Сәлемдесу туралы қазақша реферат
Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді. Сәлем — арабтың тыныштық, бейбітшілік мағынасындағы ассалам сөзінің тілімізде фонетикалық өзгеріске түсіп, қалыптасқан түрі. Сәлемдесу — тұңғыш рет немесе араға белгілі бір уақыт салып, кездескен таныс және бейтаныс адамдардың дәстүрлі сөз, ишара не дене қимылы арқылы бір — біріне жақындық ниет, ілтипат білдіріп, жылы шырай танытуы. Сәлем — сөздің басы делінетіні де сондықтан. Тегінде, әдеп, адамшылық — амандасудан басталады. Адам баласының рухани тарихында қолы жеткен зор игілігі — сәлемдесу. Оның шарапаты мен кереметі сонда — адамзат әдебінің қалыптасуында, жұмыр басты пенделердің бір — біріне жылы мейір мен кең пейіл көрсетуінде, достықты, өзара жақындықты бейнелеуде аса зор маңызға ие. Сондықтан бүлдіршіндерге ең алдымен үлкенге сәлем беру әдебін үйрету қажет. Адам баласы қашанда тыныш — бейбіт, басы аман, бауыры бүтін, бір — бірімен тату — тәтті, сыйласып өмір сүруді аңсап, армандаған. Соның негізін сәлемдесу салған. Балаларды жастайынан ең алдымен таңертең ұйқыдан тұрған соң, беті — қолдарын жуып келіп, ата — анасына, отбасы мүшелеріне, қонақтарға сәлем беруге дағдыландыру керек. Адамның әр күнгі іс — қимылы таңертеңгі сәлемнен, жақсы лебіз, қошеметтен басталатынын сәбиге түсіндіру керек. Қазіргі таңда сәлемдесудің түрлері өте көп, бірақ балаға соның ішіндегі ең керекті түрлерін үйреткен жөн. Мәселен, басқа сәлемдесу түрлеріне қарағанда балаларға Сәлеметсіз бе? және Ассалаумағалейкум деп амандасу қолайлы сияқты. Ассалаумағалейкум деген араб сөзінің мағынасы Сізге тыныштық тілеймін дегенді білдіреді. Алайда, балаға құр ғана ассалаумағалейкумды айтып, бір міндеттен құтылғандай болатын тоң — торыс сәлемнің ізеттілік емес екенін, қайта кісі көңіліне қаяу түсіретін қылық болып табылатынын айтқан жөн. Сәлемдесудің әдеп ретіндегі ең басты шарты — жылы шырай. Онда сәлем беруші мен алушының қас — қабақ, бет — жүз құбылысы, даусы маңызды қызмет атқарады. Міне, осылардың бәрін балаға үйрету өте маңызды. Дұрыс амандаса білудің өзі дұрыс сөйлеуге, сөз әдебін қалыптастыруға көп көмегін тигізеді. Осындай тәлім — тәрбие арқылы бүлдіршіндер дұрыс сөйлеуге үйренбек.