Тәуелсiздiк алған алғашқы күннен бастап бiз сiздермен бiрге дәйектiлiкпен құрып жатқан Жаңа Қазақстан өзiнiң дербес даму жолын таңдап, жылдан жылға әлемдiк қоғамдастықта барған сайын зор құрмет пен беделге қол жеткiзе отырып, алға қарай нық сенiммен iлгерiлеп келедi.
Бүгiнде экономика мен өз мемлекеттiлiгiмiздiң берiк iргетасын қамтамасыз етiп, бiз қағидаттық жаңа кезеңге сенiмдi қадам бастық. Мұның өзi Қазақстанның одан әрi дамуын тұрлаулы, осы заманғы және болашағы зор экономикалық, әлеуметтiк, саяси және әкiмшiлiк негiзге қоюға мүмкiндiк бередi.
Бүгiн мен сiздерге елiмiз бен қоғамымыздың одан әрi дамуы жайындағы өз пайымымды баяндамақпын. Ойға алғанымызды орындау Қазақстанның шын мәнiнде тарихи ауқымдағы аршынды самғау жасауына мүмкiндiк туғызады.
Әңгiме елiмiздiң әлемдегi бәсекеге қабiлеттi елу елдiң клубына қарай iлгерiлеуi жөнiндегi нақты қадамдары туралы болмақ, бұл жайында алдыңғы Жолдауда да айтылған едi.
1997 жылы сiздер мен ұсынған Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму Стратегиясын қолдадыңыздар, онда бiздiң қоғамның келешек мүмкiндiктерi мен бiздiң мемлекеттiң ұлық мұратына деген көзқарас таныстырылған болатын.
Бұл әлi қанаты қатая қоймаған жас тәуелсiз мемлекеттiң ұлы таңдауы едi. Сол кезде осы Стратегия турасында күмән аз бола қоймағанын бiлемiн.
Сол уақытта, естерiңiзде болар, бiздiң жинақтаған қорымыз негiзiнен зiлбатпан әлеуметтiк-экономикалық проблемалардан және егемендi даму мен либералдық реформалардың азын-аулақ алғашқы тәжiрибелерiнен ғана тұратын.
Сол тұста, 10 жыл бұрын, бiз өз таңдауымызда қателескен жоқпыз.
Нақ сол уақыттан Қазақстан нарықтық экономиканың теоремалары мен демократиялық дамудың аксиомаларын бiрiнен кейiн бiрiн игере отырып, дәйектiлiкпен iлгерi адымдай бастады.
Бiз мүлдем жаңа экономикалық жүйенiң, демократиялық құқықтық мемлекеттiң iргетасын қалыптастырып, осы заманғы қоғамдық институттарды нығайттық, өмiр сапасы мен ұстындарын елеулi түрде өзгерттiк.
Бiз iшкi тұрақтылыққа қол жеткiздiк, дамудың әлеуметтiк базасының сенiмдiлiгiн қамтамасыз етiп, өңiрдегi үздiк экономиканы құрдық. Қазақстан өңiрде геосаяси тұрақтылық пен халықаралық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi маңызды мiндеттердi атқаратын халықаралық қоғамдастықтың толыққанды және жауапты мүшесi ретiнде орнықты.
Бiз үшiншi дүниенiң мемлекетi болуды қойдық. Бұл өткен 10 жылдағы жұмысымыздың басты қорытындысы.
Ендi келесi онжылдықтағы одан арғы жұмысымызды белгiлеп бергiм келедi.
Жұма, 16 Желтоқсан, 2011 Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылындағы табыстар халқымыздың ортақ жетістігіне айналды. Мемлекет басшысының көш бастауымен елдің жаңғыруы мен индустриялық-инновациялық экономикасының құрылуы – Қазақстанның ХХІ ғасырдағы қарышты дамуының кепілі. Қазақстан Тәуелсіздігінің басты жетістіктері және перспективалары туралы біздің басылымға берген сұхбатында Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан МАЙЛЫБАЕВ былай деп әңгімелеп берген еді.
