Аудиттің пайда болуы мен қалыптасуы туралы қазақша реферат

Скачать

Аудиттің пайда болуы мен қалыптасуы туралы қазақша реферат

  Ел Президентінің Қазақстан халқына Қазақстан – 2030 барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы Жолдауында XX ғасырдың 90-ыншы жылдары республика экономикасында орын алған дағдарыстың себептері ашылып, оны жеңудің жолдары айтылған. Радикалдық саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыру, КСРО-ның құлау және қазақстандық экономиканың әлемдік шаруашылық қатынас жүйесіне енуі дағдарыстың болуына, өндіріс көлемі мен өнімдердің, жұмыс, қызметтің бәсекеге қабілеттілігін күрт төмендетуге объективті жағдайлар тудырды. Бұл дәстүрлі нарықтың ығысуына, төлемге қабілетсіздік тудыруға, шектен тыс инфляцияға  және көптеген шаруашылық жүргізуші субъектілер қызметінің тоқтауына әкеп соқтырды. Қалыптасқан жағдайды ескеру арқылы ұзақ мерзімді жеті артықшылықтың бірі ретінде жоғары шетелдік инвестиция мен ішкі жинақ ақша деңгейіндегі ашық нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсу анықталды. Экономикалық өсу қаржы тұрақтылығына, өндірісті әртараптандыруды қамтамасыз етуге, аса маңызды салаларға инвесторларды тартуға, шешуші бизнес салаларының іскерлігін арттыруға, белсенді өндіріс саясатын енгізуге және акценттерді шаруашылық жүргізудің марко-дан микродеңгейіне жылжытуға септігін тигізеді.

Қазақстан Республикасында радикалдық реформалардың стратегиялық курсы нарықтың рөлі мен барлық тауар-ақша қатынас жүйесін күшейтуге бағытталған. Нарықтық экономиканың тиімділігін, оның ғылыми-техникалық жетістіктерді жылдам енгізетінін, адамның қажеттіліктерін жан-жақты қанағаттандыруға мақсаттылығын әлемдік тәжірибе көрсетіп берді. Нарықтық қатынасқа тауар өндірушілердің экономикалық тәуелсіздігі, субъектілердің шаруашылық қызметіне әкімшіліктің арласуын болдырмаушылық, өндіріс саласындағы еркін экономикалық байланыстар және қоғамдық өнім айналымы және оны тұтыну тән.

Ұлттық экономиканы реформалау бойынша түбегейлі процестер шаруашылық қызметті басқаруда жаңа ұйымдық және бақылаушы –талдамалы құрылымның пайда болуының объективті қажеттілігімен шарттастырылған. Халық шаруашылығын басқару жүйесін қайта құрудың алғашқы жылдарында-ақ жоспарлы экономиканың дәстүрлі бақылау органдары өсу үстіндегі, яғни арта түскен қажеттіліктерді қанағаттандыру мен барлық мүдделі тұтынушыларды объективті ақпаратпен қамтамасыз ету бойынша пайда болған проблемаларды кешенді шешуде өзінің қабілетсіздігін көрсетті.

Әміршіл-әкімшілік жүйеде төменгі басқару буынының жоғарыға қатаң бағынуы тек жоспарланған тапсырмалардың орындалуын, шаруашылық операциялардың заңдылығын сақтау, яғни оның заңға сәйкес болуын және мемлекет қарауындағы жалпы халықтық ресурстардың сақталуын тексеру бойынша тиісті ревизиалық қызметтерді ғана талап етті. Ал, нарықтық экономика жағдайында шаруашылық жүргізуші субъктілердің серіктестермен, инвесторлармен, кредит берушілермен, меншік иелерімен, акционерлермен және басқа да пайдаланушылармен деңгейлес байланыстары бойынша шындыққа жанасымды ақпараттарға қажеттілік бірден артады. Бұл арада тек белгіленген параметрлердің сәйкесетіндігін тексеру ғана емес, сонымен қатар шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметтерін жақсарту бойынша ғылыми негізделген ұсынысын әзірлеуді, оларға кеңес беруді және басқадай да жоғары кәсіби деңгейде тиісті аудиторлық қызмет көрсетуді талап етеді.

Кәсіби аудиттің пайда болуы мен қалыптасуы – бұл бүгінгі таңда да жалғасын тапқан айтарлықтай ұзақ процесс. Аудиттің қоғамдық рөлін түсінуі үшін оны ұйымдастырудың әдістемесін, теориялық негізін және мәнін ашу керек.

Нарықтық экономикаға өтпелі кезеңге шаруашылық жүргізуші субъктілер қызметін басқарудың маңызды құралдарының бірі қаржылық бақылау болды. ТМД елдеріндегі нарықтық қатынастың дамуы өндіріс саласындағы бизнестің жаңа қаржылық бақылау жүйесін қалыптастыратын алғышарттарды тудырды.

Қаржылық-шаруашылық бақылау жүйесін түбегейлі қайта өзгерту, енгізу және тәуелсіз аудиттің посткеңестік өңірде қарқынды дамыту негізінде мына принциптер жатқызылады:
  Меншік түрлері және қаржы көздері бойынша бақылау объктілерін дәл оқшаулау;   Бақылау субъктілерін мемлекеттік, қоғамдық, аудиторлық (тәуелсіз), ведомствалық (фирмалық) және іштей (ішкі шаруашылықтық) деп бөлу;   Бақылау мәселелерін шектеу, оның ішінде бюджеттің кірісі мен шығысын дұрыс қалыптастыру, есеп берулердің анықтылығы, өндіріс әлеуетін пайдаланудың тиімділігін арттыратын резервтерді анықтау және бағалау;   Мемлекеттік, жергілікті, қоғамдық, ішкі шаруашылық, тәуелсіз аудиторлық ұйымдар мен жекелеген аудиторлардың әрекет ету салдарын анықтау.
Аудит тарихи көрсеткендей, оның дамуы әкімшілік пен инвесторлар арасындағы мүдделердің бөлінуінен болды.

Америкалық бухгалтерлер ассоцияциясының зерттеуіне сәйкес аудитке қажеттілік мына негізгі шарттарды тудырды:
  ақпарат жасаушылардың (әкімшілікпен) және пайдаланушылардың (акцияны иеленушілер, кредит берушілер және басқа тұлғалар) мүдделерінің қабыспауы, яғни сәйкеспеуі ақпараттың объективті болмауына әкеп соқтыруы мүмкін;   объективті емес ақпараттарға негізделген шаруашылық шешімдерді қабылдау жағымсыз экономикалық салдарды тудыруы ықтимал;   алынған ақпараттың шындыққа жанасымдылығын бағалау немесе тексеру үшін фирманың пайдаланушыларында жоқ арнайы білім болуы қажет;   ақпаратты пайдаланушының оның сапасын тікелей бақылау үшін уақыты мен материалы әрдайым бола бермейді.
Қажетті ақпаратты алу мен бағалаудағы пайда болатын қиындықтар аудиторлық қызметтің аясын тарылтады. Оның негізгі міндеті – есеп берулерді анық күмәнсіз ету; тұтынушыға ақпаратты маманның пікірін араластырмай жеткізу.


Скачать


zharar.kz