Боз далада боз қырауды жамылған,
Бозамық таң баяу атты салып ән.
Бота-көңіл бүгін неге боздайды,
Алатауды сіз ғана ма сағынған?
Алатауды Сіз ғана емес сағынған.
Алау қарып жүрегімді, лағылдан
Алқа таққан аппақ Айдың астында,
Атқан таңға жыр үзгенмін жанымнан.
Баққа бірақ бөленбеді бар маңым.
Алатаудан асып кетті арманым.
Алматыда бір Өлеңім бар еді,
Сағыныштың сезіндірген салмағын.
Ол да менен жырақтады. Қазір мұң
Өлкесіне өлең болып жазылдым.
Көктөбеден көктем көшіп кеткендей,
Көңілімнің ұрлады екен жазын кім?
Алматым-ай! Ал-ма-тым-ай! Алматы!
Арманымның арман болып қалды аты.
Қойныңдағы қара өлеңнің сынығын,
Сүйіп ем ғой! Сүйікті ете алмады...
...Өксік толы өмір деген осы де.
Өкпемді артып, өкінейін несіне?
Сағынғаным шын болса да, өтірік.
...Алматыны салмаңызшы есіме!!!
*****
Ақша бұлтқа қондырып арманымды,
Тауға теңеп тәкаппар талғамымды.
Алматы, аңсарыма айналдырдың,
Өзіңде өлең өріп қалған ұлды.
Білмеймін сол серінің серті кімде?
Елсізде жүргендеймін елтіп үнге.
Жайыққа қаламымды малып койып,
Жыр жазып жабығамын жер түбінде.
Суықпын, сіңіп кетті ғайыпқа үнім,
Сергелдең сезіміме лайық мұңым.
Алатау, махаббаттан мән сұрама,
Сүйгенім үшін ғана... айыптымын.
Жанымды қайтсем екен шерге малған,
Мерт болды-ау мұңға айналып мендегі арман.
Аласұрып іздеймін әлі күнге,
Алматы, Жүрегімді сенде қалған.