Психологиялық менеджменттің негізгі әдістері туралы қазақша реферат
Психологиялық менеджмент ғылым ретінде негізгісі бақылау мен эксперимент болып табылатын әрқилы психологиялық әдістерге сүйенеді.
Өзінің сипаты мен мәні бойынша бақылау – ақиқатты бейнелеудің күрделі обьективті психологиялық үрдісі. Оның күрделілігі бір жағынан ұйымның қызмет етуінде зерттеушінің бақылаушы ретіндегі рөлі бақыланушыларға нақты ықпал ететін табиғи жағдайында жүргізілуімен, екінші бір жағынан ақпараттың іріктелуі мен жалпылануымен міндеттеледі. Сонымен бірге, көп жағдайда зерттеуші енжер рөлде болады, өйткені ол адамдардың үрдістерге, деректерге және құбылыстарға деген көзқарастарын немесе қатынасын тіркеп қана отырады.
Ақпаратты жинау әдісі ретінде бақылау әрқилы жағдайларда қолданылады. Біріншіден, жоспарланған зерттеудің бағытын нақтылау үшін алдын ала мәлімет жинауда. Осындай мақсатпен қолданылатын бақылау зерттелінетін құбылысқа деген көріністің ауқымын кеңейтеді, маңызды жағдайлардың ерекшеленуіне, әрекет етуші адамдардың анықталуына ықпал етеді. Екіншіден, бақылау психологиялық ақпаратты алудың басқа амалдары болмаған жағдайларда қолданылады.
Бақылауда бейнеленуі тиіс маңызды элементтердің ықтималды тізімі бар:
а) бақыланушылар – жағдайларға қатысатын адамдардың саны, топтың әлеуметтік-демографиялық құрылымы, ондағы өзара қатынастардың сипаты, жағдайға қатысушылардың арасында рөлдердің үлестірілуі;
ә) жағдай – бақыланған жағдайдың орналасқан жері және заттардан құралған ортаның іс-әрекетке деген ықпалы;
б) топ іс-әрекетінің мақсаты – бақыланған жағдайдың кездесоқтығы немесе заңдылығы, топтың жиналуына ықпал еткен нақты ресми немесе биресми мақсаттардың бар жоқтығы, жағдайға қатысушылардың әртүрлі мақсаттарының үйлесімдігі немесе қарама-қайшылығы;
в) әлеуметтік мінез-құлық – бақыланған топ іс-әрекетінің сипаты, іс-әрекет стимулдары, іс-әрекеттің кімге (неге) бағытталғандығы, топтағы психологиялық ахуал, сол орынға тән әлеуметтік мінез-құлық, бақыланған топ мүшелерінің мінез-құлықтарындағы ықтималды ауытқулар;
г) бақылау жиілігі мен ұзақтығы –жағдайды бақылау уақыты, ұзақтығы және қайталанушылығы, оның бірегейлігі.
Бақылаушының орнына және бақылаудың ұйымдастырылуына қарай, сондай-ақ басқа да факторлар бойынша ол бірнеше түрге бөлінеді:
Құрылымына қарай құрылымы бар және құрылымы жоқ бақылау болады.
Бақылушының зерттелінген жағдайға қатысу дәрежесіне қарай енген және енбеген бақылауды өз етуге болады.
Бақылауды жүргізу орнына және ұйымдастыру жағдайларына байланысты оны далалық және лабораториялық деп екіге бөледі.
Бақылауды жүргізу ретіне қарай жүйелі және жүйесі жоқ деп екіге бөледі.
Жалпы, басшы жүргізген бақылау құрылымы жоқ енген, далалық және жүйесі жоқ бақылау болып табылады.
