Ұлы жүз үйсін елінде Бөлтірік би өмір сүріпті. Онымен қырғыздың бір ханы сөз жарыстырып, іліп-қағып жүреді екен. Өйткені қырғыздың қандай шешені кездессе де, қирата берген. Хан бір кезіккенде, Бөлтіріктен Қырғыз бай ма, қазақ бай ма? деп сұрапты.
- Қырғыз бай. Өйткені олар көшкен сайын ошағын жұртына қалдырады, - дейді Бөлтірік. Сөйтсе қырғыздар ошақ сатып алмай, қонған жеріне үш тас қойып, қазан асып, көшкенде тастап кете береді екен.
Сол ханның жалғыз баласы қайтыс болғанда бөлтірік хан баласына бата жасай баруға қамданады. Байлар: Барған соң не деп көңіл айтамыз? деп сұрағанда бөлтірік:
- Біреуін: Түйе мен төре басы бір қисайса оңбайды де. Екіншісі: Төре өлмегенмен көбеймейді, ешқашанда көбейіп теңелмейді де, - деп үйретіпті. Байлар үйреткен сөзді айтысымен-ақ, хан реніш білдіріп, қисая кетіпті. Сонда Бөлтірік:
Аққу құсқа оқ тисе,
Қанаты суға тигізбес,
Ақ сүйекке оқ тисе,
Көршісіне сездірмес.
Ноқталы басқа бір өлім,
Ақыры бір келмей ме?
Ажалдың соқса дауылы,
Өмірдің шамы сөнбей ме?
Қанша күн сақтап тұрғанмен,
Сұрай келсе иесі,
Аманатын бермей ме?
Данышпанның сөздері,
Құлақ құрышын қандырар.
Әлімдердің ақ сөзі
Өлгенініңді тірілтіп,
Өшкеніңді жандырар.
Дос көтерер көңілді,
Мал көтерер өлімді.
Бекен бу, төрем, беліңді
Мұңайтпа баққан еліңді.
Жүйрік мін де, сұлу құш,
Алғын осы тілімді.
Бұдан кейін хан басын көтеріп: Мыналарды сөйлетіп отырған өзің екенсің ғой , - депті.
Бата қыла келгенде Бөлтіріктің кигені ұзынды-қысқалы екен. Онысын келеке қылғысы келген хан:
- Асығыс киінген әйелдерше, кигеніңнің бірі ұзын, бірінің қысқасы несі? дегенде Бөлтірік:
- Әй, тақсыр-ай! Ұлы өскен соң ұзын киеді. Қыз өскен соң қысқа киеді. Өзім киінем деп бала-шағаларыммен таласайын ба? Ұзын балса – ұлымдікі, қысқа болса – қызымдікі. Ұлым жоқ, қызым жоқ қу бас болсам, бір басыма киім табылмай ма? – деп, ханның баласыздығын жіңішкелеп жеңіп кетіпті.