Араб мемлекеттерінің барлығы дерлік Англия және Франциямен дипломатиялық қатынастарын үзді

Скачать


Екінші араб-израиль соғысы: басталуы, жүру барысы, нәтижесі туралы қазақша реферат

Сонымен, Батыстың, әсіресе Американың билігін нығайту мақсатында жасалған талаптану әрекеттері сәтсіз болды, яғни оның үстемдік жүргізуінің аяқталуына көп уақыт қалмағаны белгілі болды. Оның үстіне, жоғары айтып кеткендей, 1948-1949 жылдары болған соғыс нәтижесінде араб жетекшілерінің көбісінің көзі ашылып, Таяу Шығыста ұлт-азаттық көтерілістер өрістеді. Олардың ең маңыздысы-1952 жылы 23 шілдеде болған Египеттегі “Ерікті офицерлер” патриоттық ұйымының жасаған революциясы болды. Гамаль Абдель Насер бастаған бұл ұйым король Фарукты, яғни монархияны құлатып, Египетте республика жариялады. Революциялық үкімет антиимпериалистік саясат ұстанды.

Египет революциясының басшысы Г.А. Насер Таяу Шығыстағы күштер арасалмағын дұрыс түсінген араб лидерлерінің бірі болды. Ол араб ұлт-азаттық көтерілісінің ең басты жауы-Израильдің сионистік билеушілерін қолдап отырған әлемдік империализм екендігін түсінді. Ол енді КСРО-ға арқа сүйеу қажеттігін айтты. Сонымен қатар, арабтар империалистер арасындағы қарама-қайшылықтарды, әсіресе Англия мен Ақш арасындағы қайшылықты пайдалана алады және пайдалану керек деген ойда болды.

“Ерікті офицерлер” өзінің төңкерісін ұйымдастырған соң, алғашқы кезде Америкамен жақындасу саясатын ұстанғысы келді. Оны Насердің өзі де жоққа шығармайды. Ал, төңкерістен кейін Революциялық командование кеңесін басқарған генерал Нагиб өзінің толығымен америкалық бағытты қолдайтынын жасырған жоқ. Египеттің мұндай саясатына 2 түсіндірме бар:

1) Мемлекет басшылары Англиямен күресті басты мақсаты етіп қояды, сондықтан сырттан басқа бір  осындай ұлы державалардың қолдауын қажет етті немесе Египет-Англия қарама-қайшылығында Вашингтонның Лондонға көмектесуін бейтараптағысы келді;

2) Төңкерістен кейін қалыптасқан режимнің ашық солшыл екенін, яғни антиимпериалистік екенін бірден көрсеткісі келмеді, оны біршама жұмсартқысы келді.

Корольді құлатқаннан кейін, Вашингтон да Египетке байланысты өзіндік әрекеттерін бастады. Яғни, АҚШ Египетке $50 млн. көлемінде көмек көрсетеді, көптеген Американың бизнесмендері, қоғам қайраткерлері, басшылары Египетке барып қайтады.

Бірақ, 50 жылдардың басындағы АҚШ-тың Таяу Шығыс мәселесіндегі ең приоритетті мақсаты-әскери блоктарды құрып, оларға араб мемлекеттерін мүше ету, қысқаша айтқанда, АҚШ КСРО-ны әскери және саяси блоктармен қоршау жоспарын жүзеге асырғысы келді.

Алғашқы кезде Америка Египетті “Орта Шығыстық командование” ұйымына кіргізгісі келді. Сөз жүзінде оны АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Түркия 1951 жылы күзде ұсынған болатын, бірақ іс жүзінде ол идеяның авторы Вашингтон болды. Әрине, Египет оған өз келісімін берген жағдайда, оған әскери көмек, командованиедегі жоғары орындар мен әскернің дайындығы туралы уәделер берілді. Бірақ, Египет Таяу Шығысты бейбіт күнде қорғау үшін өзінің стратегиялық объектілерін беруі және соғыс немесе дағдарыс болған жағдайда көмегін беруі керек болды. Суэц каналындағы ағылшындардың әскери базасы формальды түрде Египетке беріледі, бірақ оны “Орта Шығыстық командование” өз қолына алатын болды.

