Қазақстанда өнеркәсіптердің дамуы туралы қазақша реферат
Егіншілік және мал шаруашылық шикізаттарына бай аграрлық республика саналатын Қазақстанда алғашқы екі бесжылдықта тамақ жэне жеңіл өнеркәсіптің көптеген салалары шапшаң дамығаны айтпасада түсінікті. Бұл тек Қазақстан тұрғындарын ғана емес, сонымен қатар Орал, КСРО-ның Орталық және басқа да аймақтарын тұтыну заттарымен, әсіресе тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету талабынан туындады. Тамақ өнеркәсібінде ет, ұн, балық және қант өндірісі салаларының кәсіпорындары айрықша дамыды. Ет өнеркәсібі үш алыптың: қайта құрылған Орал еткомбинатының, жаңадан салынған Петропавл (1929-1931 жылдар) және Семей (1931-1934 жылдар) ет комбинаттарының еншісінде болды. Алматы, Карағанды мен басқа да ірі қалаларда ет комбинаттары іске қосылды. Алматы, Семей, Қарағанды және Шымкент ұн тарту комбинаттары, Қызылорда қаласындағы күріш өңдеу зауыты т.б. секілді ірі ұн-жарма кәсіпорындары бой көтерді. 1934 жылы айтарлықтай ірі Талдықорған және Мерке қант зауыттары іске қосылды. 1937 жылы айтарлықтай ірі Жамбыл қант зауыты жұмысын бастады. Гурьев балық-консерві комбинаты (1937 жыл) тамақ өнеркәсібінің аса ірі кәсіпорындарының бірінен саналды.
Бұл жылдары жеңіл өнеркәсіп те біршама айтарлықтай дамыды: 1931 жылы Алматыда алғашқы тігін фабрикасы, Семей мен Алматыда жүн жуатын ірі кәсіпорындар салынды, Петропавл құрым зауыты т.б. кеңейтілді. [21]. Әйткенмен, бұл жылдары Қарғалы шұга фабрикасы, Петропавл былғары зауыты, Петропавл мен Оралдағы пима басу зауыттары, Алматы, Семей және Оралдағы жүн жуатын кәсіпорындар т.б. тәрізді сол кезге дейін жұмыс істеп тұрған ескі кәсіпорындарды қайта құруға басты назар аударылды. [22].
Соғыстың қарсаңында, үшінші бесжылдықтың алғашқы жылдары жеңіл және тамақ өнеркәсібі айтарлықтай табысқа жетті, кәсіпорындарды тиімді орналастыру жолға қойылды: Алматыда қуатты жаңа тігін фабрикасы салынды, ескісі қайта жөндеуден өтті, Семей былғары комбинаты жаңартылды, Семейде шұға комбинаты, Алматыда аяқ киім фабрикасы т.б. салынды. Семей, Петропавл және Орал ет комбинаттары өнім өндіруді арттырды. Нан пісірудің механикаландырылған тәсілі кеңінен таралды: Қарағанды, Алматы, Лениногорск және Балқашта автоматтандырылған нан зауыттары, ал Жамбыл мен Қызылордада механикаландырылған наубайханалар салынды. Қазақстанның ірі қалаларында сүт зауыттары іске қосылды, май шайқау зауыттарының саны өсті. Оңтүстік Қазақстанда мақта майын өндіру өнеркәсібі пайда болды, қайтадан салынған Шымкент май шайқау зауыты ірі кәсіпорынға айналды. Алматы жеміс-жидек комбинаты ірі кәсіпорын мәртебесін сақтады. 1938 жылы Алматы шарап зауыты алғаш іске қосылған кезден бастап шарап дайындау өндірісі дами бастады. Балық өнеркәсібі айтарлықтай табыстарға жетті, Каспий тенізі жағалауынан салынған Гурьев балық-консерві комбинаты мен 17 балық зауыты, Аралдағы қуатты тоңазытқыш пен 10 балық зауыты, Балқаштағы 5 балық зауыты мен тоңазытқыш осы саладағы ірі кәсіпорындар санатын құрады. [23].
