде:
Өнер-білім – қарны ашқа ас, деп білсе,
Дүниенің теңізінде адасқанға,-
Түра жол көрсетейін – бас, деп білсе.
Өнер-білім жер астында болса дағы,
Іздесе оны талпынып, бос қалмаса , -деп, халықты өнер-білімге, оқуға шақырады. Сондай-ақ Қарағым деген өлеңінде:
Қарағым, оқу оқы босқа жүрме!
Ойынға құр қаларсың, көңіл бөлме.
Оқымай ойын қуған балаларға,
Жолама, шақырса да қасына ерме! ,- деп, балаларды оқуға үгіттейді. Осы өлеңге орай С.Сауытбековтың де Қарағым деген өлеңінде:
Селеңдейсің көшеде,
Қайда сенің сабағың?
Үйреніп едің кеше не?
Қапы қалма қарағым!
Өсе берсін талабың,
Ұқ ақылын ағаның.
Әдепті бол әрқашан,
Әкем десең қарағым ,- деп, ұстаз жас жеткіншектерді білімге шақырып, оларға ой салады. Бұл қос ұстаздың нағыз педагогикалық бірлестігі, үндестік әуені.
Қос ұстаздың тағы бір үндестігі, олардың патриоттық, батылдық тақырыптарына арнап жазған дүниелері болып табылады. Екеуі де жас жеткіншектерді ұлжандылық пен отансүйгіштікке, ер жүректілікке, елін, жерін сүюге шақырады. Айта берсек, Мағжанның Батыр Баян , Қойлыбайдың қобызы , Көкшетау , Абылайхан т.б поэмалары мен өлеңдері оқушы сезімін оятып, жігеріне жігер қосып, ұлылық сезімдерге тәрбиелейді.
Мәселен, Батыр Баянда :
Жас Баян жауды талай көрген еді,
Майданда жолбарыстай жалғыз ойнап,
Сан қолға аш бөрідей кірген еді ,- деп, батырлықты паш етеді. Ал Ахмет Байтұрсынұлы дәл сондай, батырлықты қырық мысалында қалдырған. Қос ұстаз, қос ақынның туған жерге деген сүйіспеншілігі де бір күйде сияқты. М.Жұмабаевтың Туған жерім, Сасықкөлде :
Айдын көл, ата қоныс, құт болған көл,
Сусын боп, сусағанға, от болған көл.
Кеше бірлік ынтымақ түгел шақта,
Бейне бір сенің басың сүт болған көл ,- деп, туған жеріне өз сезімін білдірсе, Ахмет Байтұрсынұлы туған жер жайлы Ер Сайын поэмасында баяндайды. Екінші бөлімі Қара сөз бен дарынды сөз жүйесі деп аталады да, көркем қара сөз табиғаты, оның тараулары — шежіре, заман хат, өмірбаян, мінездеме , тарихи әңгіме, әліптеме, әліптеу тәртібі — мәнді әліптеме, сәнді әліптеме, жол әліптемесі, байымдама, байымдау әдістері, түрлері — пән, сын, шешен сөз, оның түрлері, саясат шешен сөзі, білімді шешен сөзі, уағыз көркем сөз деп жүйелеп келіп, әңгіме, романға сипаттама береді. Еңбектің сындар дәуірі, онда шығарма түрлері атты тарауы өте маңызды. Онда сыншыл реализм туралы алғашқы пікірлер нышанын кездестіруге болады.
Байтұрсынұлы Еуропа жұртындағы сындар әдебиетінің бай тәжірибесін меңгеруге бет алушылық, қазақ көркем сөз ізденістерінде сәйкестік, үйлесімділік тапқанын айтады. Байтұрсынұлы әдебиет зерттеушісі ретінде қазақ әдебиетінің даму процесін жеке дара бөліп қарамай, барлық халықтар әдебиетіне ортақ сипаттармен ұштастыра талдауға тырысады. Байтұрсынұлының жыраулардың мұрасын жетік білетінін осы еңбегінен айқын көреміз. Сөз өнерінің көне дәуірдегі үлгілері, 15-17 ғасырлардағы жыраулар поэзиясының біразы ақын назарына іліккен. Асан Қайғы, Нысанбай жырау, Бұдабай ақын, Наурызбай би, Құбыла ақын, Жарылғап ақын, Алтыбас, Ақмолда, Әбубәкір, Шортанбай, Байтоқ, Сүгір ақын, Мұрат, Досжан, Орынбай, Шернияз т.б. ақын-жазушылар шығармаларынан үзінділер бар.