“Орта Шығыстық командованиенің” авторлары оған Израильдің де кіруін қалады. Оның да өзіндік себептері болды:

1) Израильдің әскери потенциалын империалистік жоспарда қолдану;

2) Американың ықпалын екі жаққа да тарату үшін Израильді араб мемлекеттерімен жақындастыру;

3) Израильдің КСРО және т.б. социалистік мемлекеттермен қатынасының дамуына кедергі келтіру.

Таяу Шығысқа колониалдық тәуелділіктің жаңа формасын мәжбүрлеп беру талпынысын араб мемлекеттері қолдамады. Бірақ, мұнымен Америка дипломатиясының әскери блок құру идеясы тоқтамады. 1953 жылы тек мұсылман елдерінен–араб елдері, Түркия және Пакистаннан тұратын әскери блок құруды ұсынды. Алайда, тек ислам пактісін де жүзеге асыру мүмкін болмай қалғандықтан, Вашингтон екі жақты одақтарды кұруды бастады. Сөйтіп, 1954 жылы Түркия-Пакистан пактісі, ал 1955 жылы 24 ақпанда Түркия-Ирак пактісіне қол қойылды. Ол Бағдад пактісі деген атқа ие болды (кейін 1979 жылға дейін СЕНТО). 4 сәуірде оған Ұлыбритания, ал 1955 жылы қазан-қарашада Пакистан мен Иран қосылады.

АҚШ Ирактың Кеңес Одағымен байланысын нашарлату үшін оның әскери одаққа кіруін қалады. Оның нәтижесі Америка үшін ойдағыдай шықты: Бағдад пактісін құру кезінде Нури Саид үкіметі Батыстың қысымы нәтижесінде Кеңес Одағымен дипломатиялық қатынастарды үзді.

АҚШ әскери блоктар туралы идеяны дамытқысы келгені соншалық, тіпті Таяу Шығыстағы өзінің досы Израильмен арадағы қатынастарды да кейде жасырғысы келді. Яғни, Америка жағы Израильдің әскери одаққа кіруіне қарсы шықты, Израильдің саясатын сынады, 1953 жылы өз елшілігін Иерусалимге көшіруден бас тартты, еврейлердің Египет, Иордания, Сирияға жүргізіп отырған рейдтеріне қарсылық білдірді және т.б. Әрине ол Америка саясатының бірден өзгеріп кеткенін білдірмейді, бұл тек араб мемлекеттерімен жақындасып, оларды әскери одақтарға қосу үшін қолданылған айла болатын. Вашингтон араб мемлекеттерімен жақындасу үшін Израильмен байланыстарын үзуден алыс болды.

Египет болса, 1955 жылы құрылған Бағдад пактісіне кіруден бас тартты, бірақ олардың империализмге жасаған ең үлкен соққысы-Суэц каналын ұлттандыру болып табылды.

Сонымен, 1952 жылы Египетте корольдік режимді құлатқан төңкеріс болды. Бұрын саясатында бұл мемлекетті пайдаланғысы келген АҚШ жоспары жүзеге аспайтынын, яғни Египет енді Израильмен ешқандай келісім жасамайтынын түсінді. Мрнархияны құлатып, ұлтшылдықты ұран еткен Египет билеушілері еврейлермен қандай да бір қатынас орнату туралы естігілері де келмеді. Бұл тек Насер өлімінен кейін ғана мүмкін болды.

Египет революциясының ең басты мақсаты-территорияда шетел үстемдігін жою болды. Оған дейін Египет түгелімен, тіпті Суэц каналының өзі де ағылшындардың қолында еді. 1881 жылға Константинополь конвенциясы бойынша, Суэц каналы кез-келген жағдайда барлық мемлекеттердің барлық кемелері үшін ашық болу керектігіне қарамастан, ол негізінен Ұлыбританияның қолында болды. Египет лидерлері ағылшын әскерлерінің каналдан шығарылуына қол жеткізгеннн кейін, ары қарай барды. 1956 жылы 26 шілдеде президент Насер “Суэц каналының бүкіл компаниясын” ұлттандыру туралы жариялады. Әрине оған Англия, Франция және басқа да империалистік мемлекеттер қарсы шықты. Атап айтқанда, АҚШ Египетке 1956 жылы шілдеде Асуан тоспасын салу үшін беруге уәделескен қарызын бермейтіні туралы мәлімдеді. Бұл әрекет Батыс пен Египеттің арасындағы ашық конфронтацияның басталғанын білдірді. Англия мен Франция өз банктеріндегі египеттіктердің салымдарын жапты. Одан кейін АҚШ америкалық банктерде жатқан 21 млн. египеттік фунттерді жауып тастады, онымен қоса, Египетке көптеген өндіріс товарларын жеткізу қысқартылды. Яғни, осының бәрі Египетке “экономикалық соғыс” ашумен тең келді.