Республика өнеркәсібінің биік белеске көтерілуі соғыс қарсаңындағы жылдарда айқын аңғарылды, осы кезде 700 өндірістік және көлік-тасымал кәсіпорындары жаңадан құрылды. 1940 жылы республикада 2,5 мың жаңа және соғысқа дейінгі бесжылдықтар кезеңінде қайта құрылған ірі өнеркәсіп орындары жұмыс істеді. Бұл ретте, Қазақстанның ірі өнеркәсібі өнімінің үштен екі үлесін еншілеген 268 жаңа және тұтастай қайта құрылған ірі кәсіпорындарда өндірістік қордың 80%-ынан астамы және республикадағы барлық жұмысшылардын жартысына жуығы шоғырландырылды. [24].
Сөйтіп, КСРО-ны индустрияландыруды жүзеге асыруға байланысты, Қазақстанда бұрынғы кәсіпорындарды қайта құру және әсіресе жергілікті шикізат көздері базаларында жаңа кәсіпорындар құрылысы, сондай-ақ жаңа қосымша жол қатынасы құрылыстары жоғары қарқынмен жүргізілді. Осылардың нәтижесінде Қазақстан аграрлық елден индустриялы-аграрлы республикаға айналды: 1940 жылы республика халық шаруашылығының жиынтық өніміндегі өнеркәсіптін үлес салмағы 1920 жылғы 6,3% бен 1932 жылғы 39,5%-дың орнына 60%-ға көтерілді, яғни ауыл шаруашылығының үлесі бір жарым есе (40%) асып түсті. [25]. Соның арқасында бірінші бесжылдықтың басында белгіленген бұл негізгі міндет Екінші дүниежүзілік соғыстың басталар шағында табысты орындалды. Бұл ретте ірі өнеркәсіптің жалпы өнімі құрылымындағы басым жағдайды өндіріс құралдарын өндіру саласы иеленген, оның өзіндік үлесі үшінші бесжылдықтың басында-ақ алдынғы орында болды және 1939 жылы 52%-ға жетіп, 1913 жылғы 27,2%-дан, 1927-28 жылғы 35,1% бен 1932 жылғы 49,3%-дан асып түсті. Бұл тұтастай алғанда ауыр өнеркәсіптің, атап айтқанда, металл өңдеу, түсті металлургия, көмір, химия өнеркәсібі,электр қуатын өндіру және басқа да салалардын неғұрлым шапшаң қарқынмен дамуының нәтижесі болып табылды. Дәл осы жылдары жедел түрде болмағанымен, біртіндеп, тұтыну заттарын өндірудің үлес салмағы: 1927-1928 жылдардағы 64,9% бен 1932 жылғы 50,7%-дан 1939 жылы 48,0%-ға дейін қысқарды. [26].
Сонымен қатар Қазақстанның өнеркәсіптік прогресінде республика экономикасының шикізаттық бағытын күшейткен бірқатар кемшіліктер мен олқылықтар орын алды, соның салдарынан, көптетен өндіріс құрал-жабдықтары мен тұтыну заттарын жергілікті жағдайда өндіруді ұйымдастырудың барлық мүмкіндіктері болғанына қарамастан, олар үнемі сырттан әкелінді.
Өндіріс құралдарын өндіру мүмкіндіктеріндегі артықшылықтарға қарамастан, Қазақстан Орталықтан және елдің басқа аймақтарынан станоктар, приборлар, құрал-жабдықтар, машиналар, автокөліктер, тракторлар, комбайндар мен машина жасау өндірісі зауыттарының басқа да өнімдерін және құрылыс материалдарын ғана емес, сонымен бірге киім, аяқ киім және т.б. тұрғындар кеңінен пайдаланатын көптеген нәрселерді де алып отырды. Батыс Қазақстанның мұнайы өңдеуден өткізу үшін Ресейге жіберілді, ал жергілікті жерде мұнай өңдейтін бірде-бір зауыт болмады. Құрылыс материалдары өнеркәсібі әлсіз күйінде қалды. Кірпіш құю өндірісі жергілікті орындарда нашар ұйымдастырылмағанымен, көптеген материалдар, әсіресе әйнек пен цемент те сырттан тасылды. Жүн, мақта, былғары және басқа да шикізаттың орасан мол екеніне қарамастан, Қазақстанда бәрібір жеңіл өнеркәсіптің бірде-бір ірі комбинаты (тоқыма, мақта-мата және басқалары) салынған жоқ, ал бұрыннан бар ұсақ зауыттар мен фабрикалар жергілікті тұрғындардын киімге, аяқ киімге және басқа да жиі тұтынатын бұйымдарға деген қажеттілігін қанататтандыра алмады.
