Инновациялық саясаттың басты ерекшелігі - оның әрдайым мемлекет назарында болуы

Скачать


Қазақстан Республикасының  2002 жылғы Инновациялық қызмет туралы қабылданған заңының  қазіргі ғылыми-техникалық саясатты жетілдіруде орны ерекше. Осы заң негізінде бүгінде елімізде инновациялық қызметті қоғамға енгізу мен оны әрі қарай жетілдіру бірінші кезекте тұр. Инновациялық қызметті қоғамда, ғылымда, әлеуметтік өмірде, саяси жүйеде, өмірдің тағы басқа салаларында да кеңінен қолдануға болады. Жаңа жетістіктерге қол жеткізу жолындағы ізденіс және оларды дамыту барысында жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану заман талабынан туындап отыр. Инновациялық процестерге бет бұру дегеніміз ─ бұрынғы даму жолдарын өзгерту, қоғамның барлық саласының даму динамикасын жаңарту, ғылыми-техникалық дамуға жаңа стимул беру мақсатында жұмыс істеу. Мұның өзі ғылым мен өндірісті тоқайластыру деген сөз.

Осы мақсатта қабылданған еліміздегі Инновациялық қызмет туралы заң қоғамның, экономиканың дамуына жаңа сипат беруде. Бұл заңның негіздеріне сүйенетін болсақ, мұнда негізінен инновациялық саясат ─ мемлекеттік саясаттың құрамдас бір бөлігі әлеуметтік-экономикалық саланы дамытуда осы бағытты басшылыққа алу керек. Бұл процесс бәсекеге қабілетті экономиканың қарышты қадам басуына ерекше әсер етеді. Инновациялық жаңа ғылыми идеялар озық технологияны қолдануға барлық жағдайлар жасау қажет екенін көрсетеді. Жаңа жетілдіргіш ақпараттық технологиялық процестер үрдісін қоғамды басқару саласынан бастап, өндірістің барлық салаларында қолдану керек екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Ғылым мен техниканың жетістіктері арқылы өз экономикасын алға жылжытып, дүниежүзілік рынокта алдыңғы қатарлы елдер қатарына шыққан көптеген мемлекеттер бар екенін тарихтан жақсы білеміз. Осыдан бірнеше онжылдықтар бұрын әлемдегі кедей мемлекеттер қатарында болған Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттерінің тез арада дамып кетуі бұған нақты мысал бола алады. Бүгінде электрондық әлемде беделді орын алып отырған Жапония, Корея, Қытай ғылыми-техникалық саясаттың нәтижесінде осындай жетістіктерге қол жеткізді.  Сондықтан да ғылыми-техникалық саясат мәселесін толыққанды зерттеу, бұл саясаттың шет елдерде жүзеге асыру тәжірибесімен танысу Қазақстан сияқты жас, ғылыми, өндірістік әлеуеті жоғары мемлекет үшін өте өзекті мәселе болмақ. Осы тұрғыдан келгенде, еліміздегі инновациялық саясатты жетілдіру қазақстандағы ғылымды дамытумен тікелей байланысты. Әлеуметтік экономикалық өркендеудегі жетістіктерінің бәрі де жақсы ғылыми-техникалық прогресс нәтижесінде жүзеге асырылады.  Осындай алдыңғы қатарлы елдерге жақын болу үшін, инновациялық қызметті одан әрі  жетілдіру, инновациялық саясатты әрі қарай өркендету мәселесі тұр. Инновациялық жоба, инновациялық инфрақұрылым, инновациялық қор толық түрде мемлекет тарапынан қолдау табуы тиіс.  Ғылым мен техниканың жедел түрде сапалы дамуы тікелей мемлекеттік саясатпен байланысты екендігі ақиқат. Осы тұрғыдан алғанда, ғылыми-техникалық прогресті жаңа жағдайда мемлекеттік реттеу қолға алынуы тиіс.  Мемлекетік инновациялық саясат қоғамның бар саласын қамтитын бағыттарда жұмыс істейді. Ғылым мен техниканың жетістіктерін пайдалану мен іске қосу мақсатында жасалатын істердің бағдарламасы мен жүзеге асырушы мамандар іріктеліп, олар конкурстық негізде қабылдануы керек.  Инновациялық жобаны іске асыру үшін ең алдымен жобаның формалары мен әдістері анықталуы тиіс. Инновациялық қызметті жүзеге асыратын және оны толық қамтамасыз ететін құқықтық-нормативтік базаны толық түрде кеңейту басты шарт.

