Мемлекеттік қымет пен басқару мүддесіндегі өзгеде қылмыстар туралы қазақша реферат
Бүгінгі күні кеден органдарының қызметкерлері әр күн сайын дерлік өз тауарларын кеден бажын төлемей алып өтуге тырысушы коммерциялық құрылымдардың өкілдері тарапынан қатты қысымға ұшырап отырғаны бәрімізге белгілі. Өкінішке орай, олар жасаған қылмыстар жоғары латентті болғандықтан көп жағдайда ашылмай қалып отырады. Тауар тасымалдаушы тарапынан өте үлкен “сыйақы” алған кеденшінің контрабандалық тауарды “байқамай”, дер кезінде бұрылып кеткенінің өзі де жеткілікті. Кеден арқылы жүктер үздіксіз ағылып жатқандықтан, мұндай қылмыстарды анықтау өте қиын. Оның үстіне дамыған елдердің өзінде кеден арқылы өтетін жүктердің іс жүзінде не бәрі аз пайызы ғана кедендік тексеруден өткізіледі екен.
Бүгінгі күні күші бар қылмыстық заң бойынша кеден қылмыстарының кейбіреулерінде қылмыстың субъектісі болып жай жеке тұлғамен қатар лауазымды адамдар да танылады.
Қылмыстық Кодекстегі кеден саласында жасалатын қылмыстарды ауырлататын мән-жай есебіндегі лауазымды адамдардың жауаптылығы 209-бапта — “Экономикалық контрабанда”, 244-бапта — “Кеден төлемдері мен алымдарын төлеуден жалтару”, 250-бапта — “Айналымнан алынып тасталған заттар немесе айналымы шектелген заттардың контрабандасы” деп көрсетілген. Бұл баптардың саралау белгілері бойынша кеден қызметкерлерi өз лауазымын пайдаланып немесе ұйымдасқан қылмыстық топтардың құрамына қатысып, болмаса пара алып, кедендік шекара арқылы тауарлар мен басқа да заттардың ірі мөлшерде өткізілуіне жәрдемдескені, кеден ісіне қатысушылардың кедендік төлемдер мен алымдар төлеуден жалтаруына көмектескені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 307-бабының ескертуінде лауазымды адамның түсінігі берілген.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты пленумының контрабанда үшін қылмыстық жауапкершілік жөніндегі заңдарды қолдану тәжірибесі туралы 1997 жылғы 18 шілдедегі №10 қаулысында өз қызмет бабын пайдаланып контрабанда жасаған лауазымды адам деп — қызмет парызы бойынша кедендік және шекаралық бақылауды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының мемлекеттік және кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен басқа құнды заттар және нәрселерді қарауға тиісті ықпал жасайтын және шекарадан өтуге рұқсат беретін адамды айтады. Өзінің қызмет бабын пайдаланып осылай контрабанда жасауға ықпал еткен адамдардың әрекеті лауазымдық қылмыс туралы қылмыстық заң баптары бойынша қосымша саралауды талап етпейді. Өзінің қызмет бабын пайдаланып контрабанда жасаған басқа лауазымды адамдарға жалпы негізде, яғни лауазымдық қылмыстар туралы қылмыстық заң нормаларын қолдану көзделген қылмыстардың жиынтығы бойынша және аталған саралау белгілеріне сілтемесіз ҚК-нің контрабанда туралы баптарының тиісті бөліктері бойынша жауапкершілік жүктеледі.
Бүгінгі күні басқа да кеден қылмыстарын жасаған лауазымды адамдардың іс- әрекетіне дұрыс баға беру туралы мәселе туады. Мәселен, кеден органының қызметкері болып табылмайтын мемлекеттік қызметтегі лауазымды адамдардың, кеден қылмыстарын жасауға байланысты әрекеттері сот -тергеу практикасында Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінде сол үшін жауаптылық көрсетілген нормамен және 307-бабының жиынтығымен саралануы тиіс. Олар заңмен берілген құқыларын қызмет мүдделеріне қарсы қолданады, яғни олардың әрекеті Қылмыстық Кодекстің 307- бабындағы нормамен қамтылады. Ал коммерциялық немесе басқа да ұйымдарда басқару функциясын атқаратын адамдардың кеден қылмыстарын жасаудағы әрекеттері Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 228-бабының жиынтығымен саралануы керек. Өйткені, басқару функциясын атқаратын адам өзінің өкілетімен қиянат жасайды немесе олар заңмен берілген құқыларын коммерциялық немесе басқа да ұйымдардың мүдделеріне қарсы қолданады.
