Экспортты реттеудегі мемлекеттің атқарып жатқан іс-әрекеттері туралы қазақша реферат
Еліміздің Қазақстан 2030 стратегиясында қарастырылған ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуы алдын-ала және үш он жылдық кезеңдерді қамтиды.[5] Оның алғашқы кезенің жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылы 28-қаңтардағы №3834 Жарлығымен 1998-2000 жылдары арналған дамудың стратегиялық жоспары мен осы жылдарға арналған Үкіметтің іс-қимылының бағдарламасы бекітіліп, табысты жүзеге асырылды. 2001 жылынан бастап Қазақстан дамудың он жылдық жоспарын жүзеге асыруға кірісті. Олардың алғашқысы болып, ағымдағы он жылдыққа назар аударуды көздейтін, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын анықтайтын, Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейінгі дамуының Стратегиялық жоспары табылады. 2010 жылға дейін Стратегиялық жоспарда көрсетілген мақсаттар – бұл ұзақ мерзімдік экономикалық жоспардағы бәсекеқабілеттіліктің негізін қалау, еліміздің әлеуметтік және демографиялық дамуына жағдай жасау, 2010 жылына таман жалпы іпкі өнім екі есе артуына қол жеткізу. Стратегиялық жоспармен қарастырылған негізгі шаралар қоғамды әрі қарай демократияландыруға, саяси жүйенің эволюциялық реформасына, мемлекеттік басқарудың негізін орталықтандыруға бағытталған.
Экономика саласында – мемлекетті экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне айналдыру, бірінші кезекте мыналарды қоса отырып:
Еліміздің дамуының тұрақтылығын қамтамасыз ететін экономиканың келешегі зор салаларына инвестициялық ресурстарды мемлекетпен бөлу мен шоғырландырудың тиімді механизмдерін қалыптастыру;
Экономиканы құрылымды қайта құру мен экономикалық өсімнің жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік шаралардың жүйесін құру;
Әлеуметтік салада – білім мен денсаулық сақтау, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саларындағы мемлекеттің әлеуметтік функцияларын сапалы жүзеге асыру, сонымен қатар еліміздегі демографиялық ахуалды жақсарту; 2010 жылға дейінгі стратегиялық жоспардың экономикалық тұрғысынан келгенде, ең алдымен үкімет әртараптандырудың белсенді индустриялық саясатына кіріседі, екпінді макро деңгейден микро деңгейге ауысады. Осыған байланысты экономикадағы құрылымдық үйлеспеу жағдайында, мемлекеттің еліміздің ресурстық әлеуетін бөлу, салалар арасындағы пропорцияны рационализациялау, экономиканы модернизациялау үшін күш жұмылдыру сияқты жүйелік іс-қимылдарының маңызы артуда.[37]
Экономиканың шикізаттық емес салаларына инвестицияларды жандандыру мақсатында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері ішінде алғашқылардың бірі болып, Қазақстан мемлекеттік Даму банкін құрды. Қазіргі таңда оның жарғылық капиталы 37,7 млрд. теңгені (250 млн. Америка Құрама Штаттары долл. ) құрап отыр. Ол өндірістік инфрақұрылым мен өндеуші өнеркәсіпті дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды орта мерзімді және ұзақ мерзімді несиелеу үшін құрылған. Стратегиялық жоспарда Қазақстан экономикасы өзінің сыйымдылығы бойынша үлкен емес деп атап көрсетілген. Бұл дегеніміз ұзақ мерзімді экономикалық өсімге қол жеткізу үшін біздің экономикамыз экспортқа бағытталған болуы қажет. Тек қана импорт алмастыруға бағытталған стратегия қате болып табылатын еді. Еліміздің бәсекеге қабілетті индустриялық кешенін қалыптастыру, экспорттық әлеует пен экономиканың салаларын әртараптандыру мақсатында, 2003 жылы ұзақ мерзімді мемлекеттік индустриялық саясатты құратын мемлекеттік бағдарламалар жасалды.
Соның ішінде Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы қабылданып, жүзеге асырылуда.
Таяу жылдардағы экономикалық өсімді қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі ретінде ұлттық экономиканың базалы саласы, мұнай өндіру өнеркәсібін жеделдетіп дамыту болып табылады.
