Ханның қалауын алып қайт

Скачать



Балабидің азан шақырып қойған аты – Бименбет. Ол әкесі Есенәліден он үш жасында жетім қалып, әкесінің інісі Арғынбайдың атын ерттеп, қасына ереді. Сөйтіп жүріп Арғынбай бидің тәлімін алады. Алдына жүгініп келген даудың шешімін айтып көзге түседі. Содан Балаби атанып кеткен екен.
Балаби тоқтамы мен талғамдары тосын, тың бояу-нақыштарға, суретпен бейнеге қимыл қозғалысқа толы.
.......................................................................................................................
Бағаналы Бөрібас дейтін байдың Шаппайбер атанған талай сәйгүлікке дес бермеген қара қасқа жорғасы болған.
Бір ұлан-асыр тойда жорғаға көзі түсіп қызыққан, қара қасқаны қалап алуға көңілі кеткен хан қарамағындағы Әмеңке, Құлтас, Жантас дейтін билерге жорғаны сұрап келсеңдерші десе, олар: Тамырын басып көрейін , Мә деп бере қойса, сұрайын , Баруын барайын, бірақ сараң бай ұстата бермейді ғой деп салғырттанса керек. Олардың сыңайын сезген соң:
- Қауқары тышқан аулауға ғана келетін баршын тартқан бүркіттей кәрі қулар не тындырар дейсің, - деп, хан бала кезінен сөз сайысына түсіп, талай шешенді мүдірткен, жалынды жас – Балабиді жұмсапты.
Балаби Бөрібастікіне барса, жоғарыда аты аталған үш би байдікінде қонақ болып отыр екен. Он жеті жасар бала жігітті көрген бай:
- Қандай бұйымтайың бар еді, сөйлей отыр? – дегенде, Балаби:

- Ханнан сәлем әкелдім,
Бағаналы Бөрібасым.
Қасым жомарт сияқты,
Даңқың аян болғасын.
Қалауын айтты қармаулы,
Салмағы зіл қорғасын.
Берсін деді ренжімей
Қара қасқа жорғасын.
Хан да жомарт өзіңдей,
Жанар таудың көзіндей.
Айтқаны ғибрат халыққа,
Осы үш бидің сөзіндей.
Жорғаңыз да дүлдүл ғой,
Көздің жауын арбайтын.
Жауға мініп барсаң да,
Ешқандай мін таңбайтын.
Шыныдай мұзға салсаң да,
Тас тұяғы талмайтын,
Құбылып басып ойнайтын,
Қылығына құлындай
Қарасаң көзің тоймайтын.
Тұғырдан ұшқан тұйғындай
Деп екпінін ойлайтын.
Қашқын болсаң құтылып,
Қусаң, жетпей қоймайтын,
Қарқынына танбайтын,
Жыл мінсең арып –талмайтын,
Қара қасқа жорғаны
Сыйладым деп ханыма,
Жөнің бар ханға байлайтын, -

депті.
Сонда үш биді куә қылғандай Бөрібас бай:

- Мына билерге рай бермей отыр едім. Сұрауы келіссе, бермейтін дүние болмайды деген рас екен. Жарайды. Ханның қалауын алып қайт. Береген қолым – алаған деген бар. Оның да бір қымбат-қимасы бар шығар... Ханым да жомарт дедің ғой , - депті.
.............................................................................................................

Төрт кісі бірлесіп, бір ақсақ ешкіні семіртіп соймақ болып, қырманға жібереді. Және де сойғанда, кім қай аяғын алатынын алдын ала белгілеп қойса керек. Ешкі бір күні шүберек ораған ақсақ аяғын отқа тигізіп алып бақырып, қырманды айнала жүгіріп, содан қырман өртенеді. Өртке кінәлі кім деп іздегенде үш сау аяқтың иесі: Отқа жұғысқан да, қырманға өрт қойған да шүберек байлаған ақсақ аяқ деп, ауру аяқтың иесін айыпты қып шығарады. Сонда Бименбет: Ешкі бір аяғымен жүрмейді, үш аяғымен жүреді және ауру аяқпен жүрмейді, сау аяқпен жүреді. Ешкіні отқа айдағанда, отты қырманға әкелген де сау аяқтар. Сондықтан өрттің шығуына оның үш сау аяғы кінәлі деп, ақсақ аяқтың иесін айыптаудан арашалап қалады.
........................................................................................................................