Бұл шаралардың барлығы 1956 жылы шілдеде Лондонда Ұлыбританияның премьер-министрі А.Иден, Францияның сыртқы істер министрі К.Пино және АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Дж. Даллестің қатысуымен өткен кездесуде толығымен талқыланған болатын. Яғни, Египетке қарсы соғысқа дайындық қызу жүріп жатты. Оны ешкімге білдіртпес үшін Даллес барлығының, әсіресе Египеттің назарын Суэц каналына аударуға тырысты. Дәлірек айтқанда, Иден “Англия мен Францияның Даллес ұсынған Суэц каналын пайдаланушылардың ассоциациясын құру туралы жоспарын өмірге әкелеміз” деген уәделері шыға бастады. Ол “дағдарысты интернационализациялау” деп аталса да, шын мәнінде империалистік мемлекеттердің сол каналға үстемдігін орнатудың тағы да бір айласы болды. Сол кезде американдықтар: “Насер ақшаның қолынан қалай кетіп бара жатқанын көрсін, ол кез-келген күш көрсету мен қорқытудан да жақсы болады”,- деп айтты16. Яғни, Суэц каналының өте маңызды сауда жолы болуы соншалық, Даллес оны қайтарудың қандай да болмасын амалдарын жүзеге асырғысы келді.

Сонымен, АҚШ-тың Суэц каналын бақылайтын халықаралық ұйымды құру ұсынысы, Суэц каналын пайдаланушылардың халықаралық ассоциациясын құру туралы ұсыныс, Пайдаланушы мемлкеттердің Лондон конференциясына шақырылуы туралы ұсынысына қарамастан, Египет Батыс державаларының қысымына төтеп бере алды және Суэц каналын дегенмен ұлттандырды.

Оның жалғасы 1956 жылы қазан-қараша айларында Египетке қарсы ағылшын-франко-израильдің үштік агрессиясымен* аяқталады. Яғни, үш мемлекеттің (Англия, Франция, Израиль) Египетке қарсы ұйымдастырған күш әрекеті тарихта “үштік” агрессия деген атпен қалды. Ол тек агрессияны ұйымдастырушылардың санына ғана байланысты болмады, бұл ат оның негізіне де байланысты еді. Ол дегеніміз-үш халықаралық контрреволюциялық күштердің-бұрынғы колониализмнің (Ұлыбритания, Франция), сионизмнің (Израиль) және неоколониализмнің (АҚШ) бірігіп, істеп отырған акциясы болды. АҚШ тікелей соғыс қимылдарына қатыспаса да, оның бұл соғыста маңызы өте зор болды.

Израиль осы интервенцияға қатысқаны үшін Синайдың көп бөлігімен қатар, Ливанның оңтүстігін және Иордан өзенінің батыс бөлігін қолына түсіргісі келді. Бұл әскери әрекеттер Англия мен Францияның Суэц каналы зонасына кіруіне мүмкіндік беретін еді. АҚШ та құр қалмас еді. Осының бәрі 1956 жылы қазанда Севрде өткен құпия келіссөздерде талқыланған болатын.

Израиль операциясы “Кадеш” (“Тазалау”) деген құпия атқа ие болды. Ал, Египетке коллективті қарулы интервенция “Мушкетерлер операциясы” деген кодты атпен аталды. Әрине, оның барлығын да Америка басқарып, бағыттап отырды.

Жоғары айтылғандай, АҚШ 1956 жылы Египетке қарсы ешқандай әрекеттерге қатыспаса да, оның Жерорта теңізінің шығыс бөлігіндегі және Таяу Шығыстағы қарулы күштері агрессияға қатысушыларды қолдайтынын білдіріп отырды. “Америка азаматтарының өмірлері мен мүліктерін қорғау керек” деген сылтаумен АҚШ іс жүзінде антиегипеттік компанияға қатысты. Египет жағалауына Американың 6-шы флоты келді, ал Александрияға “АҚШ азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету” деген мақсатпен Американың теңіз пехотасы келіп түсті.

