ҚР азаматтық құқығындағы жеке тұлға ұғымы туралы қазақша реферат
Тұлғаның екі категориясы бар. Құқық субъектілері — ең алдымен адамдар (жеке тұлға). Әрбір адам — құқық субъектісі. Бірақ, құқықта субъектілердің басқа да категориясының барлығы мәлім. Бұл — ұжымдар, толып жатқан ұйымдар, кәсіпорындар, қоғамдар және т.б. да құқық пен міндеттердің иелері болып табылады.
Жоғарыда айтылған екі категориялы құқық субъектілерін (яғни адамдар мен ұйымдарды) бір-бірінен ажырату үшін заңгерлер бұларды жеке тұлғалар және занды тұлғалар деп бөледі. Жеке тұлға дегеніміз — Қазақстан Республикасының азаматтары, басқа мемлекеттердің азаматтары, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар. Заңды тұлға деп — мекемелерді, ұйымдарды, кәсіпорындарды және т.с.с. атайды.
Азаматтық кодекстің 12-бабына сәйкес, жеке тұлға деп Қазақстан Республикасының азаматтарын, басқа мемлекеттердің азаматтарын және азаматтығы жоқ адамдарды айтамыз. Азаматтық алған адам сол мемлекеттің құқық субъектісі болады. Сондықтан да азаматтық заңда жеке тұлғалардың құқық қабілеттіктері туралы емес, азаматтардың құқық қабілеттілігі туралы ғана айтылған. Құқық қабілеттілігі ең алдымен толық түрде Қазақстан Республикасының азаматтарына беріледі.
Қазақстан Республикасының Президентінің 1995 жылғы 19 маусымда қабылданған Шетелдік азаматтардың құқықтық жағдайлары туралы Заң күші бар Жарлығының 2-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтары болып саналмайтын және басқа мемлекеттің азаматы туралы дәлелі бар азаматтар шетел азаматтары болып саналады . Қазақстан Республикасындағы олардың азаматтық құқық қабілеттілігі өзінің мемлекетінің заңымен емес, Қазақстан Республикасының заңымен айқындалады. Олар Қазақстан Республикасының заңында қаралмаған азаматтық құқыққа таласа алмайды және де егер заңда өзгеше көзделмесе, құқық қабілеттілігі шектелуге жатпайды. Аталған Жарлықтың 2-бабының 11-бөлігіне сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтары болып саналмайтын және басқа мемлекеттің азаматтығы туралы дәлелі жоқ адамдар азаматтығы жоқ адамдар деп есептеледі . Егер заң құжаттарында көзделмесе, азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасы азаматтарымен тең дәрежеде азаматтық құқықты пайдаланады.