Орталықтың және КСРО-ның басқа да аймақтарының дамыған өнеркәсібі үшін Қазақстанның шикізат көзі ретіндегі рөлі индустрияландыру жағдайында бұрынғыдан да күшейе түсіп, қарым-қатынас аясы ұлғайды. Бәрінен бұрын Қазақстан КСРО-ның жеңіл және тамақ өнеркәсібі үшін шикізат дайындаудың негізгі базасына айналды: 1940 жылы республика КСРО бойынша жуылған жүн мен сырт киімдерге арналған былғары тауар өндіруден төртінші, мақта-мата және жүн иіруден бесінші орынды иеленді. Тек 1936 жылы ғана Қазақстанда 104,6 мың тонна мақта, 200 мыңнан астам ірі және 900 мың ұсақ тері, ал 1939 жылы 8,1 мың тонна жүн, оның ішінде 53,6 тонна биязы және жартылай қылшықты жүн дайындалғанын айтсақ та жеткілікті. Әрине, бұл шикізатты жергілікті жағдайда өңдеу мүмкіндігінің шектеулі болуына байланысты, ол Орталықтағы және КСРО-ның неғұрлым индустриялы дамыған аймақтарындаты жеңіл өнеркәсіп орындарына жөнелтілді. [27]. Шикізат өндіру саласының қауырт дамуы мен индустрияландырудың нәтижесінде және кен орындарының бай қорының арқасында, Қазақстан түсті металл өндіруден КСРО бойынша екінші, мұнай, көмір өндіруден үшінші орынды иеленді, ятни Кеңес Одағының машина жасау, электртехникалық, химиялық және басқа да өнеркәсіп салаларының, сондай-ақ теміржолдарының негізгі жабдықтаушыларының біріне айналды. [28]. Ұлы Отан соғысы қарсаңында мұнай айыратын (Гурьев қаласында), машина жасау (Ақтөбедеті Казсельмаш), цемент шығаратын және басқа да зауыттар салу жөнінен алғашқы қадамдар жасалғанымен, бұл тұтастай алғанда Қазақстанның өнеркәсіптік дамуындағы басты бағытты – оның шикізаттық сипатын өзгерте алмады, бұл жағдай индустрияландыру кезеңінде, тіпті одан кейін де қалыптасып, жалғасын тапты.
КСРО-ны индустрияландыру барысында жасалған Қазақстан өнеркәсібі, құрылыс пен кедік қатынасы тәрізді индустрияның басқа да садаларымен бірге, ірі экономикалық, әлеуметтік-демографиялық және басқа да өзгерістердің, әсіресе жаңадан салынған өнеркәсіп алыптары мен теміржолдар бойында ескі қалалардын қанат жайып, жаңаларының бой көтеруінің, сондай-ақ жергілікті жұмысшы табынын және республиканың инженерлік-техникалық интеллигенциясының қалыптасуының қуатты экономикалық негізіне айналды.
—- Қазақстан өнеркәсібін игеруге қатысты патшалық саясат Патшалық Ресей әр түрлі халықтарды отарлық қанау мен оның экономикасына негізделген аса үлкен империяға біріктірді. Осындай патшалық самодержавиенің отарына айналып, құлдыққа түсіп, езілген, өте төмен шаруашылық және мәдени дамуымен ерекшеленген ел – Қазақстан болды.
Қазақстанның капиталистік өнеркәсібі басынан-ақ нақты отаршылдық сипатта болды. Отарланған Қазақстандағы капиталистік өнеркәсіптің дамуының екі ерекшелігін атап көрсетуге болады: біріншіден, аймақтағы өнеркәсіптің негізінде табиғи капиталистік қатынастар дамыған жоқ, сырттан келген көпестердің капиталының базасында пайда болды. Екіншіден, қазақтың ұлттық капиталы өнеркәсіптің дамуы мен құрылуына ешқандай қатыспады. Ұлттық сауда-өсімқор буржуазиясы тек өнеркәсіп капиталы мен жерлікті рынок арасында дәнекер болды. Осындай жағдайда өнеркәсіп пролетариатының ұлттық кадрлары орыс өнеркәсіпшілері басып алған сауда өнеркәсібі базасында қалыптасты [2].
