Ел аузында Аманжол батыр туралы аңызға айналған әңгімелер баршылық. Ол XVIII ғасырда өмір сүрген Түгел батырдың тұңғышы Кенжеғараның Нұржаннан туған немересі екендігін ескерсек, жобасы ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген тәрізді.
Жаздың жаймашуақ күндерінің бірінде Әнжекен (жерлестері осылай атаған екен) есік алдында намазын оқып, жайнамазын жинап болғанда, ауыл сыртында сойыл сүйреткен бір салт аттының өтіп бара жатқанын байқап қалады.
Әдетте бұл ауылға келген адам батырға сәлем бермей өтпейді екен. Кейде бірнеше күндік жерден оған арнайы сәлем үшін келетіндер де болады. Ал мынау жолаушы намаз оқып отырған батырды менсінбегендей, қасынан өте шығуы қалай? Басынғаны ма? Жоқ ондай бейбастықтың тәубесін есіне түсіру қажет.
Осы ойға бекіген батыр сойылын қарына іліп, жолаушының ізімен атын көсілте женеледі. Мақсаты бейкүн біреуді үрып жығу емес, бірақ өзін сыйламағаны үшін атынан бір аударып тастау болса керек. Ол жолаушыға екпіндете жетіп келіп сойылымен сілтегенінде аса қатты соқпай нұқып қалады. Жолаушы қайратты екен, сойылды жұлқа тартқанда сабы Аманжолдың қолынан шығып кетеді. Жолаушы енді екі сойылды қарына іліп алып, ақырын жорта жөнеледі.
Аманжол қолайсыз жағдайда қалды. Жалғыз атты жолаушыдан жеңіліп, сойылынан айырылып, ауылына қайту — өліммен тең. Ал жолаушының онымен тілдескісі де жоқ. Менсінбей бара жатқан тәрізді. Не істеу керек? Батыр сол жерде біраз аңырып тұрды да, жолаушының ізіне түсті. Оның жай адам емес, алып күш иесі екенін түсінді. Ойы — оның ауылына дейін барып, кім екеніне қанығып қайту.
Екеуі қанша жер жүргенін кім білсін. Жолаушы ат басын үлкен ауылдың ақбоз үйіне тірегенде, оны төрт әйел аттан түсіріп алады. Біраздан кейін осы жерге жеткен Аманжолға да сондай құрмет көрсетіледі. Бірақ жолаушы ақбоз үйге, ал Аманжол басқа бір оңаша үйге еңгізілді.
Қонақүйде ауқаттанып алған Аманжол кешке қарай сыртқа шығып, өрістен қайтып жатқан малдың көптігіне таң қалды. Мыңды айдаған бай ауыл екен. Ал Аманжолды көбірек таңдандырған жәйіт қой бағып келген келіншек болады. Өңі ажарлы, сымбатты. Жасы отыз бен қырықтың арасында тәрізді. Қолында таяқ. Арқасында адамның бас сүйегі таңулы тұр. Бұл не ғажап?
Ымырт жабылып қас қарайды. Ауылға келгеннен бері ешкіммен тілдеспей қойғанына іштей назаланып отырған Аманжол ақбоз үйге шақырылды.
Он екі қанатты ақбоз үйдің төрінде ауылдың бірнеше ақсақалы отыр. Аманжолға да төрден орын берілді. Бұл үйде таңырқарлық көрініс бар екен. Үйдің бір бүйірінде жатқан тазының астына жұмсақ бөстек төселген. Қарғы бауы алтын ба, күміс пе, әйтеуір жарқ-жұрқ етеді. Бұнда не сыр бар?
Үй иесі барып қайтқан сапарын әңгімелеп, ақсақалдар ауылдың жаңалығын айтып жатты. Бір мезетте үй иесі Аманжолға қарады.
Ал қонағым, сөйле! Ауылға тегін келген жоқ шығарсың. Кімсің? Қайдансың? Уәжің не? Қуып жетіп сойылдағандай, менің жазығым не? Бәрін баянда.
Ақсақалдар да Аманжолға қарасады. Кінә менен, — деп бастады сөзін Аманжол, — менде өз елімде батырсынып жүретін едім. Біздің ауылды басып өткен адам маған сәлем бермей өтпейтін. Бұл әбден қалыптасқан дәстүр іспетті еді. Намаз оқып тұрған мені көре тұра менсінбегендей қасымнан өте шыққан адамға ашуланып, соңынан қуып жетіп сойыл сілтегенім әбестік.