Вашингтон басынан бастап-ақ Египетке қарсы агрессияны қолдады. Американың ЦРУ басшысы Даллес: “АҚШ үштік агрессия туралы білген, бірақ оны не тоқтатқысы, не бастағысы келмеді, ол келешекте жағдайдың қалай айналатынын білгісі келді”,- деп айтады17.

Әрине, үш мемлекттің Египетке басып кіруін дүниежүзілік қауымдастық қолдамай, оны дұрыс емес деп шешті. Суэц дағдарысын шешуде күш қолданбау керектігін түсінген АҚШ екі жүзді саясат жүргізді. Яғни, бір жағынан, сөз жүзінде, өз одақтастарының әрекетін сынаса, екінші жағынан, іс жүзінде, оларға қолдау көрсетіп отырды. Англия мен Францияның пікірінше, бұл басып кіру Египеттің өз бетімен, олардың мүддесіне қарсы саясатына жаза ретінде болды. Сонымен қатар, ол сол кезде өрістеген арабтардың ұлт-азаттық қозғалыстарын басуға бағытталған болатын.Сондай-ақ, империалистер бұл агрессияның нәтижесінде Кеңес Одағының ролі төмендейді деп үміттенді.

Агрессияға Израильдің қатысуы оның мынадай мүдделерін білдірді:

1) Израиль Египет, Иордания, Сирия және Ирактың антиизраильдік фронтты құратынынан қорықты, сондықтан алдымен олардың ішіндегі ең күштісі-Египетке соққы бергісі келді. Егер Египет жеңілген болса, еврейлер Тиран бұғазында кемелердің еркін жүзүіне қол жеткізер еді. Оны кезінде Насер Тель-Авивтің оккупациялаған араб территорияларына байланысты ымыраларға келу үшін шектеген болатын;

2) Израиль палестиналықтардың Газа секторы мен Синай жарты аралындағы партизан отрядтарын жойғысы келді, себебі олар Израильдің әскери және халық шаруашылық потенциалына айтарлықтай зардап тигізіп отырды.

Ал, тек әскери жағынан Израильдің мақсаттары мынадай болды:

1) Ең қысқа мерзімде Суэц каналына қол жеткізу және Англия мен Францияның әскери араласуына мүмкіндік беру;

2) Синай жартыаралының оңтүстігін қолға түсіру және Акаба мен Суэц бұғаздарына бақылауын орнату.

Әрине, Египет әскерлеріне қарағанда агрессорлар барлық жағынан күшті болды, бірақ ол халықтың тәуелсіздік жолындағы күресіне кедергі келтірмеді.

1956 жылы 29 қазанда Израильдің әуе-десант бригадасы мен танк батальондары Синайдың оңтүстігінен Египет шекарасын кесіп өтті. Онымен бірге, Митл асуының шығысына Израильдің әуе десанты қондырылды және оны қорғап жатқан Египет батальондарымен күрес басталды. Жүргізіліп отырған әрекеттердің барлығын Израиль мен Францияның самолеттері бақылап отырды.

Негізінен операциялар 31 қазанда басталған болатын. Алғашқы үш күнде ағылшын және француз самолеттері Египеттің Порт-Саид, Каир және т.б. қалаларын бомбалады, Альмаз, Абу-Суэйр, Иншаса, Файид және Кантарадағы аэродромдар мен саяси объектілерге шапқыншылық жасады. Басында ағылшын-француз командованиесі Египетке тек ауадан ғана шабуыл жасауды жоспарлады. Осындай шабуылдары кезінде ауадан тек бомбалар емес, сонымен қатар, Насер үкіметін төңкеруге шақырған миллиондаған үндеу қағаздары да тасталды. Яғни, олар тек империализм мен сионизмнің  халықаралық күштеріне ғана сүйенбей, сонымен бірге араб реакциясына да арқа сүйейміз деген үмітте болды.  Алайда, империалистер үміттенген антиүкіметтік көтерілістер болмады, керісінше Египет халқы бірікті, сондықтан агрессорлар соңғы минутта бағдарламаларын өзгертуге мәжбүр болды. Жағдайдың бұлай айналуы агрессорға ұнамады.

