Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқығының пәні мен әдістері туралы қазақша реферат
Жоспары:
1. Әкімшілік құқықтың түсінігі, пәні және әдістері.
2. Әкімшілік құқықтың жүйесі және оның құқық салаларының ішіндегі орны.
3. Әкімшілік құқықтың қайнар көздерінің түсінігі мен түрлері.
Лекция мақсаты: ҚР Әкімшілік құқығының пәні мақсатына мыналаржатады. Болашақ заңгер іс жүзінде білімді әрі білікті маман болып шығу үшін құқық салаларын жеке-жеке қарастырып шығу керек. Сол себептен де, әкімшілік құқықты терең, жан-жақты біліп шығу үшін арнайы пән ретінде қарастырамыз. Білімгер болашақта заңгер болып шығу үшін басқа құқық салаларымен қатар әкімшілік құқықты да терең игеруі қажет. Ол әкімшілік-құқықтық актілерді қолдану, оған бағыну, әкімшілік іс жүргізу ерекшеліктерін оқып игеруге міндетті.
Лекция мәтіні: Әкімшілік деген сөз латын сөзінен аударғанда “басқару” деген мағынаны білдіреді. Яғни, әкімшілік құқық басқару саласындағы биліктік қатынастарды реттейді.
Әкімшілік құқық – мемлекеттік басқару саласындағы қатынастарды реттейтін құқықтық нормалар жиынтығы.
Заң энциклопедиясы әкімшілік құқықтың түсінігін мемлекеттік басқару органдарының атқарушылық қызметі процесінде пайда болатын қоғамдық қатынастармен байланыстырады.
Әкімшілік құқықтың пәні болып ол реттейтін қоғамдық қатынастардың жиынтығы табылады.
Теорияда әкімшілік құқықтың пәнін шартты түрде екі топқа бөліп қарастырады:
1) ішкі аппараттық қатынастар – мұнда сәйкес құқықтық нормалар атқарушы билік органдарының жүйесін, оларға бағынысты мекемелерді, олардағы қызметті ұйымдастыруды және жұмыстардың нысандары мен әдістерін бекітеді;
2) әкімшілік биліктің кәсіпорындармен, мекемелермен, кез-келген ұйымдастырушылық-құқықтық нысандағы ұйымдармен, азаматтармен қарым-қатынастары.
Әкімшілік құқық тек әкімшілік әсер ету құралдарының жүйесін құрайды: әкімшілік мәжбүрлеу, лицензиялау, тіркеу. Әкімшілік мәжбүрлеу – әкімшілік құқық пәнінің маңызды бөлігі болып табылады.
Сонымен қатар, әкімшілік құқықтың пәніне азаматтардың шағымдарын соттан тыс тәртіпте қарауға байланысты қатынастар да жатады.
Жоғарыды аталғандарды қорытындылай келе, әкімшілік құқықтың пәніне мынадай анықтама беруге болады.
ҚР-ның әкімшілік құқығының пәні болып мемлекеттік әкімшіліктің қалыптасу және қызмет ету процесінде және әкімшілік-құқықтық мәжбүрлеу шараларын, басқа да әкімшілік әсер ету шараларын қолдану, азаматтардың шағымдарын соттан тыс тәртіпте қарау барысында пайда болатын билік қатынастары табылады.
Әкімшілік құқық пәнін басты құрамдас бөлігі, оның негізі болып мемлекеттік әкімшіліктің азаматтар және ұйымдармен қатынастарының жүйесі табылады. Әкімшілік құқықтың басты міндеті болып азаматтардың құқықтары мен міндеттерін құқықтық тұрғыда қамтамасыз ету табылады.
Әкімшілік құқықта қолданылатын құқықтық реттеу әдісі құқықтық әсер етудің негізгі тәсілдерімен қатар бірқатар ерекшеліктерге ие:
а) міндеттеу – құқытық нормада қарастырылған жағдайға сәйкес белсенді түрде белгілі бір әрекетті орындауға тікелей заңды міндетті жүктеу;
ә) тыйым салу – құқықтық нормада көзделген жағдайларға сәйкес белгілі бір әрекеттерді жасамауға тікелей заңды міндетті жүктеу;
б) рұқсат беру – құқықтық нормамен көзделген белгілі бір әрекеттерді субъектінің қалауына қарай орындауға немесе орындамауға заңды түрде рұқсат ету.
Әкімшілік-құқықтық реттеудің ерекшеліктері мемлекеттік басқарудың ерекшелігімен тығыз байланысты. Себебі, бұл салада көп жағдайда бағынушылық қатынастар орын алған. Бұл жерде ерекше атап өтетін бір жәйт – әкімшілік-құқықтық қатынастар басым көпшілік жағдайда мемлекеттік органның (лауазымды тұлғаның) бір жақты ерік білдіруінің негізінде қалыптасады. Мысалы, бұйрық, шешім, қаулы және т.б. Яғни, әкімшілік құқықтық реттеу заңды теңдігі жоқ қатысушылар субъектілері болып табылатын қатынастарға бағытталған.
