Қазақ философиясы мен ойлау мәдениетінің шығу тегі көне түркі заманынан басталады.V-VІ ғасырларда түріктердің әліппесі (алфавиті) мен жазуы болды. Соның негізінде түріктер жазба мәдениетін тудырды. Оны мәдениет тарихында көне түркі жырлары деп атайды. Ол мәдени мұралар Талас, Орхон, Енисей өзендері бойынан табылғандықтан Орхон ‑ Енисей руна жазулары деп аталады. Тарихқа өз төл алфавитімен өзге халықтар санаулы. Көптеген халықтар алфавитті өзге дамыған жұрттардан алған. Әрине, түркі алфавиті болған кезде тарихта қазақ этносы болмады. Бірақ түркі жазуларымен жазылған шығармалармен таныссаңыз, сол замандағы түркілер мен қазіргі қазақ санасының арасындағы терең рухани сабақтастықты аңғарасыз.
Орта Азия мен Қазақстан жеріне ислам діні таралуына байланысты екі мәдениет, екі алфавит тайталасқа түсті. Бірі ‑ түркі мәдениеті, түркі алфавиті, екіншісі – араб ‑ парсы мәдениеті және араб алфавиті. Түркі алфавитін бірте ‑ бірте араб графикасы жеңе бастады ІХ ғасырда өмір сүрген Әбу Насыр Мұхаммед Әл ‑ Фараби өз еңбектерін араб тілінде араб әрпімен жазды. Фараби түркі тілін білмеуі мүмкін емес, өйткені ол оның ана тілі, алайда сол заманда араб тілі ғылыми тілге айналғандықтан, туған жерден шет жүргендіктен, ол бірыңғай арабшаға ауысқан.
Фарабиден екі ғасыр кейін өмір сүрген ғұлама ойшыл Жүсіп Баласағұн Құтадғу білік шығармасын араб әрпімен түркі тілінде жазған. Жүсіп Баласағұнның бір жарым ғасыр кейін өмір сүрген аса көрнекті ойшыл Ахмед Яссауи өз шығармаларын түркі тілінде жазғанымен араб алфавитін қолданған.
Халқымыздың дүниетанымының ерекшелігі оның тұрмысынан аңғарылуы заңды дүние, сондықтан араб ‑ парсы мистикалық философиясын қазақ халқы сол күйінде емес, өзінің өмір сүру тәсіл, салтына, ерекшелігіне сай қабылдаған. Көшпелі қауымға негізінен мистика жат құбылыс, сондықтан араб мистицизмі қазақ халқының санасында оптимистік, өміршеңдік арнаға түсті. Мұның ең басты дәлелі халық әдебиетіндегі, махаббат тақырыбы. Махаббат деген адамның еркіндігінің көрінісі.Бұл мистика кереғар түсінік. Бірақ махаббат дастандарын діни қасиетті кітаптардан кем бағалаған жоқ.
Философиялық әдебиетте махаббатты моральдық ‑ психологиялық категория есебінде қарастырады, ал қазақ халқының санасында ол танымдық, гнесеологиялық ұғым. Сондықтан қазақ әдебиетінде махаббат тақырыбын салиқалы философиялық тақырып деп атауға болады.
Тарих атасы Герадот Анахарсисті қара теңіздің солтүстік жағалауындағы скиф тайпаларынан шыққан, жастайынан өнер білімге құмар, элладаның тілін үйреніп өскен, әскери өнерден де тағылым алған, скифтердің әдет — ғұрпын өте жетік білген, дүниенің сырын білмекке ұмтылған атақты адам деп жазды.
Ол сондай-ақ Анахарсистің ата тегін, есімін, Грекияға қалай келгенін де айтып өтеді.
Анахарсис б.д.д. VI ғ. өмірде сүрген Анахарсистің әсери өнердің қыр-сырын жетік білгендігі жөнінде әйгілі философ Диогеннің: скиф Анахарис Гнурдың ұлы және скиф патшасы Кадпурдың бауыры еді, оның шешесі грек қызы, сондықтан да ол екі тілді де білетін. Ол скифтер мен эллиндықтардың дәстүрі, өмірді жеңілдетудің жолдары туралы жазды және әскери айла — тәсіл жөнінде сегіз жүз жол өлең шығарды. Ерекше шешендігімен көзге түсті. Скифтік сөйлеу мәндері деген мәтел оның осы қасиетіне байланысты қалыптасқан , — деп айтқан сөздері дәлел бола алады.