Құрылымы жоқ бақылауды жүргізуде бақылаушы әрекеттерінің егжей-тегжейлі жоспары болмайды, жағдайдың ең жалпыланған бітістері, бақыланған топтың мөлшерлеп алынған құрамы ғана анықталады. Егер басшының зерттелінген жағдайдың маңызды элементтерін анықтау, сондау-ақ бақылаудың нәтижелерін тіркеудің егжей-тегжейлі жоспары мен нұсқауын құру мүмкіндігі болса, оның өзі қоластындағы қызметкерлердің біреуіне жүктей алатын құрылымды бақылауды жүргізуге болады. Бақылаудың осы типіне стандарттаудың жоғары дәрежесі тән, нәтижелерін тіркеуге арнайы бланкілер қолданылады, әртүрлі бақылаушылармен алынған мәліметтердің белгілі жақындығы анықталады.
Мәселен, жиналыстарда, мәжілістерде құрылымды бақылауды ұйымдастыру үшін М.К.Горшков пен Ф.Э.Шереги сөз сөйлеушінің төмендегідей үлестірмесін ұсынады (Как провести социологическое исследование. Под.ред. М.К.Горшкова и Ф.Э.Шереги. М., 1990. 116-117б.).
Аты-жөні__________________________________________________________
Қызметі __________________________________________________________
Кімнің бастамасымен сөз сөйледі:
001 – алдын ала жазылды;
002 — өз бетінше ауызша сұранды;
003 — өз бетінше жазбаша сұранды;
004 — сөз сөйлеуге президиум ұсынды.
Сөйлеу уақыты____сағ. ____ мин.
Сөз сөлеуідің негізгі тұрғылары:
Тақырыбы ______________________________________________________
Сөзінің обьектісі _________________________________________________
Аудиторияның сөйлеушіге деген реакциясы:
005 – жағымды;
006- теріс;
007 – реакция жоқ;
Сөзінің бағыты:
008 – жайлы;
009 – бейтарап;
010 – сыншыл.
Кімнің атынан сөйлеуде:
011 – өзінің;
012 – ұжымның;
013 – белгісіз.
7. Сөзі аяқталған уақыт: ____сағ. ____ мин
8.Сөзінің ұзақтығы ___________мин.
Толтырылған соң үлестірмелер өңделіп, ұсынылған сызба бойынша құрастырылған жеткілікті дәрежеде нақты көрініс пайда болады.
Ұжым іс-әрекетіне ену өлшеміне сәйкес енген және енбеген бақылауды қарастыралық. Енбеген бақылау бақыланушымен қатынаста және оның рұқсатымен жүргізіледі. Бақылаушының рөлі, бақылау мақсаты белгілі болады. Жеке процедраларда бақылаудың аталмыш түрі ең алдымен адамдардың еңбек үрдісіндегі мінез-құлықтарының ерекшеліктерін анықтауда қолданылады. өбінде осындай мақсатпен адамдар мүлдем ерекше жағдайларда бақыланады немесе мінез-құлықтың нақты актілеріне итермеленеді. Мәселен, автокөлікті жүргізу жөніндегі нұсқаушы адам оқытылушының жаттықтырғыштағы жұмысының ерекшеліктерін зерттейді. Бақыладың осы түрінің ерекшелігі сыналушыға бақыланушының көздеген міндетімен қатар оның бақыланушыға қатысты әлеуметтік жағдайының да белгілі болуында.
Оның өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері де кездеседі. Артықшылығы көп жағдайда сыналушыларға бақылаудың шынайы мақсатынан гөрі өзге мақсаты хабарланса да бақылаушы қатысуының ақталуында.Бақылаушының нәтижелерді тіркеуде тұлғасын жасырмайтыны ыңғайлы. Ол ашық бақылай, жан-жағына қаралай алады әрі кез келген бағытта қарау мүмкіндігіне ие болып, жазбаларын сыналушының көзінше жүргізе алады. Кемшіліктеріне бақыланушы мінез-құлқының бұрмалануын, оның ұялуын, әсіресе бақылаудың хабарланған мақсаттарының шынайлығы күман тудырғанда саналы тұмшалануын жатқызуға болады.
