Елеужан Серімов, Қарағанды қаласы

Скачать


Ілкі дәуірдегі түркілер тасқа қашалып түсірілген ойма жа­зумен бірге соғда, ұйғыр, брахми, манихей, тибет делінетін әр түрлі жазу үл­гі­ле­рін пайдаланып, кейіннен біржола араб әліпбиіне көшкені мәлім. Осы жазба үл­гі­лері негізінде жасап қалдырған түркілік жазба мұраларында олардың талайғы та­рихы айқын өрнектеліп сақталған. Ал, бұл деректер олардың иірімі мол мың­да­ған­ оқиғаларға толы ғұмырының көркем бейнесі болып табылатын жазба мұ­ра­сы­, яғни рухани тарихы да күрделі болғандығын, өздеріне лайық, дербес, жоғары өр­кениетті деңгейін көрсететін мәдениет үлгілері жеткілікті дәрежеде болған­ды­ғын­ паш етеді.

Ұлттық мәдениетіміздің ұлттық бітімін қалыптастыруда елеулі орны бар түр­­кі жазба мұраларының ғасырлар бойғы даму барысында эпитафиялық (құлпы­тас­тық) сипаттан шын мәніндегі түрлі ғылым салаларына са­ра­лан­ған­ (тіл білімі, әд­е­биет, эпистолярлық жазба, астрономия, математика, т.б.) клас­си­калық мә­де­ни­ет­ деңгейіне, сол кездегі этолондық сапада барынша қарқынды да­мы­ған көршілес шы­ғыс халықтарымен мәдени байланысы арқылы қол жеткені та­лас­ тудырмайтын та­рихи шындық. Мұндай диалектикалық бірлікте дамыған ха­лық­­­­тардың мә­де­ни­е­тін­дегі өзара әсер-ықпалдың түп-төркіні, жіті ден қойсақ, сонау, көне дәу­ір­лер­­­де жат­қандығын анық байқай аламыз. Әсіресе осы алыс-беріс мә­дени қатынас ор­та­ға­сырларда арабтардың Орта Азия мен Қазақстанның оңтүс­тік­ бөлігіне өз мә­дениеті мен әдебиетін, тілі мен дінін кеңінен тарату жағ­да­йынан кейін мей­лін­ше­ қарқынды дамыды. Х-ХІІ ға­сыр­лар­да­ғы бұл кезеңнің түр­кі­лік мәдениет тарихында «мұсылман дәуірі» деп айдар та­ғы­ла аталуының бір ұшы,­ міне, осында жатса керек. ХІІ ғасырда ғұмыр кешкен ортағасыр ғалымы Әбу-л-Қасым Мах­мұд ибн Омар Жаралла әз-Замахшаридің „Мукаддимат әл-адаб» сөздігі. (бұдан әрі «Мукаддимат») сөздігі жазылу мерзімі жа­ғы­нан осы «мұсылман дә­у­ірі» туындылары қатарына кіреді. Бұл кезең жалпы түркі халықтарының жазба тарихын танудағы сына жазуынан кейінгі екінші бір үлкен кезең саналады.

Алдымен Замахшари кім, біздің рухани тарихымызға қаншалықты қатысы бар деген сауалдар төңірегінде ой қозғағымыз келеді.

Әз-Замахшари Қазақстан мен Орта Азиядағы арабтілді мәдениет тарихынан ойып орын алатын орта ғасырлық тіл білімі ғылымының даму­ы­на­ ерекше үлесін қосқан, грамматика мен лексикография, стилистика мен­ риторика, поэзия мен экзегетика жайында қомақты шығармалар жазған, өз кезеңінің да­рынды ақыны, қаламын арабша, парсыша, түркіше қатар сілтеген дара тұл­ға. Ол 1075 жылы Хорезм өлкесінің Замахшар де­ген жерінде туып, 1144-жылы Үргеніш қаласында дүние салған.