Байтұрсынұлы қалдырған бай мұраның тағы бір саласы — көркем аударма. Ол орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, көркем қазынаның бұл саласын байытуға мол үлес қосты. И.А. Крылов мысалдарының бір тобын қазақ тіліне аударып, Қырық мысал деген атпен жеке жинақ қылып бастырды. И.И. Хемницердің Атпен есек , А. Пушкиннің Балықшы мен балық , Алтын әтеш , Ат , Данышпан Аликтің ажалы шығармаларын, орыстың белгілі лирик ақыны С.Я.Надсонның өлеңін қазақ тіліне аударды.
Қазақ газеті бетінде қазақ халқының қоғамдық және мәдени мүдде-қажеттіліктерін батыл сөз еткен материалдар жиі басылған. Сондықтан да ол өз дәуірінің беделді органы саналған. Алғашқы шыққан жылының соңында-ақ оның 3000-нан астам жаздырып алушысы болған, ал жабылар алдында өзінің баспаханасы, кітапханасы жұмыс істеген және тиражы 8 мыңға жеткен. қазақ газеті соңғы кезге дейін кертартпа ұлтшыл-буржуазияшылық басылым ретінде сипатталып келді. Мұның сыңаржақтығы қазір белгілі болып отыр. Қазақ газеті бетінде басылған қоғамының әлеуметтік, саяси өміріне қатысты кейбір материалдар, ел билеушілердің озбырлығын, парақорлығын әшкерелеген мақалалар ресми органдардың наразылығын тудырып, олар газет редакциясын үнемі бақылауға алып, тінтулер жүргізіп отырған. Губернатор мен жандарм бастығы Ахмет Байтұрсыновты бірнеше рет жауапқа тартып, айып салған. Мысалы, Қазақ газетінің 1914 жылғы 80-саында Ахмет Байтұрсынов жазған бас мақалада Қазақ аймағын басқару ережелері қатты сыналғаны үшін Орынбор губернаторы Сухомлинов редакторды 1500 сом штраф төлеу немесе үш айға тұтқындау туралы шешім қабылдайды. 1500сом штраф төлеу газет тағдыры үшін ауырлыққа түсетін болғандықтан А. Байтұрсынов денсаулығының нашарлығына қарамастан полицияға өзі барып, айып төлеуден бас тартатынын, түрмеге отыруға дайын екендігін айтады, 20 қазанда ол түрмеге алынады. Бұл жағдай туралы хабар тарасымен-ақ газет оқушылары ақша жинап, айыпты төлеп, 5 күннен кейін А.Байтұрсыновты түрмеден босатып алады, сөйтіп 1916 жылы да газет 3000 сом айып төлеген, солардың бәрін де газеттің оқушылары, тілектестері көтерген. Олар Байтұрсыновты тұтқынға алғызбай, басылымды жаптырмай, аса ізгі мінездер танытқан. А. Байтұрсынов басқаруымен шығып тұрған Қазақ газеті қазақ халқының рухани, мәдени тарихында үлкен орны бар басылым болды. 1923 жылы Мұхтар Әуезов: …Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған Қазақ газеті болатын. Ол газетінің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң Маса болып талай ызыңдап оятамын деп ұзақ бейнетті міндет қылып алған, Ахаңның екпіні болатын — деп жазған-ды. Ал ол газетке көптеген ойларын еңбектерін Мағжан Жұмабаев та өз шығармаларын басатын. Демек, Ахаң мен Мағжан Жұмабаевтың ойлары бір сарында еді. Қазақ газеті 1917 жылдың шілде айынан Алаш ұйымының ресми органына айналды да, көп ұзамай Торғай облыстық Советтері Съезінің шешімімен жабылды. Ахаң бала кезінен қазақ ішінде көркем сөз құдіреті жоғары саналатынын көріп, естіп, сезініп, ойланып өскенге ұқсайды. Саналы өмірге аяқ басқан кезде халық поэзиясы мен Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин шығармаларын, орыс әдебиетін оқиды. Мұның бәрі қоғамдық ой-пікірде тынымсыз ізденген, өмірге құштар жас Ахмет үшін текке кетуі мүмкін емес еді. Сондықтан ол айналаны тану, білу, сезіну қалпын поэзия тілімен, өлеңмен жеткізуге ден қояды. өлеңді өзінің ағартушылық идеясына пайдалануды көздейді. Ахмет
Бұл сөзді біреу алмас, біреу алар,
Құлағын біреу салмас, біреу салар.
