Мына бір жырда Бөгенбайдың серіктері, інілері Атаң, Досай батырлардың есімдері аталады:
Төртінші, қаракер ат бөлі қайқаң.
Сырт қысқа, бауыры жазық, бұты талтаң,
Ақсары, дөңгелек бет, зор денелі,
Бұл адам Мәмбетұлы батыр Атан.
Бесінші, мінген аты қара қасқа,
Даңқы аян тұсындағы дос пен қасқа,
Атанның ағасы бұл батыр Досай,
Шамасы ол күндері елу жаста .
Ағалы-інілі Атан мен Досай Қанжығалының Жапар тармағынан тарайды. Атан мен Досайдың қыстауы Ерейменнің Ырғайды, кейіннен Атанның қара тауы атанған жерде болған:
Сол жылы Ерейменге көшіп келді,
Қондырды Ырғыйдыдан Атан ерді.
Атанның Қара тауы атанғаны,
Қыстап қоныс қылғаннан кейін еді .
Ел аузында сақталған мәліметтерге қарағанда Атан он екі жасынан үлкендермен бірге жаугершілікке шыққан. Ата-жұрты ерлік-батырлығынан басқа аса сабырлылығы мен ақылдылығы үшінсыйлаған. Бөгенбай осы Атанмен жиі оңашада ақылдасып кеңес алып отырған. Досай болса керісінше өжет, қызба қанды жауға шаппаса тыныш отыра алмайды екен. Жантай батыр қиссасы бойынша Жантай батыр сарбаздарымен қоршауға алынып, жаны қысылған шағында, осы Досайдың түсіне еніп, аян берген:
Кеудесін кернеген соң намыс тағы,
Бас қосқан Орта жүздің батырлары,
Ақ туын Абылайдың желпілдетіп,
Жантайға қосылуға асығады.
Бауырында Ерейменнің ұлан асыр,
Қалың қол тәтті ұйқыға батқан да бір.
Таң атпай дүр сілкіне, дүрліктіре,
Айғалап түрегелді Досай батыр.
Япырымау, аттарыңды баптадыңдар,
Қаруды өткір қайрап, саптадыңдар.
Ер тумай, ез туып па ек, бұ не ұйқы?
Жау қайда, Жантай қайда, аттаныңдар!
Досекең егде кісі, тентек, өжет,
Бұл оның састыруы тұңғыш рет,
Беймезгіл қатты шошып оянған ол,
Түсінде көріпті аян бір керемет .
Түсінде Жантайдың суға төніп, судың беті қызыл көбік болып кеткенін, отырған қайығы батар-батпас болып, қанша күш салсада жүзбейтінін көрген Досай, бұл түстің жоруын Атаннан сұрайды. Жантайдың қауіп-қатерге душар болғанын сезген Атан Япырмай, қауіпті екен осы майдан, Жантайдың жетпесе еді сапар шағы депті. Бөгенбай батырларының көңілін байқап Шо-шыма, түс түлкінің боғы деп қалың әскерді қарқынды жүріспен Жантайға қарай ертіп әкетеді. Өкінішке орай көмекке үлгермеген қазақ әскері қалмақтың сөзіне алданып, шаһит болған батырлардың кегін қайтара алмайды. Қайтсе жаудан кек алмақ болған қазақтың жолбарыс ұлы Уақ Баян батыр да осы жолы мерт болады.
Аталмыш батырлардың есімдері сол заманның ресми іс-қағаздарында да кездеседі. 1742 жылдың 23-30 тамыз аралығында орыс патшайымы Елизавета Петровнаны мойындап ант бергендердің ішінде қанжығалы ұлысынан Шомақ бай, Жантай, Атаң Досайлардың болғаны анықталып отыр.
Бұл жоғарыда сөз қозғалып, аты аталып отырған батырлар Бөгенбайдың үзеңгілес, қашанда қасында болған сенімді інілері еді. Жалпы айтатын болсақ, қарттық шағына дейін қолынан қару тастамаған Бөгенбай, бүкіл Үш жүздің қаһарман ерлерімен бірге талай қанды шайқастарда иықтаса соғысып, түрлі қиян-кескі соғыстарды бастарынан өткізген.