Бақылаушы зерттелінген әлеуметтік үрдіске тікелей еніп, бақыланушымен бірігіп әрекет еткен бақылау түрі енген деп аталады. Бақылаушының ену сипаты әрқилы болуы мүмкін: кейбір жағдайларда зерттеуші толықтай жасырын қалып, бақыланушылар оны топтың басқа мүшелерінің арасынан еш ерекшелендіре алмайды; басқа бір жағдайларда — бақылаушы бақыланған топтың іс-әрекетіне қатысады, алайда өзінің зерттеуші мақсаттарын жасырмайды.
Бақылаудың аталмыш түрінің артықшылығы бақыланушылармен тікелей қатынасып, танысудың арқасында ақпараттарды алудың үлкен мүмкіндігінің болуында. Оның кемшіліктері: біріншіден, нәтижежелер тікелей тіркелінбейді, өйткені бақылай отырып, мәліметтердің бір уақытта жазылып отырылуы мүмкін емес; екіншіден, бақылаушы бақылау жағдайларын нашарлататын сыртқы факторларға ешқандай ықпал ете алмайды.
Бақылау әрқилы жағдайларда жүргізілуі мүмкін. Ол топ үшін табиғи жағдайда, мәселен, жұмыс орнында және т.с.с.жүргізілсе, далалық деп аталады. Топ зерттелінетін жағдайды үйреншіктілігі бақыланушылардың мінез-құлықтарын түсінуде көп мәлімет береді. Бақыланған үрдістерді сипаттауда жоғары дәрежедегі мұқияттылық қажет болған жағдайда тіркеудің техникалық құралдары (магнитофон, фото-, кино-, телеқұралдар) қолданылады. Жаңа әдістемені құрастыру және тәжірибе жүзінде дәлелдеу міндеті қойылғанда бақылаудың лабораториялық түрі қолданылады. Мәселен, арнайы жабдықьалған сыныпта шиеленістерден шығу немесе оларды басқару дағдыларын қалыптастыру жаттығулары жүргізілуі мүмкін. Іскер ойынның әрбір мүшесі кезектесіп белгілі бір рөл, мәселен басшының немесе бағынушының рөлін атқарады. Орын алған жағдайды тіркеу үшін мектептің барлық мүшелері немесе олардың біреуі оны жазып отырады, кейін бақылаудың мәліметтеріне арқалана отырып, оқудағы мысал ортаға салынады, ұсыныстар құрастырылады.
Бақылау бір ретті немесе жүйелі сипатта болуы мүмкін. Жүйелі бақылау нақты кезеңде, қайталана жүргізіледі. Ол цикл бойы (жұмасына бір рет және т.с.с.) ұзақ мерзімде, үздіксіз жүргізілуі мүмкін. Әдетте жүйелі бақылау жеткілікті дәрежеде құрастырылған әдістеме бойынша, бақылаушының бүкіл іс-әрекетінің жоғары дәрежеде нақтылығымен жүзеге асады. Жүйелі бақылаулардың ішінде бақылаушы алдын ала жоспарланбаған құбылыспен, күтпеген жағдаймен жұмыс жасауға мәжбүр болатын түрлері ерекше аталады. Мұндай жағдайда бақыланған құбылыс бір ретті сипатқа ие.
Басшы бақылаудың мәліметтеріне сүйнен отырып, аталмыш әдістің кейбір кемшіліктерін ескеруі тиіс:
1) Бақылаушының көңіл-күйі. Егер бақылаушы жайлы көңіл-күйде болса, ол адамдардың мінез-құлықтарындағы жағымсыз бетбұрыстарды елемеуге бейім болады.
2) Бақылаушының бақыланушыларға қатысты әлеуметтік жағдайы. Бақылаушының сыналушыға жақын, қалаулы бағдары мен қызығушылықтары немесе оның өзіне жақын әлеуметтік жағдайы олардың мінез-құлықтарының жеке актілері жылдамырақ қамтылып, неғұрлым маңызды ретінде жоғары бағаланады немесе керісінше төмен бағаланады.