Осы саланың өсуінің асып түсуі, келер жылдарда да еліміздің экономикалық дамуының мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізудегі жетекші саласы болып қала береді. 2010 жылға таман Қазақстандағы мұнай өндіру көлемі 100 млн. тонна, ал табиғи және жол-жөнекей газды өндіру 50 млрд. м3 болады деп шамалануда. Каспий шельфіндегі көмірсутегі кен орындарын игерудің басталуы, Каспий Мұнай құбыры Консорциумі мұнай құбырының бірінші кезектегі құрылысының аяқталуы, осы сектордағы ірі масштабты жобалардың таяу жылдарда жүзеге асатынын куәландырады. Еліміздің мұнай, газ ресурстарын тиімді игеру және ілеспелі қызмет көрсету инфрақұрылымын дамыту мақсатында, Каспий теңізінің Қазақстандық секторын игерудің мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.[38]
Стратегиялық жоспарда маңызды орынды еліміздің аграрлық секторын дамыту мәселелері алады. Ауылдық мекен-жайларда еліміздің халқының 40% тұрады. Сондықтанда мемлекеттің назарынан тыс қалмауы тиіс.
Экономиканың шикізаттық емес салаларында экспортқа бағытталған және бәсекеге қабілетті өнімді өндіре алатын экономиканы дамытудың жаңа, сапалы деңгейін қамтамасыз ету приоритетті міндеттердің бірі болып табылады. Осы мақсатпен республикамызда шикізаттық бағыттан қол үзуге ықпал ететін, экономика салаларын әртараптандыру жолымен елдің тұрақты дамуына қол жеткізуге және ұзақ мерзімдік жоспарда сервистік-технологиялық экономикаға өтуге жағдай жасайтын индустриялық-инновациялық дамудың 2003-2015 жж. арналған Стратегиясы қабылданды.
Индустриялық-инновациялық саясаттың мақсаттарына қол жеткізу өңдеуші өнеркәсіптің қосылған құнын тек өнімдерді өндіруді арттыру жолымен ғана емес, сонымен қатар адам мен өндірілген капиталдарды айтарлықтай үнемдеу есебінен де арттыруға мүмкіндік береді. Бұл халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға және өнімдерді жаңғырту үрдісіне жағымды әсер етеді. Сонымен қатар артылып қалған еңбек ресурстарын, энергия мен материалдарды жаңа өндірістерді құруға бағыттауға болады.
Қазақстанның қабылдаған индустриялық-инновациялық дамуының Стратегиясының, өнеркәсіптік даму саласындағы бұрын дайындалған құжаттардан басты айырмашылығы мынандай: ол экономиканы дамытудағы мемлекеттің араласуының заңмен белгіленген іс-шараларының көмегімен, мемлекеттің жеке сектормен белсенді қарым-қатынасына бағытталған. Индустриялық-инновациялық дамудың негізгі қозғаушы күші болып жеке сектор табылуы керек, ал мемлекет экономиканың бәсекеқабілеттілігін көтеру мәселелерінде катализатор мен бастамашы ретінде қатысып, жеке кәсіпорындарды инновациялық үрдістерге тарта отырып модернизациялауға көмектесуі қажет.
Дайындалған стратегия экономиканы дамытудың нақты анықталған приоритетті салаларын қамтымайды. Негізгі приоритет – бәсекегеқабілетті, соның ішінде экономиканың шикізаттық емес бағыттағы салаларында жұмыс істейтін экспортқа бағытталған өндірісті дамыту және құру. Бұндай жағдай экономиканың әртүрлі салаларындағы кәсіпкерлер үшін, өздерінің өндірісін ұйымдастырушылық, техникалық жетілдіруіне және экспортқа бағытталған жаңа өнімдерді шығару жолын жаппайды.
Қазақстан ірі әлемдік астық өндірушілердің бірі болып табылады. Астықты өңдеу процесінің тереңдеуі қосылған құнның көп салалы тізілімін құруға мүмкіндік береді. Осындай тізілімді дамыту бағыты астықты және басқа да өсімдік шаруашылығының өнімдерін өңдеудің технологиялық үрдісінің тереңдеуінен де көруге болады.
Қосылған құнның тізіліміне ауыл шаруашылығының басқа да салалары мал шаруашылығы, ет және сүт өнімдерін өндіру кіруі мүмкін. Ауылшаруашы- лығы техникасы мен минеральдық тыңайтқыштарды өндіретін зауыттарды салу, табиғи дәмдік бояғыштарды, фармацевтикалық бұйымдарды, биотехнологияны және басқаларын өндіретін кәсіпорындарды құру республикамыздың дамуының ядросын құрайды.
