Көмекші етістіктер көне жазба ескерткіштерден бастап қазіргі түркі тілдерінің барлығында да кездеседі. Ал қазақ тіліндегі зерттелу тарихы Қазан төңкерісіне дейінгі еңбектерден басталады.
Қазақ тіліндегі көмекші етістіктердің нақтылы саны анықталып, зерттелмеген деуге болады. Себебі, тілші-ғалымдар еңбегіндегі көмекші етістіктерге берілген сипаттамаларда олардың саны нақты көрсетілмейді. Ы.Маманов пікірінде кішігірім қайшылықтар бола тұрғанмен, толымды (мәнді) көмекші етістіктерге қатысты есім сыңарлы күрделі етістікті тіркесті түбір етістік деп атап, олардың сөзжасамдық қызметін анықтады, күрделі етістіктер мен аналитикалық етістіктердің семантикалық айырмашылықтарын көрсетті т.б.
Қалып етістіктері. Тілімізде адамзаттың амал-әрекеті, табиғи күй жағдайлары тұр, жатыр, жүр, тұр етістіктері арқылы беріледі. Олар тіл ғылымында қалып етістіктері деп аталатыны белгілі. Осы төрт етістіктің формаларындағы, функцияларындағы, семантикалық реңктеріндегі нәзік айырмашылықтарды, бәріне ортақ бірыңғай ерекшеліктерді қазақ тіл білімінде Қ.Жұбанов, А.Байтұрсынов, Н.Т.Сауранбаев, С.Аманжолов, Ы.Маманов, А.Ысқақов, С.Исаев, М.Оразов, Т.Қордабаев, Н.Оралбаева, З.Оспанова т.б. белгілі ғалымдар өз еңбектерінде көрсетіп, айтып кеткен. Сондықтан біз қарастырып отырған тақырып бұрын соңды айтылмай, зерттелмей келген тың мәселе емес, оның негізгі белгілері, ерекшеліктері анықталған. Біздің мақсатымыз қалып етістіктері Ы.Маманов зерттеулерінде қай тұрғыдан қарастырылды, осы тақырыпты сөз игі әсері қандай болды, бүгінгі таңда оның маңыздылығы неде деген сұраулардың басын ашу болып отыр.
Алғашқылардың бірі болып бұл төрт етістіктің өзіндік ерекшелігін таныған ғалым – профессор Қ.Жұбанов қалып етістіктерінің әрқайсысының беретін лексикалық, семантикалық мағыналарына қарай оларды дәл осы шақтың төрт түріне бөліп қарастырады. Ғалым сыпат категориясына нақты тоқталмағанмен, істің жүру процесін білдірудегі осы төрт етістіктің көмекшілік қызметін аңғара білген деп есептейміз [11, 352 б.].
А.Байтұрсынов қалып етістіктерін көмекші етістіктер қатарында қарап, оның болымды түрінің жіктелуі басқа етістіктерден өзгеше екендігін, яғни жіктік жалғауы оларға тікелей жалғанатынын, ал болымсыз формада келдгенде қалып етістіктері басқа етістіктер сияқты жіктелетінін, яғни тікелей жіктелмейтінін байқаған [12, 244-245 б.].
Н.Т.Сауранбаев Қазақ тіліндегі көсемшелердің семантикасы мен функциясы еңбегінде (1942) күрделі етістіктердің жасалуына тоқталады. Толымды, толымсыз көмекші етістіктерді нақты атамағанмен, жатыр, отыр етістіктерінің көсемше формалы негізгі етістікке тіркесіп, көмекшілік қызмет атқаратынына бірнеше мысалдар келтірген.
С.Аманжолов негізінен шақтық мағына осы төрт етістіктің өз ішінде, бүтін тұлғасында болатындығын айтса (1994), аталған төрт етістіктің грамматикалық мағыналарын орыс тілімен салыстыра зерттеген ғалымдарымыздың бірі Ш.Х.Сарыбаев олардың есімдерше жіктелуін, шаққа, жаққа қатысын т.б. алғаш танып, дұрыс нұсқау берген (1939). М.Оразовтың Қазіргі қазақ тіліндегі қалып етістіктері (1980) атты монографиясында аталған етістіктердің морфологиялық құрылымында туған тұл,алық, мағыналық өзгерістергі және әбден орныққан формаларына тарихи, ғылыми тұрғыдан талдаулар жасалады. А.Ысқақов пікірлерін сараласақ (1991), басқа авторлар пікірінен онша алшақ еместігін байқаймыз. Ғалым қалып етістіктерінің негізгі мағыналары мен қызметтерін атқарумен бірге, амал-әрекеттің даму кезеңін (фазасын), өту сипатын білдіруге дәнекер болса, екінші жағынан, етістіктің нағыз осы шақ категориясын құрауға негіз болады дейді. Бірақ ғалымның өзіндік көзқарасы да жоқ емес. Оған сыпат категориясының синтетикалық түрін атауға болады. Сондай-ақ ғалымның сыпат категориясын үшке бөліп (қимылдың басталуы, жүріп жатуы, аяқталуы), олардың формаларын көрсетуі ғылым үшін жаңалық деп білеміз.
