• Сейсенбі күні алыс жолға шықпайды. Сәрсенбі күні жолға шыққан жолаушының жолы болады.
• Жолда кездескен адамнан қайда барасың? деп сұрамайды, жол оң болсын! деу керек.
• Аттылы жолаушы келсе, атын қазыққа байлап, содан соң ғана киіз үйдің алдына келіп, үй иелерімен сөйлеседі. Егер асыққан жолаушы болса, аттан түспестен, киіз үйдің сыртынан сөйлеседі.
• Жүкпен жолға шыққанда, үйден тұз алмайды.
• Жүрер жолдың уақытын кесіп айтуға болмайды. Ол құдайға астамшылық, күпірлік болады. Жол жүретін адам Алла жазса , Алла жол берсе , Құдай қаласа , Барар жердің дәмі тартса , Жол бойындағы әруақтар қолдап, Алла оңдаса деп тілек тілегенде, жол бойындағы кедергілердің бәрі аластатылады.
• Жұма күні қөшуге болмайды. Жұма - қасиетті күн. Бұл күні ата-баба әруақтары шаңыраққа келіп, дұға дәметеді.
• Егер жолаушы жол бойында тұмсығы өзіне қарап жатқан аттың немесе түйенің басын кездестірсе, бұл жақсы ырым, ал керісінше болса, онда жолы болмайды.
• Жолаушының алдынан қара мысық кесіп өтсе, жолы болмайды. Егер ит кесіп өтсе, жолы болады.
• Жолаушыға түзге отырған әйел кездессе, жолы болады.
• Алыс жолға шыққан адамдар қара шаңырақтан немесе үлкен кісінің үйінен дәм татып аттанады.