Кіші жүз қазақтары мал шаруашылығымен қатар, егіншілікпен де айналысқан, бірақ бәрі бірдей емес. Мал шаруашылығы сияқты, егіншілік те табиғаттың, ауа-райының жағдайына байланысты дамиды. Кіші жүз даласында егіншілікке қолайлы жер көп болған жоқ. Оңтүстік-шығыс ауданы, Сыр өзені бойы, батыс бөліктің солтүстік-шығыс жеріндегі қазақтар егіншілікпен ғана емес, бау-бақша өсірумен де айналысқанын көреміз. Егіншілік пен көшпелі шаруашылық қатар жүріп отырды.
XІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Кіші жүз қазақтарында егіншілік дами бастады. Оның бірінші себебі қазақтар шамалы болса да егіншілікпен ертеден-ақ айналысқан, оның ішінде Сыр бойы қазақтары суармалы егіншілікті де білетін, ал Ресей империясының отарлық саясатының салдарынан қазақтардың ата-баба жерлерінен айрылып, көшпелі мал шаруашылығының қысқаруы күн көріс үшін егіншілікпен айналысуға айналып соқты.
Ресей отаршылдарында қазақтарды біржолата бағындыру әдісі жөнінде екі түрлі көзқарас болды. Біріншісі – қазақтар ата кәсібі мал шаруашылығы-мен айналысып жүре берсін де Ресейдің астығы мен өндіріс заттарын малға айырбастап алып тұратын болсын десе, екіншілері – қырда егіншілік дамып, қазақтарды отырықшылыққа көшіру керек деп білді. Екінші көзқарас жеңіліп
XІХ ғасырдың бірінші жартысында патшалы өкімет отырықшылдықты, оның ішінде егіншілікпен айналысқан қазақтарды қолдап, оларға көмек көрсетіп отырды, мұндағы саясат көшпелі қазақтарды бағындырудан гөрі, егіншілікпен айналысатын отырықшы халықты бағындыру оңай деп білу.
Кіші жүз қазақтары да ежелден егіншілікпен айналысып келген дедік. Бұдан бұрынғы зерттеулерден бір кемшілік – егіншілікпен қазақ жерінде тек кедейлер ғана айналысқан деген пікір. Біздіңше егіншілікпен айналысу үшін жарлы болу шарт емес. Күйлі-қуатты орта шаруалар да егін еккен. Олардың қолдарында құрал-сайман, күш-көлік жеткілікті болған жоқ. Сондықтан да қазақтар көп салалы шаруашылықпен айналысқан. Себебі қазақтар өздерімен көрші халықтар сияқты бір шаруашылықтың өнімінен күн көрген. Бұдан шығаратын қорытынды, Кіші жүз қазақтары да Орта, Ұлы жұз қазақтары сияқты егіншілік және бау-бақша ісін қатар жүргізген. Қазақтардың көшпелі халық деген бір жақты пікір дұрыс емес екенін соңғы кездегі тарихи зерттеулер дәлелдеп отыр [1].
Кіші жүз жерінің әрбір бөлігінде егіншілік қалай дамыған, енді соған шолу жасап көрейік. Сыр өзенінің төменгі және орта ағысы бойы ежелден егіншілік мәдениетінің орталығы болды. Бұл өңір мұнда Орта ғасыр заманынан бері тұрып келген қазақ тайпалары шаруашылығынан мұра болып жасалып келді. Сыр өзенінің суы мол, өзен жағасынан канал қазып, су ағызып бірнеше шақырым жерге созылған арық іздері күні бүгінге дейін байқауға болады.