Патша өкіметінің Қазақстанның өндірісін игерудегі саясатына талдау жасай отырып, оның бірнеше бағытын атап өтуге болады. Бірінші бағыт- орыстың сауда капиталының Қазақстан өндірісінен игерудегі орны мен осыған байланысты, бірінші кезекте, белгілі Сібір саудагері С.И.Поповқа патша өкіметінің берген мүмкіндіктері мен жеңілдіктерін атап өту қажет. Ол Қазақстанның тау- кен ісіндегі монополиялардың қожайыны болды десе де болады. Оған тау-кен орындарын қамтыған 1500кв. шақырым үлкен аумақ тиесілі болды. Павлодар уезіндегі Александровск кенінде С.И.Поповтың өнеркәсібі 1870 жылы қара мысты тазалап, 930 пұт көмір пайдалана отырып, 1180 пұт мыс алған [3].
Орыс капитализмі Қазақстанға біртіндеп ене отырып, отарлау, қанау сипатына ие болды. Ол Қазақстанның бүкіл ресейлік нарыққа енуіне жол аша отырып, шикізат көзі мен Ресейдің орталық өндіріс тауарларын өткізетін арзан рынокқа айналдырды. Қазақстанға орыстың өнеркәсіп капиталын енгізу капитализмнің монополистік даму кезеңімен тұспа-тұс келді. В.И.Ленин монополияларға қарай икемдеу тенденциясын туғызатын кәсіпорындардың көлемі де бір болады, — деп жазды.
Ең бірінші Қазақстандағы мұнай алу өнеркәсібіне бастама болған және барлау алаңы болған 1899 жылы Қарашұңғылда, 1911 жылы Доссорда екінші мұнай көзі ашылды. Революцияға дейін кезеңде Қазақстан өндірісінде 117 іске асқан бұрғылау орындары және 166 барлау бұрғылары болды, соның ішінде бұрғылау жұмыстарының жартысына жуығы Доссорда жүргізілді.
Доссорды да аяусыз тонап, мұнай алуда қарапайым ережелер сақталмады, сондықтан да кен орнындағы байлықтың мерзімінен бұрын таусылуына да әкеліп соқты. Революцияға дейінгі жылдардағы Доссордағы күніне алынатын мұнай көлемі: 1912 жылы – 52,7 т, 1913 жылы – 63,6 т, 1914 жылы – 34,8 т, 1915 жылы – 18,2 т. ХХ ғасырдың басында Доссордың мұнайын есепсіз өндіріп, олар өздерінің ғана бас пайдасын ойлады және жыл өткен сайын мұнайдың көлемі азайды.
Патша өкіметі шетелдік капиталистердің Қазақстан өнеркәсібіне емін-еркін енуіне мүмкіншілік берді. Қазақстандық зерттеуші Ц.Л.Фридман былай деп жазды: ХІХ ғасырдың сонымен ХХ ғасырдың басында шетелдік капиталистер сол кездегі бар мыс, полиметалл кендері мен көмір кен орындарын қолына алды. Сонымен қатар мынаны аса айтып көрсету қажет: Шетелдік капиталистер геологиялық барлау жұмыстарына ешқандай ақша шығарған жоқ, дайынға ие болып, патша өкіметінің белсенді ат салысуы нәтижесінде аса бай кен көздерін тиынға сатып алып, жергілікті халықпен орыс кәсіпкерлері ашқан жерлерге иелік етті [4].
ХІХ ғасырдың ортасында Оңтүстік Қазақстанда орталық Ресейдің ұсақ өнеркәсіп иелері мен қолөнершілері келіп орналаса бастады. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ресейдің келген кәсіпкерлер екі көмір бассейіні – Боралдай мен Леңгірді ашты. 1866 жылы Орынбор әскери округінің әскерінің бастығы Түркістан облысына тапсырмамен жіберілген бас инженер подполковник Татаринов Шымкент пен Ташкенттің ортасынан өте жақсы сападағы көмір қорынан тапқанын хабарлайды. 1868 жылы өндіру қарқыны өте төмен Боралдай көмір бассейінінің негізін салды (Татаринов атындағы көмір кені). Ал Шымкенттің оңтүстік шығысында 30 шақырым жерде орналасқан Леңгір көмір бассейіні Шымкент пен Ташкенттің өндірістерін көмірмен қамтамасыз етіп отырды [5].