Егер де кеден қылмыстарын қызмет бабын пайдаланып кеден органдарының қызметкерлері жасайтын болса, ол өз қызметі бойынша кедендік және шекаралық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адам ретінде жазалануы керек. Оның әрекеттерін саралауға байланысты сот-тергеу практикасында кейбір қиыншылықтар пайда болуы мүмкін. Себебі, қылмыс жасаған лауазымды адамға қатысты саралау белгісі кеден қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілік көрсетілген басқа баптарда көрсетілмеген. Біздіңше, Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексіндегі кедендік қылмыстарды саралайтын 213, 243- баптарында бұл қылмыстарды қатардағы жай адам ғана істеп қоймайтынын ескеріп, ауырлататын мән- жай есебінде лауазымды адамдардың қылмыстық жауаптылығын қарастырған дұрыс.Енгізілетін өзгеріске сәйкес, кеден қызметкерлерінің қызмет бабын пайдаланып кеден қылмыстарын жасауы қылмыстық заң баптары бойынша қосымша саралауды талап етпеуі керек.
Өкінішке орай, бүгінгі күні Қазақстан Республикасының құқықтық нормативтік актілерінде лауазымды адамдар деген түсінікке қатысты қалыптасқан бірқалыпты көзқарас жоқ. Мәселен, кеден органдарының лауазымды адамдары Кеден кодексінің 506-бабына сәйкес, жеке, моральдық, іскерлік, кәсіби қасиеттері қалыптасқан, өзіне жүктелген міндеттерді орындауға денсаулық жағдайы, дене бітімі және білім деңгейі жөнінен қабілетті, кеден органдарына қызметке қабылданған Қазақстан Республикасының әрекетке қабілетті азаматтары. Жалпы қылмыстық жауаптылыққа тартылатын лауазымды адамдарға қатысты түсінік Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 307-бабының ескертуінде төмендегідей берілген: тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкілеттік бойынша өкіметтің өкілі қызметін жүзеге асырушы не мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құрамаларында ұйымдық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық қызметтерді орындаушы адамдар лауазымды тұлғалар.
Ұйымдық- өкімдік міндеттері дегенді ұжымға, жұмыс учаскесіне басқа қызметкерлердің қызметтік және өндірістік қызметтеріне басшылық жасауды, қарамағындағылардың еңбегін ұйымдастыруын, мемлекеттік органдарда, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде немесе өзге де әскери құрылымдарында мемлекеттік тәртіпті қолдауды жүзеге асыру жөнінде адамдарға тікелей басшылық жасаумен байланысты функциялар деп түсінген жөн. Лауазымды тұлғалардың осы санатына мыналар жатқызылады: министрліктердің, ведомстволардың басшылары, олардың орынбасарлары, мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары.
Әкімшілік — шаруашылық міндеттер дегенді мемлекеттік мүлікке тікелей иелік етумен және басқарумен, оны сақтаумен, материалдық құндылықтарды жөнелтумен, алумен және босатуды ұйымдастырумен және бұларға мемлекеттік органда немесе жергілікті өзін — өзі басқару органында, тиісті мекемелерде және әскери құрылымдарда бақылау жасаумен байланысты функциялар деп түсіну керек. Бұлар қаржылық жабдықтау бөлімдері мен қызметтерінің бастықтары, қоймалардың, мемлекеттік дүкендердің меңгерушілері, құрылымдық бөлімдердің, филиалдардың және т.б. басшылары болуы мүмкін.