Досбол мен Балаби бір үйде түстеніп отырса керек. Үй иелері түстікке сүтке күріш бұқтырып, үстіне сары май салып әкеліп қояды. Балаби сонда сары майды өз жағына қарай жақындатуды ойлап:
- Досеке, жасымыздан бірге өскен егіз едік. Атам өлді-келмедің, шешем өлді-келмедің,-деп, күріштің бетінен өзіне екі жол тартып қояды.
Жолдасының қулығын сезе қойған Досбол:
- Рас-ау, мен сені ұмытайын деп жүр деймісің.
Жүргіншілік көп. Ел іші ұйқы-тұйқы болған кез ғой,-деп сары май мен күрішті араластырып жіберіпті.

БАЛАБИ АЙТЫПТЫ

Екі жақсы дос болса,
Біріне-бірі өш болмас...
Бақ қонбайтын жігітке,
Іздегені дес болмас.
Бұлақсыз сай тасқанмен көл болмас,
Жаманның қанша айтқаны ем болмас.
........................................................................................................................

Балаби қартайған шағында халқын жиып:

Жерден ауыр не?
Судан терең не?
Оттан ыстық не?
Көктен биік не? –

деп төрт сұрақ берген екен. Ешкім шеше алмапты. Сонда Балаби өзі айтқан сұрақтарын өзі былай деп шешіпті:

Жерден ауыр дегенім- ақыл, білім,
Судан терең дегенім- оқу, ғылым.
Оттан ыстық дегенім- фәни жалған, адамның өмірі,
Көктен биік дегенім- тәкаппардың көңілі.

БӨРІБАС БАЙДЫҢ ҚАРА ЖОРҒАСЫ

Он бес жасынан ел билеген Балабиді елуге келгенде Ахмет деген хан шақырып алып:
- Маған Бөрібас байдың қара қасқа тұлпарын әперіңіз,- дейді. Балаби көнбейді.
Асылы, Бөрібас ханды тыңдайтын, бірақ қияңқы, көкжал, елдегі ишанды құдайдай, қожаны пайғамбардай көріп, аузымен құс тістеген тұлпарының бәйгесін тек соларға тартып, батасын алатын сараң бай болса керек.
Қатыгез байға онсыз да зығырданы қайнап жүрген Балаби ортадағы хан-қара қиыла өтініш болмаған соң, ертеңіне қалың нөкерімен Бөрібастікіне келіп түседі. Байдың боз үйінде Мөңке, Байтас, Жантас деген билер түстеніп отыр екен. Құшақтасып дидарласқаннан кейін Бөрібас бай жөн сұрайды. Сонда Балаби:


Ханың саған жұмсады,
Жанбай ұлы Бөрібасым,
Берсін деп әдейі жіберді,
Қара қасқа жорғасын.
Сұлулығы ханшаның өзіндей,
Семіздігі өзіндей,
Жорғалығы дәл мына
Мөңке бидің сөзіндей,
Беріктігі Байтастай,
Жүйріктігі Жантастай,
Жылтыр мұзға салғанда,
Төрт аяғы таймастай.
Сол тұлпарды бермесең,
Көнер емес шайқаспай.
Достығың сенің білінбес
Ат мініп, шапан алыспай.
Дұшпаның тегі иілмес,
Сүңгілеп найза салыспай.
Хан қаһарман ұлығың,
Ұнап тұрма қылығың?!
Ендігісін өзің біл,
Жанбайұлы Бөрібас би! –

депті.
Көптен қырғи қабақ хан мен бидің мына дүмпуінен лажсыз сескенген Бөрібас бай текті жануар қара қасқа тұлпарын оң жақтағы ару қызындай қастерлеп алты қанат ақ отаумен, үйірлі сауын биесімен баптаушы, бағып күтушілерімен қоса беріпті.





















Скачать


zharar.kz