Тау-кен өнеркәсібінің дамыған саласы әсіресе, 1880-1990 жылдарда өлкенің кен өнеркәсібінің басты салаларының бірі алтын өндіру болатын. Өскемен уезінде ғана 125-тен астам кеніш жұмыс істеді. Бірақ ХХ ғасырдың басында бірқатар себептерге байланысты (салықтың көп мөлшерде салынуы, қатынас жолдарының қашықтығы, қаражаттың, құрылыс материалдарының жеткіліксіздігі және тағы басқа) Өскемен уезінің алтын кеніштері 50-ге дейін қысқарды. Алтын өндіруші салаға орталық Ресейдің Сібір мен Алтайдың ірі өнеркәсіпшілері де өз капиталдарын салды. Алтын өнеркәсіпшілері арасында орыс және татар кәсіпкерлері басым болды. 1882 жылмен 1892 жыл аралығында алтын өндіру 13,31 пұттан 23,38 пұтқа дейін өсті. Революцияға дейін Қазақстаннның территориясында 16 алтын өндіретін өндірістер болды. Олар 1555000 сомға 76 пұт алтын өндірді. Өндірісте 1160 орыс және 1140 қырғыз жұмысшы еңбек етті.
Оңтүстік Қазақстандағы химия өнеркәсібінің бастамасы болған Шымкент сантонин зауыты болды. Сантонин – бұл дермене жусанның тұқымынан (дармин) алынған емдік өнім. Дармин деп аталатын емдік шөп Азия мен Африканың көптеген елдеріне белгілі болды. Бірақ ХІХ ғасырдың 80 жылдарында аса бағалы шөп қоры Сырдария облысы Шымкент пен Әулие ата уезінде ғана сақталды. Осы уақытта Европа елдерінде төрт сантонин заводы үшеуі Германияда, біреуі Англияда Түркістаннан әкелінген шикізат негізінде жұмыс жасап тұрды. Шымкент зауыты бүкіл Ресейдегі сантонин өндіретін жалғыз өндіріс болып табылады. Зауыт өзінің өнімін көптеген шетелдік мемлекеттерге: Англия, Америка, Германия, Жапония, Қытай, Үндістан, тағы басқа елге шығарды.
Қазақстандағы өндірістер ұсақ өндірістер негізінде емес, шетелдіктер салған қаржы негізінде негізінде дамыды. Шетелдік өнеркәсіпкерлер жұмысшы қазақтарға қатысты кемсіту саясатын ұстады. Оларды қандай да болмасын бір құқығынан айырды немесе өте төмен жалақы төледі. Қазақ жұмысшыларының біліктілігін көтеру мүмкіндіктері болмады. Біліктілігі бар қазақ жұмысшылары бүкіл жұмысшы – қазақтардың 7 % ғана құрады.
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен 1917 жылдардағы өңдейтін өнеркәсіптердің пайда болуы мен дамуы . Қазақстан Ресейге қосылғаннан кейін көп салалы өңдейтін өнеркәсіптер дами бастады. Жер өнімдері мен мал шаруашылығы заттарын өңдеу қазақтарға бұрыннан белгілі болды, бірақ бұл қосымша кәсіп ретінде, қазақтардың негізгі кәсібі-көшпелі мал шаруашылығы болды. Қазақстанның өңдеуші өнеркәсіптерінің кен-зауыт өнеркәсібінен айырмашылығы, ауыл шаруашылық шикізатын ұқсату жөніндегі өнеркәсіп жергілікті қажеттермен тығыз байланысты болды және өлкенің әлеуметтік-экономикалық өміріне белгілі бір ықпал жасады. Өңдеуші өнеркәсіптің кәсіпорындарын мынадай екі топқа бөлуге болады.
