Кәсіби бейімделу

Скачать

ТҰЛҒАНЫҢ ЕҢБЕК ӘРЕКЕТІНЕ БЕЙІМДЕЛУІНІҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ туралы қазақша реферат

Адам іс-әрекетінің алғашқы тарихи түрі – еңбек болып табылады. Ал еңбек әрекетіне араласқан адамның басты ерекшеліктерінің бірі – оның еңбекке қабілеттілігі, ал кез келген еңбек түрі іс-әрекет болып табылады.  Іс-әрекет – адамның қоршаған ортаға деген белсенді қатынасының бір формасы немесе қоршаған орта мен субьектінің өзара қатынасының динамикалық жүйесі.  Адамның іс-әрекеті – күрделі құбылыс. Белгілі бір өнім адам іс-әрекетінің нәтижесі болып табылады. Адам, еңбектің қай түрімен айналысса да, өмірге ең алдымен қайраткер, іскер және жасампаз болып келеді. Оның арнайы әрекеті еңбекте, еңбек іс-әрекетінің актісі түрінде қалыптасады. Белгілі бір қоғамдық функцияларды атқаратын әрекеттердің жиынтығы еңбек әрекетінің белгілі бір түрін құрайды.

Еңбек дегеніміз – адамдардың материалдық және рухани қажетін қанағаттандыратын қоғамдық пайдалы өнім өндіруге бағытталған іс-әрекет. Еңбек өнімдерін жасауға қатынасу арқылы адам өмір сүріп отырған өндірістік қатынастар  жүйесіне араласады. Бұл екі фактор еңбек әрекетіне көзқарас пен еңбек мотивін қалыптастырады.   Адамды еңбекте жоғары көрсеткіштерге жетуге жетелейтін себептер өмір сүріп отырған өндірістік қатынастарға тікелей байланысты. Адамдардың еңбекке құлшынуы тек қана жеке мүддеден тумайды, сонымен қатар қоғам  мүддесін ойлаудан тұрады. Сонымен қатар  адамның еңбекке деген ынтасы оның жаңа еңбекке араласуына бейімделуінен көрінеді. Олай болса адамның еңбек әрекетіне араласуының басты көрсеткіші оның кәсіби бейімделуімен байланысты. Кәсіби бейімделу — бұл жұмысқа жаңа түскен адамның өз ортасына біртіндеп төселіп, бейімделуі. Оның алғашқы кезеңі өндірістік тәжірибе кезінде, негізгі жағы нақты жұмыс үстінде жүзеге асады.

Мамандық таңдау мәселесі туралы отандық ғалым Ж.Аймауытов: … қазақ жастарына мамандықтың жаманы жоқ, бірақ, мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жәй күнелту, тамақ, асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін процесс — деп ерекше сипаттама берген.

Ал Ф.Парсонс мамандықты дұрыс таңдау үшін ең алдымен өзі және өзінің қабілеті туралы толық білу керектігін ескертеді.

Еңбек үстінде адам қоғамға қажетті материалдық игіліктерді өндірумен бірге өзінің психологиялық қасиеттерінің жақсы жақтарын қалыптастырады. Еңбек ету барысында өзіне-өзі қызмет ету қабілеті, тәжірибелік іскерлігі, дербестігі, икемділігі, қарым–қатынас ережелері, ынтасы мен тапқырлығы шыңдала түседі.

Психологияда  іс-әрекеттің жетекші түрі деген ұғым бар. Белгілі бір жас кезеңіндегі бала психикасында, оның психикалық үрдістерінде және тұлғаның психикалық қасиеттерінде басты, маңызды өзгерістер тудыратын іс-әрекет түрін жетекші дейміз.

Еңбек мәселесін психология ғылымында оның еңбек психологиясы атты саласы қарастырады. Еңбек психологиясы – еңбек іс-әрекетінің нақты нысандарының және адамның еңбекке деген көзқарасының қалыптасуының психологиялық заңдылықтарын зерттейтін ғылым. Еңбек психологиясының обьектісі – индивидтің өндірістік жағдайларындағы және оның жұмыс күшін ұдайы өндіру жағдайларындағы әрекеті. Еңбек психологиясының негіздері медицинаның, физиологияның, техниканың, социология мен саяси экономиканың ықпал әсерімен қалыптасты. Еңбек психологиясының қазіргі уақыттағы басты-басты міндеттері өндірістік қатынастарды жетілдіру, еңбектің сапасын жақсарту, өмірлік жағдайларды жақсарту, апаттық жағдаяттарға жол бермеу міндеттерімен тығыз байланысты.