Осылайша экономиканың өнеркәсіптік салаларын дамытуға қолда бар ғылыми- техникалық әлеуетті пайдалану өнеркәсіптік саясаттың маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. Қазіргі уақытта келешегі зор бағыттардағы жетістіктерді анықтау мақсатында еліміздегі ғылыми-техникалық базалардың жағдайына мониторинг жүргізу қажет. Бұдан басқа жаңа материалдар мен химиялық технологиялар, ақпараттық технологиялар секілді ғылыми-техникалық даму салаларында зерттеу жүргізуге қажетті жағдайларды туғызу керек. Тағы бір маңызды мәселе, инновацияны өнеркәсіп пен қызмет саласына кедергісіз енгізу үшін заңнамалық базаны жетілдіру қажет.
Ғылыми-техникалық және өндірістік әлеуетті арттыру саласындағы негізгі бағыт – Байқонырдағы, Курчатовтағы, Приозерскідегі және Степногорскідегі қызмет жасап жатқан ғылыми орталықтардың базасында, сонымен қатар ғылыми-техникалық және өнеркәсіптік ұйымдар мен жоғарғы ғылыми-техникалық әлеуеті бар кәсіпорындардың жүйесі қалыптасқан қалаларда, заманға сай инфрақұрылымдарды (технопарк, ұлттық ғылыми орталықтар, ғылыми-техникалық аймақтар) құру болып табылады.
Индустриялық-инновациялық дамудың ажырамайтын шарты болып адам капиталын жетілдіру табылады. Осыған байланысты стратегияны жүзеге асыру барысында жоғары білікті, кәсіби кадрларды дайындауға көңіл бөлінеді.
Индустриялық-инновациялық дамудың стратегиясын табысты жүзеге асырған жағдайда, қосылған құны жоғары ғылымды көп қажет ететін және жоғары технологиялы өндірістердің пайдасы үшін айтарлықтай құрылымдық өзгерістер болады. Экспортымыз айтарлықтай әртараптанып, Қазақстанның әлемдік рынокқа дайын өніммен шығуы кеңейеді, экономикамыздың әлемдік экономикаға ықпалдасуы тек қана шикізат тауарларымен ғана емес, сонымен қатар дайын өнімдер мен инновациялық қызметтердің есебінен тереңдейді. Шешуші үлкен өзгеріс шағын және орта бизнесті, әсіресе инновациялық қызметтерді дамыту саласында болады. Экономиканың нарықтық емес секторының үлесі күрт қысқарады, кәсіпорындардың қаржы-шаруашылық қызметтерінің тазалығы қамтамасыз етіледі. Қазақстанның инвестиция, технологиялардың трансферті, заманға сай дамыған ғылыми-инновациялық және өндірістік инфрақұрылымдарды құру есебінен ғылыми жетістектермен алмасу және жоғары білікті басқарушы, ғылыми, инженерлік, техникалық және жұмысшы кадрларын дайындаудың тиімді жүйесі үшін тартымдылығы өседі.
Осы мақсаттарға жету үшін дамудың арнайы институттары құрылуда. Қызмет жасап жатқан Даму банкінің қызметін жандандырумен қатар, жаңадан құрылған Инвестициялық қор, Инновациялық қор, Экспортты сақтандыру корпорациясы секілді институттарға да зор міндеттер жүктелген.[31]
Даму институттары әлемнің көптеген елдерінде бар және олар жеке немесе тәуелсіз болып келеді. Қазақстанда жеке инвесторлардың дайын өнімдердің өндірісін дамытуға капиталдар салудағы енжарлығынан, жоғары пайыздық өсімдердің кесірінен несиелік ресурстардың шектелуінен аталған даму институттарын мемлекет құрады. Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін тұтас кешенді құру мақсатында, үкімет қосымша Маркетингтік-аналитикалық зерттеулер орталығын, Инжиниринг және технологиялардың трансферті орталығын, Ғылым қорын құру туралы шешім қабылдады. Даму институттары арқылы мемлекет қосылған құнның экономикалық және технологиялық тізбегін дамыта отырып, бәсекеге қабілетті өнімді шығаратын өндірістің біртұтас жүйесін құруға бағытталған жобаларға қатысады. Бұл бәсекеге қабілетті өнімдердің барлық өлшемдеріне жауап беретін ақырғы өнімге жұмыс істейтін көп салалы кәсіпорынды құруға мүмкіндік береді.