Көптеген жазбаларда сақ — скиф философы Анахарис көне дүниенің жеті ғұламасымен байланысты сөз етеді. Сол авторлар жеті ғұламаға Фалес, Солон, Периандр, Клеобул, Хилон, Биант және Питтактиді жатқызады.
Анахарсис туралы пікір айтқан философтар біршама, солардың арасында Секст Эмперик Анахарсисті жеті ғұламаның бірі , — деп санайды.
VIII Сыр бойында өмір сүрген Қорқыт Атаәрі кемеңгер ойшыл, әрі ақын, сазгер болып, тарихта үлкен рухани із қалдырған. Өзінің философиялық толғамдарында өмір мен өлім мәселелерін көтерді. Мәңгі өлмеудің жолын қиялмен іздестіреді. Аңыз бойынша, ол ақ түйеге мініп, дүниенің төрт бұрышын кезеді. Бірақ қайда барса да алдынан қазылып жатқан көр кездеседі. Кімге қазып жатырсыңдар? -деген сұрауына Қорқыттың көрі деген жауап алады. Содан, өлімнен қашып құтылуға болмайды екен деген қортындыға келеді. Ол пікірді оған түрлі жан жануарларда да, өсімдіктер де — бүкіл әлем ұқтырған көрінеді. Қорқыт Ата поэма, күйлер шығарып , оны қобызбен орындайтын болады. Сол себепті де Қорқыт Ата ХХ ғасырда дүниеге келген экзистенциализм философиясының орта ғасырлардағы бастауы деуге болады. Өйткені, ол өз шығармалары арқылы мәңгі өмір сүруге болатынын түйіндейді. Қорқыт Ата шығармаларын Қоқыт Ата кітабы деп атайды. Себебі, Қорқыт Ата дүние салғаннан кейін оның ұрпақтары Қорқыт Ата айтқан жырларды, дастандарды жинақтап, солай атап шығарған көрінеді. Кітапта 12 тарау болып кірген батырлық, елдік, адамгершілік туралы оқиғалар жырланады. Шығармалардағы оқиғаларды баяндау желісі Ә.Фирдаусидің Шахнамасына үлгі болған еді. Шығарма Шығыс елдеріне кең тараған. Ол — түріктерге де, түрікпендерге де, әзірбайжандықтарға да ортақ рухани Ата. Қорқыт Ата кітабы Ватикан мұражайында сақталған. Көшірмесін түріктер, одан біз қазақ тіліне, басқалар да өз тілдеріне аударған.
Халықтың гнесеология мен әлеуметтік философия мәселесіне келгенде қазақ қоғамдық санасындағы Қорқыт философиясының орны бөлек. Бұл философияның негізгі мәні мынада: Сенің тағдырың ‑ өз атамекенін , қиыншылықтан қашып құтылу мүмкін емес. Сондықтан өмір сүру үшін күресуін керек. Бұл ‑ табиғат пен адам үйлесімділігінен туған ой.
Асан Қайғы (XV ғ.) – қазақ даласынан шыққан философ, ел қамын ойлаған данышпан — ақын. Алтын Орда құлағаннан кейін, халық аңызы бойынша, мемлекеттің ыдырағанын көріп, халыққа ыңғайлы, уайым — қайғысы жоқ, қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын Жерұйықты іздеп, желмаямен қазақ жерін аралайды. Талай жақсы жерлерді де, шөл даланы да көреді, бәріне тиісті бағасын береді. Бірақ Жерұйықты таба алмай, қайғырады. Содан ел оны Асан Қайғы деп атаған. Әрине, қазақ жерінде кең жазықты, көк майса шалғынды, орманды-таулы жерлер де, өзен-көлдер де бар, бірақ іздегені әлеуметтік теңдік пен рахат өмір болатын. Сондықтан оны қазақ жерінен шыққан алғашқы әлеуметтік утопист, — деп те атайды.