Енді осы отағасының, — ол үй иесін нұсқады, — ерен батыр екендігіне көзім жетті де соңынан еріп келіп таныссам, әбестігімді мойындап, кешірім сұрасам деп едім. Енді өзімді таныстырайын.
— Өзіңізді айтпай-ақ қойыңыз! — деді отағасы. Сізді біз сырттай жақсы білеміз. Басқа уэжіңіз болса…
— Басқадай екі сауалым бар. Екі көрініске таңырқап отырмын, — деді батыр. Әуелі бостектің үстінде жатқан итке көз тастап — иттің аты ит қой. Бүған осыншама неге құрмет көрсетіледі? Екінші сауалым, осыған қарама қайшы. Адамның аты адам ғой, қой бағып жүрген келіншектің арқасына қу бас таңып масқаралағандай, кінәсі не? Осы екі көріністің де астарында бір құпия сыр жатқан сияқты. Әйтпесе, ит неге адамнан қадірлі? Адам неліктен иттен қадірсіз?
Аманжолды отағасының мейлінше байсалдылығы, сөзге сараңдығы таң қалдырды. Жол бойы бірне-ше күн соңынан ергенде, бір сэт тіл қатайын деген сыңай аңғартпады. Ауылына келгеннен кейін де тіл қатпай, оңаша үйге жайғастырды. Енді міне, қойған екі сауалға да жауап қатпай, естімеген адамша жайымен отыр.
Әңгіме басқа тақырыптарға ауысты. Ет желінді, шай ішілді. Ауыл қарттары тарауға айналағанда ғана отағасы манағы әңгімеге оралды.
— Бұл бір ашылмай жүрген сыр еді, — деді Аманжолға бетін бұрып, — сен де бір елдің ері, қадірлі қонағымсың ғой… Айтайын…
— Бұл осыдан он бес шақты жыл бұрын болған оқиға еді. Менің жаңада үйленген кезім болатын.
Бірде тау кезіп аң аулап бірнеше күннен кейін ауылыма оралсам, ауылды жау шауып, малды айдап кетіпті. Менің сұлу келіншегімді де ала кеткен…
Ауылдастардың айтуынша, жау бес — алты-ақ адам. Ішінде еңгезердей бір батыры бар. Менің де батыр атағым жайыла бастаған. Қасыма мен де бес — алты жігітті іріктеп алып, шапқыншыларды қуа жөнелдім.
Атым жүйрік. Жау тобына бұрынырақ жетіп айғай салдым: Жекпе — жек! Жекпе — жек! Менің айғайымды естіп қалмақтың батыры қарсы шықты. Қасында менің келіншегім. Қалмақтың батыры аттан түсті. Мен де түстім. Екеуіміздің қолымызда қанжар. Айқаса кеттік. Ол күшіне сенсе керек. Мен де бола қоймадым. Алысымыз созылды. Қызығымызға келіншегім міз бақпай, қарап тұр.
Байқаймын, менен гөрі қалмақтың жеңгенін қалайтын тәрізді. Мені еңсерген кезде күлімсіреп, қалмақ деңделген кезде үрейлене қалғандығын аңғардым. Қалмақтың күші басымдау сияқты. Еңсеріп әкетіп барады. Осы кезде соңымнан келе жатқан құмайым да жетті — ау. Ол әйелімнің, иттің атын атап өзіне шақырғанына қарамастан, қалмақтың артқы жағынан келіп жанды жерін шайнап жіберді. Сол — ақ екен қалмақ өкіріп барып кұлады. Қалмақтың жеңілгеніне әйелімнің ренжігені де байқалып қалды.
Әйелім опасыздығын көрсетті. Ал итім мені ажалдан арашалап алды. Содан бері итімді астына бөстек төсеп құрметтеймін. Ал әйелімді арқасына қу бас арқалатып мал баққызудамын. Ол қу бас — деп аяқтады сөзін отағасы, — баяғы қалмақ батырының басы…
Бір күні таңертең жылқышылардың бірі келіп отағасына өткен түнде көл жағасында топ қасқыр бір байталды жеп кеткенін хабарлады. Жылқышылар көрген екен. Қасқырлардың ішінде кіші-гірім тайыншадай бір арланы бар.