3) Бақыланушының үміттену бетбұрысы. Үміттену бетбұрысы бақылаушының тарапынан нақты көзқарасты қалыптастырады (нақты болжамға байланысты) немесе соңғысына мінез-құлқының зерттелінегені белгілі болғандықтан өзінің әлеуметтік жағдайына тән рөлдің асыра бағалануына немесе оның көрсетілмеуіне итермелейді.
4) Бақыланған жағдайлардың бір ретіттілігі. Сұрақнама әдісінің нәтижелеріне қарағанда бақылаудың нәтижелері бақылаушының әлеуметтік байланыстарды жасау мүмкіндіктерін шектейді. Көбінде ол бір рет бақыланған деректердің негізінде заңдылықтарды қорытындылай алмайды немесе мінез-құлықтың себепшілерін анықтауда қауқарсыз болуы мүмкін.
5) Бақылаушының бақыланушылармен алдыңғы кездесулері. Алғашқы кездесу кездесулердің қатары іспеттес бақылау көрінісіндегі айқын жағдайлардың алмасуына әкелуі мүмкін.
6) Бақылаудың нәтижелерін топтастыру қажеттігі. Мұнда бақылау нәтижелеріндегі бөлшектер бұрмаланып жеткізілуі мүмкін.
7) Кейінгі оқиғалардың анықталуы. Бұндай жағдай бақылаушының қалыптасқан көзқарасына едәуір көбірек әсер етуі мүмкін.
8) Психологиялық қанықтық. Көп жағдайда бақылаушы өзін рецептивті жүргізуі тиіс. Бұл оның шоғырлану қабілетіне жоғары талаптарды қояды. Психологиялық қанықтық жағдайында екінші дәрежелі оқиғалар сирек тіркеледі, ал кейде керісінше асыра бағаланады.
9) Бағалаудағы кемшіліктер. Мұндай қателер өзіне бақылау қателерін де қамтиды, яғни бақылаушының оқиғаларды белгілі бір өзіне тән үлгіде қабылдау қабілеті, кейбір жағдайларды ұмытуы, мәліметтердің сөйлеу-тілінде қате тіркелуі қателердің бастауына айналуы мүмкін.
10) Гало-эффект . Гало-эффекті бақылаушының бақылаушыға тигізіп мәліметтердің үстіртін жалпылануына және қабылдануына, сондай-ақ топтастырылуына әкелетін жалпы әсеріне негізделеді. Мәселен, бақылаушы бақыланушының мінез-құлқындағы маңызды деп есептейтін жағымды актілердің қатарын байқайды. Сондықтан ол оған бақыланбаған басқа да жақсы қасиеттерді таңып қоюы мүмкін. Бақылаушының әртүрлі себептердің әсерінен бақылаушының қайтадан жеке-дара бір белгісінің ықпалына түсуі, көбінде оның пікірлері обьективтілігінің одан ары төмендеуіне әкелуі мүмкін. Бағалаушы мен бағаланушының арасындағы ұзақ таныстықта гало-эффектісі одан ары күшее түседі. Бақыланушылардың бақылаушыға жақсы таныс мінез-құлықтары едәуір бөлшектене талданып, неғұрлым жағымды ретінде топтастырылады.
11) Кешірімділік эффектісі. Бұл эффект бақылаудың жалпы нәтижесін асыры сілтенген жағымды бағалау бетбұрысында анықталады. Әсіресе бұл бақылаушылар бақылаудың теріс нәтижесі оларды қиын жағдайға душар етуі мүмкін деп есептейтін жағдайларға қатысты. Кешірімділік эффектісінің себептері: бақылаушының дербес беделін қорғауы, бақыланушыны немесе бағаланушыны ұнатуы әрі олармен жеке байланыстары, зерттеу тапсырмасының үстіртін орындалуы.
