Төлеби ауданы туралы қазақша реферат
Облыстың оңтүстік-шығысындағы әкімшілік бөлік. Жерінің аумағы 3,1 мың шаршы шақырым, облыс территориясының 2,6%-ы. Тұрғыны 107,2 мың адам. 1932 ж. құрылған. 19-91 жылға Ленгер ауданы деп аталған. Негізінен сүтті-етті мал, биязы жүнді қой, астық, картоп, жібек құртын өсіруге маманданған 8 ұжымшар, 4 кеңшар болған. Аудан жеріндегі 70 елді мекен, 1 қалалық, 13 ауылдық округке біріктірілген. Аудан орталығы -Ленгер қаласы.
Жер бедері таулы, денесті жазық. Ең биік жері — Сайрам шыңы (4338 м). Шығысында Талас Алатауы, оңтүстік-батыста Өгем, Қаржантау (2500м), Қазығұрт (1200м) тау сілемдерінің бөктерінде орналасқан. Батысындағы жазықта және тау аңғарларында егіншілікке жарамды суармалы жерлер, жайылымдар, жеміс ағаштары кездеседі. Кен байлықтарынан қоңыр көмір, құрылыс материалдары өндіріледі. Климаты континенттік, қысы жұмсақ, жазы ыстық, құрғақ. Қаңтардың орташа температурасы -3-90С, шілде айында 24-26°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері батысында 450 мм, шығысында 650 мм. Топырағы тауда коңыр сұр, жазықта саздақты. Дала өсімдіктерінен астық тұқымдас, ақселеу, жатаған, бидайық, беде т.б.: тауда долана, арша, бадам, шырғанақ, итмұрын т.б. өседі. Жануарлардан: қасқыр, аю, барыс, арқар, таутеке, сілеусін т.б.: құстардан — бүркіт, ителгі, кекілік, ұлар мекендейді. Аудан жерімен Ақсу, Сайрамсу, Бадам өзендері ағып өтеді.
Аудан тұрғындарының орташа тығыздығы 1 шаршы жерге 34,6 адамнан келеді. Халқы көп лтты, негізгі бөлігі қазақтар — 68,5%, өзбектер — 13,4%, орыстар — 7,5%, түріктер — 3,1%, курдтер — 2,6%, әзербайжандар -2,1%-ды құрайды. Ірі елді мекендері: Ленгер қаласы (19,4 мың адам), Первомаевка (5,2), Көксәйек (6,7), Сұлтанрабат (4,2), Қамшақ (4,0), Тоғыс (3,8), Ақжар (2,8), Зертас(2,6) т.б. ауылдар.
Ауданның ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілері бидай өсіруге (барлық егіс көлемінің 41,7%) маманданған. Мақсары 13,3%, арпа 3,1%, көкөніс 2,3%, картоп 1,9% өсіріледі. Облыстағы жеміс-жидектің 18,0%-ын береді. Аудандағы жалпы өнімнің 30,0%ын ет өндірісі, 17,5%-ын дәнді дақыл, 15,0%-ын сүт, 9,6%-ын көкөніс құрайды. Мал шаруашылығында ірі қара 32 мың, қой мен ешкі 150 мың, жылқы 11 мыңнан астам. Ауданда 53 ОК, 9 ЖШС, 2000-нан аса шаруа қожалықтары бар. Фудмастер-Шымкент компаниясы — сүт өнімдерін, Акмаржан АҚ-ұн, жем, нан өнімдерін шығарады. Ұйық, тоқыма, тігін фабрикалары, машина жасау зауыты, Оңтүстік мұнай-газ ААҚ, Ленгер мұнай барлау скважиналарын сынау экспедициясы жұмыс істейді.
Ауданда 45 орта, 11 негізгі, 11 бастауыш мектел, 2 кәсіптік-техникалық мектеп, 8 балабақша, 2 музыка, 2 спорт мектебі, 1 көркемсурет мектебі, аудандық оқушылар үйі бар. Көксәйек ауылында аудандық аурухана, Ленгер қалалық ауруханасы, СЭС, отбасылық дәрігерлік емханалар мен 37 фельдшерлік-акушерлік, 16 фельдшерлік пункттер қызмет көрсетеді. Ауданда 6 мәдениет үйлері, 10 клуб, 1 сурет галереясы, 1 тарихи өлкетану мұражайы, 4 халық ансамблі және 32 кітапхана жұмыс істейді. Балалардың Тау самалы оқу-сауықтыру орталығы ашылып, республикалық кіші Артекке айналды. Аудан жерімен Ленгер-Шымкент темір жолы өтеді.