Хорезм зерттеу экспедициясының бастығы С.П. Толстов: “Әмудария мен Сырдария өзендерінің аралығында жартылай көшпелі шаруашылық және егіншілік мәдениеті дамыған. Сыр өзеніне бұрын су құйып келген Жаңадария мен Қуандария өзендерінің бойындағы арықтардың іздерінің сақталуы, осыған дәлел бола алады,” деп жазған.[2]
Сыр өзенінің төменгі суармалы егіншілікке өте қолайлы болған. “Өзеннің екі жағасында жыл сайын қазақтар егін егіп, күн көрген”[3], — деп оқимыз мұрағат құжаттарынан. Жоғарыдағы дәләлдер Сыр қазақтары
отырықшы болып, егіншілікпен айналысқанын анықтайды. Сыр қазақтары егіншілік мәдениетін дамыта отырып, көрші өзбек, қарақалпақтармен тәжірибе алмасып, егіншілік мәдениетін жетілдіріп отырған. А. Левшин былай деп жазған: “…Сыр бойы егіншілерін аралаған кезде, қарақалпақ және Ташкент өзбектерінің қазақтарымен бірге жұмыс істеп жүргенін көреміз” [4].
1820-1840 жылдары 8-10 мың шаңырақтың егін алқаптары болған. 21 814 500 пұтқа дейін бидай, сұлы, арпа өнімдерін жинаған. Сыр бойындағы орыс-казак бекіністеріндегі орыс шаруаларында 800 десятина жерге егін егіп, 12 мың пұп бидай, арпа жинаған.[5] Сыр өзені бойындағы қазақтар ежелден өзеннен су тартуды білген. Өзен арасынан бас канал қазып, каналдардан арықтар арқылы егістікке су жіберген. Көбіне су өз арнасымен ағып келетін болған. Келген суды белгілі бір жерге жинақтап көлшік жасаған. Көлшіктердің жағасынан қамыспен бекіткенде, ондағы су ұзақ сақталған. Су тартудығ екінші әдісі биік жерлерге арнаулы шығырлар орнату арқылы жүргізілген. Былайша сву тартудың үш әдісі болған: үлкен, орта шығырмен егістікке құйған үлкен шығырда 32 қыш құмыра болған, бір минутте 2 метр тереңдікте 6 шелек су шығарған, ал орта шығырда 2 метр тереңдіктен минутына 2,5 есе 5 шелек су шығарса кіші шығыр арқылы 1,5 метр тереңдіктен минутына 2 шелек су шығарған. Шығырды түйе немесе шегіп қозғалысқа келтірген.[6]
Шығырды арнаулы ағаш ұсталары жасап сатқан, үлкен шығыр сол кездегі орыс ақшасымен 15-25 сом болған. Шығырды байлар мен сұлтандар шаруашылығы ғана пайдалана алған. Кедейлер егіс алқаптарын құдықтан суды шелекпен алып суғарған. Кедейлердің егіс алқаптары да аз болғанға ұқсайды.
Сыр өзені бойындағы қазақтар ежелден келе жатқан жер жыртатын құралдарды пайдаланған. Оның ішінде ағаш соқа, жерді күрек немесе кетпен, ағаш, тырма арқылы тегістеген. Байлар жерді ат шегіп, соқамен жыртқан.
Қазақтар ертеден тары, арпа, сұлы, ал байлар ақ бидай еккен. Бидайдың тұқымы аз болғанымен, әрі базарда бағасы да қымбат. Ресейдің өзінде-ақ бидайды көптеп еккен. Сыр бойындағы орыстар бидайды аз әкелген. Қазақтар бидайды Бұхара мен Хиуа базарларына әкеліп отырған. ХІХ ғасырдың 60-жылдарында Сыр өзені бойындағы егіншіліктерге арпа, бидай тұқымдарын сату үшін Ресей патшалық әкімшілігі арнаулы дүкендерді көп ашып отырған. Сырдария әскери басқармасының төрағасына 45-дистанция бастығы Ильбаев деген адам 1864 жылы ақпан айында өтініш жазды. “Менің қарамағымдағы Жаппас руының 30 адамы егін салғысы келетіндерін айтқан. Бұрын бұлар мал баққан адамдар еді. Бірақ егін салуға арпа тұқымы керек. Сондықтан сіз оларға дүкеннен мың пұт арпа беруге рұқсат етсеңіз екен. Егін піскенде алған арпаны қайтарып беруге уәде беріп отыр”. Сырдария әскери бекінісінің төрағасының бұйрығымен 1864 жылдың наурыздың 4-і күні дүкеннен арпа жіберуге рұқсат алған. Барлығы 970 пұт арпаны жергілікті қазақ биі Сегізбаев арнаулы тізімді жасап алған. Дүкеннен арпаны Персиянов деген адам қол қойып берген.[7]
Орыс-казак бекіністеріндегі казактар қазақтардан бидай, арпа, сұлы сатып алып отырған. Алыстағы Ресейден әкелгеннен гөрі Қазалы және Перовск базарларынан сатып алу оларға арзанға түскен. Егіншілікпен айналысқан қазақтар тауарлы шаруашылыққа да қатыса бастағанын көреміз.