12) Модельдеу қатесі. Мұндай жағдайда орынды бақылаудың орнына бақыланушының әрқилы қасиеттері үйлесуі немесе өзара ұқсас болуы тиіс деген дедуктивті қорытынды (сондықтан ондай қате көбінде логикалық немесе теориялық деп аталады) жасалынады. Мейірімді адам ашық-жарқын, ал ашық-жарқын адамдар аңқау деп есептелінеді. Дәл осылайша шешен адамдар мәдениетті деп, ал мәдениеттілер шешен деп есептелнеді. Күлегештерге әзілқой атауы, көзілдірік кигендерге – зиялылық, толықтарға – мейірімділік атаулары таңылады.
13) Қарама-қайшылық қатесі. Бақылаушының басқа адамдарды бағалауда олардың бойындағы оның өзінде кездесетін мінез бітістерін елемеуі немесе теріске шығаруы олардың өздеріне тән мінез бітістеріне қарама-қайшыларын ерекше бағалауына әкеледі.
Бақылау әдісінің негізгі кемшілігі енжарлықта екендігін көріп отырмыз. Обьектінің өзін толықтй көрсетуі үшін ұзақ күту қажет болуы мүмкін. Сондай-ақ ол мезет еленбей қалуы немесе бұрыс талқылануы мүмкін. Кемшілікті жою үшін келесі бір психологиялқ әдіс – эксперимент қолданылуы мүмкін.
Эксперимент ақпаратты жинаудың ерекше әрі қиын меңгерілетін әдістерінің бірі болып табылады. Эксперименттің жүзеге асырылуы басқа әдістердің көмегімен алынбайтын мүлдем айрықша ақпаратқа қол жеткізге мүмкіндік береді. Мәселен, өндірістегі өнімділікті арттыру мақсатында моральды және материалды ынталандырудың жаңа формаларын қолдану шешімі қабылданды. Алайда, бұндай әрекеттің қалаулы нәтижеге әкелетіндігі немесе керісінше жағымсыз салдарды тудыратыны, жақсы атқарылған еңбекті көтермелеудің алдында енгізілген және үйреншікті түрлерінің тиімділігін төмендететіні де белгісіз. Осы тұста басшыға мүмкіндіктері бойынша нақты жағдайды жасанды жасауға және құнды ақпаратты беруге қабілетті эксперимент көмекке келеді. Оны жүргізудің негізгі мақсаты – тікелей тәжірибеге, әрқилы басқару шешімдеріне әкелетін жорамалдарды, нәтижелерді тексеруде.
Экспериментті салыстырмалы түрде біртекті жағдайларда, алғашында тексерілушілердің аздаған тобымен жүргізген орынды. Экспериментті жүргізудің жалпы қисыны қайсібір экспериментті топты іріктеудің әрі ерекше экспериментті жағдайға орналастырудың көмегімен, зерттеушілердің қызығушылықтарын тудырған сипаттамалардың (байқау сипаттамалары) бағытын, көлемін және өзгеру тұрақтылығын қадағалауда. Мұндай мағынадағы эксперимент элементтері зерттеушінің көздеген мақсаты бойынша өзара әрекеттесе бастаған тұйық жүйені білдіреді.
Эксперименттің сәтті өтуі көбінде сәйкес жағдайларды құрастыруға байланысты болады. Онда үш мезет ескеріледі. Біріншіден, бақылау сипаттамалары ретінде зерттелінген проблеманың тұрғысында ең маңызды сипаттамалар іріктелінеді. Екіншіден, байқау сипаттамаларының өзгеруі зерттеушімен енгізіліп, өзгертілетін экспериментті топтың сипаттамаларына тәуелді болуы тиіс. Ондай сипаттамалар факторлы (мәселен, мақұлдаудың жаңа түрлерінің енгізілуі) деп аталады. Экспериментке қатыспайтын сипаттамалар бейтарап (мәселен, қызметтің ауысымдылығы, жыл мерзімі және т.с.с.) деп аталады. Олардың эксперимент барысындағы тағдыры әрқилы болуы мүмкін. Бір жағдайда олар сыртқы ықпалсыз өздігінен өзгеруі мүмкін (ондай жағдайда олар өзгергіштік деген атауға ие болады), басқа бір жағдайда — өзгермеуі мүмкін (ондай жағдайда олар тұрақты деген атауға ие болады). Үшіншіден, экспериментті жағдайға жатпайтын, алайда олардың жайын өзгерте алмайтын құбылыстар эксперименттің барысына әсер етпеуі тиіс.