Замахшаридің өмірі мен қызметі туралы әр еңбектерде там-тұмдап ай­тыл­ған­ иненің жасуындай деректерді бір ізге түсіріп, тырнақтап жинап, кейінгі ұр­пақ­тың­ кәдесіне жарату бүгінгі күннің келелі міндеті. Өйткені, есте жоқ ескі дәуірлерден бері төл тарихымыз бен­ қолтума мәдениетіміздің өсіп-жетіліп дамуына орта ғасырлық ортаазиялық ар­аб тілді ғалымдардың сіңірген еңбегі орасан зор болды. Керекті дәрежеде зерттелмегендіктен, осы­ күнге дейін олардың кейбіреуі тарихтан өзіне тиісті лайық орнын ала алмай жүр­. Солардың бірі — әз-Замахшари. Оның «Мукаддимат әл-адаб» сөздігін про­фессор Ә. Құрышжановтан басқа түркітанушы қазақ ғалымдары ол жайында әлі­ күнге тіс жарып азды-көпті пікір білдірген емес. Мұның өзіндік себептері жоқ емес. Соның біріншісі — жәдігерліктің жазылу кезеңі мен жеріне байланысты.

Қайсы бір дәуірдің тарихи-әлеуметтік болмысын егжей-тегжейлі білмей тұ­рып,­ сол кезең жазба мұраларының сыр-сипатын, жазылу себебін терең түсіну әс­те­ мүмкін емес. Әсіресе бұрын-соңды отандық баспасөз бетінде сөз етілмей, қазақтың түр­кітанушы ғалымдарының көбінің назарынан тыс қалып, әлі күнге ескерусіз жат­қан орта ғасырдың орта тұсындағы жазба жәдігерлікті сөз еткенде, сол дәу­ір­дің­ кескін-келбетін ашатын кей тарихи жағдайларға аз-кем тоқтала кеткен жөн.

ХІ ғасырдың басында ежелгі түркілер суперэтнос санатында сөне бастап, даладағы әскери-саяси жетекшілік бірте-бірте қыпшақ конфедерациясындағы тай­паларға көшіп, олар «түркі» деген жиналмалы этнонимді ысырып тастап, өзі су­пер­этносқа — барлық тайпалардың жиынтық атауына айналғаны белгілі. ХІ ғасырдың екінші ширегінде қыпшақ тайпаларының ақсүйектері оғыз жаб­ғысын Сырдарияның орта және төменгі сағасынан тықсырады. Осылайша осы ай­мақтағы этникалық-саяси ахуалдың өзгеруіне сәйкес жазба деректерде аталып кел­ген «Оғыздар даласының» («Мафазат әл-гуз») орнына, кейін «Дешті Қып­шақ» аты пайда болады. Маңғыстау мен оған таяу жатқан аумақты ал­ған­нан­ соң, қыпшақтар енді Хорезм мемлекетінің теріскей шебіне келіп жете­ді.

Бұл кезде Әмударияның төменгі сағасындағы аса құнарлы топырақты ай­мақ­та­ орналасқан Хорезм Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік бөлігінде аса маң­­ыз­ды­ орын алды. Ол 999 жылы Самандықтар мемлекетін күйреткен, Әмуге дей­ін­гі жер­ге­ иелік еткен Қарахан мемлекетіне де, Әмудің арғы жағын жаулаған Ғаз­на­лықтар мем­­лекетінің де құрамына кірмей, өз алдына жеке дербес мемлекет бо­лып­ бөлек құрылды. Осыдан бастап Орта Азия мен Шығыс Еуропа, Қазақ­стан­ның көш­­пелі тайпалары мен Қытай елдерін байланыстырып жатқан ке­руен жол­­дарының нақ ортасында, тоғыз жолдың торабында тұрған Хорезм біртіндеп ны­­ғая түседі. Шығыс саяхатшылары өздерінің жол жазбаларында Хорезмді өте­ бай,­­ ілім-білім, мәдениеті жоғары дамыған мемлекет ретінде сипаттайды. Мә­се­­лен Хо­резм туралы Макдиси: «Бұл қалалары көп, шексіз аймақ. Оның халқы ғы­лым жо­лына жан-тәнімен шынайы берілген біліктілер» деп жазса, «Худуд әл-Алам» авторы Хорезмде сау­да-сат­тық­тың кеңінен орын алғанын айтады.

