Қазақ көркем әдебиеті туралы қазақша реферат
Қазақ көркем әдебиеті жүріп өткен жол аса мағыналы жол, жемісті жол деуге болады. Өйткені өз тәуелсіздігімен, егемендігімен қайта қауышқан қазақ елі –туған әдебиетінің кешегі тарихына, бүгінгі тағдырына деген көзқарастың астарында жатқан тарихи жауапкершілік пен елдік мұраттың айрықша салмағын саралай білді. Осы арқылы біз ұлттық құндылықтарымыздың бағасын таразылаған, мәңгілікке қызмет ететін ұлттық идеяның өміршеңдігін аңғартқан туындыларды қазақ прозасының аса құнды мұрасы ретінде қабылдауға тиіспіз.
Белгілі бір дәуірде өмір сүрген суреткерлер шығармаларында болжалды идея үнемі бірыңғай бірыңғай күйде көрініс таппай, сан-салалы көркемдік шешімдер арқылы бой көрсететіні ақиқат. Сондай-ақ, әдеби шығармада көрініс табатын қоғамдық өмір шындығы мен әрқила адам тағдырын дайын қалыпқа салып бағалау, жадағайлыққа ұрындырарыһах. Әрбір әдеби бағыттың, көркемдік әдістің өз шеңбер шегі, шектеулі мүмкіндіктері бар. Әрбір үлкен суреткердің айқындалған бағыты бар, ол сол өзі ұстанған бағыт жолында еңбек етеді.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі әдебиет өмір шындығын, ұлт мүддесін, замананың өркениетті көріністерін алға тарта отырып, өз кезіндегі озық ой-санадан өріс тапты, соны жетекші идеяға айналдырды. Мәселен ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы ағартушылық идеяның ХХ ғасыр бас кезінде азатшылдық идеяға ұласуы.
Әдебиет қашанда болса өз дәуіріндегі қоғамдық өмірмен, оның жаңа өзгерістерге бейім жағдайымен тығыз байланысты болып келеді. Әдебиет қоғамдық даму бағытына орай өзгеріп отыратындықтан сөз болып отырған әдебиет кезеңіндегі тарихи-әлеуметтік жағдайды, оның басты-басты сипаттарын айқындап алмай, өз тұсындағы қоғамдық өмірдің бар құбылысын, айнадай жарқыратып көрсететін әдебиет жайлы сөз қозғау мүмкін емес.
Бұл кезеңдегі әдебиетте күні озған әдет-ғұрыптар мен отаршылдық озбырлық әкелген жұғымсыз кесапаттарға қарсы күрес нақты көрініс тапты.
Әдебиет ұлттық сананы ояту арқылы ұлт бірлігіне, жер иелігіне, ел тәуелсіздігіне үндеудің жаршысына айналды. Оны көркемдік әдіс-тәсілдер арқылы оқырман санасына сыналай да, ашық та сіңіруге тырысты. Мұны түрлі бағыт өкілдері өз шығармашылықтарының өн бойына өзек етіп, әр қилы көркемдік шешімдер жасай білді.
Өткен ғасырдың бас кезінде отаршылдық езгінің қыспағында қалған қазақ халқы ауыр қоғамдық дағдарысқа ұшырады. Міне осы тұста қазақ зиялыларының өзгеше бір тобы отаршылдық құрсауынан ұлтын боатар жол іздеп, жүйеге түскен бағдарламалық іс-әрекетке көшті. Бұл қазақ халқының ғасырдан астам азапты тарихындағы нұрлы сәулеге бет бұрған кезеңі еді. Яғни азаттық кезеңді жақындата түскен саяси күрес жылдары болатын. Осы саяси қозғалыстың басында Ахмет, Әлихан, Міржақыптар тұрса, олардың шығармашылығынан күрес идеясының, азаттық сарынның көрініс таппауы мүмкін бе?!
Поэзияда Ахаң айтқан Аш көзіңді оянып , Міржақып қоштаған Оян, қазақ! осының жемісі. Мағжанның сезімінің қылын шерткен сыршыл өлеңдерінен де ұлы күреске деген ынтықтық сезіліп тұрады. Ол сомдаған Батыр Баян бейнесі – ел қорғаны, ердің ұлт азаттығы жолындағы күрескердің көркем сөзден соғылған құрыш тұлғасы. Прозадағы Міржақыптың Жамалы – өз еркіндігі үшін күресе білген, сол жолда мерт болған, теңдікке ұмтылған қазақ қыздарының типтік бейнесі іспетті, үлкен жанрда тұңғыш сомдалған тұғырлы тұлға.