М.КГоршков пен Ф.Э.Шереги экспериментті зерттеулерге ұсынылатын жалпы кейбір ортақ талаптарға нұсқайды. Экспериментті зерттеулердің тиімділігі сол талаптардың жүзеге асырылуына тәуелді келеді:
Экспериментшінің құрастырған экспериментті жағдайлардың жүйесі обьективті ақиқат жағдайларының болжалды көзделген жүйесіне сәйкес келуі тиіс. Экспериментті жүйенің жағдайы мен құрылымы болжалды тіркелген табиғи жүйенің , яғни шынайы қоғамдық немесе психикалық өмірлік процестің жағдайлары мен құрылымына сәйкес елуі тиіс, өйткені эеспериментті зерттеулердің көмегімен шынайы өмірлік үрдістегі себептер мен салдардың қатынастарын, яғни табиғи жағдайларда қалай тіршілік ететіндерін ашу қажет. Экспериментті зерттеулердің нәтижелері көбінде табиғи үрдістерге алмастырылуы тиіс.
Экспериментті жүйенің жақсы басқарылатын жағдайлары болуы тиіс. Негізгі себеп ретінде ұсынылатын арнайы экспериментті фактор басқа жағдайлардың арасынан салыстырмалы шеттетілуі тиіс. Экспериментті жағдаяттың салыстырмалы жағдайлары белгілі бір дәрежеде қадағалануы тиіс, яғни стандартты да тұрақты деп есептелінуі тиіс. Сол жағдайлардың басқарылу (қадағалану) дәрежесіне экспериментті зерттеуді орындалынуы мен нақтылығы біршімі тәуелді болады.
3. Экспериментті қатысудың нәтижесі бақылауға қолайлы болуы тиіс. Мүмкіндігінше экспериментті фактордың негізінде туындаған кейбір эффектілерді (белгілердің, мінез-құлықтың өзгеруі) тіркей білу қажет. Өлшеуші құралдар белгілердің немесе мінез-құлықтың аздаған өзгерітерінің өзін де көрсететіндей құрасытырылуы қажет .
Эксперименттің түрлері және экспериментті топтарды іріктеу әдістері.
Эксперименттер экспериментті жағдайдың сипаты әрі жорамалдарды дәлелдеудің қисынды құрылымы бойынша ерекшелінеді.
Экспериментті жағдайдың сипаты бойынша эксперименттер далалық және лабораториялық деп бөлінеді. Далалық экспериментте обьект (топ) қызмет етуінің үйреншікті жағдайларында (мәселен, жұмыс орнында, сабақта және т.с.с.) болады. Сондай-ақ, топ мүшелері өздерінің экспериментке қатысатындары жөнінде хабардар болуы да болмауы да мүмкін. Олардың хабардарлығы жайлы шешім әрбір нақты жағдайда эксперименттің барысына қаншалықты әсер ете алатынына байланысты қабылданады.
Лабораториялық эксперименттегі экспериментті жағдай әрі экспериментті топтар да жасанды құрастырылады, сондықтан топ мүшелерінің эксперимент жайында хабардар болатыны сөзсіз.