712 жылдан басталған араб жаулауынан кейін Хорезм екі саяси жікке бөлінген. Бірі — Қи­ят қаласы орталық болған оңтүстік аймақ та, екіншісі ─ орталығы Үргеніш бол­ған­ солтүстік жағы. Үргенішті басқарған Мамун ибн Мухаммед екі бөлінген елді бір­ орталыққа бағындырып, Хорезмді біртұтас мемлекет етіп, өзіне «хорезмшах» дәреже-ла­у­­азымын алады.

Кейбір деректер хо­ре­зм­шахтардың шыққан тегі бұл арада оғыздардың орнын басқан қыпшақ кон­фе­де­ра­циясына кірген тайпалардың бірінен екенін көрсетеді. Мәселен, қыпшақтар ту­ра­лы іргелі зерттеу жүргізген С. Ақынжанов: «Находясь в непосред­ствен­ном­ близо­сти­ с этим крупнейшим мусульманском государством в Средней Азии, пле­мена кип­чакского объядинения вынуждены были втянутся в орбиту их вне­ш­не­-по­ли­ти­чес­ких отношении, и настолько были связаны с жизнью Хорезма, что, воз­можно, из­ кипчакских вождей вышла последняя самая блестящая династия хо­ре­зм­шахов» — деп байлам жасауы, В.В. Бартольдтың: «…После отуречивания степи Хорезм больше других под­верг­ся вли­янию турецкого элемента…последние годы ХІ в. здесь утвердилась на­след­­ст­вен­ная династия хорезмшахов, представители которых почти все носили ту­рецкие им­е­на» деуімен үндес, сарындас шығады.

Бұл айтылған деректер Хорезм мемлекетінің Дешті Қыпшақ елінің тарихына да­ белгілі дәрежеде қатысы бар екенін растайды. Шыққан тегі қыпшақ, әйгілі хо­ре­­змшах Атсыздың (Ала-уддавл Абу-л-Музафар Атсыз — 1128-1156 жж.) ғұлама ға­лым­­ әз-Замахшариге арабша-парсыша-түркіше сөздік жасауды тапсыруы тегін­нен­-тегін емес. Осы жазба жәдігердің Бұқарада сақталған көшірмесінің кі­ріспесінде мұны жазуына не түрткі болғанын Замахшари былайша түсіндіреді (А.К. Боровковтың редакциясымен басылған орысша аудармасын ұсынамыз): «Сла­ва аллаху, который возвысил арабский язык среди других языков. И после ок­он­чания державы арабов благородные падишахи поддержали науки и адаб. В на­ше­ время эмир и командующий войском сын державного хорезмшаха высоко чтит нау­ку адаба, всячески поддерживает избранных представителей адаба и восседает с­ ни­ми на своих собраниях. И он повелел нам написать в одном экземпляре книгу «Му­каддимат аль-адаб» для своей библиотеки». А.К. Боровков осы сөз үзіндісін түсіндіре келіп: «За­мах­ша­ри­ имел ввиду будущего хорезмшаха Атсыза, по поручению которого была соз­да­на­ книга» деп түсінік беріп өтеді.

