Қаржантау жотасы оңтүстік-батыс — тянышань провинциясына кіреді. Ол Талас Алатауы тау жоталарынан оңтүстікке қарай орналасқан.
Қазақстанға Қаржантау, Өгем жоталары және Піскем жотасының солтүстік баурайы жатады.
Барлық жоталарға палезой жыныстарынан тұратын тік баурайлы терең тілімденген рельеф тән. Ізбес, сланец пен кварциттер кең тараған.
Қаржантау жотасы Келес салаларын Өгем өзененің аңғарынан бөліп жатыр.
Жотаның оңтүстік-батыс баурайы қысқа және өте тік, солтүстік-батысы -Жайпақ, Қаржан. Жегірен және т.б. өзендердің аңғарларымен бөлінген. Оның орташа биіктігі 2000 м, ең биік нүктесі — Мыңбұлақ тауы — 2834 м. Жотаның қыры жазық келген, шығуға жеңіл.
Климат жағдайы. Қаржантау жотасы Тянь-Шаньның шөлге жақын орналасқан оңтүстік-батыс шеті болып табылады, бұл оның климатының негізгі белгісі — континентальдылықты анықтайды. Ол қыс пен жаздағы, күн мен түндегі ауа температурасының үлкен ауытқуларынан көрінеді.
Батыстан келетін атмосфералық процестер ықпал жасайды, ал Талас Алатауының биік жоталары желдің солтүстіктен соғуын қиындатады. Жауын-шашын негізінен қыс пен көктем мезгілінде түседі, жазы құрғақ әрі ыстық болып келеді. Тек биік жоталарды ғана жазда жауын-шашын түсу сақталады.
Қыс онша суық емес, қаңтардың орташа температурасы тау маңайында 3-7°С. Қар жамылғысы тұрақсыз, оның қалыңдығы 20 см аспайды. Көктем жауынды және жылы. Жаз құрғақ және ыстық, ауа температурасы 35-40°С-қа жетеді. Бұл әсіресе шілде, тамыз айларына тән.
Топырақ жамылғысы. Оңтүстік-батыс Тянь-Шаньға кіретін Қаржантау жотасы топырақ қабаты жағынан Тұран фасциясына жатады. Оңтүстік-батыс Тянь-Шаньның төменгі бөлігін, шамамен 1000-1200 м биіктікке дейін сұр топырақ алып жатыр.
Тау етегіндегі жазықтарда ашық түсті топырақ тараған. Шамамен 300-400 м биіктікте ол кәдімгі сұр топырақпен алмасады, оның өзі 600-700 м биіктікте күңгірт сұр топыраққа ауысады. 1000-1200 м биіктікте сілтілі сұр топырақ деп аталатын топырақ белдеуі жатыр. 1400-2000 м биіктіктегі тау баурайларының неғүрлым ылғалды участкілерінде қоңыр топырақ кездеседі.
Субальпі белдеуін тау-шалғын-далалық қоңыр топырақ алып жатыр.
Қаржантау жотасы Батые Тянь-Шань жоталарының алдыңғы батыс тізбегін құрайды.
Қасқасу шатқалының өсімдіктер дүниесін 369 туыс пен 703 түрді біріктіретін 85 тұқымдас құрайды.
Шатқалдың өсімдіктер дүниесінің ірі тұқымдастарының құрамы тұтас алғанда Орта Азияның тау жүйелеріндегі орналасу тәртібі мен құрамына сәйкес келеді.
Неғұрлым ірі тұқымдастардың қатарына Asteraceae, Poaceae, Brassicaceae тұқымдастары жатады.
Түрлерді биіктік белдеулері бойынша бөлу тау етегі мен төменгі бөлігінде (500-700 м биіктікте) эфемерлер мен эфемероидтар басым екенін көрсетті (Tulipa, Gagea тұқымдастарының түрлері). Әсірісе олар жотаның көлбеу және тегіс келген солтүстік-батыс бөлігінде кең таралған. Биіктеген сайын олардың саны күрт азаяды.
Орта биіктіктегі тау белдеуі өсімдіктер түрлерінің әр алуандығымен көзге түседі. Мұнда ағаштардың, бұталар мен көп жылдық және бір жылдық шөптесін өсімдіктердің түрлері көп өседі.
Биік тау белдеуінде негізінен көп жылдық шөптесін өсімдіктер кездеседі.
Қасқасу шатқалы флорасына Juniperas serawschanica тән болып келеді, аршадан тұратын сирек орман теңіз деңгейінен 500-3500 м биіктіктегі үлкен белдеуді алып жатыр.
Батыс Тянь-Шань (оның ішінде Қаржантау жотасы) арқылы оның таралуының солтүстік шекарасы өтеді. Мұнда ол ареалдық негізгі бөлігіне қарағанда төмен биіктерде кездеседі, бұл оның жылуды сүйетінін көрсетеді.
Шатқалдарда ағаштар мен бұталардың әр түрі кездеседі, олардың ішінде Juglans regia, Pistacia vera, Celtis caucasica, Crataegus pontica, Malus sieversii бар.
Pistacia vera шатқалдардың құрғақ баурайларындағы жекелеген участкілерде кездеседі. Ол құрғақшылыққа төзімді түр болып табылады (Павлов, 1980) және теңіз деңгейінен 600-1400 м биіктікте өседі.
Celtidaceae тұқымдас өсімдіктер Celtis монотипті туысымен берілген. Celtis caucasisa орта биіктіктегі тау белдеуіне тән, сирек шоқ тоғай болып немесе жекелей өседі, Crataegus pontica, Cr. Turkestanika, Pyrus regelii сияқты түрлерімен бірге жиі кездеседі.
Crataegus pontica аралының солтүстік шекарасы Батые Тянь-Шань (Қаратау) арқылы өтеді. Әдетте жекелей өседі, кейде шағын тоғайлар құрайды. Оның өсуіне қолайлы биіктік теңіз деңгейінен 1000-1200 (1500) м биіктікте жатыр.
Қасқасу шатқалындағы өсімдік түрлерінен Қызыл кітапқа енген. Arabis popovii атты бір эндемик түр кездеседі.