Араб мемлекеттерінің барлығы дерлік Англия және Франциямен дипломатиялық қатынастарын үзді. Сирияда “Ирак петролеум компани” мұнай трубасын жарып жіберді, Сауд Аравиясы ағылшын танкерлеріне мұнайды өндіруден бас тартты, Иордания Англияға өз территориясында әскери базаларды пайдалануға тыйым салды, көптеген араб елдерінде антиимпериалистік демонстрациялар басталады. Иракта олардың тіпті ағылшын колонизаторларына қарсы көтеріліске ұласып кету қаупі болды. Сөйтіп, мемлекеттегі жағдайдың шиеленісуінен қорыққан Ирак үкіметі Франциямен дипломатиялық қатынастарды үзіп тастауға мәжбүр болады. Ол Ұлыбританияның агрессияға қатысуын сынады және Бағдад пактісінен шығатынын жариялады.

5 қарашада интервенттер десанттарын Египет территориясына әкеле бастады. Олардың әскерінің Египетке қарағанда күшті болғанын айтпаса да түсінікті шығар. Агрессордың 229 мың солдатпен офицерлері болса, Египеттікі тек 90 мың болды. Израиль әскерлері Египеттікіне қарағанда 1,5 есе, ал Францияныкі 5 есе мықты, әрі күшті болды.

6 қарашада француз әскерлері Порт-Фуадты, Порт-Саидты қолына түсірді. 7 қарашада олар Кантараны, 8 қарашада Исмаилияны, ал 12 қарашада Суэцты жаулап алуды жоспарлады. Бірақ, ол жүзеге аспай қалды.

Агрессордың мұндай әрекеттерін тоқтату керек болды, сөйтіп бұл жерде шешуші рольді Кеңес Одағы атқарды. 1956 жылы 2 қарашада БҰҰ Бас Ассамблеясының соғысты тоқтату туралы шешіміне интервенттер құлақ аспаған соң, Кеңес Үкіметі Ұлыбритания, Франция және Израиль үкіметтеріне нота жібереді. Онда егер агрессорлардың соғыс қимылдары тоқтатылмаса, шығыста бейбітшілік орнату үшін күш қолданатыны туралы мәлімдеді. 7 қарашада соғыс аяқталды, сол күні БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы агрессорлардың әскерін шығару туралы шешім қабылдады, яғни үштік агрессия дегеніне жетпей, Англия, Франция және Израиль жеңіліс тапты. 1956 жылы желтоқсанда-ақ Египет территориясынан Ұлыбритания мен Францияның, ал 1957 жылы наурызда Израиль әскерлері шығарылды. Суэц каналы толығымен Египет меншігінде қалды, ал оның үкіметі өз алдына 1957 жылдың 24 сәуірінде 1881 жылғы Константинополь конвенциясын ұстанатынын жариялады.

Сонымен бірге, осы соғыстың нәтижесінде Египет президенті сыртқы саясатында көбіне КСРО-ға бет бұра бастаса, Израиль үкіметі саясатын батыс елдер блогымен байланыстыра бастады.

АҚШ соғысқа араласпады десек те, ол үштік агрессияны басынан бастап қолдап, Египетке басып кіруге онша қарсы болмады, себебі бұл соғыс Таяу Шығыста Англия мен Францияның позицияларының әлсіреуіне алып келетіні айдан анық болды. Эйзенхауэр әкімшілігі  Американың жақсы позицияны иемденуі үшін араб мемлекеттерімен де, Израиль мемлекетімен де қатынасты нашарлатпау керектігіне сенімді еді. Әрине, мұндай саясат өз “жемісін” берді: Суэц дағдарысы нәтижесінде Англия мен Франция позицияларын жоғалта бастады, ал көптеген араб елдері енді КСРО-ға және АҚШ-қа бет бұра бастады. Таяу Шығыста билігін орнату үшін АҚШ бұл жағдайды пайдаланғысы келді.