Қазақ тілі білімі тарихында өзіне тиісті лайық орнын таба алмай келе жатқан өз заманының ғұлама ға­лы­мы әз-Замахшаридің «Мукаддимат әл-адаб» сөздігі дәуірі жағынан — орта (ескі) түр­кілік, жазылған жері жағынан — орта азиялық, уақыты жағынан — орта ға­сыр­лық­ (ХІ-ХІУ ғғ.) жазба мұралар қатарына жатады. Ол — Орта Азияда Дешті Қыпшақ, Хорезм, Қарахан, Селжұқ секілді ірі бір­лестіктер мен мемлекеттердің басы түйіскен жерінде, дәлірек айтқанда, Арал тең­ізінің маңы мен Сырдың орта, төменгі сағасынан оңтүстік пен батысқа қарай ауа­ көшкен оғыз тайпаларының соңғы сапы мен олардың орнын басқан қыпшақ тай­паларының алдыңғы авангард тобы бір-бірімен мидай араласып, біте қайнасып кет­кен кезде, осындағы жанданған бірнеше мәдениеттің бір арнаға тоғысқан ша­ғын­да жасалынған мұра. Оны Орта Азияны мекендеген халықтардың бәріне бір­дей­ ортақ мұра дейтініміз сондықтан. Бұл туындының түп-нұсқасы жоғалып кет­кен. Алайда екі көшірме данасы 1926 жылы Бұқарадағы Әбу Әли ибн Сина ат­ын­­дағы кітапханадан кездейсоқ табылғаннан бері белгілі. Бұқарада табылған екі қолжазбаның бірін қыжраның 705-жы­лы (1305 ж.) хатиб («қолжазбалар сақтаушы») Хамид Хафиз көшіріп жазған. Он­да тек араб, парсы тілдік материалдары жинақталған. Ал, екінші бір араб сөз­де­рін­ пар­сы­ша, түркіше, кейіннен монғолша тәржімалаған көшірмесі 893 жылы (1492 ж.) ха­­тиб Дервиш Мухаммед деген кісі жасаған. Соңғысын кезінде өз­бек­тер­ді би­ле­ген­ Абдулла ханның (1557-1598 жж.) тұсында ғұмыр кешкен Құл-Баба Кө­кілташ дей­тін көрнекті бек белгілі бір кітапханаға мұра етіп қалдырса керек.

«Мукаддимат әл-адабты» арнайы қа­рас­тырған зерттеушілер құрамы онша көп емес. Солардың ішінде Н.А. Бас­ка­ков,­ В.В. Бартольд, А.К. Боровковтан басқа, Э.Н.Нәжіп, өзбек ғалымы Б.З. Хали­дов­ты айтуға болады. Түркімен ғалымы З.Б. Мухамедова өзінің зерттеу жүргізген негізгі жұмыстарында сөз­дікті салыстырма үшін қосымша ретінде пайдаланып, ескерткіш материалдарының түрк­імен тіліне қатысын ғана алып қарастырған, басқаша айтқанда, түпнұсқаны қайта көшірушілер «түркімен тілінен» деп белгі соғылған сөздерді ғана өз жұ­мыс­та­ры­на пайдаланған сыңайы бар. Негізінен «Мукаддиматты» алғаш жан-жақты зерт­те­у­шілердің бірі орыс ғалымы Николай Николаевич. Поппе болды.

Бұл туындының түкітанушы қазақ ғалымдары назарынан тыс қалуының ендігі бір себебі — оны зерттеген Н.Н. Поппе есімімен тікелей байланысты.