Еңбек іс-әрекетінің психологиялық ерекшеліктері төмендегі мәселелер қарастырады:

1.    кәсіби іс-әрекеттің нақты түрлерінің психологиялық ерекшеліктері (оның құралы, жағдайы, мазмұны ұйымдасытырлуы, қателер талдауы, мамандықтың жіктелінуі және тб.);

2.     еңбектің қауіпсізідігіне, сенімділігіне, құндылығына адамның индивидуалды-психологиялық ерекшеліктерінің ықпалы;

3.    адамның кәсіби жарамдылығының қалыптасуының психологиялық заңдылықтары (еңбекке кәсіби бағдар,  кәсіби іріктеу, кәсіби дайындық, бейімделу );

4.    еңбек субьектісінің қызметтік жағдайы (зорығу, эмоциялық қысым, стресс және тб);

5.    адам мен техниканың өзара қатынасының психологиялық заңдылықтары;

6.     жаңа техниканы эксплуатациялау және құрастыру процесіндегі инженерлік-психологиялық қамтасыздық  (жоба, бағалау).

Тұлғаның мамандық таңдау мен мамандыққа бағдарлануы туралы В.Д.Шадриков, Т.В.Кудрявцев, К.А.Абульханова-Славская, Ю.П.Поваренокв, Е.А.Климов еңбектерінде қарастырылған. Еңбек әрекетінің өзіндік құрылымы еңбек өнімділігін арттыруға ықпал етеді. Ал еңбектің өнімділігі сол еңбек етуші субьектілердің білімі, жағдайы, еңбектегі қатынасы, еңбектің ұйымдастырылуына және тб. байланысты. Адамның психикалық өмірінің жан – жақты дамуы белгілі әрекетпен байланысты.  Әрекет дегеніміз түрлі қажеттерді өтеуге байланысты белгілі бір мақсатқа жетуге бағытталған процесс.  Адам үшін іс — әрекеттің қашан да қоғамдық әлеуметтік мәні зор.

Е.А.Климов көп жақты факторларға негізделіп Мамандықтардың төрт қабатты жіктеуін ұсынды. Бірінші қабаты мамандық типтеріне байланысты бес жүйеден құралған:

1. адам – тірі табиғат – агроном, микробиолог және тб.;

2. адам – техника – слесарь, механик, оператор, тб.;

3. адам-адам – дәрігер, мұғалім, сатушы және тб.;

4. адам –белгі жүйесі – математик, редактор және тб.;

5. адам – көркемдік бейне – дирижор, суретші, артист және тб.

Екінші  қабаты еңбектің мақсатына сай үш түрлі класқа топталған:

1.    гностикалық мамандық ( грекше — білім) – дегустатор, контролер, социолог тб.;

2.    көркемделуші мамандық – малшы-шебер, токарь, мұғалім, бухгалтер тб.;

3.    ізденуші мамандық – бақылаушы-ұшқыш, инженер-конструктор, тәрбиеші тб.

Үшінші қабатта еңбектің негігі құралдары арқылы жоғарыдағы мамандықтар бөлінеді:

1.    қол еңбек мамандығы;

2.    қол-машина еңбек мамандығы;

3.    автоматтандырылған және автоматты жүйедегі мамандықтар.

4.    еңбектің қызметтік құралдарымен байланысты мамандық;

Төртінші қабатта еңбек жағдайының белгілері бойынша топтастырылады:

1.    бірқалыпты микроклиматты бөлмедегі жұмыс – зертханашы, есепші тб.;

2.    ашық ауаудағы жұмыс – агроном, инспектор, тб.;

3.    ерекше жағдайдағы жұмыс – шахтер, өрт сөндіруші тб.;

4.    жоғары жауапкершілікті қажет ететін жұмыс – тәрбиеші, мұғалім, дәрігер.

Кәсіби іс-әрекет мотивтерінің құрылымына мінездеме беру үшін Б.Н.Додонов   ұсыныстарын қолдануға болады. Кез келген іс-әрекеттің төменде көрсетілген факторлар жиынтығы — оның себептері бола алады. Олар мыналар:

1. іс-әрекеттің жүру барысынан рахат алу, қанағаттану;

2. іс-әрекеттен өнім немесе қорытынды алу (жасайтын өнім, білім,     тәжірибе жинақтау және тб.);

3. іс-әрекет үшін марапатталу (жалақы, қызметінің жоғарлауы, табысқа      жету және тб.);

4. іс-әрекеттен ауытқу және оны дұрыс орындамау жағдайында                     болатын шаралардан аулақ болуға ұмтылу, жауапқа тартылуды                    болдырмау.

Еңбектің психологиялық мазмұны адамның кез келген мамандықты меңгеруде ішкі және сыртқы индивидуалды қасиеттерін және бағыттылықтарын меңгеруі. Мамандыққа деген мотивация. Ол сыртқы және ішкі мотивация болып қарастырылады.  Сыртқы мотивация жұмыскердің өзінен тыс тұратын мотивтерден: жалақы, қысымға түсіп кету қорқынышы, мақсатына жетуге ұмтылу және тб. Сыртқы дұрыс мотивацияларға мыналар жатады: материалдық жағдай, қызметте жоғарылау, ұжым және жолдастары тарапынан қолдау табу, бедел. Адамның өз күшін салып жұмыс істеуіне қажетті мотивтер. Сыртқы кері мотивацияға автор мыналарды жатқызады: жаза қолдану, қаржылай ақы төлеттіру, сынға ұшырату және тб.