Теп-тегіс көпке ұнау оңай емес,
Кейіне жарамаса, кейіне жарар.
Қайсысы ықыласын салып тыңдап,
Жаратпай қайсыбірі теріс қарар.
Дүниеде сүйгенім бар, күйгенім бар,
Солардан аз да болса белгі қалар, — дейді.
Ақынның өлеңдер топтамасы Маса деген атпен Орынборда 1911 жылы басылған. Жинаққа қойған атына ол едәуір ой, салмақты жүк артқан деуге болады.
Ызыңдап, ұшқан мынау біздің маса,
Сап-сары, аяқтары ұзын маса.
Өзіне біткен түсі өзгерілмес,
Дегенмен, қара яки қызыл маса.
Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,
Қаққы жеп қанаттары бұзылғанша.
Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса?
Осы жолдардан ызыңдап, ұшқан мынау біздің маса — сергектікті, қозғалыс күйді, серпіліс пен ізденісті сәулелейтін астарлы бейне екені көрінеді.. ол үстінде ұйықтағанның айнала ұшып , қоғамның енжар, жалқау, ұйқыдағы күйден оянуына қызмет етеді. Осы ағартушылық ойды ақын басқа да шығармаларында әрі қарай дамыта түседі.
Масаның негізгі идеялық қазығы – жұртшылықты оқуға, өнер-білімге, рухани көтерілуге шақыру, адамгершілікті, мәдениетті уағыздау, еңбек етуге үндеу. Ақын өз өлеңдерінде көбіне Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырып дамытқан өрісті ойды, қалып алған дәстүрлерді, гуманистік әуендерді, демократтық бағыттарды жаңа жағдайда өзінше жалғастырушы ретінде көрінеді. Оның өлеңдерінің тақырып қойылысының, өрнектелуінен, ой жүйелеу мәнерінен Абай, Ыбырай үлгілеріне жақындық, үйлесімділік, үндестік байқалады. Солар сияқты А. Байтұрсынов та айнала қоршаған ортаға айлана, сын көзімен қарайды, қоғам қалпына көңілі толмайды.
Алдыңғы ағалар суреттеп кеткен қазақ қоғамының жалпы қалпында дәл сол кезде айтарлықтай өзгерістер жоқ-ты. Ахмет қоғамының сол бір келеңсіз көріністеріне салқын қарай алмайды. Ол жан ауыртып, жүрек сыздатар қасірет сөзін айтып, хатқа жазады.
А. Байтұрсыновтың Жиған-терген өлеңі Абайдың Сегіз аяғы
Үлгісімен, әсерімен жазылған шығарма. Осы өлеңде қазақ қоғамының бірсыпыра көкейкесті мәселелері көтерілген. Елді, ел намысын ойлайтындар аздығы, бірліктің жоқтығы, ел басшыларының зорлықшылығы, т.б. жайлар туралы ой-тұжырым айтылған. Қоғам қалпы туралы ойланған ақын:
Әр жолды ойлап,
Ойыма бойлап,
Ұқтым тайыз, тереңді
Сайраған тілмен,
Зарлаған үнмен,
Құлағы жоқ кереңді –
Ұқтыра алмай сөз әуре,
Тек тұра алмай біз әуре, –
дейді де, сөз ұғар, көңіл көзі сергек қауым алдына нелер келеңсіз көріністер сырын ашады.ұлы ұстазы Абайша ол Салынып дауға, сатылып жауға аянған болыстықты, аңқау адамдарды алдап, мал жинап, кәсіп етіп жүрген арамза молдаларды, халық бойындағы енжарлық, бейқамдық мінездерді сынға алады. Ұйқышыл жұртты, түксиген мұртты, обыр обып, сорып тұр — Түн етіп күнін оятқызбай қорып тұр — ақын ойынша мұндай озбырлық, үстемдік ету үшін жүргізіліп отырған саясаттың нәтижесі. Соның бәрін көріп толғанған ақын:
Ұлғайып қайғы,
Уытын жайды,
Айтпасыма болмады.
Қабағын түйіп,
Қаһарын жиып,
Көкті бұлт торлады.
Жаңбыр жаумай, жауса қар,
Жұрт жұтайтын түрі бар, —
деген ойлы тұжырым жасайды.