Лабораториялық эксперименттер көбінде жабық кеңістіктерде жеке тәжірибе ретінде жүргізіледі. Шешім қабылдаумен байланысты, қоғамдық басшы мен бағынушы жайлы, тұлғаға қоғамдық ықпал ету жайындағы мәселелер зерттелінетін эксперименттер олардың классикалық үлгілері болып табылады. Мәслен, И.Толмен мен Д.Тейлор әлеуметтік қатынас феноменін зерттеуге бағытталған эксперимент жүргізеді. Экспериментті серилардың бірінде сәйкес келуі немесе келмеуі бойынша жиналған сыналушылар жұбы (серіктестер бір-бірін басымдылық таныту қажеттілктері бойынша толықтырып отырды) арнайы бөлмеде екі апталық шеттелу жағдайында тіршілік етті. Сәйкес келмейтін жұптың мүшелері территориялы мінез-құлықтың уақыт өткен сайын дами түсетін айқын сипатталған модельдерін танытты, яғни олар бөлменің бүкіл кеңістігін алғашында ортақ деп қабылдап, кейін оны өздері қалаған орындықты, төсекті және үстелдің бір бөлігін нақты белгілеп, ықпал ету аумаына бөле бастайды. Қарым-қатынастары көбінде шиеленіскен сипатқа ие болып, барған сайын бір-бірінің кеңістігіне аяқ аттап баспайтындай жағдайға жетеді. Ал сәйке келген жұптардағы адамдардың мінез-құлықтарында территориялықтың жоғары деңгейін танытты, яғни олар бірден барлығын бөліскн соң ғана бір-бірінің заттарын және кеңістігін пайдалана бастайды.
Далалық және лабораториялық эксперименттерде оның барысы жайлы қосымша ақпараттарды жинау әдістері ретінде сұрақнама мен бақылау қолданыла алады.
Жорамалдарды длелдеудің қисынды құрылымы бойынша түзу және параллельді эксперименттер қарастырылады.
Түзу эксперимент байқау (топтың бастапқы күйі) және экспериментті (оның бір немесе біреше сипаттамалардың ықпалынан өзгерген күйі) топтарды ретінде бір топтың ғана талдануымен ерекшелінеді. Эксперимент басталғанға дейін обьектінің барлық байқау, факторлы және бейтарап сипаттамалары нақты тіркелінген соң, топтың факторлы сипаттамалары (немесе оның қызмет ету жағдайлары) өзгеріп, алдын ала белгіленген біршама уақыт өткеннен кейін обьектінің байқау сипаттамалары бойынша жағдайы қайтара өлшенеді.
Параллельді экспериментке бір уақытта байқау және экспериментті екі топтары қатысады. Олардың эксперименттің барысына ықпал етуі мүмкін (ең алдымен әлеуметтік-демографиялық белгілер) барлық байқау және бейтарап сипаттамалары бойынша құрамы ұқсас болуы тиіс. Байқа тобының сипаттамалары тұтастай эксперименттің барысында өзгермесе, экспериментті топта өзгереді. Эксперименттің қорытыдылары бойынша екі топтың байқау сипаттамалары салыстырылып, орын алған өзгерістердің себептері мен көлемі жайлы тұжырым жасалынады
Экспериментті жүзеге асырудың жоспарлануы мен қиысыны.
Психологтар эксперименттің даярлануы мен жүргізілуі бірқатар мәселелердің ретпен шешілуін болжайтынын айтады:
1) Эксперименттің мақсатын анықтау;
2) Экспериментті (сондай-ақ байқау) тобы ретінде обьектіні (обьектілерді) іріктеу;
3) Эксперименттің пәнін нақтылау;
4) Байқау, факторлы және бейтарап белгілерді іріктеу;
5) Эксперименттің шарттарын анықтау және- эксперименттің жағдайды қалыптастыру;
6) жорамалардарды құрастыру және міндеттерді анықтау;
7) эксперименттің барысын байқау тәсілдері мен индикаторларын іріктеу;
8) нәтижелерді тіркеу әдісін анықтау;
9) эксперименттің тиімділігін тексеру.
Эксперименттің ғылыми жорамалдарды тексеру әдісі ретінде қолданылуы менеджменттегі зерттеулерді беделін көтереді, басшының басқару мүмкіндітерін кеңейтеді.