Халықта даналығымен, әділдігімен көзге түскен көптеген билер, жыраулар ақындар болған. Халақ арасындағы тіпті, ел мен ел арасындағы дау- дамайды, ұрыс- жанжалдарды мейлінше бейбіт жолмен шеше білген от ауыз, орақ тілді шешен билеріміздің қазақ халқы үшін сіңірген еңбектері ерен. Мәселен, аты алашқа әйгілі болған: Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би. Билер көбінесе құбылысты астарлап ашып, тұспалдап сөйлейтін шеберлігін танытып отырған. Қазақ сөз түсінер, сөз ұғар, бір ауыз сөзге тоқтаған адамды тіршілікті өте жоғары бағалаған. Жырау ‑ әлі қоғамдық ғылымда тереңірек зерттелмеген, сыры толық ашылмаған, күрделі ұғым. Оған Бұқар жырау, Қобыланды жырау тағы басқа сияқты тұлғалар шығармашылығы кепіл. Жырау жеке басының ғана ар — намысын, ұятын ғана ойлап қоймаған, негізінен оның мұңы халық мұңы. Ол хан мен халықтың арасындағы тұлға. Қазақ ақын — жырауларының дүниетанымы, философиялық даналық ойлары төл философиямыздың қалыптасуына рухани негіз бола алады.
Шалкиіз жырау Тіленшіұлы 1465-1560 ж.ж. аралығында өмір сүрген. Оның шығармашылығы, философиялық ой кешу, жыр толғау әдістері ерекше. Ел ауызынан жазылып алынған тарихи әңгімелерге қарағанда, Шалкиіз Батыс Қазақстанда, Ноғайұлының ұлы биі Мұсаның қызынан туыпты. Әкесі Тіленші — қазақ арасындағы көп шонжардың бірі болса керек.
Шалкиіз шығармаларының өзіндік ерекшелігі — ондағы философиялық толғаныстардың молдығы. Көркем шығарма қашан да сол заманның ой — өрісімен бағаланбақ. Шалкиіздің философиялық ойлары ұзақ толғанып, өз заманын нәзік түсіне білуінің жемісі. Бұл ерекшеліктер жыраудың шалқар даналықтың, терең ақылдың иесі болғандығын көрсетеді. Осыдан келіп біздер Шалкиіз ойларының өміршеңдігін, төрт жарым ғасырдай өтсе де ұрпақ жадында ұмытылмай сақталуының сырын ұғамыз.
1675-1768 ж.ж аралығында өмір сүрген. Халидидің айтуынша, Ақтамберді — ойраттармен күрес дәуірінде қазақ қолының басында жүрген аруақты ерлердің бірі. Ақтамберді шығармалары нақыл сөздерге, афоризмдік толғауларға толы. Қазақ халқының болмысы, тіршілік тынысы, ерекшеліктері, сол кездегі тарихи оқиғалар оның толғауларынан ерекше айқын көрінеді. Ол бүкіл ел мүддесін, ру, ата намысы емес, иісі қазақтың намысын қуады, елді ерлікке, бірлікке шақырады.
Ақтамберді жырларында көшпелі қазақтардың ой арманы, мақсат мүдделері, олардың бар болмысы, ерекшеліктері, дүниеге өзіндік көзқарасы аңғарылады. Бұған жыраудың күлдір — күлдір кісінетіп деп басталатын ұзақ толғауы дәлел бола алады.
Бұқар жырау Қалқаманұлы XVII-XVIII ғ.ғ. шамамен 1668 жылдары дүниеге келген.
Бұқар жырау дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ екендігін, өмір күнделікті өзгерістерге ұшырап отыратынын атап көрсетеді. Мұндай өзгерістер тек тұрмыста ғана емес, адамды қоршаған орта, табиғатта да жүріп жатады. Бұқар қарапайым тілмен емес, белгілі бір табиғат құбылысының нақты көрінісімен адам санасына объективтік шындық дүниені бейнелеп жеткізеді. Бейнелі тіл саналы ойдың жемісі, міне, осы тұрғыдан қарағанда да Бұқардың болмысы ойшыл философ, азамат ақын екендігіне көз жеткізеді. Бұқардың ақындық қуаты, азаматтығы, қазақ тарихындағы үлкен іс атқарған ірі тұлғалардың бірі екендігін көрсетеді.
