Қазақстандағы Баспа ісі және Қазақ энциклопедиясы баспасының қазақ баспасөзін дамытудағы рөлі
Баспа дегеніміз – кітап, газет, журнал, плакат және т.б. баспа өнімдерін шығаратын кәсіпорын. Ол шығаратын өнім түрлеріне қарай кітап баспасы және газет-журнал баспасы, сипаты мен бағытына қарай ғылыми баспа, бұқаралық баспа, балалар баспасы болып жіктеледі. Көпшілікке арналған алғашқы баспа өнімдері (діни уағыздар, қолжазба кітаптар) ағаш қабығына, теріге, кейіннен қағазға қолмен көшіріліп жазылған. Ірі қалаларда қолжазба кітапты мәнерлеу өнерімен шұғылданатын арнайы мамандар – көшірмешілер, түптеушілер, миниатюрші суретшілерді топтастырған орталықтар жұмыс істеген. Біртекті мәтінді көп данамен тарататын баспа тарихы Қытайда кітап көбейтудің жаңа әдісі – ксилографияның (ағаштан ойылған қалыппен басу) пайда болуынан басталады (8-9 ғасырлар). Осы әдіспен ең алғаш будда дінінің Жақұт сутра (868) деген қасиетті кітабы басылды. 1040 – 48 ж. Би Шен жылжымалы қаріптерді, құйма әріптермен теру процесін ойлап тапты (Еуропаға бұл жаңалық 4 ғасырдан кейін келді). 14 ғасырда Қытайда түрлі-түсті баспа пайда болды. 1340 ж. Сутранның түсініктемелері деген кітап 2 түрлі бояумен басылып шықты. Еуропада 1445 ж. неміс өнертапқышы Иоганн Гутенберг кітап басуға алғаш рет жылжымалы құйма әріптерді пайдаланды. Ал, Ресейде 1564 ж. Иван Федоров пен Петр Мстиславец орыс тіліндегі тұңғыш кітап Апостолды басып шығарды. 16-17 ғасырларда баспаханаларды ірілендіру, шығаратын өнім көлемін ұлғайту және оны сатуды жүйелі жолға қоюдың қажеттілігіне қарай жекелеген баспагерлер көптеп шықты. Бұлардың қатарында Мануция Альда (Венеция), К.Плантена (Антверпен), Элзевировтар отбасы (Нидерландия), Этьенков және Дидо (Франция) секілді баспагерлерді ерекше атауға болады. 18-19 ғасырларда баспа саны әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде шапшаң өсті. 19-ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында баспалар акционерлік қоғам түрінде құрылып, өз ішінен кітап, газет-журнал баспаларына жіктеле бастады. Бұл кезеңде баспа мен баспахана екеуі біртұтас болды. Кітаптар баспаханасының өзінде дайындалып, басылып шықты. Қазақ тілінде кітап шығару ісінің тарихы 1800 ж. Қазан қаласында ашылған бірінші Азиялық баспаханадан басталады. 1809 ж. Қазан университетінде баспа ашылды. 19 ғасырда Қазан қаласында Орта Азия және Қазақстан халықтарының мәдени-ғылыми мұраларын жинап, зерттейтін, жарыққа шығаратын орталыққа айналды. Сонымен қатар 19-ғасырдың 2-жартысында Орынбор, Уфа, Ташкент, Санкт-Петербург, Троицк, Астрахан қалаларында да қазақша кітаптар шығаратын баспалар құрылды. Бұлардың ішінде «Ағайынды Каримовтар», «Шарқ», «Тұрмыш», «Умид», «Урнәк», т.б. баспалардың рөлі ерекше болды. Қазақ тіліндегі тұңғыш кітап – «Қазан» гимназиясы баспаханасы шығарған «Сейфүл-мәлік» қиссасы (1807). 1851 ж. Қадырғали Жалаиридің «Джами-ат-тауарих», Ы.Алтынсариннің «Қырғыз хрестоматиясы» (1879), «Қамбар туралы поэма» (1882), «Мухаммед Ханафия» (1882), «Қыз Жібек» (1894), «Қозы Көрпеш хиссасы» (1890), 20 ғасырдың басында «Хисса Біржан сал мен Сара қыздың айтысқаны» (1900), «Хисса Алпамыш» (1901), 1909 ж. А.Кұнанбаевтың өлеңдер жинағы, «Қазақтың айнасы» (1910), «Қазақша әліппе» (1910), С.Көбеевтің «Қалың малы» (1913), т.б. кітаптар осы баспалардан шыққан. 1917 жылға дейін қазақ тілінде 700-ге жуық кітап басылды.
