Батолиттер (грек тілінде батос – терңдік деген мағынада) қатпарлы тау жыныстарының орталық бөліктерінде ондаған кейде жүздеген мың шаршы километрге созыла орналасқан интрузиялық ең ірі денелер құрайды. Олардың негізгі құрамы көбінесе граниттер мен гранодиориттерден тұрады, ал шеткі бөліктері диориттер мен сиениттерден құралады. Бұрынғы (ескі) көзқарас бойынша батолиттік денелер түпсіз болып келеді немесе магмалық ошақтармен тұтаса жалғасып жатады. Соңғы жылдары жүргізілген геофизикалық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде олардың (тік бағыттағы) қалыңдығы 5–10 километрден аспайтындығы анықталды.
Батолиттердің пайда болуы жөніндегі проблема – осы уақытқа дейін шешім таппай жүрген, талас пікір тудыратын күрделі мәселелердің бірі болып саналады. Кейбір пікірлер бойынша, магманың (жоғары қарай) көтерілу барысында оның жолында кездескен тау жыныстары опырылып құлап түсіп, магманың ішінде бірітіндеп ери келе, ассимиляциялық және гибридизациялық әрекеттер байқалады. Соның нәтижесінде пайда болған бос кеңістік магмалық заттармен толып, интрузиялық ірі денелер (батолиттер) қалыптасады.
Басқа бір көзқарас бойынша, тау құралу барысында қатпарлы тау жоталарының жаппай көтерілу (орогенез) сатысының соңына қарай олармен ілесе көтерілген магмалық ерітінділер үстіңгі қабатты құрайтын жыныстарды ығыстырып, батолиттер түрінде қалыптасады; қоршаған ортаны құрайтын жыныстардың жатыс жағдайлары бұзылмай бұрыңғы күйінше сақталады. Соңғы көзқарастарда көпшілік ғалымдар батолиттердің жаратылысы гранитизиялдық және метасоматикалық әрекеттермен тығыз байланысты деп санайды.
Басқаша айтқанда, жер бетіне жақын орналасқан бір кездегі шөгінді жыныстар мен вулкандық лавалар және туфтар кейінірек, жер қыртысының терең қабаттарында жаңа термодинамикалық (жоғары қысым, жоғары температура) жағдайда метаморфтық өзгерістерге ұшырап, қайта кристалданады. Сонымен қатар, мантиялық ыстық ерітінділер (флюидтер) жер қыртысының жарықтары мен жарықшаларын бойлап жоғары қабаттарға көтеріліп (шөгінді жыныстардың жатқан жеріне) магмалық немесе метасоматикалық орын алмасу процестері байқалады. Бұл әрекеттер жалпы айтқанда гранитизациялық процестер деп аталады. Олр метаморфтық әрекеттерден соң, ал кейде қатар жүріп жатады. Осындай процестердің нәтижесінде, ең соңында құрамы магмалық жыныстарға ұқсас, ал құрылымы өзіндік ерекшеліктермен сипатталатын гранитоидтар тобы пайда болып батолиттер түріндегі ірі денелер қалыптасады.
Штоктар цилиндір пішінді, кейде бұрылыс пішінді интрузиялық денелер құрайды. Олардың көлемі батолттерден кіші болып келеді. Штоктың көлденең қимасының ауданы әдетте жүз шаршы километрден аспайды. Олар әр түрлі бағыттығы тектоникалық жарықтардың қиылысқан зоналарында жиі кездеседі. Штоктарды құрайтын тау жыныстарвнвң құрамы әр түрлі (қышқыл топтағы жыныстардан ультранегіздік жыныстарға дейін) болып келеді.
Кейде штоктар, ірі батолиттердің тармақтары мен тарамдардын құрайды, ал көпшілік жағдайда жер бетіне жақын қабаттарда магмалық диапирлер түрінде түзіледі