Қазақ хандығынан халықтың пессимизімді Шортанбай ақынның Зар заман , Бала зар деген шығармаларынан байқаймыз. Шортанбайдың шығармаларындағы кейбір мәселелердің философиялық тұрғыдан көрініс берген. Зар заман ақындары – XIX ғасырда өмір сүрген Шортанбай Қанайұлы 1818-1881ж.ж., Дулат Бабатайұлы 1802-1874ж.ж., Мұрат Мөңкеұлы 1843-1906 ж.ж. болды. Осынау бір ел басына күн туған қиын сәт кезеңде елдің, жердің қамын ойлап Дулат, Шортанбай, Мұрат ақындар азаттық пен еркіндікті аңсап, орыстандыру саясатына тікелей қарсы шығып, халқына отты жырларымен ұран тастады.
Зар заман ақындарының көрнекті өкілдерінің бірі Дулат Бабатайұлы. Ол өз шығармаларында қайырымдылық пен зұлымдық, мырзалық пен сараңдық, білім мен надандық мәселелерін талдап, шығармаларына негізгі арқау етеді. Ол қазақ қоғамы үшін қатты қобалжып, халық өміріндегі болып жатқан өзгерістерге үлкен сезімталдықпен, өз көзқарасы тұрғысынан қарап, халқы үшін қабырғасы қайысып, өз заманының күйін толғайды.
Дулат ақыннан кейінгі, онымен қатар өмір сүрген зар заман ақындарының ішіндегі ең көрнектілерінің бірі Шортанбай Қанайұлы болып табылады. Ақынның философиялық толғауларының бірі Зар заман деп аталады.
Шортанбай ақын үлкен адамгершілік мәселесін де жоғары бағалап, оның осындай қиын жағдайларға түскеніне қорғаныстан өзіміздің тұрмыс салтымыздағы төл ерекшеліктерімізді сақтап қалуға, оны бұзбауға әрекет жасайды.
Шортанбай ақын қоғамдық санада болып жатқан өзгерістерді, қазақ даласына енген жаңалықтарды қазақ қауымының жаңа тұрмыс — салтына ұмтылуын өз көзімен көрді, олардың куәсі болды. Ол өмірдің осы жағын жырлай отырып, қазақ халқының болашақ мақсат мүддесін қорғады.
Зар заман ақындарының ең беделді өкілдерінің бірі Мұрат Мөңкеұлы болып табылады. Қоныстың бәрін жоғалтқан ноғайлы, қазақ надан жұрт, бірлігінің келгісі , — деп ол тығырықтан шығар жолды білімнен іздейді. Мұрат өз заманын адамгершілік жағынан озған, отбасы қатынастарының бұзылған заманы дейді. Ол заманның бұзылуының, қайғы қасіреттің үйірілуінің себептерін іздеп, өз заманының күйіне пайымдаулар жасайды.
Дегенмен, қазақ халқы Мұраттай біртуар азаматтарының арқасында осындай қиын жағдайға қарамастан өзінің рухани мәдениетін, оның төл ерекшеліктерін сақтап қала алады. Ата қоныс мекенін, жер, суын, тұтастығын аман сақтап, кейінгі ұрпаққа қалдыра білді.
Қазақ ағартушылығының негізін салушы Шоқан Уәлиханов (1835–1865ж.ж.) демократтық ұлтгық мәдениетіміздің көрнекті өкілі. Энциклопедист — ғалым, шығыстанушы, саяхатшы, публицист және қоғам кайраткері Шоқан Уәлиханов өз бойында шын мәнінде еуропалық білімділік пен Шығыс халықтарының мәдениеті жайлы терен түсінікті үйлестірді және қысқа ғұмырында мол да жан — ақты шығармашылық мұра қалдырды. Уәлихановтың азамат, ғалым және ойшылдық қалыптасуында орыстың озық мәдениеті мен ғылым қайраткерлерінін маңызды рөл атқарғанын атап өтуіміз қажет. Шоқан В.Г.Белинскийдің, Н.Г.Чернышевскийдің, А.И.Герценнің, НА.Добролюбовтың еңбектерін оқып — үйренді, олардың көзқарастарын қарады. Шоқан діннің, әсіресе, қазақ даласында татар және молдалары таратып жүрген діни қағидалардың халыққа тигізіп жүрген зияндығын баса айтады. Қазақ жұртына бұл молдалардың айтып жүрген уағыздары ой мен сезімнің дамуын тежейтін әлі схоластикадан басқа ештеңе әкелмейді , — деп көрсетеді.