Иіні келгенде айта кетерлік жайт — Н.Н. Поппе туралы да кейбір бірен-саран еңбектерде тиіп-қашты пікірлер ай­тыл­ға­ны­мен отандық тілі білімі ғалымдары оның өмір жолын, сіңірген еңбегін, ғылымға қосқан үлесін күні бүгінге дейін қолға алып тиянақты зерттеген емес. Бұлай назардан қалыс қа­лып, бағаланбаудың басты себебі өткен ғасырдың 40-жылдары Н.Н. Поппе­нің­ басына түскен тағдыр-тәлкегінен шет елге кетуге мәжбүр болған де­сиденттік іс-әрекеті деп ойлаймыз. Николай (Николас) Николаевич Поппе 1897 жылы 8 тамызда Қытайдың Яньтае (Чифу)қаласында дүниеге келген, 1991 жылдың маусым айында АҚШ-тың Сиэтл қаласында 94 жасында қайтыс болған. Лингвист әрі этнограф, моңғолтанушы, алтай тілінің маманы, 1932 жылдан КСРО ҒА-ның корреспондент-мүшесі. 1921 жылы Петроград университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің моңғол бөліміне түсіп, ондағы әйгілі тіл мамандары А.Д. Руднев, В.Л. Котвич, А.Н. Самойлович, С.Е. Малов, А.В. Бурдуковтармен бірге оқиды, ғылымдағы алғашқы ғылыми жетекшісі атақты Б.Я. Владимирцов болған. 1942 жылы Н.Н. Поппе Қарашай аумағында (Микоян-Шахар) басып алған неміс басқыншылары жағына өз еркімен өтіп, 1943 жылы отбасымен Германияға көшеді. Соғыстан кейін кеңес үкіметінің құрығынан тығылып, бірнеше жыл шығармашылықпен астыртын айналысқан. 1949 жылы ол АҚШ-қа қоныс аударып, Вашингтон штаты университетінің Қиыр Шығыс факультетінде профессор лауазымында қызмет атқарады. 1968 жылы Бонн университетінің құрметті докторы атағына ие болады, 1968 және 1977 жылдары Фин Ғылым Академиясының мүшесі болып сайланған.

Саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қа­ра­ған­ сезіктенгіш те сескенгіш, атын атау түгілі еңбегін сөз етуге қорыққан сол уа­қыт­тардан бері ол жөнінде тіл мамандары ләм-мим жақ ашпайды. Осы салқындық бер­гі уақыттарда «Мукаддимат әл-адаб -тың кеңінен зерттелуіне де кері әсерін тигізген.

Н.Н. Поппенің қолға алып қарастырғаны сөздіктің хатиб Дервиш Мухамед жа­са­ған көшірмесі. Н.Н. Поппе 1938 жылы КСРО Ғылым Академиясы баспасында жа­рық­ көрген, ауқымды екі бөлімнен тұратын еңбегін «Монгольский словарь «Му­ка­­д­димат ал-адаб» деп атаған. Бірінші бөлімде әз-Замахшари қолжазбасында кел­ті­рілген монғол сөздеріне фонетикалық, морфологиялық талдау жасаса, екінші бө­лімінде монғол және түркі сөздерін бір ізге түсіріп, арабша жазылу тұлғасын, ла­тынша транскрипциясын, орысша аудармасын берген. Түпнұсқадағы сөздіктің әу­елгі қалпын сақтамай, сөздерді қайтадан сүзіп қотарып, алфавит бойынша рет-ре­тіне түсірген. Сөздікте келтірілген ауызекі сөйлеу негізінде жасалған түркі тілдік материалы жеке-жеке сөзден ғана емес, сонымен қатар жеке фра­за­лық, күрделі сөз тіркестерінен де тұрады. Оның үстіне И.Поппе монғол тілін қам­титын бөліктегі сөздердің дені ХІІІ-ХІУ ғасырларда Орта Азияда қоныс теп­кен­ жалайыр, барлас руларының тілдерімен төркіндес, ұқсас екенін баса көрсетіп ай­тады. Бұл өз алдына зерттеуді қажет ететін арқауы басқа әңгіме. Шыңғыс ханға байланысты қос Мұхтарымыздың тарих ақиқатын айқындайтын мәселеге тікелей қатысы бар…