Келесі ерекше бір еске алатын мәселе, инновациялық қызметті жүзеге асыратын субъект мемлекет тарапынан қолдау табуы қажет. Бірінші кезекте әсіресе эксперименттік зерттеулердің санын өсіру және олардың материалдық шығындарын өтейтіндей, инновациялық қорды мемлекет өз қамқорлығына алса, бұл нақты бастамалардың бірі болар еді. Қазақстан Республикасының кешегі, бүгінгі, ертеңгі даму үрдістерін жан-жақты қарастыра отырып, қазіргі кезеңдегі ғылым мен техника жетістіктерін өндірістік пайдаланудың 2003-2015 жылдарға арналған бағдарламасында осы мәселелер кеңінен көрсетілген, алайда оны жүзеге асыруда көптеген кемшіліктер болып жатыр. Әрине, бұл енді ғана инновациялық даму саясатына аяқ басқан ел үшін табиғи құбылыс.  Алайда осы процестерді жүзеге асыруға қызығушылық танытушылар саны көбеймей отыр. Осы орайда арнайы орталықтар мен маман кадрларды жұмысты ұйымдастыруда өркениетті елдер тәжірибесіне сүйенуді үйрету керек, келісімділік негізінде жұмыс істеу екі жаққа да қолайлы болуы тиіс.

Бұл саясаттың мәні барлық қажеттілікті қамтамасыз ету жолындағы өзгерістер арқылы қоғам мен әлеуметтік ортаны жаңа жағдайға бейімдеу деген ұғымға келіп саяды. Полиэтникалы Қазақстанның егеменді ел ретінде қалыптасуы мен саяси тұрақтылығы демократиялық жаңа принциптер негізінде жүргізілетін ғылыми-техникалық саясатпен тығыз байланысты. Осы негізде іске асырылып отырған инновациялық қызмет қоғамның барлық саласындағы технологиялық процестердің жаңа жетістіктерін жүзеге асыру, сол арқылы қоғамдық қатынастағы әлеуметтік-экономикалық, қаржылық, құқықтық салада өзгеру ғана емес, ғылыми негіздегі жаңалықты қолданысқа енгізу болып табылады.

Инновациялық саясаттың басты мақсаты ─ отандық өнімдердің бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету, осы арқылы еліміздің әл-ауқатын көтеру және қоғамның экономикалық  дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан да жаһандық процесс туғызған инновациялық қызмет кез келген мемлекеттің даму тарихында ерекше орынға ие. Еліміздегі ішкі және сыртқы геосаяси және экономикалық жағдайдың тұрақтануы мен инновациялық қызметтің, ғылыми-техникалық саясаттың даму қарқыны да өзгеруде. Осы орайда жоғарыда айтылған ҚР-ның Инновациялық қызмет туралы қабылданған заңының саяси-әлеуметтік маңызы өте зор, себебі әр бір елдің экономикасы мен интеллектуалдық потенциалы жоғары деңгейде көрінуінде ғылым  мен техника басты өзек болуы тиіс. Еліміздің басты бағыттарындағы негізгі ядро болып отырған инновациялық қызметті қабылдау мен оны енгізу ─ бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның кезек күттірмейтін өзекті мәселелерінің бірі.

ҚР-ның Инновациялық қызмет туралы заңында инновациялық қызметті жетілдірудің басты бағыттары көрсетілген. Ендігі міндет осы басым бағыттарды жүзеге асыру механизмін жетілдіру болып отыр. Қазіргі кезеңдегі инновациялық қызметті жетілдірудің басты жолы ─ бұл нақты саясаттың алғышарттарын қалыптастыру мен шынайы инновациялық қызмет субъектілерін ұйымдастырудан басталуы тиіс. Бұл мәселелерді шешу, ең алдымен, елімізде Ұлттық инновациялық орталық құрылуымен және барлық істерге сол орталық басшылық жасауымен аяқталу тиіс деген ойдамыз. Жоғары оқу орындарында арнайы инновациялық бағыттағы мамандықтар ашу керек ─ ол инновациялық саясатты жетілдіру субъектілерін кеңейтуге жол ашады.