Қазан төңкерісінен кейін кітап басу ici бірден мемлекет иелігіне алынды. «Мемлекеттік баспа туралы» қабылданған декрет (29.12.1917) бойынша — баспа ісін қайта құруға қажет материалдық-техникалық база мен кітап қорлары мемлекет пен халық меншігіне берілді. 1917 жылдың аяғында БОАК-тың (Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің), Санкт-Петербург, Мәскеу кеңестерінің жанынан баспа бөлімдері ашылды. Ұлт icтepi жөніндегі Халық комиссариаты (Ұлт халкомы) құрылды. Оны И.В.Сталин басқарды. Қазақ халқының аса көрнекті саяси-қайраткері Т.Рысқұлов орынбасары болды. 1918–1919 ж. баспа жұмысын Оқу халқкомы мен Ұлт халкомы құрған Мұсылман icтepi жөніндегі комиссариат басқарды. Ұлт халкомында 11 бөлім мен комиссариаттар жұмыс істеді. 1918 ж. 12 мамырда бұларға Қырғыз (Қазақ) бөлімі қосылды. 1918 ж. қараша айында өткен мұсылман коммунистердің Бүкілресейлік I съезінде мұсылмандық ұйымдардың Орталық бюросы сайланды. Бюро құрамына Қазақстаннан Сейтқали Меңдешев енгізілді. Бюро Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тілдерінде әдебиеттер шығаруды қолға алды. Ол 1919 ж. күншығыс халықтары тілдерінде жеті млн. жаңа газет, кітапша және бетшелер басып таратты. 1924 жылға дейін Ұлт халкомы жанында екі баспа – Батыс және Шығыс баспалары жұмыс істеп келген-ді. Шығыс баспасын Н.Төреқұлов басқарды, ал осы баспадағы қазақ тіліндегі әдебиеттер бөлімінің меңгерушісі Э.Байділдин болды. 1924 ж. мамырда жоғарыдағы екі баспаның негізінде КСРО халықтарының Орталық баспасы (Ортбас) ұйымдастырылды. 1924 ж. 13 маусымда «КСРО халықтарының Орталық баспасы туралы Ереже» бекітілді. Орталық баспамен қатар Түркістан мемлекеттік баспасы (Түркмембас) да қазақ тілінде кітаптар шығарып отырды. Ол 1920 ж. наурыз айында Ташкентте құрылған болатын. «Түркмембас» Орта Азиядағы тұңғыш кітап баспасы еді. 1921 ж. осы баспадан қазақ тілінде 680570 дана, өзбек тілінде 2147850 дана, түрікмен, тәжік тілдерінде 233800 дана кітап басылып шықты. Қазақстанда алғашқы кітап 1918 ж. басылып шықты. 1918 ж. қараша айында Ордада баспа және аударма бөлімдері ашылды. Бұл бөлімдер «В.И.Лениннің Америка жұмысшыларына хатын», «РСФСР Конституциясын (Негізгі заңын)», сол жылы Верныйда (Алматыда) РСДРП(б) Жарғысы мен партия бағдарламасын шығарды. 1920 ж. 3 қарашада Қырғыз (Қазақ) АКСР OAK-i «Қазақ мемлекеттік баспасы туралы декрет» қабылдады. Сол жылғы 24 қарашада оның ережесі бекітілді. 1921 ж. тамызға дейін бұл баспа OAK қарамағында болды. 1921 ж. 9 тамызда Оқу халкомы құрамында Мемлекеттік баспаны басқаратын Бас басқарма құрылды. Бұған қоса, осы халкомда арнаулы ғылыми бөлім – Академиялық орталық ұйымдастырылды. Орталықтың құрамында ғылыми-әдеби кеңес болды, ол оқулықтар жасаумен, саяси әдебиеттерді тәржімалаумен айналысты. 1921 – 22 ж. Қазақстанда 29 баспахана, бip литография жұмыс істеді. Бip жылдың ішінде Мемлекеттік баспа (Госиздат) тиражы 27 мың дана 20 кітап шығарды. «Қазақстанда баспа iciн қайта құру туралы» Қазақ өлкелік партия комитетінің қаулысынан кейін (22 қазан, 1931) аталған баспа «Қазақстан баспасы» (Казиздат) болып қайта құрылды. Осы жылдары өз алдына Қазақ техникалық баспасы ұйымдастырылды. 1930 жылдан Ресей Біріккен мемлекеттік баспасының (ОГИЗ-дің) Өлкелік бөлімшесі жұмыс істей бастады. Қазақстан баспаларының саны 4-ке жетті: «Қазақстан баспасынан» Қазақ партиялық баспасы, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, Комсомол-жастар баспасы бөлініп шықты. Қазақ техникалық баспасы «Қазақстан» баспасының құрамына кірді. Мамандандырылған Қазақфото баспасы жұмыс істеді. Сол жылдары Полиграфия және баспа Бас басқармасы ұйымдастырылды. 1941 жылдың басында республикадағы барлық баспалар қосылып, Қазақ біріккен мемлекеттік баспасы аталды (Каз ОГИЗ). Соғыстан кейін баспалар қайтадан даралана бастады. Кейбірі жаңадан ашылды. Соның бipi Қазақстан FA-ның «Ғылым» (1945) баспасы. 1947 ж. КазОГИЗ-ден Қазақ оқу-педагогика баспасы (кейінгі «Рауан»), 1950 ж. Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасы (кейін «Жазушы») бөлініп шықты. Сол жылы Қазақ біріккен мемлекеттік баспасы өзінің алғашқы атын қайта алып, Қазақ мемлекеттік баспасы болды. Ол 1962 ж. «Қазақстан» аталды. 1962 ж. 1 наурызда Қазақ мемлекеттік ауыл-шаруашылық әдебиеті баспасы (кейін «Қайнар») жұмысқа кipicтi. 1968 ж. «Қазақ энциклопедиясы» бас редакциясы аталатын аса ipi баспа дүниеге келді. Өндірістік қуаты өте зор «Дәуір» газет-журнал баспасының да жұмыс қарқыны арта түсті.