1957 жылы 5 қаңтарда АҚШ президенті Дуайт Эйзенхауэр Таяу Шығыстағы АҚШ саясаты туралы Конгреске жолдауын жібереді. Кейін “Эйзенхауэр доктринасы” деп аталып кеткен ол Таяу Шығыста тұрақты бейбітшілікті сақтауға және аймақтағы мемлекетаралық конфликттерді реттеуге бағытталғандай болды. Президент Кеңес Одағының бұл аймақта тек саяси мүдделері ғана бар екендігін атап өтті. Эйзенхауэрдің айтуы бойынша: “Халықаралық коммунизм бұл аймаққа саяси, экономикалық және әскери көмек көрсетемін деген ұсыныстармен өзінің шын мәніндегі мақсатын, яғни ол жерде доминантты болғысы келетінін жасырады”18. Одан кейін Эйзенхауэр конгрессмендерге Балтық елдерінің Кеңес Одағына қосылуын, Варшава пактісін құруын және 1956 жылдың күзінде Венгриядағы көтерілісті басып-жаныштағанын еске түсірді. АҚШ-тың керісінше саясат ұстанатынын, Таяу Шығыс аймағында саяси және экономикалық үстемдікке ұмтылмайтынын да айтуды ұмытпады. Оған қоса, көптеген араб мемлекеттері қандай екенін түсініп, қазіргі кезде Америкамен жақындасып жатқандары туралы мәлімдеді. “Осындай қауіп төніп тұрған кезде, АҚШ-тың Таяу Шығыс елдеріне көмектесуі өте маңызды” ,-деді Эйзенхауэр. Ал, олардың ұлттық тәуелсіздіктерінің нығаюы үшін экономика жағынан әріптестік орнату керек болды. Яғни, Таяу Шығысқа үлкен көлемде экономикалық көмек көрсетіп, АҚШ ол мемлекеттерге коммунизм бақылауындағы басқа мемлекет қауіп төндірсе, өз әскери күшін беретінін айтты. Ол Таяу Шығыс мемлекеттеріне Кеңес Одағымен әріптестік және қандай да болмасын байланыс орнатудан бас тарту қажеттігін атап өтті. Яғни, “Эйзенхауэр доктринасының” антисоветтік бағыты анық көрініп тұрды.

“Эйзенхауэр доктринасы”  “күш вакуумын толтыру” деген атқа бекер ие болған жоқ. Оны жүзеге асыру үшін араб әлемінің белгілі бір аудандарында колонизаторлар кеткеннен кейін  “вакуум” қалыптасатын немесе қандай да бір мемлекетке “халықаралық коммунизм” қаупі төніп тұр дегенді дәлелдеу керек еді. Бірақ, араб елдеріне “вакуум” ролі ұнамады және олардың көбісі “Эйзенхауэр доктринасын” мойындамады. Ресми түрде оны тек Израиль, бұрынғы ағылшын вассалы Ирак және кейін Ливан үкіметі мойындады.

“Эйзенхауэр доктринасын” “араб елдерінің ішкі саясатына ашық араласу”, “Таяу және Орта Шығыстағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа қауіп”, “АҚШ-тың ол мемлекеттерге әскери протекторат режимін енгізіп, олардың дамуын тоқтатқысы келеді” деген сын айтылды. Ал, Эйзенхауэр айтқан кеңестік қауіп “ойлап табылған” деп айыпталды, өйткені КСРО оңтүстіктегі шекараларына жақын орналасқан Таяу және Орта Шығыс елдерінде бейбітшіліктің орнауын ғана қалады.

Сонымен, “Эйзенхауэр доктринасына” қарсы Совет үкіметі 1957 жылы 11 ақпанда “Таяу және Орта Шығыс елдерінде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау туралы және ол ауданның ішкі істеріне араласпау туралы КСРО, АҚШ, Ұлыбритания және Франция үкіметтерінің декларациясының негізгі принциптері” атты жобаны ұсынады. Онда мынадай 6 принцип аталды:

1) Бейбітшілікті сақтау үшін дау тыдырған мәселелерді тек қана бейбіт жолмен және келіссөздер негізінде реттеу керек;

2) Таяу және Орта Шығыс мемлекеттерінің ішкі істеріне араласпау, ол мемлекеттердің тәуелсіздігі мен суверенитетін құрметтеу;

3) Ұлы державалар қатысуымен құрылған әскери блоктарға бұл мемлекеттерді мәжбүрлі кіргізуден бас тарту;

4) Таяу және Орта Шығыс елдеріндегі шетел базаларын жойып, әскерлерін шығару;

5) Бұл мемлекеттерге қару-жарақ жеткізуден өзара келісіп, бас тарту;

6) Таяу және Орта Шығыс елдерінің әскери, саяси және басқа да  экономикалық дамуына ат салысу.