Қазақ ағартушылығының көрнекті өкілі, педагог — жаңашыл және жазушы Ыбырай Алтынсарин (1841–1889ж.ж.). Ыбырай дүние — танымы қалыптасуына туған ел, халық ауыз әдебиеті, озық орыс әдебиеті мен Еуропа ойшылдарының еңбектері елеулі әсерін тигізді.
Алтынсариннің этикалық және эстетикалық көзқарастары кұндылығы және маңызы жағынан ерекше орын алады. Мысалы, жаңағы Жаз , Өзен өлеңдерінде табиғаттың сұлулығы, көгорай шалғынды көркі, күмістей сыңғырлаған суы, көк — жиектің мүнарланған сағымы шебер тілмен суреттеледі. Бұл шығармалар жастарды сулулықты, ғажайып табиғатты сүйе білуге, құрметтей білуге тәрбиелейді. Ағартушылық жөніндегі көптеген хаттары мен жазбаларында Ыбырай қазақ балаларына ән — күйден, суреттен сабақ беру керек екендігін мәселе етіп қояды. Бұдан жастарға эстетикалық тәрбие берудің маңызын жоғары бағалағандығын қөреміз.
Этикалық тәрбие жөніндегі пікірлерін, ой — тұжырымдарын бағалы асыл мұра деуге болады. Ең алдымен, Ыбырайдың өз басы өте жоғары дәрежелі мәдениет иесі болғандығын айта кету керек. Оның достары мен жолдастарына жазған хаттарында кішіпейілділік пен ізгілік белгісі айқын көрінеді. Ұстазы болған Н.И.Ильминскийге жазған хаттарында үлкен құрмет пен ілтипат сезімдерін білдіріп, ал өзінің шәкірті есебінде болған АА.Мозохинге жазған хаттарын ұдайы сүйікті досым деп бастайтын. Кейбіреулерге ағарту жүмысындағы кемшіліктері үшін қатты сөз айтып, реніш білдірсе, артынан артык кеткеніне кешірім сүраған көңілін білдіреді.
Қазақ ағартушылығында, казақ халқының бүкіл ұлағатты мәдениеті тарихында үлкен орын алған ұлы ақын, ойшыл — демократ, сазгер Абай Құнанбайұлы (1845–1904ж.ж.) болды. Оның шығармашылық мүрасы өлең, дастан, философиялык, проза, аудармалар мен әндерден тұрады. Абай — қазақ әдебиетінде сыншыл реализмнің негізін салушы. Ол ақынның азаматтық парызы шындықты бейнелеуде, қоғамдық кесірді әділет пен ақылды билігіне жүгіндіруде деп білді. Дүниетанымдық мәселеде Абай, Алтынсарин секілді деизмге жақын. Құдай өз заңдары бойынша дамып жататын өлшемнің алғашқы себепшісі деп түсінді. Абай дінбасылары мен діни надандықты, фатализм мен екіжүзділікті атеизм түрғысынан емес, Қазақстан ағартушы — демократтарының көбісінде кездесетіндей, нағыз дін немесе рационалдандырылған дін позициясынан сынады. Дінбасылары насихаттап жүрген соқыр сеніміне Абай ақыл мен танымды қарсы қойды.
