Аты айтып тұрғандай бұл бұрынғы ізгі жақсылар, би, бай, мырза, батыр, ел ағалары арасында жүретін жолы да, орны да ерекше қасиетті бағалы дәстүр деп саналады. Елдің аса құрметті, беделді адамдары арасындағы достық, сыйластық қарым-қатынастарда сый-сияпат немесе құдалар арасындағы қалың мал, киіт орнына да жүрген.
Халық арасында жоғары құрмет пен марапат, сый-сияпаттың ең жоғары түрі де осы — "бес жақсы" дәстүрі арқылы көрсетілген.
"Бес жақсыға" мыналар жатады:
1. Қара нар.
2. Жүйрік ат.
3. Қалын кілем.
4. Алмас қылыш.
5. Бұлғын ішік.
Құдалар арасында мұның бірі ұзатылған қыздың сәукеле бастаған асыл тағымдарымен алмастырылады. Бұл дәстүр елдің, ердің мырзалық, мәрттік, тектілік, сыйластық қасиеттерін көрсететін әрі оның салтанатын, ар-абыройын арттыратын ұлы көрініс. "Бес жақсының" бір түрінің өзі 4-5 жылқыға бағаланған.
"Бес жақсы" түріне, дәрежесіне қарай бас жақсы, орта жақсы, аяқ жақсы болып үшке бөлінеді. Мұның бәрі бағалы кәде қатарына жатады. Кей жерлерде "алты жақсы" деген де бар. Бұл дәстүрде "бес жақсыға" тағы бір жақсы қосылады. Мысалы алтын, күміс жамбы, күмістеген ертоқым немесе кісе белбеу т.б. "Ошақты Құлназарға қүн бермексің, Алты жақсы, жүз жылқы пұл бермексің" (Бөрібай акын).