Мамандықты меңгеру үшін ең бірініші адамның сол мамандыққа жарамдылығы қажет. Ал мамандыққа жарамдылық дегеніміз адамның еңбектің белгілі бір түріне жарамдылығын көрсететін психологиялық, физиологиялық ерекшеліктерінің, оған тиісті білім, дағды, икемділіктердің жиынтығы. Кәсіби жарамдылықты ажыратуда оның алғашқы жұмысқа араласуында оның еңбек нәтижесі, бейімделуі диагностикалық тест әдісімен адамдардың мамандық таңдауында қандай мотивтердің болатындығы, олардың мән-мәнісі зерттеледі. Мұнда адам медициналық, психологиялық, физиологиялық кешенді тексеруден өтеді.

Жеке адам санасы мен ақылы арқылы дараланады. Оның дыбысты анық тілі, еңбектену әрекеті қоғамдық жағдайда, бір – бірімен қарым – қатынаста қарастырылады. Іс — әрекеттің жеке тұлға дамуындағы ерекшеліктері әрекетінің нәтижесінен көрінеді. Еңбек – адамның дамып жетілуіндегі және қажеттіліктерін өтеудегі негізгі әрекет түрлері.

Адамының іс — әрекетін тиімді ұйымдастыру   оның өз ісіне қызығу мен жауапкершілік сезімін оятады. Адам өмір сүру барысында өз психикасын түрлі жолмен жарыққа шығарады. Мектеп жасына дейінгі бала өз психологиясын ойын арқылы көрсетсе, мектеп оқушысы оқу әрекетінің нәтижесімен бағалаланды. Ал ересек адам өзіне тән ерекшеліктерін еңбек процесінің сан алуан салаларында көрсетеді.

Адам психикасының дамуында мамандық таңдау   орын алады.  Соңғы жылдарда адамның психологиясын зерттеуде психологтар мен педагог мамандар, ұстаздар мен ата – аналардың  жете зер салып көңіл аударып отырған маңызды мәселенің  тұлғаның дұрыс мамандық таңдауы. Себебі оның болашақ жемісті іс-әрекеті.

Осындай мәселенің  байыбын барлап оның   тиімді жолын табу әлеуметтік өмірде адамның жеке басының қалыпты дамуын қамтамасыз ете алмай, оған зиянды әсер етері даусыз.    Бұл мәселенің өзектілігі қазіргі кездегі адамдардың іс-әрекетінің ұжымдық ерекшелігінің артуымен байланысты, тәжірибенің талаптарымен байланысты және адамдарды ұйымдастырудың, басқарудың тиімділігінің өзекті мәселелерімен, олардың араларындағы қарым-қатынастың күшеюін реттеу, тәрбиелік және психотерапиялық әсерлерді қолдану мәселеріне байланысты. Сондықтан, жас мамандардың кәсіби қызметке бейімделуіне жағымды ықпал жасау, қолдау көрсету, дамыту іс-шараларын  ұйымдастыру арқылы оның неге қабілетті екенін анықтаумен қатар болашақта жағымды жетістікке жетуге мүмкіндік туғызады.

Психологиялық қызмет орталықтарының мамандары еңбек әрекетіне араласқан адамдармен жұмыс жүргізуде, психодиагностикалау мен коррекциялық іс-шараларды ұйымдастырудың негізгі мақсаты төмендегі жалпы тапсырмаларды шешеді:

– еңбек әрекетіне араласқан адамдардың психикалық дамуының диагностикасы мен мониторингі;

– тұлғалық және интеллектуалды – даму коррекциясы;

– әлеуметтік және психологиялық ерекшеліктері;

– тұлғааралық конфликтілерді алдын алу мен шешуге көмек;

– қосымша білім беруге психологиялық қолдау;

– Тұлғалардың дағдарысты жағдайларына көмек;

– кәсіби кеңес беру мен ағарту.

Сонымен, адамдардың еңбекке араласқан жағдайдағы біріккен іс-әрекеттерінің тиімділігі, көбіне жеке тұлғалық және топтық мүмкіндіктердің қолайлы жүзеге асуына байланысты болады. Ұжымдағы қолайлы іс-әрекет  тек оның нәтижелерінің өнімділігіне ғана әсер етпейді, сонымен бірге адамды тұлға ретінде қайта қалыптастырады, оның жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады.
Пайдаланылған әдебиеттер

1. Климов Е.А. Введение в психологию труда. – М.: Культура и спорт: ЮНИНТИ, 1998.

2.    Ахтаева Н.С., Әбдіғаппарова А.І.   Әлеуметтік психология. — А.: Қазақ университеті, 2007.

3.    Климов Е.А.  Психология проффесонала. – М.: Воронеж, 1996.

4.     Кушембаев   Р.К     Психология успеха  — А., 1999.

5.     Абульханова-Славская К.А. Деятельность и психология личности.- М.: Наука., 1980
Салимбаева Ш.О.,  Құралбаева А.
М..Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан


Скачать


zharar.kz