Абай Қүнанбаев өзінің аса дарындылығы, ой — өрісінің тереңдігі, халқына деген қамқорлығымен әлемге танымал болды. Абайдың дүниеге көзқарасы ойы мен қыры мол, күрделі. Оны бір жақты бағалау, бір бояумен көрсету мүмкін емес. Дүние туралы пікіріне келсек, деизмге жақын дедік. Біріншіден, сыртқы дүниенің санадан тыс өмір сүретіндігін қуаттайды. Мысалы, қырық үшінші қара сөзінде адам …көзбен көріп, қүлақпен естіп, қолмен үстап, тілмен татып, мүрынмен иіскеп, тыстағы дүниеден хабар алады . Сонымен бірге көптеген өлеңдерінде, отыз сегізінші сөзінде жан — жануарларды, адамды, тіпті, машина, фабрикаларды Алла жаратты деген түжырым жасайды. Мен және менікі деген философиялық мәселені карастырып, өзіндік түжырымға келеді. Ақынньщ ойынша мен — ақын, жан, менікі — адам денесі. Мен өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, менікі өлсе өлсін, оған бекі деп, дене өлгенімен жан өлмейді деген қорытындыға келеді. Абай таным туралы құнды пікірлер қалдырды. Түйсіктеріміз арқылы дүниеден хабар аламыз, пайда, залалды айыратын қуаттынң аты — ақыл дейді. Абайдың философиялық дүниетанымын таза материалистік немесе идеалистік деген түсінік сыңаржақтылыққа әкеліп соқтырады. Ол шығыс мәдениетінің қазақ жеріндегі данышпандық тұрғыдан сарапталуына қазақты іштен жеп жатқан ала ‑ ауыздық тамырына балта шабу керектігін шақырған ұлы тұлға. Оның ойларын әрі ‑ қарай дамытып, тарихқа өзіндік дүниетанымын қалыптастырған ойшылдардың қатарына Шәкәрім жатады.
Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 -1931 ж.ж. аралығында өмір сүрген. Ақын, ойшыл, композитор, аудармашы.
Ата — анасынан ерте айрылған Шәкәрім немере ағасы – қазақтың ұлы ақыны Абайдың қолында тәрбиеленді.
Өлеңмен жастайынан әуестенген Шәкәрім өмір бойы өз шығармашылығында Абай салған жолды ұстанумен өтті. Сондықтан да Абайдың шын мәніндегі шәкірті рухани мұрагері болып саналады.
Шәкәрім өз бетімен заманына сай жеткілікті білім алды. Шығыс және Батыс әдебиетін зейін қойып оқып, арап, парсы, түрік және орыс тілдерін еркін меңгерді. Алғашқы шығармаларында жастарды Абайдан үйренуге шақырады.
Шәкәрімнің 1898–1928 жылдарда жазған негізгі философиялық шығармасының бірі Үш анық атты философиялық шығармашылығында адам нысап, әділет, мейрім үшеуін қосып айтқанда ар — ұждан мәселесін көтереді. Ол адамды рухани тазалыққа, имандылыққа жетелейтін ілім — деп айтады.
Шәкәрімнің философиялық көзқарастарының ерекшелігі сонда, ол адамның ішкі рухани дүниесіне айрықша көңіл бөліп, әлеуметтік үрдістерді адамдандыруға тырысты. Қоғамдық қатынастардан адам факторын іздеді. Адамның адамдық мәніне қайшы келген қоғамдық жағдайларды аяусыз сынға алып отырады. Бірақ Шәкәрім өз заманындағы қоғамдық саяси – әлеуметтік үрдістерден адамды толыққанды адамшылыққа бастайтын жолды көре алды, тапты деп айту қиын. Қоғамдағы саяси – әлеуметтік жағдай, қоғамдық ортаны адамдандыруға мүмкіндік туғыза алмады. Бұл ойшылдың қалыптасқан қоғамдық қатынастарды жатсынуына себеп болды. Қоғамдық қатынастар адамнан жоғары тұрған кезде жатсыну басталған еді.