Қазақстан тәуелсіздік алып, нарықтық экономикаға көшуімен байланысты республикадағы баспалар қызметі мен баспа ісінің жай-күйі түбірлі өзгертулерге ұшырады. Бұрынғы мемлекеттік баспалардың орнына жекеменшік баспалар пайда болды. Баспа, полиграфия және кітап саудасы сияқты бұрын бip орталықтан жоспарлы түрде басқарылып, мемлекеттік жоспармен бірыңғай, бip бағытта жұмыс істейтін күрделі сала заман талабына сай өзгерді. Бұрынғы «Қазақстан», «Жазушы», «Жалын», «Рауан», «Өнер», «Қайнар», «Ғылым», «Білім», «Санат», «Балауса», «Ана тілі», «Қазақ энциклопедиясы», «Дәуір», «Сарыарқа» баспаларымен бipгe «Жеті жарғы», «Жібек жолы», «Атамұра», «Өлке», «Ел», «ЕР-Дәулет», т.б. ондаған жекеменшік баспалар пайда болды. Қазақстан Президентінің «Мемлекеттік билік органдарының бұқаралық ақпарат құралдарын, мемлекеттік кітап шығару iciн нарықтық қатынастарға көшу кезеңінде қорғаудың шұғыл шаралары туралы» Жарлығы елдегі баспа ісінің дамуына бағыт-бағдар берді.
Қазақ энциклопедиясы — ғылыми-анықтамалық баспа мекемесі. Әмбебап және тақырыптық (пәндік) энциклопедиялар, анықтамалықтар, сөздіктер, тілашарлар, т.б. шығарумен, көне қолжазбаларды, басылымдарды, ұлы ғұламалардың еңбектерін қайта басумен, күрделі ғылыми зерттеулер жариялаумен айналысады. Қазақстан Компартиясы ОК мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1967 ж. 13 қыркүйектегі қаулысына сәйкес 1968 ж. 1 қаңтарда Қазақ КСР FA жанынан Қазақ Совет энциклопедиясының Бас редакциясы болып құрылған. 130 адамнан тұратын бұл үлкен ұжымның шығармашылық күші 11 ғылыми редакцияға топтастырылды. Қазақтың тұңғыш энциклопедиясы Бас редакциясының жанынан барлық ғылым салалары бойынша 29 ғылыми-салалық алқалар мен кеңесшілер тобы ұйымдастырылып, оларға 313 ғалым мен маман тартылды. Олардың ішінде Қазақ КСР FA-ның 27 академигі мен корреспондент мүшесі, 84 ғылым докторы, 189 ғылым кандидаты болды. Бас редакция қызметтік құрылымы мен ғылыми мекеме мәртебесін сақтай отырып, 1975 ж. Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы icтepi жөніндегі мемлекеттік комитетінің жүйесіне қосылды. Еліміз егемендік алғаннан кейін, 1993 ж. Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы болып өзгерді. 2001 ж. 2 қарашада жабық акционерлік қоғам болып құрылғаннан бepi «Қазақ энциклопедиясы» аталады. «Қазақ энциклопедиясы» ұжымы өзінің алғашқы күрделі жұмысы 12 томдық «Қазақ совет энциклопедиясын» 1972–78 ж. аралығында әзірлеп, баспадан шығарды [1]. 1982 ж. осы тұңғыш энциклопедияның әліппелі пән-eciм көрсеткіші жеке кітап болып шықты [2]. Бұған жалғаса, «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы» деген анықтамалық (қазақ, орыс тілдерінде 1980–81) жарық көріп, 15 томдық топтама шығару жемісті аяқталды [3]. Бас редакция ұжымының ең сүбелі еңбектерінің бipi – әрқайсысы төрт томнан қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Қазақ ССР» атты қысқаша энциклопедия [4]. Бұл анықтамалықтың басты ерекшелігі – онда негізінен қазақ елінің тарихына, әлеуметтік тұрмыс-тіршілігіне, экономикасы мен табиғатына, қазба байлықтары мен жер-су, қоныстарына байланысты материалдар енгізілді. Елдегі саяси-әміршілдік жағдайларға орай бұрын аталмай келген халқымыздың асыл азаматтары туралы әділ бағасын берген мақалалар жарияланды. Еліміз егемендік алып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілуіне байланысты бірнеше тілашар мен сөздік шығарылды. Жас оқырмандарға арналған: «Ол кім, бұл не?» (үш томдық 1985–87), «Негеш» (1995), «Әлемде талай қызық бар» (екі тілде, 1986 – 90) кітаптары жарық көрді. «Қазақ энциклопедиясы» еліміздің ұлы адамдарының өмірі мен шығармашылық қызметіне байланысты да бipaз жұмыстар атқарды. Ш.