Ескерткіш тілінің өзіндік ерекшеліктері, олардың диалектілік ара жігі мен ай­ырмасы жөніндегі осы күнгі түркітанушылардың пікірінде бір ізділік жоқ, ала-құ­ла. Н.А. Баскаков сөзіне қарағанда, В.В. Бартольд оның тілін ХІІ-ХІІІ ғасыр­лар­да­ғы орта азиялық түркі әдеби тілінің негізінде жазылғандығын айтса, Н.А. Бас­ка­ков­тың өзі оны шағатай ұлысының әдеби тілінде жазылған мұра деп таныған. Э.Н.­ Нәжіп бұл сөздіктің лексикасы ХІІ ғасырардағы түркілердің қалпын көрсе­те­ді­ дейді. Ал Н.А. Самойлович ХІ-ХІІ ғасырлар ара­лы­ғын­дағы бірбүтін орта азиялық түркі тілі дамуын іштей өзара үш кезеңге бөліп қа­рай­ды: біріншіден — Қарахандық, мәдени орталығы — Қашқар (ХІғ.); екіншіден — Оғ­ыз-қыпшақтық, орталығы — Сырдың орта, төменгі сағасы мен Хорезм (ХІІ-ХІУ ғғ.);­ үшіншіден — Шағатайлық, орталығы — Шағатай ұлысының отырықшы бө­лі­гін­дегі бірқатар қалалар (ХУ-ХУІІІғғ.).­ Осылайша жіктеу тұрғысынан алғанда, «Му­каддимат» екінші — оғыз-қыпшақтық-хорезмдік кезеңге кіреді.

«Мукаддимат» дүниеге келген уақыт Орта Азияда түркі әдеби тіліне негіз бол­ған қарлұқ, оғыз, қыпшақ тайпаларының аумақтық және тілдік жіктері әлі де бол­са толық анықталмаған, өзіндік сипат-белгілері ерекшеленбеген, яғни көне түр­­кі дәуіріндегі «д» тілден кейін, бірте-бірте ру-тайпалар тілі «з» және «й» тіл­де­рі­не енді-енді ажырай бастаған кез, сөйтіп, әдеби тілде «з», «й» диалектілері («азақ», «айақ») қатар жүріп қолданылған өтпелі кезең еді. Диалектілік ерекшелігі жа­ғынан «Мукаддимат» осы өтпелі кезеңнің жемісі. Сондықтан ХІІ-ХІУ ға­сыр­лар­дағы жәдігерліктер жайындағы «бәріне бірдей ортақ әдеби тілдің дәстүрлі ере­же­сіне лайықтап жазылған мұралар, белгілі бір норманы мұқият сақтап отырған жаз­ба ескерткіштер» дейтін салмақты пікірді әз-Замахшари сөздігіне де келтіруді орынды са­най­мыз.­

Ортағасырлық сөздіктер — қазақтың мәдениетінің нақты ай­­насы, сарқылмас бұлағы, қайнар көзі ретінде танылуы қажет. Түркілік лек­си­кографияның дамуына негіз болған мұндай түркі тілдерінің түсіндірме сөз­дік­тері ішінде бірегейі деп Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ит-түрк» (ХІ ғ.) сөз­дігін атасақ, оған жазылу мерзімі жағынан ең жақын тұрғаны «Мукаддимат» еке­нін мойындаған ләзім. Шынында, ХІІ ғасырдағы Қожа Ахмед Иассауиден бас­тау­ алатын ортағасырлық жазба мұралары ішінде бұл ең байырғысы да.

Бұл еңбектің отандық тіл тарихы үшін қаншалықты құнды екені өз-өзінен түсінікті. Тума тiл — әр халықтың өз­геден ерекше ұлттық таби­ға­тын, ру­хани байлығын танытатын асыл мұра екенінде дау жоқ. Сондықтан да әр халықтың рухани даму көшiнде тіл мә­се­ле­сiне ер­ек­ше­ көң­iл бө­лiнiп, қа­­­шан да басты назар аударылып отырылуы заңды құбылыс. Уа­қыт бе­де­рi өз­гер­ген­­­ сайын тiлдiң де қолдану аясы кеңейіп не кеміп, кей тілдік белгілер қолданыстан шығып, не жаңа сөздермен толығып, молығып отырады.