– Бағлан Асаубайұлы, еліміз айтулы тарихи мереке – Тәуелсіздіктің 20 жылдығын ерекше атап өтуде. Мемлекетіміздің мерейтойы әр қалада, әрбір ауылда шын көңілмен тойланып, ол нағыз бірліктің мерекесіне айналуда. Ел өміріндегі осы белесті оқиғаға біз қандай жетістіктермен келдік?
– Мерейтойлық жыл Қазақстанның жасампаз бастамалары атауларының аясында өтіп жатыр. Осынау жарқын жиырма жылдықтың барлық жетістіктері Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев есімімен тікелей байланысты. Биылғы әлеуметтік зерттеулердің мәліметтері бойынша, қазақстандықтардың 97 пайызы Мемлекет басшысының әлеуметтік және экономикалық жаңғыруда ұстанған бағытын елдің дамуының басты факторы деп санайды.
Бейбітшілік, келісім, қоғамның бірлігі, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылық, халықаралық деңгейде мойындалу – осының барлығы еліміздің шын мәнінде мақтан тұтуға құқылы табыстары. Қазақстан Мемлекет басшысының арқасында Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығына өз болашағының өрісін аңдатар өлшемдерді айқын көре отырып қадам басуда.
Біріншіден, біз әлем картасындағы орнымызды айқын көріп отырмыз. Көптеген жаңа елдер үшін шекарасының даулы шектері үшін күрес қазірге дейін жалғасуда. Кейбір жағдайларда бұл ашық қақтығыстарға да ұласты. Қазақстан ондай сценарийді айналып өтті. Мемлекет басшысы біздің тарихи жерлеріміз бен бүкіл Қазақстан халқын тұтастырушы тұлғаға айналды. Біз баршамыз Президенттің осы бірегей бітімгершіл, көшбасшылық дарынына тәнті болуға тиіспіз.
Екіншіден, біз болашақтағы мақсаттарымызға сәйкес әрекет етудеміз. Президенттің Қазақстан-2030 Стратегиясы – әлемдегі ең ұзақ мерзімді және тиімді форсайтингілік жобалардың бірі. Бұл – біздің дамуымыздың Қазақстанды уақыт сынынан сүрінбей алып өтер картасы.
Үшіншіден, Мемлекет басшысы қоғамның рухани өзегін – этносаралық және дінаралық келісімді қалыптастырды. Біз түйінді шешімдер қабылдарда соған сүйенеміз. Қазақстандықтардың қуатты индустриялық-инновациялық экономика құруға деген сенімділігі де соған негізделген.
– Жыл басында Қазақстанда Тәуелсіздіктің 20 жылдығын мерекелеуге арналған шаралардың жалпыұлттық жоспары қабылданды. Оны жүзеге асырудың нәтижелері қандай?
– Жоспарды Мемлекет басшысы бекітті және ол Қазақстанның барлық жетістіктерін кеңінен көрсетуге бағытталған. Оған 130 ауқымды және ұзақ мерзімді жобалар енді, олардың бәрі қатаң белгіленген мерзімде және әр айдың тақырыбына сай орындалуда.
Жалпы ел бойынша қазірдің өзінде 12 мыңдай шара өткізілді. Соның ішінде 5000-нан астамы – қоғамдық-саяси, 3500-і – мәдени, 2000-ы спорттық, 1000-нан астамы – ғылыми-ағартушылық және 600-і – ақпараттық іс-шаралар.
Бүгін осы Жалпыұлттық жоспар өзінің жүзеге асуының шешуші кезеңіне жетті. 16 желтоқсан – жұлдызды 20 күннің, Тәуелсіздіктің 20 шыңының шырқау биігі. Жоспардағы қамтылған күндердің әрқайсысы қазіргі Қазақстанның басты жетістіктеріне – мемлекеттік рәміздерге, Конституцияға, ұлттық бірлікке, ғылым және технологияға, ауыл шаруашылығы саласына, Астанаға, Тәуелсіздікке және басқа да құндылықтарға арналған. Бұл кезеңде барлығы 83 республикалық және 21 мыңнан астам өңірлік шаралар іске асырылды.