Уәлиханов шығармаларының академиялық бес томдығын (орыс тілінде, 1984–85), М.Әуезовтің таңдамалы мақалалар жинағын (қазақ, орыс тілдерінде аралас, 1997), «Құрманғазы» (1998), «Қорқыт» (1999), «Ә.Бөкейхан. Таңдамалы» (қазақ, орыс тілдерінде аралас, 1995) кітаптарын қайта басып, оқырмандарды 20 ғасырдың басында шығып тұрған «Қазақ» газеті (1998) мен «Айқап» журналын (1995) кітап етіп шығарды. Ал қазақтың ұлы ойшыл-ақыны Абай Құнанбаевтың бүкіл дүние жүзі елдері атап өткен 150 жылдық тойы қарсаңында «Абай» энциклопедиясын (1995) әзірлеп, баспадан шығарды. Ақын өмірі мен шығармаларына арналған бұл соны еңбек ҚР-ның Мемлекеттік сыйлығымен жоғары бағаланды. «Хирургтің анықтамалығы» (акад. М.Әлиев, 1997), «Қазақстанда инженерлік істің дамуы» (екеуі де орыс тілінде 2001 ж. жарық көрді) көлемді анықтамалықтары да мамандар мен оқырмандардың қажетін өтеген маңызды басылымдар болды. Бас редакция облыстар мен қалалар тарихына да көңіл бөліп, «Алматы» (1983, 1996), «Қарағанды» (1990), «Ақмола» (1995) энциклопедияларын шығарды. Еліміздің тарихындағы айтулы мекемелер де ұжым қызметінен тыс қалған жоқ. Халықаралық «Түркістан» энциклопедиясы (2001) оқырмандарды еліміздің тарихымен, ғылым, әдебиет, өнер қайраткерлерінің өмір жолымен, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен, кәсібімен, мәдениетімен, бүгінгі егеменді елдің өскелең экономикасымен таныстырды.
«Қазақ энциклопедиясы» ІІ дүниежүзілік соғыстағы кеңес халықтары жеңісінің 50 жылдығы құрметіне орай «Отан қорғау жолында құрбан болған боздақтарға ескерткіш-кітап» деген айдармен әр облыстан 2–7 кітаптан тұратын «Боздақтар» деп аталатын көптомдықты қазақ, орыс тілдерінде жарыққа шығарып, ұлы шайқаста мерт болған азаматтардың аруақтарын мәңгіге қалдырды [5]. Баспа 1996 жылдан «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясын шығара бастады (1-том 1998 ж. шықты) [6]. Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясын М.Қ.Қаратаев (1968–79), М.Қ.Қозыбаев (1980 — 86), Р.Н.Нұрғалиев (1986-97), Ә.Нысанбаев (1997-2003), (2003-2008) Б.Ғ.Аяған басқарды. 2008 жылдан Б.Ө.Жақып басқарып келеді.
ӘДЕБИЕТТЕР
Қазақ совет энциклопедиясы. 12 томдық Бас ред. М.Қаратаев. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясы, 1972-1978 ж.
Алфавитті пән есім көрсеткіші Бас ред. М.Қозыбаев. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясы, 1982 ж.– 540 б.
Қазақ Советтік Социалистік Республикасы. Энциклопедиялық анықтама. — Алматы: Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясы, 1980 ж. – 535 б.
Қазақ ССР. Қысқаша энциклопедия Бас ред. М.Қозыбаев. — Алматы: Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясы, 1984. Т.1. – 592 б.
Боздақтар. көптомдық Бас ред. Р.Нұрғалиев. — Алматы: Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясы, 1994 ж.
Қазақстан. Ұлттық энциклопедия Бас ред. Ә.Нысанбаев. 1 том. -Алматы: Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясы, 1998 ж. -720 б.