Қимылдың өту сипаты етістіктің дербес грамматикалық категориясы ретінде түркітануда және қазақ тіл білімінде XX ғасырдың екінші жартысында ғана танылса да, қимылдың жасалуындағы түрлі ерекшеліктер түркі тілдерін зерттеушілердің назарына ертеден-ақ ілінген. Ы.Мамановтың сыпат категориясына байланысты ойларын сарапқа салғанымызда, ғалым, ең алдымен, сөз мағынасына емес, сөз формасына баса назар аударғанын байқаймыз. Мұны ғалымның мына пікірінен білуге болады: Қалып етістіктерінде шақтық форма жоқ, тек шақтық мағына бар . Ғалым қалып етістіктерінің бойындағы шақтық мағына оларға телулі шақтық мағына емес, олардың бойында шақтық мағынадан басқа да (айталық, қимыл-күйді білдіру – етістіктік мағына; қимылдың өту сипатын білдіру – аспкетуалдылық мағына т.б.) мағыналар бар. Ғалымның бұл пікірін басқа ғалымдар еңбектерінде айтылмаған ерекше жаңалығы деп атауға болады. Сонмен қатар, көсемше формалы етістіктердің қалып етістіктерімен өзге толымды етістіктер арқылы сыпат категориясын жасауы туралы ойлары аналитикалық формалы етістіктер жайындағы күрделі зерттеуге негіз болған. Қимылдың жасалу кезеңдері мен тәсілі бойынша етістіктерді жіктеуі қазіргі грамматика талаптарына толық сай келмегенмен, функционалды грамматика тұрғысынан құнды пікір екендігін көрсетіп отыр.
Функционалды грамматикада қимылдың өту сипаты немесе амалдың өту сипаты деп аталып жүрген ұғым аспектуалность терминімен аталады. Қалып етістіктері осы аспектуалдылық мағынаны білдіруде маңызды рөл атқарады. Олар осы функционалды семантиканы беретін бірден бір тілдік құрал болып табылады. Қалып етістіктерінң фунуционалды-семантикалық өріс жасаудағы қызметі функционалды грамматика мамандарының зерттеулерінде айтылып жүр.
Бұл айтылғандардан қалып етістіктері тек қана аспектуалды семантика ғана жасайды деуге болмайды. Ол басқа да функционалды-семантикалық өрістерді жасауға қатынасады. Айталық, олар қимылдың өту сипатын білдіруден бұрын , ең алдымен, шақтық мағынаны білдіреді. Дәстүрлі грамматика тұрғысынан олардың құрылымдық функциясы нақ осы шақты білдіру делініп, нақ осы шақты білдіретін тілдік құрал, соның көрсеткіші ретінде қаралып жүр. Алайда бұл оларға берілген біржақты ғана пікір. Өйткені шақ тілдік жүйеде және сөйлеуде екі бағытта қызмет етеді. Аталған етістіктер тілдік жұйеде шақ көрсеткіші болса, сөйлеуде, екі бағытта қызмет етеді. Аталған етістіктер тілдік жүйеде шақ көрсеткіші болса, сөйлеуде, яғни сөйлеу бірлігі – мұны зерттейтін сала функционалды грамматика тұрғысынан одан кең түрде қарастырылады. Ол тек қана нақ осы шақтық мағынаны ғана білідрмейді, сонымен қатар шақтық мағынаның басқа да реңктерін беруге қызмет етеді. Сөйлеудегі шақтық мағына функционалды грамматика тұрғысынан темпоральность деген терминмен аталады. Темпоралдылық функционалды-семантикалық өрісін жасауда қалып етістіктерінң өзіндік орны, тиесілі қызметі бар. Олар темпоралдылық категориясының мағыналық қырларын білдретін тілдік құрал болып табылады. Демек қалып етістіктері Ы.Маманов көрсеткендей бір ғана категорияның тілдік көрсеткіші емес, ол аспектуалды, темпоралды, сондай-ақ басқа да қызметтерде жұмсалады.