Өткен жылы мемлекеттік бюджет қаржысынан Даму банкіне жарғылық капиталын толықтыру үшін 80 млн. доллар, Инвестициялық қорға 150 млн. доллар, Инновациялық қорға 50 млн. доллар бөлінген. Осы жылдың бюджетінде де жарғылық капиталдарын толтыру және несиелік ресурстарды беруі үшін Даму банкіне 80 млн. доллар, Инжиниринг және технологиялардың трансферті орталығына 2,6 млн. доллар, Маркетингтік-аналитикалық зерттеулер орталығына 5 млн. доллар, Инновациялық қорға 42,5 млн. доллар бөлу көзделіп отыр. Бұдан басқа ақпараттық технологиялар паркі мен технопарктер құруға 7 млн. доллардан артық қаражат бөлу жоспарланған. Осындай қаржылар Қазақстан үшін қомақты, бірақта жоғары технологиялы және ғылымды көп қажет ететін инновациялық экономиканы қалыптастыру секілді күрделі проблеманы шешуге өте қажетті болып табылады.
Даму банкі. Оның негізгі міндеті ұзақ мерзімді төмен пайызды банк несиелерін, оның ішінде экспорттық несиелер беру арқылы, сондай-ақ басқа несиелік институттар беретін қарыздар мен несиелер бойынша кепілді міндеттемелер беру арқылы жеке сектор мен мемлекеттің бастамаларына (өңдеуші салалар мен инфрақұрылымдық жобалар бөлігінде) қаржылай қолдау көрсету болып табылады. Осылайша банк нарықтық механизмдер мен тәсілдерді пайдалана отырып басқа да мемлекеттің қатысуымен құрылған қаржылық институттар мен бірігіп, үйлесе отырып мемлекеттің инвестициялық саясатын жүзеге асыруға қатысады. Банкіге бөліп берілген негізгі міндет, өндеуші сектордың несиелік ресурстарға деген инвестициялық қажеттіліктерін екінше деңгейдегі банктермен қамтамасыз етілмеген жағдайда, коммерциялық негізде қанағаттандыру.
Мемлекеттің инвестициялық қызметінің тиімділігін арттыру мен жетілдіру, өңдеуші өндіріс пен өндірістік инфрақұрылымды дамыту, еліміздің экономикасына ішкі және сыртқы инвестицияларды тартуға көмек беру мақсатында 2001 жылы құрылған Даму банкінің осы кезге дейінгі қызметінде қаржыландыруға, 200 млн. долларға 25 инвестициялық жобалар мен экспорттық операциялар қабылданған, 100 млн. доллар көлеміндегі несиелік қаржылар игерілген. Банк өңдеуші өнеркәсіп пен ішкі инфрақұрылымның жобаларын несиелеуге қажетті орта және ұзақ мерзімді қарыздарды тарту үшін базаны қалыптастырады. Қазір 160 млн. долларға тең мезгілі мен тәсілдері бойынша әртараптанған қарыз қоржыны қалыптасқан. Осылайша қазіргі уақытта банктің қор жинау базасын, несиелік қызметті жүзеге асыру кезінде нарықтық механизмдер мен тәсілдерді қолдануды қамтамасыз ететін, нарықтық қарыздану құрайды. Осыған қарамастан банктің қызметінің ерекшелігі өңдеуші өнеркәсіп пен инфрақұрылымның объектілерін орта және ұзақ мерзімді несиелеу, қарыз алудың белгілі бір жеңілдектерін талап етеді. Солардың бірі ретінде банкке нөлдік немесе төменгі өсіммен 15 және одан да көп жылдарға бюджеттік несиелерді беру табылады.
Мемлекеттік инвестициялық саясатты жүзеге асырудағы екінші маңызды институт болып Қазақстанның инвестициялық қоры табылады. Оның мақсаты Қазақстанда да, елдерде де кәсіпорындардың жарғылық капиталына үлестік және бақылаусыз қатысу арқылы жеке сектордың экономиканың шикізаттық емес секторындағы бастамаларына қаржылай қолдау көрсету болып табылады.