Қоғамда ел дамуының жаңа міндеттеріне сай рухани атмосфера қалыптасты. Тәуелсіздік тойы ел болмысының идеялық ұстындарын – патриотизмді, этносаралық келісімді, зайырлы мемлекет мұраттарын нығайта түсті. Осының бәрі халықты Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың маңайына тығыз топтастырды. Бүгінде азаматтарымыздың 95 пайыздан астамы Қазақстанның болашағын тікелей Тұңғыш Президенттің есімімен байланыстыра қабылдайды.
Мерейтойлық жыл Қазақстанның барлық өңірін өзара жақындастырумен де құнды дер едік. Мәселен, облыстар мен Алматы қаласының Астанадағы күндері аса жарқын оқиғаға айналды. Олар аймақтардың мерекелік өнеркәсіптік және ауылшаруашылық жәрмеңкелерін қамтыды. Бейбітшілік және келісім сарайында Тәуелсіздіктің 20 жылындағы аймақтар жетістіктерінің көрмесі өтті, өнер шеберлерінің гала-концерттері қойылды.
Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздің мерейтойын мерекелеу бағдарламасы әрбір қазақстандықтың өмірін жақсарту бағытындағы тиімді прагматикалық жоспарға айналды. Оның аясында жаңа мектептер мен ауруханалар, индустриялық нысандар, спорт орталықтары, тұрғын үй кешендері ашылуда. Тәуелсіздіктің жол картасына сәйкес, жолдар, су құбырлары, газбен қамту жүйелері рекордтық мерзім ішінде салынуда. Ғылыми және қоғамдық форумдар өткізіліп, кітаптар басылып, деректі және көркем фильмдер түсірілуде.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығы болашақ ұрпаққа мәнді рухани және материалдық мұра қалдыратын болады. Қазірдің өзінде ол біздің ортақ жетістіктерімізді байыптау мен байыту кезеңіне айналып отыр.
– Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы тақырыбы ақпарат құралдарында қаншалықты қамтылып, өз көрінісін тапты деп ойлайсыз.
– Тәуелсіздік тойын мерекелеудің ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз етілуі екі арнаға – мерейтойдың басты шараларын көрсетуге және арнаулы жобаларды жүзеге асыру бағытына жіктелді.
Бұл жұмысқа республикалық 100-ден астам БАҚ жұмылдырылды. Газет беттерінде қазірдің өзінде Тәуелсіздікке арналған 7000-нан астам материал жарық көрді. Телеарналардан 2 мыңдай сюжет берілді. Бұған қоса, Тәуелсіздігіміздің тарихы мен нығаюына арналған 80-нен астам кітап дайындалды.
Жұлдызды 20 күнмен бірге негізгі ақпараттық науқан басталды. Сараптамалық 40 бағдарлама және ток-шоуларда еліміздің жетістіктері айтылып, талқылануда. Басты телеарналардан ел дамуына ерен үлес қосқан жандар, бүгінгі күннің батырлары мен қарапайым еңбеккерлер жөніндегі Отандастар және Тәуелсіздік формуласы ( Формула Независимости ) атты арнаулы хабарлар циклы берілуде.
Тележурналдар, бейнероликтер, арнаулы көріністер дайындауға айрықша көңіл бөлінуде. Мәселен, Тәуелсіздік құрдастары туралы 60-тан астам ролик түсірілді.
Арнаулы жобалар шеңберінде эфирге екі көркем фильм – Дала жұлдыздары мен Бақыт құсы ( Птица счастья ), Жас ұлан көркем сериалы, 15 деректі жоба, соның ішінде ресейлік телерадиокешенмен бірлесіп ХХІ ғасыр: Нұрсұлтан Назарбаевтың мегажобалары ( ХХІ век: Мегапроекты Нурсултана Назарбаева ), Қазақстан ғаламшары ( Планета Казахстан ), сонымен қатар Табыстар мекені , Қазақстан салтанаты ( Триумф Казахстана ) және басқа да сериалдар дайындалды.
Отандық кинематография қазақстандықтарға 41 толықметражды фильм түрінде тамаша тарту жасады. Көрермен қауымға ерекше ұнаған картиналар қатарында Менің балалық шағымның аспаны , Жерұйық және басқа көптеген фильмдер бар.
Өзіміздің көрермендерге арналған жобалардың кейбірі елімізден тысқары жерлерде де көрсетілуде. Мысалы, Қазақстан туралы хабарлар сериясы америкалық танымал Рublic Broadcasting Stations және American Life TV телеарналарынан берілді. Олардың аудиториясының ауқымы 40 миллион адамды қамтиды.
Қазақстандықтар 15-16 желтоқсан күндері аса маңызды төрт оқиғаның куәсі болады. Кеше барлық республикалық телеарналарда Тәуелсіздік сарайындағы Салтанатты жиын мен Қазақстан киноконцерт залындағы мерекелік концерт тікелей эфир арқылы көрсетілді. Бүгін отандастарымыз Мәңгілік ел салтанат қақпасының ашылуы мен Астана-арена стадионында өтетін Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы атты театрландырылған шоу мен концертті көре алады.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығы феномені қоғамда біздің еліміздің жетістіктері мен бағыттары жөнінде кеңінен талқылауға мүмкіндік берді. Түрлі пікірлер арасында ғалымдар мен қарапайым еңбеккерлердің және жастардың үні көбірек естіледі. Осы төңіректегі барлық әңгіменің орталығында тәуелсіз Қазақстанның барлық тарихи жеңістерінің символына айналған еліміздің Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасы тұр.
Бүгінде ғылыми қауымдастық пен БАҚ Тәуелсіздікті тұлғаландыруға ұмтылуда. Оған нақты баға беруде. Тек қана бір секундтың ішінде жетекші Интернет жүйелерінде Қазақстанның Тәуелсіздігінің 20 жылдығы деген тақырыпта 2,5 миллион сілтеме беріледі. Бұл – қоғамдық үнқатысудың айқын көрінісі.
Бұған жауап та жеңіл емес. Тәуелсіздік өз-өзінен бола қоймайды, аспаннан түсе қалмайды. Тәуелсіздік қашанда нақты болады, ол – дәуір мен оның шындығына толық сәйкес келеді.
ХХІ ғасырдағы Тәуелсіздік – интеллектуалды ұлт және оған қоса инновациялық экономика деген сөз. Бұл идея Мемлекет басшысының 100 қазақстандық инновация атты ауқымды Стратегиясы арқылы жүзеге асуда. Осыған байланысты біздің болашақ егемендігіміздің сипаты да айқындалады.
– Тәуелсіздік жолында Қазақстан көптеген кедергілерден сүрінбей өтіп, ТМД-дағы ең табысты мемлекеттердің біріне айналды. Еліміз даму үстінде. Қазақстан қоғамы алдында ХХІ ғасырда қандай басты асулар тұр деп ойлайсыз?
– Мемлекет басшысы нақты атап көрсеткендей, біз алған, асқан асулардың бәрі Қазақстан үшін түптің түбінде табысқа алып баратын тар жол, тайғақ кешулер болды. Тұрлаулы Тәуелсіздігіміздің жолында мұндай қиын өткелектер аз болған жоқ, сондықтан қоғамымыз жаңа міндеттерді еңсерер алдында әрқашан өз тәжірибесіне сүйеніп отырды.
Таяу болашақтағы сынақтарға сақадай сай болу үшін басты-басты жаһандық қатерлерді жақсы білу керек. Олар – бесеу: жаңа қаржылық дағдарыс, экстремизм, терроризм, ұйымдасқан қылмыс, сыбайлас жемқорлық. Осындай жаһандық қауіп-қатерлермен күрестің қауқарлы құралдары біздің елімізде әлдеқашан қарастырылып қойылған. Нақты заңнамалық, институттық және әлеуметтік тиімді тетіктер бар. Бұл қорғаныс алаңын Мемлекет басшысының өзі аса ыждағатпен және ұзақ мерзімге ойластырып қойды.
Қазіргі уақытта осы бағытта үлкен жұмыстар жасалуда. Тұтас бір маңызды заңдар қабылданып, тиісті органдардың штаты нығайтылды, Дін істері жөніндегі агенттік құрылды. Мемлекет әрбір азаматтың жаһандық қауіп-қатерлерден қорғану деңгейін айтарлықтай көтеруде.
Өтіп бара жатқан жылда әлемдегі ортақ ахуал тұрақтылығына едәуір селкеу түсті. Жаһандық экономика өсу кезеңіне өте қойған жоқ. Жаңа қауіп-қатерлердің нышаны көзге шалына бастады. Осының алдындағы банктер мен жекеменшік қаржылық құрылымдарда басталған несиелік дағдарыстан айырмасы сол, жаңа дағдарыс одан әлдеқайда ауқымдырақ болуы мүмкін. Кейбір елдерде ол қазірдің өзінде әлеуметтік деңгейге жетіп, сол жұрттың болашақ дамуына қатер төндіріп отыр.
Бұл – біздің Тәуелсіздігіміз үшін үлкен сабақ. Сондықтан, бұдан әрі даму керек, бірлігімізді нығайтып, Президентіміз қойған міндеттерді иық тірестіре отырып бірге орындауымыз қажет.
– Биылғы мерейтойлық жылда инновациялық даму тақырыбы айрықша өзекті бола түсті. Таяуда Білім және ғылым министрлігінде өткен алқа мәжілісінде сіз қазақстандық 300 мың педагогты инновациялық экономиканың маңызды ресурсына баладыңыз…
– Біздің ХХІ ғасырдағы басты мақсатымыз – Президенттің 100 қазақстандық инновация стратегиясын жүзеге асыру. Бұл – Тәуелсіздікті тұғырлы ете түсетін жалпыұлттық міндет. Ол елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының шырқау шыңына айналады.
Бұл дамудың нағыз шын мәніндегі көрсеткіші – адамның дәулеті емес, әлеуеті, оның ширақтығы мен инновацияларға ашықтығы болады. Индустрия мен инновациялық ортаның үндестік тауып, ілгерілеуі маңызды екі факторға байланысты. Біріншісі – инфрақұрылым қалыптастыру, ғылыми орталықтар мен зертханалар құру. Екіншісі – сананың инновациялық мәнерге бейімделуі. Нақ осы себептен де Мемлекет басшысы біздің алдымызға жай ғана инфрақұрылым қалыптастыру емес, инновациялық экономика құру міндетін қойып отыр. Ал бұл ойдың мәселесі, бұл интеллектуалдық ауқым.
Қазақстанның интеллектуалдық капиталын жинақтаудағы маңызды рөл білім беру саласына тиесілі. Бұл – біздің келешегіміздің кескіні. Ол кескінді қалыптау құралы – Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Тек биылдың өзінде осы бағдарламаны жүзеге асыруға 900 миллиард теңге бөлінді. Әлемдік тәжірибеде бұл өте жоғары бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші.
Мемлекеттік қаржыландыру – инновациялық білім берудің төрт қырының бірі. Қалған үшеуі – педагогтардың шығармашылық жұмысы, білімге ұмтылушылардың үздіксіз еңбегі және зияткерлік жетістіктердің өндірісте қолданылуы. Осы жерде біздің алдымызда бірқатар маңызды міндеттерді шешу мәселесі тұр.
Біріншіден, педагогтардың жұмысын ынталандыру қажет. Мұғалімдердің еңбегі дарындыларды тауып, жетілдіруге бағытталмайынша инновациялық білім берудің сенімді іргетасы қаланбайды. Әлемдегі барлық технологиялық жетістіктер нақты есімдермен байланысты. Оларға жол аша алатын – тек шығармашыл, нағыз кәсіпқой ұстаздар ғана. Олар үшін шәкірттерінің атының шығуы баршаға – өздерінің де мойындалуының кепілі. Егер 300 мың педагогтың әрқайсысы жылына ең болмағанда бір дарынды тапса, қазақстандық интеллектуалдық ұлттың қалыптасуы айтарлықтай жеделдей түседі.
Екіншіден, біз білімді өзіміздің индустриямызға кіріктіруіміз керек. Білім беру мен қолданбалы ғылым Қазақстанның инновациялық тиімділігін арттыруға қызмет етуі тиіс. Ғылыми зерттеулерге 2012 жылы мемлекеттен 42 миллиард теңге бөлінеді. Сол ақшаға жүзеге асқан әр жобадан мемлекет инновациялық, пайдалы ұсыныстар күтуге құқылы. Бұған қосымша айта кетер жәйт: инноватор-мамандардың жаңа буынын тәрбиелеу үшін барлық күш-жігерді жұмсап, олар үшін жайлы жұмыс жағдайын жасау қажет.
Үшіншіден, қазақстандықтардың өздері ұдайы білімге ұмтылып отыруға, қолы жеткенмен тоқтап қалмауға тиіс. Үздіксіз білімнің маңыздылығы туралы Мемлекет басшысы айтты, бұл – біздің дамуымыздың тренді, яғни бүгінгі күннің басты өзекті мәселесі.
Жаңа заман мамандарын тәрбиелеу жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесімен ажырағысыз байланысты. Бұл тұста өзара әрекеттестіктің жаңа салаларын қалыптастыру керек. Бірінші кезекте – ақпараттық технологиялар саласында. Әлеуметтік желілер, интерактивті форумдар, тіпті онлайн-ойындар да бізге бұл міндетті орындауда септігін тигізе алады.
Осы үш міндетті орындау бізге Мемлекет басшысы қойған биік мақсаттарға жетуге септеседі. Қазақстан табысты, инновациялық, әлемдегі беделді мемлекетке айналады.
– Жаңа ғасырда зайырлы мемлекетке төнген сын-қатерлер қатары көбеюде. Осындай аумалы-төкпелі алмағайып заманда зайырлылық мұраттарын қалай асқақтата түсуге болады?
– Қазіргі әлемде епті, икемді еместің барлығы еленіп-ескерілмей, бір шетіне ығысып қалып қоюы ғажап емес. Тым бірбеткей және үзілді-кесілді ұстанымда болу да жарамайды. Қазақстан қоғамы қасаң догмалардан және радикалды сипаттағы соқыр сенімдерден аулақ болуы керек. Бұл жаңа прогреске түбірімен қайшы келеді және инновациялық ойлау жүйесінің дамуын тежейді. Діннің мемлекет ісіне араласуының тарихи тұрғыдан жаһандық сілкіністерге әкеліп соқтырған жағдайлары өте жиі кездеседі. Біз осыны ұмытпауымыз керек.
Дін саласы – адамдардың рухани және моральдық кемелденуі. Өркениеттердің еуразиялық тоғысындағы қазақстандықтар өзге елдерден келген әртүрлі діндерге қашанда құрметпен қараған. Бабаларымыз өзінің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарына да дін ұстанушылардың дәл сондай құрметпен қарауын талап еткен.
Қазақстандық қоғамның толеранттылығы – біздің ұлан-байтақ жерімізде ешқашан дінаралық қақтығыстардың болмауының басты себебі. Әлеуметтік зерттеулерге сәйкес, біздің азаматтарымыздың 90 пайыздан астамы Қазақстанның толеранттылық моделінің тиімділігіне сенімді.
Бүгінде отандастарымыз біздің халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерін жалғастыруда. Біз барлық дінге құрметпен қараймыз және сонымен бірге өзіміздің салт-дәстүрімізді сақтаймыз, қазақстандық зайырлы дүниетанымымызды нығайта береміз.
Әлемде өсе түскен тұрақсыздыққа Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың біртұтас, толерантты, қуатты мемлекет құруға бағытталған берік ұстанымы қарсы балама бола алады. Елбасының жасампаз еңбегі – қазақстандық жалпыұлттық инновациялық рухты қалыптастырудың маңызды факторы.
– Зайырлы мемлекетті нығайтуда алдағы уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясына қандай маңызды рөл жүктеледі?
– Мемлекет басшысының бастамаларына уақыт тұрғысынан да, мәнділігі жағынан да баға жетпейді. Болашақта Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихи маңыздылығы тек қана өсе түседі. Бұл кеңінен толғауды қажет ететін ауқымды тақырып. Мен тек Ассамблеяның өсуінің негізгі төрт тірек нүктесіне тоқталып өткім келеді.
Біріншіден, ақпараттық кеңістік. Ассамблеяны және этностық мәдени орталықтарды алда өздерінің виртуалды және баспа ресурстарын жандандыру ісі күтіп тұр. Олар Қазақстандағы этносаралық және конфессияаралық келісім туралы егжей-тегжейлі ақпараттың қайнар көзіне айналуы тиіс.
Екіншіден, заңнамалық қызмет. Төртінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар жақсы жұмыс жасады. Олар Жаңа Қазақстан депутаттық тобын құрды. Мемлекет басшысы тарапынан жоғары баға алған Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы Заң нақ сол Ассамблея депутаттарының бастамасымен дайындалды. Олардың Ұлттық бірлік доктринасын, Этномәдени білім беру тұжырымдамасын дайындаудағы рөлі де аса маңызды.
Ассамблеяның жаңа депутаттарының сайлауы 2012 жылдың 16 қаңтарында өтеді. Ассамблея үшін Парламентте күтіп тұрған жұмыс – біздің бірлігіміздің күшін, қазақстандықтардың татулығы моделінің тиімділігін көрсетудің тағы бір бірегей мүмкіндігі. Жаңа Қазақстан депутаттық тобымен Ассамблеяның өзара әрекеттестігінің нақты тетігін әзірлеу керек. Болашақ жұмыстың платформасы – тиімді жобалық қызмет және Ассамблея бастамаларының Парламентте жүзеге асырылуы. Депутаттардың халықпен жұмыс жасауын тікелей өзара байланысқа түсу арналары бар жеке сайттары арқылы жандандыру талап етіледі.
Үшіншіден, әлеуметтік бағдардағы бизнес. Ассамблеяның ХVІІ сессиясында Мемлекет басшысы ұлттық мәдени орталықтарды Қазақстан экономикасын жаңғыртуға белсене қатысуға шақырды. Бүгінде Ассамблея 60-тан астам инновациялық жобалар ұсынды. Соның ішінде қоғамның әлеуметтік жаңғыруына арналғандары да бар. Олардың барлығы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қарауына жіберілді.
Бұл орайда, Ассамблеяның Мемлекет басшысының үндеуіне жедел жауап қатуы үлгі тұтарлық әрекет. ҚХА елдің маңызды әлеуметтік-экономикалық үдерістеріндегі өзінің рөлін күшейте түсуге әзір.
Төртіншіден, Ассамблеяны құру мен оның жұмыс тәжірибесін бірінші кезекте Еуразиялық одақтағы әріптестерімізге ұсыну қажет.
Қазақстан халқы Ассамблеясының келешегі зор. Бұқаралық ақпарат құралдары және бірлескен ғылыми жобалар, конференциялар мен парламенттік пікірталастар арқылы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы тарихи бастамасы біртұтас еуразиялық идеяның бөлшегіне айналатын болады.
– Қазақстан және бүкіл ТМД елдері үшін мерейлі меже болған осы жылы еуразиялық интеграция тақырыбы қайтадан өзекті мәселеге айналды. Сіздің ойыңызша, бүкіл құрлық елдері үшін мәні өте зор болып отырған бастаманың болашағы қандай болады?
– Еуразиялық ықпалдастық – біздің Президентіміздің баға жетпес бастамасы. Ауқымы жөнінен ол өз уақытынан көп алға озып кетті. ТМД мемлекеттері үшін бұл жобаның экономикалық және әлеуметтік перспективаларының бағасын түсінуіне 17 жыл керек болды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразия моделі тұжырымдамадан макроэкономикалық құбылысқа және нақты геосаяси күшке айналды. Өткен қараша айының 18-інде Қазақстан, Беларусь және Ресей президенттері Еуразиялық экономикалық интеграция туралы декларация мен Еуразиялық экономикалық комиссия туралы келісім-шартқа қол қойды. Еуразиялық перспектива біздің дамуымыздың тік сызығына айналды.
Енді бізге еуразиялық идеяны көлбеу сызық бойымен бекіту керек. Бүкіл осы уақыт бойына Қазақстанда еуразиялық интеграцияға арналған әлеуметтік зерттеулер жүргізілді. Жыл өткен сайын бұл идеяны жақтаушылар саны өсіп келеді. Бүгінде қазақстандықтардың 85 пайыздан астамы өз елінің болашағын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық идеясының орындалуымен байланыстырады.
Азаматтарымыз бұны экономикалық өсуге алып келеді, өздерінің әл-ауқаты мен қауіпсіздігін нығайтады, адамдардың, тауарлар мен қызметтердің еркін қозғалысын қамтамасыз етеді деп біледі.
Еуразиялық үдерістер Қазақстан, Беларусь және Ресейдің интеллектуалдық өмірінің бөлінбес бөлшегіне айналуы тиіс. Арнаулы сайттар ашып, еуразиялық журналдар, бірлескен теле-жобалар шығару, ғылыми жұмыстар, соның ішінде инновациялық ізденістер саласында ғылыми-зерттеулер жүргізу керек.
Соңғы жылдардағы интеграциялық оқиғалардың молдығы жаңа ғылыми пайымдаулар жасауды талап етеді. Бұл еуразиялық бірлестік мемлекеттеріне болашаққа жасаған өз жоспарларын нақтылауға көмектеседі.
Қалыптасқан саяси практиканы егжей-тегжейлі зерттеу қажет. Мемлекет басшысының еуразиялық бастамасының көптеген қырлары жүзеге асты да. Күн тәртібіндегі мәселе – бұдан арғы интеграциялық арнадағы егемен мемлекеттердің дамуының жағдайы.
Біз 170 миллион адамдық орасан ауқымды нарықтың қандай экономикалық қағидаттар негізінде қалыптастырылуда екенін айқын сезінуге тиіспіз. Өйткені, интеграция – аясы тар мақсат емес. Мемлекет басшысы біздің алдымызға қойған нақты міндет – халқымыздың әл-ауқаты мен мүмкіндіктерін арттыру.
Еуразиялық одақ құру жөніндегі Президенттің тарихи идеясының іске асуының нақты практикалық кезеңінің Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аталып өтіп жатқан кезінде басталуының нышандық мәні зор. Бұл – қазақстандық жолдың табысының айқын айғағы. Біздің еліміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен болашаққа бағыт ұстауда. Бейбіт, дәулетті және тату-тәтті өмір – Қазақстанның ХХІ ғасырдағы қарқынды дамуының басты бағдарлары, міне, осылар.