А. Байтұрсынов қазақ ауылындағы әлеуметтік теңсіздіктің, таптық шиеленіс-қақтығыстардың себеп-салдарына терең бойлай алмаса да, еңбекші халыққа, олардың ауыр халіне көңіл бөліп, аяушылық сезім білдіреді, ауыр халге төзіп, көніп үндемей жүре бермей, адамдық қасиеті қорғауды қалайды. Бұл оның демократтық, гуманистік көзқарастарға бейімдігін аңғартады. Адамдық диқаншысы деген өлеңінде ол өмір бойы бейнетке, қорлыққа үндемей шыдап, жасып жаншылып кеткен адамдарды көріп, жаны ашиды, олар сергектеу болса, адамдыққа ұмтылса, үндемей жүре бермесе, алдағандарға алданбаса, таяққа еті үйреніп жүнжіп кетпес еді деп ойлайды, алардың намысына тиерлік ащы сөздер айтады.
Елдің ауыр халін аз да болса жеңілдету жолдары туралы ойланғанда Ахмет бұрын қалыптасып дамыған ағартушылықтың мақсат-мұраты арнасында ой өрбітеді, ұйқыдан оянып, білім-ғылымға ұмтылу қажеттігін, оянған ерге еру керектігін еске салады. Оның:
Оянған ерге
ұмтылған жерде
Еруші азда, серік кем.
Қас білген досты,
Дос білген қасты,
Мұндай елді көріп пе ең?
Қыс ішінде бірер қаз
Келгенменен, қайда жаз?! –
деген өлең жолдары ел ішіндегі азын-аулақ зиялы азаматтар сөзіне құлақ қоюдың аздығына күйінуден туған. Ақын өлеңдерінің шығарылған жылдары нақты қойылмауы, әрине, оның творчестволық ой жүйесінің эволюциясын анықтауды қиындатады. Дегенмен, Маса өлеңдер жинағы 1911 жылы басылғанына сүйеніп, сонда жарияланған туындылар содан бұрынғы жылдары жазылғанын, Ахмет Байтұрсыновтың ел күйін өзгертудің ағартушылық жолдан басқа бір арнасын іздеп, сезіне бастағанын байқаймыз. Ол ізденіс 1905-1907 жылдар уақиғаларына, революциялық дүмпулердің қазақ жерлерін де шарпуына байланысты қалыптаса бастаған деуге болады. Мысалы, Бақ деген өлеңінде ақын:
Бұлттар басып жасырған,
Жаңа түсіп басылған,
Таң шапағы сөніп тұр;
Жаңаланған өмірден
Жаңа шығып көрінген
Гүл қамауда семіп тұр, —
дейді. Мұндағы жаңа түсіп басылған , таң шапағы , жаңа шығып көрінген, гүл қамауда семіп тұр — деген көркемдік компоненттер, символдық бейнелер замана бағытына жаңа ғасыр көгіндегі көрініс-құбылыстар әкелген бағыт-бағдар әсерлерінен туғаны байқалады. Ағартушылық баққа жетудің қиындығын ол тез түсінеді. Алайда, ақын түңілген емес, ізденуден, үміттенуден, ұмтылудан жалықпайды
Үміт сүрер жыраққа,
Жетесің деп мұратқа,
Талықсам да ізденіп,
Қашан көңіл жасарар?
Арқа басың босанар
Рахатты жаз келіп?
Қашан жанып шам-шырақ,
Сәуле беріп жарқырап,
Болар жарық төрт тарап?
Қашан маған іздеген
Күліп жылы жүзбенен
Болар серік бақ қарап? —
деп армандайды ол. Бұл тамаша өрнектер тек бір ақынның жай-күйі ғана емес, Октябрь алдындағы қазақ қоғамының рухани ізденістерінің белгісі, алда жанар шам-шырақты армандап күту, аңсау әрі сену сарыны. Мұның негізінде қазақ қоғамының тынымсыз рухани ізденістері, мүддесі, кейінгі революциялық толқындарға, өзгерістерге жылдам ілесуіне себеп болған таза оптимизм жатыр.
Маса жинағының көркемдік арсеналында талай эпитеттер, теңеулер, шендестірулер, инверсиялар, мақал-мәтелдер бар. Мысалы, теңсіздік, озбырлық, әділетсіздік, әрекетсіздік, надандық жайғасқан жайды ақын, көбіне түн , түнерген төбемізден бұлт арылмай , қасірет , өртке душар болып , не қалды тәнімізде шарпылмаған , алалық алты бақан дертпен кірдік деп бейнелейді. Айтайын деген ойын ақын көркемдеп жеткізуге, бейнелі сөз табуға шебер. Досыма хат өлеңі түгелімен осындай бейнелі сөздерден, теңеумен шендестіруден, антитеза мен синекдохадан тұрады:
Қырағы қия жазбас, сұңқарым-ай!