Инновациялық қызметтің дамуы ең алдымен, ғылыми-техникалық ақпараттанумен өзара байланысты, сондықтан кез келген мекемеде, оқу орындарында  ақпараттық-технологиялық орталықтар жұмыс істеуі керек. Инновациялық қызмет негізінде ғылыми-техникалық прогресс жатыр. Ғылым мен техника адам өмірінің дамуымен қатар жүреді. Елімізде осы мәселені өркендету мен дамыту барысында көптеген заңдық-құқықтық актілерге қол қойылды, алайда бұл қабылданған құжаттар оны жүзеге асыру және орындау талаптарымен үндеспей жатыр, осы олқылықтың орнын толтыру шарт. Ол үшін жаңа кредиттік технология осы саясатты әрі қарай дамыту мақсатында жүзеге асырылуы тиіс.

Мемлекеттік инновациялық қызметтің стратегиялық мақсатының өзі өндірістің барлық саласында жаңа ғылыми жетістіктердің енгізілуі болып табылады. Оның жетістіктері экономикалық өркендеу мен бәсекеге қабілеттілікке пайдаланылады. Инновациялық қызметті жетілдірудің ең оңтайлы тәсілі ─ ғылым мен техника, өндіріс бірлестігінің ұштастырылуында.

ҚР-ның ішкі саясатында жаңа қоғамды одан әрі тереңірек топтастыруға тұрақтылықты, азаматтық бейбітшілікті, жаңа рухани келісімді дамытуға, мемлекетті және оның интституттарын қалыптастыру мен нығайтуға, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған болса, сыртқы саясаты республиканың көп векторлы және көп деңгейлі интеграциялық іс-әрекетіне, аймақтық және әлемдік қауіпсіздікті нығайтуға, әлемдік қауымдастықта  еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз етуге, жоғары технологияны пайдалана отырып, экономикалық өсуге бағытталған. Осы екі саясат саласында да инновациялық қызмет үрдістерін жетілдіру, оны бүгінгі күнмен қабыстыру мақсаты көзделген.

Инновациялық саясаттың басты ерекшелігі ─ оның әрдайым мемлекет назарында болуы. Қызықтысы, ғылым мен техника нарық жағдайында басқа салалар сияқты өз алдына дербес дами беруге кейде қабілетсіз болып келеді. Алайда ғылым жеке меншік өндіріске жұмыс істеген жағдайда, оның нарықтық сұраныс пен ұсыныс заңдылығы арқылы даму мүмкіндігі жоғары екені сөзсіз. Мұны қазіргі күні АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты елдердің тәжірибелері толықтай дәлелдеп отыр.

Инновациялық саясатты жүзеге асыру барысында өндіріс өнімінің көлемін ұлғайту тұрғысында сападан алшақтамау бірінші кезектегі мәселе болары сөзсіз. Тек шикізат орталығымен ғана шектеліп қоймай, өндірістен ─ өндіріске принципін ұстанған абзал дейді зерттеушілер. Мұның мәні ─ шикізат өндіре отырып, одан дайын өнім шығаруға ұмтылу. Өндірістен ─ өндіріске қағидасы бүгінгі күні Қазақстан үшін ең қажет принциптердің бірі болып отыр. Бұл принцип өндірісте  шығынды жағы өте жоғары әрі сапасыз артық өнім шығарудан сақтандырады. Осындай адамзат үшін өте тиімді  және оңтайлы болып отырған инновациялық саясаттың негізгі бағыттары төмендегідей болып келеді:
жоғары бәсекелестікке ұмтылған, шығыны аз, керісінше, пайдаланатын ресурстарды қолданудың сапалы, жаңа деңгейін қалыптастыру. Ресурстарды үнемдеу арқылы өндіріс өзінің өсімін көбейтеді; елдердің техникалық артта қалуын тоқтатып, жаңа технологияларға қол жеткізу; өнім өндірмейтін салалардағы құрылымдық алға жылжу, яғни технологиялық негізде қамтамасыз ету; әр аймаққа икемделген аз күш жұмсалатын өндіріс орындарын ашып, олардың өндіріс қауіпсіздігін және қоршаған ортаның ластанбауын қамтамасыз ете алатын жаңа технология жүйелерін тарату арқылы ғылыми-техникалық прогрестің әлеуметтік тиімділігіне қол жеткізу. Әлеуметтік нормативтер жүйесін дайындау жаңа технологияларға негізделуі керек.


Скачать


zharar.kz