Сыр өзені бойындағы қазақтар негізінен арпа және сұлыны көп өсірген. Мұны мына мысалдардан көруге болады. Перовск бекінісінің маңындағы 100 шаңырақ, шөмекей руының егіншілері 1854 жылы 3 пұт тары, 15 пұт бидай, 300 пұт арпа, 100 сұлы еккен. [8]
Сыр өзенінің төменгі және орта ағысында тұрған қазақтар ерте заманнан бау-бақша өсіріп күн көрген. Атақты Қызылорда қауыны, қарбыз, пияз, сәбіз, асқабақ сияқты бақша дақылдарын егіп отырған. 1850 жылғы Орынбор Шекара Комиссиясының жылдық есебінде осы жылы 13 000 десятина жер бау-бақша еккен деп жазады. Соңғы 3 жылда бақшадан көп өнім алған. Кейбір қазақтар картоп егіп, өздерінен артылғандарын базарға сатып отырған.[9]
Қазақтардың егіншілігі жөнінде біржақты пікір айтылып, егін егуді қазақтар орыстардан үйренді делініп келеді. Ал біз әңгіме етіп отырған кезеңде Сыр өзені бойындағы қазақтардан көшіп келген орыс-казактар тек егін егуді ғана емес, сонымен бірге бау-бақша салып, оны баптап суаруды да үйренгенін орыс саяхатшылары өз көздерімен көріп жазып кеткен. Сыр өзені бойындағы болған орыс зерттеушісі Мейер: “Орыстар бау-бақша салуды, суармалы егіншілікті қазақтардан үйренген, қазақтар орыстардар ешқандай тәжірибе алмаған, бір таңқаларлық жағдай, орыстар бау-бақшалардан өнімді аз алып қана қоймай, бақшаларында қауын, қарбыздары кішкентай болып өскен, ал қазақтардың қауындары өте үлкен болып келеді” [10], — деп жазды.
Сыр өзені бойындағы қазақтардан басқа, Кіші жүздің солтүстік-батыс және шығыс бөліктерінде өзен жағалауындағы қазақтар егіншілікпен айналысқан. Орынбор генерал-губернаторының генерал-адьютанты Катенин 1858 жылы маусымның 7-күні Кіші жүз даласына тексеру жұмысына шыққан кезде, өзінің есебінде былай деп жазады: Далаға бірнеше ондаған шақырым бойлап енсең-ақ, Жайық, Ембі, Ырғыз, Торғай өзендері мен оған құятын сағалар бойында, құмға барып сіңетін өзеншелер жағалауында – барлық жерде айдалған немесе дән егілген алқаптарды көруге болады [11].
