Ақша агрегаттары және оның құрылымы туралы қазақша реферат
Ақша айналымының екі жағының ( қолма –қол ақша мен банктік айналымдағы ақшаның ) бірлігі, олардың бір формасының екіншісіне алмасуы жалпы ақша массасының құрамын анықтауды қажет етеді. Себебі ақша массасы — ақша айналымының сандық көрсеткіші. Белгілі бір мерзім аралығында және белгілі бір күнге ақша айналымындағы сандық өзгерістерді талдау үшін, сол сияқты ақша массасының көлемін және оның өсу қарқынын реттейтін іс — шаралар жүргізу үшін әр түрлі көрсеткіштер қолданылады. Ондай көрсеткіштер ақша агрегаттары деп аталады.
Ақша агрегаттарының құрылымы тұрақты, қалыпты болмайды. Ол ақша нарығы құралдарының дамуына байланысты өзгереді.
Ақша агрегаттары бір – бірінен өтімділігі бойынша ажыратылады. Ең өтімділігі жоғары агрегат болып М0 ( қолма – қол ақша ) саналады. М1 – дің өтімділігі М0 – ге қарағанда азырақ, бірақ М2 – ден жоғары.
М2 ақша агрегаты қолма қол ақша және қолма – қол емес құралдар арқылы анықталады, өз кезегінде олар халықтың жинақ жасауымен және заңды тұлғалардың шоттарындағы қалдықтармен тікелей байланысты. Яғни, бұдан мынадай ойға келуге болады: халықтың жинақ жасау үрдісі интенсивті түрде жүрсе, халық банктерге сенеді және өз ақшаларын солардың шоттарында ұстаса, онда Орталық банк ақша массасын көбейте алады. Ендеше халықтың жинақтар жасауы жаңа ақшалардың пайда болуын қамтамасыз ету функциясын атқарады деп айтуға болады.
Әр елдегі ақша агрегаттарының құрамы бірдей емес. Мысалы, АҚШ- та ақша массасын анықтау үшін төрт ақша агрегаты қолданылады, сондай – ақ М2 –нің құрамына бір күндік операциялар бойынша бағалы қағаздар, ақша нарығының депозиттік шоттары, Ал М3 –ке М2 –ге қосымша ретінде қазынаның қысқа мерзімді вексельдері, коммерциялық банктермен жасалатын сатып алу туралы жедел келісімшарттар кіреді. Ал Жапония мен Германияда үш ақша агрегаты қолданылады. Англияны айтатын болсақ, онда бес ақша агрегаты қызмет етеді.
Енді осы ақша агрегаттарының әр қайсысына бөлек – бөлек тоқталып өтейік.
М1 ақша агрегатына қатысты бірегей көзқарас бар, оған айналыстағы нақты ақшалар мен мерзімсіз депозиттерді жатқызады.
Кейбір елдерде бұған барлық ағымдағы салымдарды, мысалы, Ұлыбританияда тек олар бойынша пайызбен есептелмейтін депозиттерді ғана жатқызады. АҚШ – та сондай – ақ М1 агрегатына банктік емес мекемелермен шығарылған аккредитивті, Жапонияда — 7 күн бұрын алдын ала хабарлауға жататын депозиттерді де жатқызады.
Негізінде, М1 агрегаты айналыстағы ақша массасының тар көрсеткіші болып табылады. Бірақ, соған қарамастан, ол өте маңызды, себебі ол ақшаның төлем құралы функциясымен тығыз байланысты. Ол жеке сектордың барлық өтімді қорларлануын қамтиды. Осы уақытқы дейін М1 агрегаты пайыз ставкасының және халықтың өтімділікті таңдауының арақатынасы деп саналды. Себебі М1 агрегатына жататын активтер ешқандай пайыздық табыс әкелмейтін. Өкінішке орай қазіргі кезде бұл заңдылық пайыздық табысы бар ағымдық шоттардың пайда болуына байланысты бұзылған.
М2 және М3 агрегаттарын анықтау барысында елдер арасында мәнді айырмашылықтар бар.
Францияда М2 агрегатына М1 агрегатымен қоса, төрт жылға дейінгі мерзімсіз депозиттер; АҚШ — та жинақ шоттарындағы қалдықтарды, ақша нарығы қорларының акцияларын, АҚШ – ғы банктерде және шетелдегі банктердегі АҚШ резиденттерінің еуродолларларын; Ұлыбританияда – чек шығаруға болатын депозиттерді, бір ай бұрын хабарлайтын депозиттерді жатқызады.
М3 агрегаты М2 агрегатынан басқа: Францияда резидент еместердің ақшалай активтерін: мерзімді депозиттерді, кассалық бондар және қаржы мекемелерінің депозиттік сертификаттарын; Германияда жинақ депозиттерін; Ұлыбританияда мерзімді депозиттік сертификаттарды, валютадағы депозиттер мен сертификаттарды жатқызады. Яғни М3 агрегаты ақша массасының кең көрсеткіші болып табылады.
М3 агрегаты мемлекеттегі халықтың сатып алу қабілетінің толық соммалы көрсеткіші деп санауға болады. Сондықтан мемлекет көп жағдайда осы агрегатты пайдаланады және айналыстағы ақша массасын реттеу мақсатында қолданады.
Сонымен, барлық ақша агрегаттары иерархиялық жүйеге тізбектеледі: әрбір келесі агрегат өзінің алдындағы агрегатты қосып алады.
Ал енді Қазақстан Республикасындағы ақша агрегаттарын көрсетейік:
М0 – айналыстағы қолма – қол ақша немесе банк жүйесінен тыс ақша;
М1 – М0 + банктік емес заңды тұлғалар мен халықтың теңгедегі аудармалы депозиттері;
М2 – М1 + теңгедегі басқа да депозиттер және банктік емес заңды тұлғалар мен халықтың шетел валютасындағы аудармалы депозиттері;
М3 – М2 + банктік емес заңды тұлғалар мен халықтың шетел валютасындағы басқа да депозиттері;
Ақша агрегаттарының құрылымы тұрақты қалыпта бола бермейді. Оларға бірден – бір әсер етуші фактор — ақша нарығы құралдары дамуының өзгеруі.