Халық тарихымен айналысқан ғалымдардың тілге айрықша ден қойып, оны та­­­рихпен шендестіре отырып зерттеуінен шын мәнінде зор кемелдіктің белгісін аң­­даймыз. Атағы әйгілі ғалымдар В.В. Радлов пен А.А. Куниковтің: «Историческая эт­нография должна основываться на лингвистических началах»; К.А.­ Ин­о­ст­ранцевтің: «В этнографии настоящее время придаяется языку не менее, если да­же­ не более важное значение»; В.В. Бартольдтың: «Некоторый материал для суждения о прошлом кочевых на­ро­дов,­ как и всяких других, дают лингвистические факты» сияқты пайымды пікірлері өз­і­нің­ ғылыми салмағын әлі жойған жоқ. Бұл келтірілген тарихи-әдістемелік қағидат ауанын аңдататын сөздер негізінде тарих пен тілдің жұбын жазбай зерттеу қа­жет дегенді діттейді. Бұл тұрғыдан келгенде «Мукаддиматтың» сөздік қоры да өз­ кезеңінің түрлі тарихи белгілерін молынан жинап, мықтап сақтап жатыр. Соның бірі, қазіргі күні қатардан шығып қалған сөздерге қатысты. Жасыратын не бар, кейде телеарналарынан татар елінің хабарын тыңдайтын да әдетіміз бар. Мақсат — оларда тіл ахуалы қалай екендігін байқау. Әр мырзасы өзінше шіреніп, әр ақсағы өзінше ақсаған, тегіміз бір, қатар жатқан көрші елміз ғой. Салыстырып бажайласақ, көш ілгері екенбіз. Тәубе дейік. Әйтсе де біздің де арға — сын, намысқа — сызат түсіретін әттеген-айларымыз да жоқ емес екен. Мәселен, қазір тіс тазалайтын құралды „тіс щеткасы» деп жүрміз, „щетка» деген орыс сөзін қолданамыз, оны жарнамалағанда құлағыныз тұнады. Бұл орыс тілінің шашбауын көтеру емес пе? Енді орыстың „кладбище» деген сөзі бар, бізше, „зират», қорым» дегенге келеді. Бірақ біз қолданатын „зират» жалпыға емес, жалқы атауға ие, сол сияқты „қорым» да белгілі бір әулеттің ата-бабалары мәңгілік қоныс тепкен нақты қорымы. Әз-Замахшаридің „Мукаддимат әл-адаб» сөздігінде осылардың түркіше ескі баламалары сақталған. Бұл еңбекте қазіргі қолданыстан шығып қалған, ескірсе де сөлі сембеген, қазіргі тілдік қолданысқа сұранып тұрған сөздер қатары баршылық. Онда тіс щеткасы „мәсуек» делінеді, ал „кладбище» сөзі — „көрстан». Жатық, қазақы сөздер. Осындай сөздерді тілдік қолданысқа неге енгізбеске.

Қоғамдағы соны өзгерiстер мен жаңалықтар тіл қоры­на ор­ын­­­­­ды өрнек бо­­­­лып қосылып, ажарын аша түсетіні де ақиқат. Бұл — тіл дамуының алғы шарттарының бірі. Ендеше осы та­ри­­­­хи да­­му­да­ғы­ ана тiлiмiздiң бар мүмкiндiгi, көр­кем­­дiк кес­тесi толығымен пай­­­дананылса ғана, он­ың мүмкіндік қуаты арта түсетіні кәдік­. Өкiнiшке ор­ай арамызда туған тi­лiн­ шұ­барлап, қойыртпақтап сөйлейтiн жас та, жасамыс та баршылық. Тіліміз көнерген мүлiктей құ­ны тү­сiп, қо­­жырай бас­та­ды. Табиғи қалпы күн өткен сұйылып барады. Көркемдігі кемуде. Осындай орайда ана тi­лiмiздi толыққанды тiл­ ре­тiнде қайтадан қа­тар­ға қо­су — бүгiнгi күннiң басты мақсатты десек, соның бірі көнеден жеткен жазба жәдігерліктерінде бейнеленіп қалынған сөздерді қайта қатарға қосып, қайта жаңғырту болып табылады.

Елеужан Серімов,

Қарағанды қаласы

Абай-ақпарат


Скачать


zharar.kz