Алашорда үкіметінің басшысы, көсемі

Скачать


Әлихан Бөкейханов. Қазақтың ұлттық мәдениетінің дамуына өз үлесін қосқан қазақ зиялыларының бірі Әлихан Бөкейханов.

Әлихан Бөкейханов – Санкт-Петербург орман технологиялық институтының экономика факультетін 1894 жылы бітірген. Мемлекет, қоғам қайраткері, экономист, әдебиетші, публицист, аудармашы, ғалым. “Алашорда” үкіметінің басшысы, көсемі. Баспасөз жұмысына 1880 жылдардан бастап араласады.

Ә.Бөкейханов 1922 жылдан бастап Мәскеуде тұрады. Жазу жұмысымен шұғылданып, үздіксіз еңбек етеді. Ә. Бөкейханов Мәскеуде “Ер Тарғын” — 1924, “Потаниннің өмірбаяны” — 1923, “Макардың түсі” — 1923, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” – 1924 жылдары баспадан жариялайды.

1925 жылы Л.Н. Толстойдың “Кавказ тұтқыны”, “Жұмыртқадай бидай”, “Жеті қарақшы” атты тағы үш шығармасын аударып, бастырып шығарды.

1926 жылы Ә. Бөкейхановтың “23-жоқтау”, “Шестаков”, Т.Утковтың “Жердің қысқаша тарихы” атты түпнұсқалы және аударма кітаптары шықты. Ә.Бөкейхановтың  мол еңбегінің бір саласы қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне арналған.

Тарих аумағынан қарағанда тым қысқа уақыт аралығында (70 жыл – бір адамның ғұмыры) қазақтың ұлттық мәдениеті кезінде сан қырлы құбылыстарды өз басынан өткізді. 1916 жылдан басталған күрес келесі жылы мақсаттарына жеткендей болды. Өздерін “демократтар” санаған уақытша үкімет өкілдері сөз жүзінде езілген халықтарға азаттық береміз деді. Қазақ ғұламасы Ә.Бөкейханов революция жасала сала “Жаңарған Ресейдің ерікті азаматтары — қазақтарға” деген өз үндеуін жариялады. Жалпы алғанда, қазақтың ұлттық мәдениетін ХХ ғасыр талаптарына сәйкес қайта құруда “Алаш” партиясының ролі ерекше болды.

1917 жылғы маусым айындағы басылымында “Қазақ” газеті – автономияның қазақтарға ауадай қажет екендігін айтып, оның үш негізі бар екендігіне оқырман назары аударылды (территория, мәдениет және ұлттық ерекшеліктер). 1917 жылдың 21-26 шілдесінде Орынбор қаласында Бірінші бүкілқазақтық құрылтай өтті. Оның шешімдері бойынша “Алаш” партиясының бағдарламасы жарияланды. Сонымен 1917 жылдың аяғына таман Қазақстан прогресс жолында талай жетістіктерге жетті және ұлттық төл мәдениетті дамытуға мүмкіндік алды. Қазақ рухани мәдениетінің сол тұстағы деңгейінде “Алаш” қайраткерлері алдыңғы қатарда тұр.


Скачать


zharar.kz