Арнаулы өкілеттік деп — штаттық қызмет орнында есептелмейтін адамға белгілі бір ұйымдық-әкімдік реттеу немесе әкімшілік- шаруашылық міндеттерді не өкімет өкілі функциясын орындау тапсырылғанын айтады. Бұл арнаулы құқықтық актімен бұйрықпен, еңбек келісімімен, сенімхатпен немесе еңбек ұжымының, қоғамдық ұйымның шешімімен немесе ауызша өкім ету негізінде рәсімделуі мүмкін.
Мұндай жағдайда өкілеттік белгілі бір уақытқа немесе нақты тапсырманы орындау үшін беріледі.
Мемлекеттік органдарда біржақты кәсіби немесе қосалқы техникалық міндеттерді орындайтын мемлекеттік қызметшілер лауазымды тұлға болып табылмайды 1.
А.Ф.Ноздрачевтің көзқарасынша кеден органдарында қызмет атқаратын лауазымды адамдар, әдетте, “кеден қызметі” түсінігі аясында қамтылып қарастырылады. “Құқықта кеден қызметі (немесе кеден органдарында қызмет атқару) деп — Ресей Федерациясы қүқық қорғау органдары жүйесіне енетін, кеден органдарының функцияларын, құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыру бойынша кәсіби іс-әрекет атқаратын азаматтардың мемлекеттік қызметінің ерекше түрін түсінеміз” : 2
Кеден органдары қызметкерлері Кеден кодексіне сәйкес кедендік реттеу ісін жүргізу кезінде заңмен белгіленген мемлекеттік-биліктік, мәжбүрлеушілік құқықтарына ие. Сол себепті олар өкімет өкілдері болып, лауазымды адамдардың сапына кіреді, яғни мемлекеттік қызметшілер болып есептеледі. “Мемлекеттік қызмет туралы” Заңның 1-бабында “лауазымды тұлға” түсінігіне мынадай анықтама беріледі: “лауазымды тұлға — бұл тұрақты, уақытша немесе арнайы өкілдік бойынша өкімет өкілінің функциясын атқарушы немесе мемлекеттік органдарда ұйымдастырушылық-биліктік, болмаса әкімшілік-шаруашылық функцияларын жүзеге асырушы тұлға”. Сондай-ақ осы бапта көрсетілгендей “мемлекеттік қызметкер” деп-мемлекеттің міндеттері мен функцияларын жүзеге асыру мақсатында лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асырушы, еңбекақысы республикалық немесе жергілікті бюджеттен, болмаса Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаржысы есебінен төленетін мемлекеттік органдардың лауазымды қызметін атқарушы адам аталады.
Кеден қызметкерлері мемлекеттік қызметшілер сапына кіретіндіктен оларға “Мемлекеттік қызмет туралы” Заңның күші жүреді. “Мемлекеттік қызмет туралы” Заңда мемлекеттік қызметкерлердің екі категориясы-әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер және саяси мемлекеттік қызметкерлер бөлініп көрсетілген. Саяси мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттің саяси мақсаттары мен міндеттерінің жүзеге асуы үшін жауапты, олардың қызметіне тағайындалуы мен босатылуы, бүкіл іс-әрекеті саяси-анықтаушы сипатта болып табылады.
Жауапты мемлекеттік қызмет атқаратын адам деп-мемлекеттік органдар функциясын тікелей атқару үшін Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының конституциялық, өзге де заңдарымен белгіленетін лауазымдарды атқарып отырған адамдар түсініледі. Мемлекеттік қызмет туралы заңмен бекітілген мемлекеттік қызметшілердің жоғары, бірінші және екінші санатына жататын қызмет орнындағылар соларға тең. Қазақстан Республикасының жауапты мемлекеттік лауазымдарын атқаратындарға Қазақстан Республикасының Президенті,Қазақстан Республикасы Үкіметінің төрағасы, Парламент палаталарының төрағалары, депутаттар, министрлер, Жоғарғы Соттың төрағасы, Бас прокурор, Конституциялық кеңестің төрағасы және мүшелері, судьялар және Қазақстан Республикасының басқа да жоғары лауазымды адамдары жатады 3.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабы бойынша республика азаматтарының мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығы бар. “Мемлекеттік қызметші лауазымына кандидаттыққа қойылатын талаптар лауазымдық міндеттердің сипатына ғана байланысты болады және заңмен белгіленеді ” деп көрсетілген Конституцияда. Кеден органдарында қызмет істеу ауыр әрі жауапкершілікті болғандықтан және ол құқық қорғау органдардың қатарына жататындықтан, оған жұмысқа қабылданатын адамдардың денсаулығына, дене бітіміне, біліктілігіне, т.б. сипаттарына көптеген талаптар қойылады, яғни, кеден органдарының лауазымды қызметтеріне өзінің жеке, моральдық, іскерлік, кәсіби сипаттары, денсаулығының және тәни дамуының жағдайы, білім деңгейі бойынша өздеріне жүктелген лауазымдық міндеттерді атқара алатын адамдар ғана қабылданады.