Осындай фактілердің нәтижесінде Таяу Шығыс аймағы 1956-1957 жылдары аса үлкен маңызға ие бола бастағанын көруге болады, себебі екі ұлы держава да оның істеріне араласа бастады. АҚШ жағы Кеңес Одағының мұндай инициативасын қолдамады, себебі сол кезде беделі өсіп келе жатқан КСРО-ның ролін төмендеткісі келді. Алайда, Вашингтонның осындай пікіріне қарамастан, дәл сол кезден бастап Таяу Шығыс аймағы ғаламдық совет-американ күресіне ене бастады. Араб-израиль күресі жаңа деңгейге шықты. Бірақ, Таяу Шығысты “әділетті реттеймін” деген ынтаны әлі ешкім білдіре қоймаған, өйткені ол кезде араб-израиль қатынастары күнделікті құбылыс, ондағы жағдай осындай болу керек деген оймен сипатталды.

Араб-израиль соғысының нәтижесінде көптеген араб елдерінде ұлт-азаттық қозғалыстар өрістеді. Оларды басу үшін және мемлекеттерді өзіне бағындыру үшін Вашингтон мен Лондон колониализмнің әскери амалына,  дәлірек айтқанда, “канонеркалар дипломатиясына” арқа сүйеуді жөн көрді. Сөйтіп, 1958 жылдың сәуірінен бастап “Көк жарқанаттар” және “Алтын балық” атты Ливан мен Иорданияға қарсы әрекеттер басталды. Әсіресе, АҚШ өзінің ықпал ету аймағын Ливаннан бастағысы келді, себебі, біріншіден ол ресми түрде “Эйзенхауэр доктринасына” қосылды және екіншіден, АҚШ ойынша, ол жерде коммунистік қауіп төніп тұрды.

Операциялардың осындай романтикалық атауы шын мәніндегі әрекеттерге сәйкес келмеді. Ағылшындардың әскерлері Ливан мен Иорданияға келіп, ол жерлерді оккупациялай бастады, ары қарай Иракқа жылжу қарастырылды. Тель-Авив кез-келген уақытта бұл агрессивті әрекеттердің қатысушысы болуға дайын тұрды. Осыдан, яғни “канонеркалар дипломатиясынан” кейін “Эйзенхауэр доктринасының” шын мақсаттары, яғни неоколониализмнің қаруы екендігі айқын болды.

Англия мен Америка Ливан мен Иорданияның ішкі істеріне араласып, көптеген араб патриоттарын түрмелер мен концлагерьлерге жапты, президенттік сайлауға тікелей ат салысты. Әрине мұндай әрекеттерді дүниежүзілік қауымдастық жақтырмады. Әсіресе, КСРО оған қарсы болып, 1958 жылы 16 шілдеде БҰҰ шеңберінде бір шешім шығару керектігін айтты. Ол тіпті КСРО, АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Үндістан үкіметтері мен БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қатысуымен өтетін жиналыс ашуды ұсынды. Онда әрине Америка мен Англияның әрекеттері және олардың әскерлерінің Ливан мен Иорданиядан шығарылуы туралы әңгіме қозғалуы тиіс еді. Бірақ, Вашингтон бұл ұсыныстан бас тартты.

Алайда, 21 тамызда БҰҰ 10 араб мемлекеттері ұсынған қарар жобасын қолдап, қандай да бір әрекеттер жасау керектігі туралы айта бастады. Нәтижесінде 25 қазан күні АҚШ әскерлері, ал 1958 жылы 2 қарашада ағылшын әскерлері Иорданиядан шықты. Яғни, Ұлыбритания мен АҚШ-тың жаңа араб ұлт-азаттық қозғалысын басып-жаншуы тағы да сәтсіз аяқталды.


Скачать


zharar.kz