1. Ресейдің еуропалық бөлігіне және шет елге шығару үшін мал шаруашылығы шикізатын алғашқы өңдеу жөніндегі кәсіпорындар: жүн жуатын, мал майын қорытатын, ішек-қарын тазартатын және басқа кәсіпорындар жатты;
2. Ауыл шаруашылық өнімін оны жергілікті жерде тұтыну үшін ұқсату жөніндегі кәсіпорындар: бұлар былғары, май шайқайтын, спирт-арақ зауыттары, темекі фабрикалары және тағы басқалары. Толық емес деректерге сүйенсек, Қазақстанда 1886 жылы 1028 ұсақ өнеркәсіп өндірістері болса, 1895 жылы бұл ауыл шаруашылық шикізаттарын өңдейтін өндіріс саны 2124 болып, соған сай жұмысшы саны 3432 – ден 5493-ке дейін өсіп, айналымдағы өнім бағасы 2395,1 мың сомнан 3929 мың сомға жеткен.
Темекі шығаратын да фабрикалар пайда болды. Ең бірінші темекі плантациясы Верный қаласына жақын жерде Үлкен станциада Гаврилов деген фабрикант іргесін қалап, осы жерден табак фабрикасын ашты. 1883 жылы плантацияда 67 жұмысшы, фабрикада 15 жұмысшы, 2 шебер жұмыс жасап, 1 станок темекі жапырақтарын кесіп, қол машинамен папирос ораған.
Өңдеу өнеркәсібінің ең дамыған салаларының бірі, соның ішінде Солтүстік Қазақстанда тері өңдеу кәсібі болды. 1890 жылы Шучинск станциясында 8 тері илейтін зауыт болса, тура осындай кәсіпшіліктер жоғарғы Бұрлық пен Төменгі Бұрлық станцияларында да болды, ал олардың орталығы, ең ірісі Петропавл қаласында болды (10 зауыт). 1898 жылы Солтүстік Қазақстанда жалпы зауыттар саны біршама азайды [6]. Олар 23 болды, оның онында әр түрлі механизмдер-көбінесе 1-3 ат күші бар ат қозғалтқыштары мен 2 ат күші бар су қозғалтқыштары болды. Егер Ақмола облысы мен Орынбор Губерниясындағы жұмыс істеп тұрған былғары зауыттарынның санын салыстыратын болсақ, 1890 жылы мынадай көрініс береді. Ақмола облысында 21 зауыт жұмыс істесе, Орынбор губерниясында 68 зауыт әрекет етті [7].Сонымен қатар Ақмола облысындағы зауыттар аз өнім шығарды. Осындай өндіріс саласы Торғай облысында біркелкі дамыған жоқ. 1897 жылы Қырғыздар календары мәліметінде 1889 жылғы облыста небәрі 2 былғары зауыты болғандығын және оның Қостанай уезінде орналасқанын айтады [8].
Оңтүстік Қазақстанда былғары өңдеу ісі мал шаруашылығы шикізаттарын өңдейтін өңдірістің басты бір тармағы болды. Былғары өңдірісі Түркістанда Өлкенінің Ресейге қосылғанына дейін пайда болды және 1870 жылдың аяғына дейін қолөнер кәсібі түрінде сипат алды [9]. ХІХ ғасырдың 70 жылдарының басында Жетісу облысында 8 былғары өңдірісі, ал Сырдария облысында 12 өндіріс жұмыс жасады [10]. Сырдария мен Жетісу облысында 1916 жылы 65 мекеме болған [11]. Революцияға дейін ірі және ұсақ тері өнімдерінен Қазақстанда 3 059000 дана тері өңделіп, 13 034 800 сомға қаржы түсткен. Қазақстанда барлығын қосқанда, 8 ірі, 100-ге жуық ұсақ өндіріс болып, 683 500 тері өңдеп, 1200 дейін жұмысшылар болды.