Қазақстанның инвестициялық қоры құру қажеттілігі отандық рынокта өңдеуші өнеркәсіпке инвестиция ағымына ықпал ететін барабар нарықтық тетіктердің жоқтығы, қор рыноғының дмымағаны, отандық компаниялардың капиталтандыру төмендігіне негізделіп отыр. Қазақстанның инвестициялық қоры құру қызмет етудің жаңа деңгейіне сапалы көшу қажеттілігі туралы қаржы секторы үшін дабыл болып табылады. Банктермен және басқа да қаржы агенттерімен Қазақстанның инвестициялық қоры әріптестігі жаңа өндіріс пен қаржы рыногының дамуы үшін белсенді серпіліс болады.
Инвестициялық қордың міндеттері болып табылатындар:
─ халықаралық қаржы институттарының жеке инвесторлардың қатысуымен венчурлық қорларды құру;
─ венчурлық жобаларды инвестициялау, жеке инвесторла мен несие берушілерге жағымды хабар беру;
─ жобалардың инвестицияға дейінгі сатысы үшін гранттар беру;
─ инвестициялайтын компаниялардың үлесіне қатысу немесе акцияларын иемдену;
─ венчурлық жобаларға ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту;
─ инвестициялайтын кәсіпорындардың акцияларын басқару;
─ инвестициялайтын кәсіпорындардың акцияларын қор рыногына шығару.
Қазақстанның инвестициялық қоры Қазақстанның Даму банкімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі тиіс. Бұл екі институт банк желісі бойынша жобаларды қаржыландыру және капиталды бастапқы орналастыру бағытында бірін-бірі толықтыруы тиіс.
Жеке инвестициялық қорлардың пайда болуымен мемлекеттік қаржы институты ретіндегі Қазақстанның инвестициялық қоры рөлі қысқартылатын болады. Қаржы рыногында 3-5 бірдей жеке инвестициялық қорлардың пайда болуымен жекешелендірілетін болады.Инновациялық қор тіпті дамыған елдердің бәрінде бірдей толық дәрежесінде бола бермейтін нарықтық экономиканың еншілес функциясын ынталандыруға тиіс. Бұл функция экономиканың информатика, электроника, биотехнологиялар және басқалары сияқты жоғары технологиялық салаларын құру мен дамыту үшін ерекше маңызды. Осыған байланысты қор қызметінің басты мақсаты Қазақстан Республикасында инновациялық белсенділіктің артуына, жоғары технологиялы және ғылымды көп қажет ететін өндірістерді дамытуға жәрдемдесу болуы тиіс.
Инновациялық қорды құру бұрынғы кеңес елдерінен кейінгі кеңістіктің барлығына тән жүйелік проблеманы, инновацияларды енгізу тетіктерінің тиімді және нарықтық тетіктерінің болмауын шешуі тиіс. Осы проблеманың екі жағы бар. Біріншіден, бұл әзірленген инновацияларды енгізудің қажеттілігі. Екіншіден, жаңа инновацияларды әзірлеу үшін қолданбалы ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру.[7]
Осы проблеманы шешу үшін инновациялық қордың негізгі жұмсалатын күші жеке сектор тарапынан Қазақстандағы венчурлік қаржыландыруды ынталандыру мен дамытуға және инновациялық инфрақұрылымды құруға бағытталуы тиіс. Инновациялық қор өз қызметінің бастапқы кезеңінде отандық және шетелдік серіктестермен бірге инновациялық жобаларды қаржыландыруды жүзеге асыратын және венчурлік қорларды құратын болады.
Қордың негізгі міндеттері:
─ инновациялық инфрақұрылым элементтерін (технополистер мен технопарктерді, ақпараттық-талдау орталықтарын және тағы басқалар) құруға қатысу;
─ отандық және әлемдік деңгейдегі ірі венчурлік инвесторлармен бірлесіп венчурлік қорларды құру;
─ жарғылық капиталға қатысу;
─ өнертабыстарға коммерциялық сипат беруге бағытталған қолданбалы ғылыми-зерттеу және инновациялық жобаларға гранттар беру арқылы қаржылай қолдау көрсету болып табылады.