Сонымен Шәкәрімнің ойынша қоғам өмірінде адамдық фактор ең жоғарғы орында тұру керек. Ал патша үкіметі ұстанған саясат бұны орындап отырған жоқ. Ендігі мақсат рухани еркіндікке жету. Ол үшін адамның еркіндігін көксеген қоғам орнату қажет. Қоғамдық өмірде Шәкәрім үнемі адамды ең басты орынға қойып, оның бақыты мен болмысын әрқашанда негізгі мәселе ретінде қарастырады. Алдыңғы қатарлы демократиялық орыс мәдениеті, империяның отаршылдық саясаты, Еуропа мен шығыстың рухани мұралары, мұсылмандық пен христиан мәдениеті ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындығы рухани өмірге тікелей ықпалын тигізген негізгі қайнар көздер болды. Міне, осы ғасырлар тоғысындағы адамның рухани дамуы, ойлау еркіндігі, қаншалықты дамуда, қай жолмен жүрген дұрыс деген сұрақтар Шәкәрімді толғандырмай қоймады. Ресейдегі христиан дінінің ендігі жердегі шынайы адамшылықтан алшақ кеткендігін айтып кеткен жөн. Бұл жолда қоғамдық ортадағы адамның еркіндігі, бақыты туралы мәселе Шәкәрімді толғандырған негізгі мәселе болды.
Көптеген орыс және Шығыс әдебиетінің Шәкәрім қаламынан туған ұлы Абайдың реалистік дәстүрі жалғастырушы ұлы ойшыл ақын Шәкәрім шығармашылығы өзінің кең тыныстылығымен, шыншыл да сыншыл әуенімен ерекшеленеді.
Оның әдеби мұрасы сан алуан: философия, дін, әдет — ғұрып тақырыбы. Шәкәрім ғұлама ғалым әрі философ ретінде танылады.
Қазақ философиясы ‑ адам және оның өмір сүру философиясы. Халықтың жалған өмір туралы түсінігі тек діни ‑ пессимизмге құрылмаған, ол белсенді іс ‑ әрекетті де жоққа шығармайды. Жалпы бостаңдықты, еркіндікті сүйетін, кең даласы сияқты кеңпейілдігі бар халықтың соған сай философиялық дүниетанымы, ой ‑ пікірлері болуы заңды дүние.
Ұлт өз дүниетанымын тілі, діні, фольклоры арқылы білдіріп отырады. Демек, ұлттық ойлауды зерттеу үшін негізгі сүйенетініміз ‑ халықтың мәдениеті, рухани мұрасы, өмір сүру тәсілі, діни нанымы, күнделікті тұрмыста қолданылатын әдет ‑ ғұрпы, салт ‑ санасы, халықтық деңгейде қалыптасқан образдары, дүние туралы халықтың ұлттық бейнесі және т.б. жатады. Қазақтың ұлттық философиясы тек философия үшін қажет емес, ол ұлттың өзін‑өзі тануы үшін қажет. Өз тілінде философиясы болмаған халықтың мәдениетті, өркениетті ел деп айту өте қиын.
Халқымызда философиялық ой ‑ толғаныстар молынан бар, мәселе соның бәрі рет ‑ ретімен терең меңгеріп және танып, халықтың өз рухани керегіне, ұлттық мәдениеттің қайта өрлеуіне жарату. Халықтағы терме айтыс өнерлері өз құндылығы бар дүниелер. Терме тек қана мораль философиясы ғана емес, сонымен қатар ол халқымыздың ойлау тәсілінің ерекшелігін білдіретін мәдени құбылыс. Осы тарихи мұраны философиялық тұрғыдан тереңірек зерттегеніміз абзал. Ал айтыс дегеніміз диалектикаға өзек болған пікір‑сайыстың поэтикалық формасы. Бүгінгі айтыста ақындар ұлттық, халықтық мүддеге қатысты терең ойлар деңгейіне көтерілуге тырысуда. Ежелгі Грек елінің Ұлы ғұлама философы Платон бар шығармаларын пікірсайыс формасында жазған. Осы көне философиялық дәстүрде қазақ өзінше өнер саласында тамаша қолданған.
Қазақ философиясы өзінше бөлектеніп өмір сүрмек емес және ол дүниежүзілік мәдениет шеңберінде қарастырылғаны жөн. Ал Ұлттық философия ‑ халықтың дүниетанымы ретінде жалпы философия деген білім саласының белгілі бір ұлтқа қатысты нақтылы көрінісі.Ұлттық философияның пәні ‑ ұлттық ойлаудың ұлттық болмысқа қатынасы, халықтың дүниетанымы.