Ал ХІХ ғасырдың екінші жартысында отырықшылдыққа көшу одан әрі дамып, Кіші жүздің әсіресе, Батыс және Орта бөліктерінде мал бағудан гөрі жер өңдеушілер қатары арта түскен. Солтүстік-Батыс ауданда 835-1860 жылдар аралығында егіс көлемі 4,5 есеге көбейеді. Егіншілікпен айналысатын жаңа аудандарсаны көбейіп, Сағыз, Қобда, Ойыл және Мұғаджар тауының бойларында егіс алқаптары кеңейе түсті. Мысалы, Оңтүстік аудандарды қоспағанда, Кіші жүзде 6 710 қазақ шаңырағы егін еккен, соның ішінде Шығыс бөлігінде – 627 шаңырақ, Батыс бөлігінде – 2019, Орта бөлікте – 4064 шаңырақ. 1835-1860 жылдарда Кіші жүз даласында (тағы да Сыр өзенінен басқа жерде) 15 мың десятина жерге егін егіліп, жылына 1 млн пұт өнім жиналған, оның ішінде 300 мың пұт тары, 300 мың пұт бидай, 400 мың пұт арпа мен сұлы, Жайық казактары жылына 86 десятина егін егіп, 4720 пұт астық жинаған [12].
ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласы жалпы Ресейлік рынокқа бейімделе бастады. Қазақтар өздерінен аталған астықтарын базарларға апарып сатып, жергілікті қазақтардан саудагерлер шыға бастады. Олар бидай өнімдерін Орал, Елек және Бөрлі базарларында апарып сатып отырған. Егіншіліктің дамуы қазақтардың тұрмыс салтына, санасына, жалпы психологиясына әсер ете отырып, қазақтардан жаңа нақыл сөздер шыға бастады. Елді аралап жүрген орыс саяхатшылары ауыл ақсақалдарымен кездесіп, естіген мынандай сөздерді қағаз бетіне түсірген: Бұл заманда егін екпейтін бір үй жоқ, тақсыр , Мал сатып бай болмайсың , Егін еккеннен пайда – пайда көп: бидай өзіңе тамақ болса, малыңа жем . Осы өңірде кедей қазақтардың өзі кем дегенде 20-30 соттық тары егеді . Мұрағат дерегі.[13]
Қара шаған, Шаңғырлау ауылдарында егін салудың кең етек жайғаны сонша, мұнда жылына 300-400 десятина жерге дән себетін шаруашылықтар пайда болды. Осы өңірдегі шаруашылық өзгерістері жайлы Трегубов былай деп жазады. Бұл ауылдан біз орысша сөйлей білетін қазақтарды да көрдік. Орыс пен қазақ үйлерін бірлесіп салады екен, олардың өзара татулығына таң қалдық, сөйтіп осы ауылдарға қоныс аударған мұжықтар мен қазақтардың арасындағы тамырлықтың куәсі болдық.[14]
Маңғыстау, Үстірт және Аралдың батыс жағалауында судың жетіспеуі, табиғаттың шөл-шөлейт болуы себебі егіншілік кәсібі дами алмады. Бұл жердегі қазақтар астығы Хиуа хандаға мен Александровск портында малға айырбастап алуға мәжбүр болған.
Кіші жүз даласының Батыс, Орта және Шығыс бөліктеріндегі қазақтар арпа, сұлы және бидай еккен. Бұл өңірде бидай тұқымын Ресейден алып отырған. Бидай көбінесе құнарлы, қара топырақты жерлерге егілген. Мұндай жер негізінен солтүстік-батыс бөлікте Жайық казак бекіністерінің маңында болатын. Тарыны қазақтар барлық жерлерде егіп, көп өнім алып отырған. Олар тарыдан күнделікті тұрмыста қажетті ұлттық тағамдар жасаған. Мысалы, тарыдан көже, жент, тары сөгі (қауызы алынып тазартылған) дайындалады.