Қоғамның санасында әкімшілік құқық атқарушы биліктің күштеу құралы ретінде қалыптасып кеткен. Алайда, әкімшілік құқықты мемлекеттің экономикада және басқа да қоғам өмірінің салаларында белсенді араласуы ретінде сыңар жақ түсінуге де болмайды. Әкімшілік құқық мемелекеттің мүддесіне қызмет ете отыра, адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының заңды түрде жоғары тұруын қатаң сақтайды.
Кез-келген құқық саласының өзіндік ерекшеліктері болып оның пәні және әдістерімен қатар жүйесі де табылады. Мұндай кезектілік әкімшілік құқықта айқын көрінеді.
Әкімшілік құқық – реттеудің әдістерін, қағидаларын, мақсаттарын, пәнін біріктіретін құқықтық нормалардың біртұтас жүйесі. Бұл нормалар бір-бірімен тығыз байланысқан, бірдей қағидаларға негізделеді, бірдей түсініктер жүйесін пайдаланады. Сала ішінде әртүрлі заң күшіне ие, жалпы және арнайы нормалардың субординациясы айқын көрінеді.
Әкімшілік құқықпен реттелетін қоғамдық қатынстардың міндетті субъектісі болып мемлекет табылады.
Қазіргі кезде әкімшлік құқықтың мақсаттары мен міндеттеріне деген көзқарастар түбегейлі өзгеруде. Атқарушы биліктің міндеттерінің ішінде басты орынды адамның құқықтары мен бостандықтарын бекіту, сақтау және қорғау иеленген. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың және жүзеге асырудың деңгейі – биліктің жүзеге асырылуының тиімдлігінің көрсеткіші.
Әкімшілік құқықтың негізгі мақсаттары:
1) Мемлекеттік әкімішіліктің тиімді қызметіне жағдай жасау;
2) Азаматтардың, мемлекеттің ,қоғамның қауіпсізідігн қамтамасыз ету;
3) Жүзеге асырылуы атқарушы билікпен байланысты азаматтардың, олардың бірлестіктерінің құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруға жағдай жасау;
4) Экономиканы дамытуға жағдай жасау;
5) Әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға жәрдемдесу;
6) Азаматтарды және қоғамды мемлекеттік әкімшіліктің өзіндік билігінен, немқұрайдылықтан және билікті заңсыз пайдалануынан сақтауды қамтамасыз ету.
Әкімшілік құқықтың жүйесі жалпы және ерекше бөлімдерден құралған.
Жалпы бөлім мемлекеттік әкімшілік үшін жалпы реттеуші және жалпы қорғаушы нормаларды құрайды. Сондықтан да, өз кезегінде, жалпы бөлімнің нормалары екіге бөлінеді: жалпы реттеуші және жалпы қорғаушы нормалар.
Ерекше бөлім әкімшілік биліктің әрекет етуінің жекелеген салаларындағы арнайы реттеуші және қорғаушы нормалардан құралған.
Әкімшілік құқықтың қайнар көздері деп әкімшілік құқықтық нормалардан тұратын мемлекеттік органдардың актілерін айтамыз.
Қайнар көздерінің алуан түрлі болуы осы құқық саласының ең басты ерекшелігі болып табылады. Ол әкімшілік құқық пәнінің кең болуының бірден-бір дәлелі.
Барлық құқық салаларындағыдай мұнда да негізгі және басты қайнар көз ретінде – ҚР Конституциясы табылады.
Құқықтың қайнар көздері қай орган немесе лауазымды тұлға шығарғанына және заңды күшінің деңгейіне қарай мынадай топтарға бөліп қарастыруға болады. Олар мынадай тәртіпте көрініс табады:
1) Референдумда және заң шығарушы органда қабылданған актілер (Конституция, Конституциялық заңдар, кодекстер, заңдар);
2) ҚР-ның Президенті қабылдаған актілер (жарлықтар,өкім);
3) ҚР-ның Үкіметі кабылдаған актілер (қаулы, өкім);
4) Орталық атқарушы органдар қабылдаған актілер (ереже, бұйрық, шешім, нұсқаулық, қаулы);
5) Жергілікті атқарушы және өкілді органдар қабылдаған актілер (ереже, бұйрық, шешім, нұсқаулық, қаулы).
Әкімшілік құқықтың арнайы өзінің қайнар көзі болып 2001 жылғы 30-қаңтарда қабылданған “ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі” табылады. Осы Кодекске көрсетілгендей, халықаралық шарттар мемлекетпен ратификацияланған болса, қайнар көз ретінде заңды күшке ие болады және де ол ҚР-ның заңдарынан жоғары тұрады.
Конституциялық Кеңес пен Жоғарғы Соттың осы әкімшілік қатынастарға қатысты қабылдаған қаулылары да әкімшілік құқықтың қайнар көзі болып табылады