Отағасы екі ат ерттетіп әкелдірді. Аманжолға қарап, — бүгін қасқырға шығатын болдық, — деді, — құмайдың өнерін көресің. Сол бір топ қасқырды түгел алмай тоқтамайды. Бір бірлеп жайратып тастап кетіп отырады. Қасқырдың да сырттаны болады. Онымен бірден алыса кетпей, андысып жатып алуы мүмкін. Ондай-да ит жағынан емес, қасқыр жағынан барғаның жөн. Қасқыр саған жалт қарағанда, ит бас салады.
Бұл жолы иттің соңынан сен жүріп отырасың. Ал мен өлген қасқырларды жинастырып, соңынан жетермін.
Топ қасқыр семіз байталдың жарты етін тауысқан екен. Іздері сайрап жатыр. Ізге түскен құмайдын соңынан екі батыр аттанды. Қасқыр бесеу екен, құмай жайратып кеткен қасқырларды отағасы жинастырып келеді. Аманжол алда. Ең соңғы арлан қасқыр қашпай, итпен андысып жатып алады.
Отағасының айтқаны есінен шығып кетсе керек, Аманжол қасқыр жағынан емес, ит жағынан барып, айт! деп айғайлап қалады. Сол кезде Аманжолға жалт караған құмайдың желкесіне сырттан азу басып үлгереді. Құмай жан тапсырады.
Аманжол тағы да ұятқа калды. Өзін құрметтеп отырған, отағасын ажалдан құтқарған, адамнан артық қастерлейтін Құмайынан айырды.
Отағасы бірақ бұған да ренжімепті, кұмайды сойдырып, ішіне шөп тығындап, терісін қайта тіктіріп қояды.
— Бұл тап осы сияқты құмайды таңдап алу үшін керек, — дейді. Осы кұмай кебіне тайсалмай бас салған күшіктен өнер шығады. Жай ит бұған беттей алмайды.
— Олай болса, бұл итті маған беріңіз. Мен ауыл — ауылды аралап көрсетіп, бәлкім, тауып әкелермін. Бұл сапардан Аманжол бірнеше айдан кейін оралды. Қай ауылға барса да иттер құмай кебіне жақындай бере, қайта қашады. Тек бір ауылға ғана келгенде кепті көрген күшік дереу бас салып, парша парша-сын шығарады.
Сол күшікті Аманжол сатып алады.
— Иә, бұл нағыз құмай тұқымы екен! — деп қуанады отағасы оны көргенде. Енді бірнеше ай осында болып осы күшіктің қасқыр алғанының куәсі болыңыз. Айтқанындай осы күшік қасқыр мен түлкі көрсе қоймайтын алғыр құмайға айналып, екі батырдың кұмарын қандырады. Үйіне қайтарда Аманжолға отағасы ризалығын білдіріп, өзінен не қалайтьшъш сұрайды.
— Менің де өзімдікі өзіме жеткілікті — дейді ол досына, менің сізден жалғыз — ак қалауым бар, оны тек алдын ала беремін деген сөзіңізді естісем ғана айтамын.
— Бердім! — дейді досы сөзін нықтап, — кісі жанын сұрамассың! Айт қалауыңды? — Айтсам… Құдайдыңда кешірмейтін күнәсі жоқ дейді. Анау әйел бір кездегі некелі жарың еді ғой. Соның кінәсін кешіріп, азаптан құтқарсаң. Ол да Алланың пендесі ғой.
Отағасы қиналады. Бірақ ол екі сөйлейтін адам емес. Біраз ойланып отырып шешімге келеді. Ауылымның ақсақалдарымен ақылдасайын!
Ақсақалдар Аманжолдың өтінішін құптайды. Олар да батырға бәйбішеңді азаптан құтқар деуге бата алмай жүрсе керек.
Осы кезде бұл әңгімені тыңдап отырған жас жігіт, өкіріп жылап келіп отағасын құшақтай береді.
— Әкежан мен де анамды кешір деп айтуға бата алмай жүр едім. Енді екі дүниеде ризамын!
Бұл бала отағасының алғаш эйелінен туған тұңғышы екен.
Осы оқиғаға байланысты ауылда той өткізіліп, риза болған ауыл жігіттері Аманжолды бір күншілік жерге дейін шығарып салыпты. [20, б.77-84]