Кейбір жердегі қазақтар тазартылған тарыны қуырып, шайға салып немесе майға шылап қорек еткен. Тарыны қол диірменге тартып, ұннан нан пісірген, бірақ наны бірікпей уатылғыш болып келеді. Тары наны өте сирек қолданылған. Ал, арпа мен сұлы негізінен мал жемісіне пайдаланған. Арпа мен сұлыны қол кебісіне түйіп қауызынан айырып, көже жасап ішкен. Бұл өңірдегі қазақтар бау-бақшамен де айналысқан, оңтүстіктегі қазақтардан бұлардың ерекшелігі бау-бақшалары суармалы болған, құнарлы жереге егіп, жаңбыр суымен ғана өсіріп отырған. Орыс бекіністеріндегі сияқты қазақтар қауын, қарбыз, картоп т.б. еккен. Асқабақтың екі түрі болған: асқабақ – негізінен тамақ ретінде пайдаланса, кабак (горляник) ұзынша болып келеді, бұдан орыстар сияқты қазақтар да үйге қажетті әр түрлі ыдыс жасаған. Кабактан жасалған ыдыстарға су т.б. сұйықтар құйып сақтаған, әрі көшіп-қонып жүрген кезде алып жүруге өте ыңғайлы болған. Кабакты оңтүстік-шығыс бөліктерде қазақтар көп пайдаланған.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында егіншілікте құрал-саймандар көп қолданылған. Ежелгі қазақтың құралдары ағаш және темір күрек, ағаш айыр, жер жыртатын сабан соқа, тырма, астық бастыратын құралдар болған. Патшалы Ресейдің әкімшілігінің егіншілікті қолдауы, қоныстанушылардың ішіне қарай келе бастауынан орыс құралдарына қол ортақ, темір айыр, темір соқа қатар қолданып отырды. Бастырылған астықты қырманда тазалап, түскен өнімді сақтау үшін арнаулы қоймалар салынған. Қоймалары жоқ қазақтар бидай, арпа, сұлыны арнаулы шұңқыр қазып сақтаған, оны қазақтар ұра деп атаған.
Сөйтіп, ХVIII ғасырдың басы ХІХ ғасырдың 60-жылдарында Кіші жүз қазақтары егіншілікпен айналысқан, мұндағы кейбір аймақтарда егіншілік пен отырықшылдықтың ежелден келе жатқанын дәлелдедік. Қазақтар тек ғана көшпелі ел болғанымен көзқарасты теріске шығарып отырып, қазақтар отырықшы ел бола алғандығын, бірақ көшпелі мәдениет төл тума болса, отырықшылдықтың да өзіне тән мәдениетін қалыптастырғанын көреміз.
[1] Шалекенов У.Х. Қазақ ежелден көшпенді ме? (Солженицынның сандырағына қарсы тарихи ой). Зерде. 1991; № 12, 35-46 беттер.
[2] Толстов С.П. По древним дельтам Окса и Яксарта. М., 1862, 273-бет.
[3] Мәшімбаев С.М. Патшалық Ресейдің отарлық саясаты. А., 1994, 118-бет
[4] Левшин А. Описание киргиз-кайсацких орд и степей. ч. ІІІ. СПб., 1832, 23-бет.
[5] Мәшімбаев С.М. Патшалық Ресейдің отарлық саясаты. А., 1994, 119-бет.
[6] Бұл сонда. 119-бет.
[7] Мәшімбаев С.М. Патшалық Ресейдің отарлық саясаты. А., 1994, 120-бет
[8] Бұл сонда. 120-бет.
[9] Мәшімбаев С.М. Патшалық Ресейдің отарлық саясаты. А., 1994, 120-бет.
[10] Мейер Л. Киргизская степь Оренбургского ведомства. СПб., 1865, 163-бет.
[11] Мәшімбаев С.М. Патшалық Ресейдің отарлық саясаты. А., 1994, 120-бет.
[12] Бекмаханова Н.Е. Формирование многонациональных, 38-қор, 32-іс, 37-38 парақтар.
[13] Материалы по Киргизскому землепользованию… Уральский уезд – Оренбург, 1909, 42, 125-126 парақ.
[14] Трегубов Д. По новым местам. СПб, 1913, 43-бет.