Қажымас қашық жолға, тұлпарым-ай!
Үйілген өлексені өрге сүйреп,
Шығармақ қыр басына, іңкәрім-ай!
Жарқырап жақсылықтың таңы атпай тұр,
Түнерген төбемізден бұлт арылмай.
Көк атты, көн терілі, көніп қалған,
Сықса да шыдай беру – жұрт жарылмай.
Бұл жолдарда қазақтың көркемдік ой жүйесінде қалыптасқан өрнектер ақынның өзіндік ізденістерімен астаса қиюласқан. Айталық, қырағы қия жазбас сұңқарым-ай, қажымас қашық жолға тұлпарым-ай деген метафоралық өрнектер бұрышынан көркемдік арсеналда бар болса өлігін өлексенің өрге сүйреп, шығармақ қыр басына іңкәрім-ай ақын өзі тапқан көркемдік тіркес, айтылмыш ойды үдете, үстемелей жеткізу қызметін атқарып тұр.
Қорыта айтқанда, Ахмет Байтұрсыновтың өлеңдер топтамасын — көп ғасырға қазақ поэзиясының дәстүрлерін, демократтық-ағартушылық әдебиет үлгілерін жаңа тарихи жағдайда дамытып, жалғастырған идеялық-көркемдік деңгейі жоғары туындылар. Оларды қайта бастыру туған әдебиетіміздің жалпы адамзаттық, гуманистік, демократтық, тәрбиелік сипаттарын айқындап аша түсетін мұра болмақ.
Ахмет Байтұрсынов қылдырған бй мұраның тағы бір саласы оның көркем аударма дамуына үлесі. Қазақ әдебиетіндегі көркем аударма тарихы бай екендігі мәлім. Ахмет Байтұрсынов аудармамен шұғылданған тұста, яғни ХХ ғасырдың бас кезінде аудармада, әсіресе, орыстың классикалық әдебиеті үлгілерін қазақ тіліне аудару ісінде едәуір тәжірибе жинақталған еді. Сонау Абай мен Ыбырай тәжірибелерінен басталған бұл игі дәстүр Ақылбай мен Мағауия Құнанбаевтар, Шәкәрім Құдайбердиев, Мұхамеджан Сералин, Бекет Өтетілеуов, Ғұмар Қарашев аудармаларымен газет-журналдағы тәржімалармен толыға түскен. Енді бір топ ақын-жазушылар Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов көркем аударма ауқымын кеңейтіп, Шығыс пен Батыс елдері әдебиеттері үлгілерін, орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, көркем қазынаның бұл саласын байытуға қызмет етті.
Ахмет Байтұрсынов алғаш рет аударма жинақ бастыру ісін бастаушы болды. Ол орыстың классик жазушысы И.А.Крылов мысалдарының бір тобын қазақ тіліне аударып, Қырық мысал деген атпен Петербургте 1909 жылы жеке кітап етіп бастырды. Бұл И. А. Крылов шығармаларының қазақ тілінде, тіпті Орта Азияда десе де артық емес, тұңғыш жеке кітап болып бастырылуы.
И. А. Крылов мысалдарының СССР халықтар тіліне аударылуының өзіндік тарихы жазылар болса, оның өшпес туындыларының біразын ең алғаш өз тілдерінде сөйлеткен халықтардың алдыңғы қатарында қазақ халқы, оның ардагер ұлдары Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбаев тұрары хақ. Олардың кейінгі бір топ қазақ ақын-жазушылары да Крылов туындыларын қазақ тіліне аударумен шұғылданды. Солардың бірі – Ахмет Байтұрсынов.
Ахмет Байтұрсынов Қырық мысал жинағына жазған Замандастарыма деген кіріспесінде аударманың мән-мақсаты, дәуір дүбіріне ілесу ниеті, қиындық жағдайларда орындағаны туралы айтады:
Орыстың тәржіме еттім мысалдарын,
Әзірге қолдан келген осы барым.
Қанағат азға деген, жоққа – сабыр,
Қомсынып қоңырайма, құрбыларым!
Бабы жоқ жұмыстағы мен бір арық,
Күй қайда үздік шығар топты жарып.
Ат тұрмас аяғында желі болса,
Дүсірлеп шапса біреу қиқу салып. Осыдан ұғатынымыз Ахметтің де Мағжанның да бір арманы елдің сауатты болуы, болашақта дамып, жақсы тұрмыз құруы еді.