Кеден органдарында өкімет өкілі болып табылатын лауазымды адамдармен қатар мемлекеттік қызметкерлер сапына енбейтін, кеден органдарының жұмыс істеуін қамтамасыз етіп отыратын және техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын басқа қызметкерлер де әрқайсысы өзіне белгіленген қызметтік міндеттер, функциялар және өкілеттіктер шегінде жауапкершілікке ие болып табылады. “Қазақстан Республикасының кеден кодексінің” 528-бабында: “ кеден органдарының лауазымды адамдары заңсыз шешімдер шығарғаны, әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық немесе өзге де жауапкершілікке тартылады” делінген.
Ал “Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы” бұрынғы күшінде болған Заңның 425-бабында “Заңсыз шешімдері, әрекеттері немесе әрекетсіздігі, өзінің қызметтік борышын тиісінше атқармағаны үшін Қазақстан Республикасы кеден органдарының лауазымды адамдарымен бірге өзге де қызметкерлеріне қатысты Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық немесе өзге де жауапкершіліктер қарастырылған”. Біздіңше, жоғарыдағы Кеден кодексінің бабына өзге де кеден қызметкерлеріне қатысты жауапкершіліктерді қарастыру туралы өзгерістер енгізген дұрыс.
Қазақстан Республикасының 1998 жылдың 2 шілдесінде қабылданған № 267-1 “Жемқорлықпен күрес туралы” Заңының 6-бабының 2-тармақшасында “Жемқорлық құқық бұзушылықты анықтауды, тоқтатуды, алдын алуды және оны жасауға кінәлілерді жауапқа тартуды өз құзырлықтары шеңберінде прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер, салық, кеден органдары және шекара қызметі, салық және әскери полиция жүзеге асырады” делінген, яғни, кеден органдарының өз сапындағы жемқорлықпен күресу бойынша жауапкершілігі айқындалған. Осы заңның 3-бабында көрсетілгендей, жемқорлыққа байланысты Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамаларына сәйкес барлық мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау органдарының лауазымды адамдары заң талаптарын бұзған жағдайда құқық бұзушылық субъектісі болып табылады.
Қазақстан Республикасы кеден органдарының қызметкерлері кеден қылмыстарын жасаудан да басқа да қызмет өкілеттігін теріс пайдаланғанда, билікті немесе қызметтік өкілеттікті асыра пайдаланғанда Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 307, 308-баптарымен қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ, кеден органдары қызметкерлеріне кәсіпкерлік іс-әрекетпен шұғылдануға рұқсат етілмейді. Кеден кодексі бойынша кеден органының лауазымды адамдарына өзінің тікелей қызметтік міндеттерінен бөлек тек оқытушылық жұмыстармен, ғылыми немесе басқа да творчествалық іс-әрекеттермен шұғылдануға ғана рұқсат етіледі. Егер олар заңсыз кәсіпкерлік іс-әрекетті өзі тікелей жүзеге асырса немесе сенімді өкілдер арқылы басқаруға қатысса және мұндай іс-әрекеттері арқылы өздері басқарып отырған кәсіпорынға жеңілдіктер немесе артықшылықтар беруге, немесе басқа да қамқорлық жасауға ықпал еткен жағдайда Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 310-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады