Алты күндік соғыс араб-израиль қақтығысындағы араб және Израиль басшыларының шынайы мүдделерінің үйлеспеушілігі, египеттік амбиция, Сирия радикализмі, Израиль басшылығының айлакерлігі арабтық өзара араздық, американдықтарды вьетнамдық мәселелердің қобалжытуы, кеңестік қауіптену сияқты тізбектелген реакциялар нәтижесі болды. Алты күндік соғыс өткен араб елдерінің 1967 жылғы Хартум конференциясы еврей мемлекетімен бейбітшілікке келмеу, қарым-қатынас орнатпау және еврей мемлекетін танымау туралы шешім қабылдады.
Осылайша алты күндік соғыс араб елдері мен Израильдің арасында осы күнге дейін жалғасып келе жатқан бітпес жанжалға айналды. Ол Израиль мемлекетінің соғыста басып алған араб мемлекеттерінің жерлерін қайтармау мен Иерусалимнің мәртебесіне байланысты болды.
Таяу Шығыс шиеленісінің пайда болуы, тууы, дамуы сияқты мәселелері– әлемдік тарихта кеңінен зерттеліп жүргенімен, қазақстандық зерттеулерден шеттетіліп қалған тың дүние. Таяу Шығыс шиеленісі тарихындағы араб-израиль соғыстарының ішіндегі ең күрделі, осы күнге дейін соғыс салдарынан зардап шегуші тараптар талаптарының жүзеге асырылмай отырғандығымен ерекшеленіп отырған маусым соғысы тарихын зерттеудің маңыздылығы әлі күнге зерттеушілердің назарынан түскен жоқ. Араб-израиль қақтығыстарының осы уақытқа дейін толастамауы, Таяу Шығыс жанжалының реттестірілмеуі бұл шиеленістің халықаралық бейбітшілікті дағдарыстык деңгейге жеткізіп, мұсылман елдеріндегі ахуал мен әлемдік экономикалық жүйеге әсер етті. XX ғ. 50-ші жылдары ортасынан қалыптасқан әлемдегі биполярлық жүйе АҚШ пен КСРО үстемдік еткен екі әскери саяси топқа (НАТО және Варшава шарты) бөлінуімен, қырғи-қабақ соғыс рухындағы қақтығыстар мен әлемдік саясаттағы дағдарыстарды әскери саяси тәсілмен шешу басымдылығымен сипатталады.
1956-1965 жж. аралығын салыстырмалы түрде араб-израиль қақтығысындағы тыныштық кезеңдері деп саналғанымен, араб әлеміндегі жағдай тұрақсыз болып қала берді.
Суэц дағдарысынан кейінгі араб мемлекеттері мен Израиль арасындағы қатынастар ретсіздігі Таяу Шығыстағы барлық саяси ахуалға ықпал етті.
1960-шы жылдар ортасында араб-израиль қақтығысы дағдарыстық шегіне жетті. Қырғи-қабақ соғыстың шарттары мен толассыз кеңес американдық кақтығыстар аймақтағы жағдайды одан әрі күрделендіре түсті. Таяу Шығыста түпкілікті орнығуда Кеңес Одағы араб одақтастарына әскери, саяси, дипломатиялық қолдау көрсету арқылы оларды тірек етті.
АҚШ та өз одақтасы Израильге қатысты осындай саясат ұстанды. Алты күндік соғыс екі қарама-қайшылықты саяси және стратегиялық қадамдар күресі ғана емес, екі ұлы державаның қырғи-қабақ қатынасының сенімді жақтастары арқылы қақтығысы тұрғысында қарастырылады.
Бірақ, сенімді жақтастарының өздерінің жеке мүдделері мен мақсаттары да болғаны анық. Таяу Шығыстағы Кеңес саясатының қалыптасуына кеңестік идеологияның халықаралық қатынастарға таптық тұрғыдағы қатынасы да зор ықпал етті. Осы тұрғыда Таяу Шығыс қайшылығы империализм мен араб ұлт-азаттық қозғалысы арасындағы кақтығыс көрінісі ретінде бағаланып, Израиль империализм қолындағы қару деп танылды [5.163].
Израиль американдық мүддемен санасқанымен, өз мақсат-мүдделеріне қарай әрекет етті. Дегенмен олар толық тәуелсіз күш бола алмады. Өзінің өмір сүруінің алғашқы жылдарында-ақ Израиль билеушілерінің батыстық бағытқа сүйенуі оларды араб елдерінің тәуелсіздігі жолындағы күрестеріне қарсы тұрды.
Таяу Шығыстағы батыстық аванпостыға айналдыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Израиль экономикасы ірі сионистік ұйымдардың қаржылай көмегіне тәуелді болды. Израиль Сирия мен Египетке жасалар агрессия Батыс тарапынан моральдық, саяси және экономикалық қолдау табатынына сенімді болды және олар қателеспеді.
Ақ Үй және Пентагон американдық мүддеге қайшы келер араб тәртіптеріне өздерінің жеке себептеріне байланысты қарсы шығушы елдерді бағалай білді [2.395-400].
Араб жетекшілерінің империализмге қарсы бағыт ұстанулары, олардың империализмнің тіміскі әрекеттерімен ашық күрес жариялауына Кеңес Одағының АҚШ-қа қарсы күресі мен Таяу Шығыс аймағында өзіне одақтастарды іріктеп таңдау бағытында жүргізген саясаты әсер етті.
Бұл ретте сол кездегі партиялық және мемлекеттік басшылар жоспарында әсіресе, барлық Таяу Шығыс аймағына социализм идеясын таратуы мүмкін насырлық Египетке үлкен үміт артылды [4.46-48].
Екі жүйе күресі шеңберіндегі өзінің сыртқы саясатында Кеңес Одағы басты қарсыласы АҚШ-қа саяси соққылар беру үшін барлық күш-жігерін
А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №1, 2011
Зұлпыхарова Э.Ө., Сабирова Ж.И.1967 жылғы алты күндік соғыс
жұмсады. Сонымен қатар, кеңес басшылығының АҚШ-ты Вьетнам соғысы сияқты тағы бір қақтығысқа қатыстыратындай Таяу Шығыста соғыс өртінің тұтануына мүдделі болғандығын жоққа шығаруға болмайды. Араб жетекшілері мен Кеңес басшыларына осы кездегі АҚШ-тың Вьетнам соғысында тұйыққа тірелуі мен халықаралық жағдайлар да қолайлы болып көрінді.
Халықаралық саяси жағдайды бұлай қабылдау қателікке ұрындырды. Біріншіден, Кеңес басшылары Израильді АҚШ-тың қолшоқпары деп біліп, оны дербес ойыншы ретінде санамады. Екіншіден, болуы мүмкін соғыстың барлық ауыртпалығын Израильге жүктеді. Сонымен қатар КСРО соғыстың болуына аса мүдделі болмағанымен де оны әскери қарымта қайтаруды аңсаған араб одақтастары итермеледі. Араб одақтастарына дипломатиялық көмек көрсете отырып, Кеңес Одағы араб елдерінің Израильмен қақтығысын қолдады [1.213].
Египет басшылығының соғысты бірінші болып бастауына Кеңес Одағы қарсылық білдірді. Нәтижесінде Израильдің тұтқиылдан жасалған шабуылы арабтарды осы соғыста жеңіліске әкелген болатын.
Израиль Қарулы Күштерінің мүмкіншіліктеріне шек келтірген КСРО Қорғаныс министрлігі Египет Израильді талқандамаған күнде де өзінің және Кеңестік қарудың күшін көрсетеді, ал бұл Кеңес Одағының Таяу Шығыстағы беделі мен ықпалын нығайтады деп есептеді.
Египет президенті Гамал Абд Насырдың Синайдан БҰҰ әскерін шығару, Тиран бұғазын жабу әрекеттері де себеп болды. Таяу Шығыстағы үшінші араб-израиль соғысы 1967 ж. 5 маусымда Израильдің Египет әскери әуежайларын тұтқиылдан шабуылдауымен басталды. Египет әскери әуе күштері қатардан шыққаннан кейін Израиль әскері Синай шөліне қарай жылжыды.
Египеттің танктері мен жаяу әскері әуеден қорғалмағандықтан Израильдің әуе күштеріне оңай нысанаға айналды. Израильдіктердің әскери күшінің соғыстың алғашқы күндерінде-ақ басымдылыққа жетуі Египет әскери әуе күштерінің дұрыс басқарылмауынан болды.
Арабтардың әскері шаруалардан, яғни заманға сай техниканы толық пайдалана білмейтін жауынгерлерден тұрды. Таза әскери тұрғыда Израиль мен БАР-ды салыстырғанда Египет әскері күрделі техникамен жұмыс істеді. Египет әуе күштерінің талқандалуына қарамастан арабтық майдан шебінде Египет әскерлерінің жеңісі туралы жалған ақпарат таратылды. Бұл хабарлар Сирия, Иордания, Ирак әскерлерінің соғысқа араласып, көп қателіктерге ұрынуларына себеп болған. Соғыс нәтижесінде Израиль Египеттің Синай түбегін (аумағы 60000 шаршы км), Газа аумағын (1200 шаршы км), Иордан өзенінің Батыс жағалауын (6000 шаршы км) Суэц каналының шығыс жағалауын, Сирияның Голан қыраттары мен Шығыс Иерусалимді жаулап алды. Нәтижесінде Израиль көршілес араб мемлекеттерінің есебінен жалпы аумағы 68,7 мың шаршы шақырым жерді басып алды.
Егер 1948-1949 жылдардағы Палестина соғысының нәтижесінде Израиль күшпен Палестина араб мемлекетіне бөлінген жерді бөліске салған болса, 1967 ж. соғыста Израиль барлық ежелгі Палестинаға тиесілі жерлерді басып алды. 1967 ж. 28 маусымда Иерусалим Израильдің біртұтас астанасы болып жарияланды [7.11].
Маусым соғысынан кейінгі БҰҰ-ның 242-ші қарарының мазмұны Таяу Шығыс шиеленісін реттестірудегі ресми қадамы үш заңды талаптан құралып, неғұрлым теңдестіруге негізделді. Біріншіден, 1967 ж. маусым соғысы барысында Израиль әскерлерінің жаулап алған жерлерінен кетуін талап етті. Екіншіден, Палестина араб халқының өзін-өзі анықтау т.б. ұлттық құқықтарын орнату туралы талаптарын қоюы болды. Үшіншіден, болашақ Палестина мемлекеті мен Израиль мемлекетін қоса барлық Таяу Шығыс мемлекеттерінің тәуелсіз өмір сүруі мен дамуын қолдауы болды.
Ол үшін Израиль мен араб мемлекеттері арасындағы соғыс жағдайын тоқтату, олардың арасында өзара құрмет, теңдік, қауіпсіздік, тату көршілестік принципінде бейбіт қарым-қатынастар орнату мақсатында батыл қадамдар жасау талап етілді. Алты күндік соғыстың басты салдары болып Таяу Шығыста геосаяси баланстың түбегейлі өзгеруі болды. Соғыс салдарының Таяу Шығыстағы кейінгі бейбіт үдерістер ағымына тигізген әсері үлкен болды.
Таяу Шығыс шиеленісінің жиынтығына жаңадан жаулап алынған жерлер мен Иерусалимнің статусы секілді күрделі мәселелер қосылды. Маусым соғысы палестиналық босқындардың ахуалын Палестина халқының ұлттық құқықтары деңгейіне дейін жеткізіп, оны әлемдік саясаттың өзекті мәселелерінің бірегейіне айналдырды.
Алты күндік соғыстың тағы бір қорытындысы палестиндік ұлтшылдықтың өсуі, ПАЕҰ беделінің артуы болды, соғыстан кейін Палестина халқының бірден-бір заңды өкілі болып танылған ПАЕҰ Таяу шығыстық аренада дербес ойыншыға айналды.
Сонымен бір мезгілде Израильде діни және саяси пайымдаулармен алға шыққан 1967 ж. жаулап алынған жерлерден кетуге қарсы күштер өздерінің ықпалын күшейтті. Израильдің әскери жеңісі оған аймақта жедел түрдегі саяси басымдылықты әкелмеді. Израильдіктер әскери жеңісті саяси жеңіске айналдыру мүмкіндігіне және жаулап алған жерлер орнына бейбітшілік алуға жете алмады. Алты күндік соғыс араб-израиль қатынастарының жаңа кезеңінің басталуымен ғана айқындалмайды, бұл соғыс Таяу Шығыстық реттестіру күресінің ұзақ та қиын кезеңінің басталғанын көрсетті. Бұл кезеңде араб-израиль қақтығысына әр деңгейде тартылған елдер жеңіске жетті немесе жеңіліске ұшырады.
Бұл соғыс Таяу Шығыста бақталас саясат жүргізіп отырған державаның ұстанымдары мен басты мүдделерін айшықтап, басымдылыққа қол жеткізген тарапты да айқындап өтті. Маусым соғысы араб қоғамдық пікірінде Мәскеу берген ресми пікірлерге сәйкес империалистік басқыншылық мағынасында қабылданды.
Күйрей жеңілген алты күндік соғыстан кейін де араб елдерінің жетекшілері мен Кеңес басшылары өздерінің қателіктерін мойындауға асықпады. Соғыс алдындағы араб елдері мен олардың басты одақтасы өздерінің сыртқы саяси бағыттарындағы дұрыс, бұрыс жолдарын қарастырудың орнына араб әскерінің әлсіздігін Израильдің тұтқиылдан шабуыл жасауынан, Израильге АҚШ-тың көрсеткен көмегінен, әлемдік империализмнен іздеді [6.511].
Соғыстан кейінгі кезеңде Израиль басшыларының басты талабы араб елдерінің Израильді тануын қамтамасыз ететін және басқа да екі жақты келісімдерге қол жеткізетін арабтармен тікелей келіссөздер жүргізу болды. Кеңес басшыларының пайымдауынша мұндай келіссөздер болған жағдайда Израиль АҚШ-ты Таяу Шығыста жеңіске жеткізер күш деп есептегендіктен, бұл келіссөздерден АҚШ пайда көретін болды.
Ал, бұған Кеңес басшылығы жол бере алмады, сондықтан да ол Израиль мен араб елдері арасындағы тікелей, оңаша келіссөздерге қарсы болды. Мұндай қадамды аймақта Израиль ықпалының күшеюінен қауіптенген кейбір араб басшылары да қолдады [3.137].
Ал Таяу Шығыс шиеленісін реттестіруде жетекші орынға ие болып отырған бәсекелес екі тарап КСРО мен АҚШ бейбіт үдерісті ұйымдастыруда келісімді саясат жүргізуге дайын болмады. Қалыптасқан жағдайда Израиль басшылығы уақыт өте қаталдық пен ырыққа көнбестік көрсетіп, жаулап алған жерлерін сақтап қалуға тырысты.
1967 ж. соғыстан кейінгі айлар қақтығысушы тараптардың ешқайсысының да реттестіруге дайын емес екендігін көрсетті. Араб елдері Израильді танудан бас тартса, Израиль өз кезегінде осы талапқа қол жеткізуге тырысты. 1967 ж. маусым соғысына дейінгі жерлердің статусын анықтаудағы жекелеген араб елдері мен Израиль арасындағы өзара келіспеушіліктер Таяу Шығыстағы шиеленістің реттестірілуіне қазіргі күнге дейін кедергі келтіріп отыр.
ӘДЕБИЕТТЕР
Черчилль Р.У. Шестидневная война. М., 1989.
Еbаn А. Аn Аutоbіоgrарһу. New Үоrк: Rаndom Ноuzе, 1978.
Советская внешняя политика в ретроспективе. 1917-1991. М.,1993.
www.Kaz-referatik сайты
Млечин Л. Красная Палестина Азия и Африка сегодня . 2007 №10 с.46-48.
Примаков Е.М. Конфиденциально: Ближний Восток на сцене и за кулисами. М.: ИИК Российская газета 2006.
Али Т. Столкновение цивилизации. М., 2003.
Malimets.clan.su сайты
Эпштейн А., Урицкий М. Шестидневная война и современная политическая динамика на Ближнем Востоке. Восток, 2003. -№2.