Қазақстан тұрғындарының өмірінде аса үлкен рөл атқарған Шымкент пен Әулие-Ата уезінде кездесетін құмның астында қалған көлдердегі отырып қалған тұздан ас тұзын алу болды. Тұрғындардың сұранысына ие болған Шымкент уезіндегі Қаракөл болыстығындағы Қаракөл көлінен алынған қара тікен тұз болды. Тұз алу өте қара дүрсін, қарапайым еді. Құжаттарда көрсеткендей бұл кәсіпті жүргізген де, оларды әкелетін де бір қырғыздар, олар не отырып қалған тұзды жинайды, не ең артта қалған, жабайы әдіспен алады . 1 пұт тұздың бағасы оның ара қашықтықпен тасымалдай қиындығына қарай 25 тиыннан 4 сомға дейін болған.Революцияға дейін КССР территориясында 6 тұз өнеркәсібі жұмыс істеп, 6700000 пұт тұзды 670000 сомға өндірді. 370 орыс, 580 қырғыз жұмыс жасаған.
Тағы да бір кең тараған өндіріс саласы жүн жуу. 1913 жылы Оңтүстік Қазақстандағы 16 жүн жуатын өндірісте 270550 пұт жүн жуылып, одан 1929182 сомға 66% дайын , таза, жуылған, іріктелген жүн алынды. Ал Петропавл қаласындағы жүн жуатын мекемеде 10000 қой жүні 2800 сомға жуылған 50 еркек, 100 әйел күніне 12 сағат жұмыс істеген.Істелінетін жұмыс көлемі мен жұмысшы саны да әр түрлі болды. Мысалы: Петропавлдағы екінші бір жер көпес В.П.Фигиннің иелігендегі жүн жуатын мекеме 1880 жылы құрылды. 1887 жылы 100 еркек, 150 әйел жұмысшыны пайдаланып, жылына 37000 сомға 15000 пұт жүн жуған.
Патшаның отарлау саясаты Қазақстандағы жеңіл және тамақ өнеркәсібі салаларының дамуына тежеу болды. Ауыл шаруашылық шикізаты көлемінің өсуіне қарамастан, революцияға дейін Қазақстанда оны өнеркәсіптен өңдеу тиісті дәрежеде дами алмады. Арақ, спирт қайнататын және сыра ашытатын зауыттар туралы мәліметке қарайтын болсақ, Қазақстанның әр түкпіріндегі жұмысшы саны, жұмыс уақыты әр түрлі болып келеді. Мысалы: Семей қаласындағы көпес Арефеевтің сыра зауыты 7 жұмысшы мен 2 сыра қайнататын қазанды пайдаланып, 8 мың шелек Бавария сырасын 14400 сомға дайындады. Ал олардың өндірістері өте ұсақ, әрі техникалық нашар жабдықталған қасапқана, диірмен, дән үгетін, май шығаратын, арақ, спирт қайнататын, сыра ашытатын, темекі шығаратын,шұға-мәуіті фабрикасы, қой терісі, тон, киіз байпақ өнімдерін шығаратын өндірістер ретінде көрінді. Ал балық кәсіпшілігінің даму деңгейі балықты сақтау мен көнсервілеуде жағдай болмағандықтан, ол маусымдық кәсіп болып қалды, әрі балықты тұздауда, тұрпайы әдістер қолданылды. Революцияға дейін Қазақстан территориясында 140 балық кәсіпшіліктері жұмыс істеп, 6750 дейін жұмысшы істеп, 6750 дейін жұмысшылары болған, олардың 80% қырғыздар. Шикізатты өңдеу 5200000 пұтқа дейін жеткен. Сонымен ХІХ ғасырдың соңында 1882 жылы Ақмолада 1 мыс балқыту зауыты 2 май ерітетін, 1 сабын қайнататын зауыт болса, Көкшетауда 12 тері-былғары зауыты, 5 май ерітетін зауыт, ал, Петропавлда 1 арақ, 2 сыра зауыты, 1 ұн тартатын, 1 мақта мекемесі, 5 сабын қайнататын, 5 тері-былғары, 13 май ерітетін, 2 желім қайнататын, 33 кірпіш зауыты, 2 жүн түтетін, 1 ішек-қарын жуатын мекеме жұмыс істеді [12].
Қорыта келгенде, 1913 жылғы мәліметтер Қазан революциясының жеңісі мен одан кейінгі жылдардағы өнеркәсіптің даму жағдайын көрсетпейді.Себебі империалистік соғыс өнеркәсіптің дамуына кері әсерін тигізді. Осы жылдарда көптеген өнеркәсіп өндіріс ошақтары өзінің өнім шығаруын қысқартты, кейбіреуі тіпті мүлдем қимылсыз қалды.