Инновациялық қордың гранттарды бөлу туралы шешімі шетелдік ғалымдарды тарта отырып, тәуелсіз ғылыми-техникалық сараптама жүргізілгеннен кейін ғана жүзеге асырылуы тиіс. Қаржыландыру үшін таңдалған ғылыми зерттеулер Қазақстанның инвестициялық қоры және Қазакстанның Даму банкі арқылы қаржыландыру аясындағы жобаларға тұтас алғанда сәйкес келуі тиіс. Инновациялық қор өз қызметін мемлекеттік ғылыми-техникалық және инновациялық саясат шеңберінде жүзеге асыратын болады.
Экспортты сақтандыру жөніндегі корпорацияныңнегізгі міндеті саяси және регулятивтік қатерлерді сақтандыру және қайта сақтандыру арқылы қазақстандық өндірушілердің тауарлары мен қызметтерінің экспортына тікелей жәрдемдесу болып табылады. Экспортты сақтандыру жөніндегі корпорация қазақстандық өнімнің экспортын дамыту, ықтимал өткізу рыноктары туралы ақпаратты зерделеу және кейінен тарату үшін маркетингтік зерттеулер жүргізетін болады. Бұл әлемге жалпы танылған тәсіл болып табылады әрі қаржылық және әкімшілік тұрғыдан алғанда экспорттық транзакцияларды жеңілдетуге тиіс. Отандық сақтандыру рыногының өсуі және оның экспорттық-импорттық операциялармен байланысты қатерлерді сақтандырудың дайындығы бойынша Экспортты сақтандыру корпорациясы саяси қатерлерді сақтандыру мен халықаралық рыноктар туралы коммерциялық ақпаратты таратуға баса назар аударатын болады.
Жоғары технологиялар мен ғылымды қажет ететін өндірісті дамыту үшін мемлекет Инжиниринг және технологиялардың трансферті орталығын құрды. Ол кәсіпорындарға инжинирингтік қызмет көрсетеді, алдыңғы қатарлы шетелдердің технологияларының трансфертін жүзеге асырады, технологиялардың ішкі және сыртқы рыногына маркетинг жүргізіп, осы саладағы әлемдік үрдістің дамуын талдайды.Ғылыми-техникалық тәуелділіктен құтылу, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінен қалып қоюды жою және олармен қатар индустриялық дамуға аяқ басу үшін, Қазақстанға негізгі ғылымды, негізгі қолданбалы зерттеулерді интенсивті дамытуға тура келеді.
Осы экономиканың күрделі, әрі өзекті проблемасын шешу барысында инвесторлар мен жоғары және ғылымды көп қажет ететін технологиялар мен инновациялық өнімді өндірушілер өздерін үнемі шетелдік және отандық аймақтық рыноктардың жағдайы мен перспективасы, сонымен қатар бәсекелік жағдайы мен жағдаяты, оған қазақстандық тауарлар мен қызметтердің қатысуы, осы рыноктардың сыйымдылығы мен қажеттіліктерін есепке ала отырып, Қазақстанның өзінің бәсекелік артықшылықтарын қалыптастырудың келешегі туралы маркетингтік зерттеулердің нәтижесін көрсететін жаңа ақпараттармен әрдайым сусындатып отыруын қалайды. Оларды осылармен бірге технологиялрадың деңгейі, бәсекеқабілеттілігі мен тиімділігі, Қазақстанда шығарылатын өнімдердің қосылған құны жайындағы маркетингтік зерттеулердің нәтижесімен де сусындатып отыруымыз қажет. Осындай жұмыстарды Маркетингтік-аналитикалық зерттеулер орталығы атқарады.
Құрылымдық саясатты дамытуды ынталандыру мен мемлекеттік қолдаудың нысандары мен тәсілдері мынандай жолмен іріктелген, олар қажетті, сонымен қатар экономика үшін зиянсыз болып табылады және жеке бастамаларды дамытуға, рыноктағы бизнес үшін тең бәсекелік жағдай құруға жәрдемдеседі. Бұл мемлекеттің өзіне экономиканың бәсекеқабілеттілігін арттыру мен дамытуда катализатор қызметін жүктеп, кәсіпкерлік қызметке тікелей араласпауымен түсіндіріледі.
Индустриялық-инновациялық дамудың стратегиясы Қазақстанның экономикасын жедел модернизациялау мен оны еліміздің серпінді және үдемелі дамуына жауап беретін ұзақ мерзімдік тұрақты өсімге ауыстыру үшін жасалған құжаттардың негізгісі болып табылады.