Бұрынғы өткен заманда бір жалмауыз патша болыпты. Ол ұшқан құсты ұстап алып, шетінен жей береді екен. Құстардың көбін тұмсығын тесіп, жіпке тізіп тастайды. Сөйтіп, көктегі құстың бәрін аулап, ұстап бітіріпті. Тек байғыз ғана жалмауыз патшаның қолына түспей қойыпты.
Жалмауыз патша байғызды қалай қолға түсірсем екен деп, қиял шегіпті. Сұңқарды жұмсағысы келген екен, от шашқан көзін көріп, айнып қалыпты. Сонда Мұны жіберуге болмайды, ұстап алады да жасырып қояды, – деп, ойлайды жалмауыз патша. – Онан да қаршығаны жіберейін. Алаңғасарлау, мақтап малданайын.
Содан қаршығаны матаудан босатып алады да: – Сен құстардың ішіндегі нағыз батылысың. Бұдан былай менің шабарманым бол. Қазір барып, байғызды тауып кел! – деп бұйырады.
Байлаудан босанған қаршыға жалмауыздың сөзіне елігіп, самғай жөнеледі. Ағаш-ағаштың арасын, тау-тасты кезіп, іздеп жүріп, жартастың қуысында тығылып жатқан байғызды тауып алады.
– Байғыз, байғыз, неғып жатырсың? – деп сұрайды қаршыға дауыстап.
– Сені патша шақырады, күтіп отыр!
Байғыз басын қуысқа жасыра түседі де ауырған болып:
– Басым зырқылдап ауырып, алып барады, бара алмаймын, – дейді ыңқылдап. Сонда қаршыға:
– Бері таман шықшы, сөйлесейік, – деп өтінеді.
Байғыз бұл да қолға түспей, жалғыз қалған екен ғой деп ойлап, басын қылтитып, шығара бергенде, қаршыға іліп алады да қанатының астына қысып, ұша жөнеледі. Жанына батқан байғыз:
– Ойбай, қабырғаң тіпті қатты ғой, әзілің жанға батты ғой, – деп безектейді. Оның зарын қаршыға тыңдамайды. Сол бетімен байғызды қанатының астына жасырған қалпы жалмауыз патшаның қарсы алдына келіп қонады.
– Байғыз қайда? – деп сұрайды, жалмауыз патша қаршығаның бір қулық жасағысы келіп тұрғанын сезіп.
– Жоқ, таба алмадым, – деп, жасырады қаршыға қипақтап. Ол осы айламен байғызды жасырып, өзі жемек екен. Соны байқаған жалмауыз патша:
– Мойныңды бұрап жұлып аламын, шыныңды айт! – деп ақырады қаһарланып. Қорыққанынан қаршыға қанатының астындағы байғызды жалмауыз патшаға шығарып береді. Сонда байғыз:
– Ей, патша, менің саған айтайын деген арызым бар, – дейді, жалмауыздан сауға сұрап. Оның арызын тыңдап, қызықтағысы келген патша:
– Ал, сөйле! – дейді.
Байғыз өлеңдете, тақпақтай сөйлейді:
– Бармақтай ғана басым бар,
Торғайдай ғана жасым бар.
Өсіп едім жетім боп,
Сен тоятын етім жоқ!..
– Осы ма айтпағың? – дейді, жалмауыз патша таңырқап.
– Сөзім біткен жоқ, тақсыр, тыңдап ал, – дейді, байғыз сөзін әрі жалғап. – Барлық құсты аулап, түгел ұстап отырсың. Тұмсығын тесіп, жіпке тізіп қойдың. Бәрі де зар жылайды, көзінің сорасы ағады. Жейтін тамағы жоқ, аш жатыр. Арықтап, сүйектері сорайып қалыпты. Онан да күн сәулесінен жіп естіріп, тұмсығына өткізсең, жаны да қиналмас еді, бүйтіп арықтап азып-тозбас та еді. Қазір тесілген тұмсықтары да қақсап, жанын жеп жатыр. Осылар сияқты менің де тұмсығымды тесіп, жіпке өткізгің келсе, өтінерім, сәуледен жіп есіп, соны өткізші.
– Ондай жіпті кім есе алады? – деп сұрайды жалмауыз патша таңданып. Сонда байғыз айтады:
– Шайтанды шақыртып естір!
Сәуледен жіп есіп, сонымен тізіп қойса, құстардың семіз болатынын естіген жалмауыз патша шайтанды шақыртып алады да күн сәулесінен жіп есіп беруді өтінеді.
– Не қаласаң да берейін, – деп жалбарынады.
Ол кезде найзағай қыран садағының оғы екен. Соны қолға түсіре алмай жүрген шайтан:
– Маған анау байлауда жатқан қыран садағының жебесін бер! – деп шарт қойыпты.
Жалмауыз патша қыран қанатының астындағы от шашқыш найзағай садағының оғын алып беріпті. Шайтан енді сәулені ұстамақ боп, әрі жүгіріпті, бері жүгіріпті, ештеңе тындыра алмапты. Содан кейін жалмауыз патшадан қашып, ала бұлтқа мініп, аспанға шығып кетіпті. Қайтып келмей қойыпты. Оны ұстап алатын құдірет жалмауыз патшада болмапты.
Сөйтіп амалы таусылған жалмауыз патша:
– Енді не істеймін? – деп сұрапты байғыздан.
– Мына құстардың бәрін босатып жібер, еркін жүрсін. Қарның ашқанда, шетінен ұстап жерсің. Еркін жүрген құс семіз болады, – депті байғыз.
Жалмауыз патша, амалсыздан, байғыздың ақылына көніпті.
– Жә, сен бармақтай болғаныңмен, ақылың таудай екен, – дейді де, қаршығаға бұйырады. – Барлық құсты матаудан босат! Байғыздың айтқаны болсын.
Құстар аспанға самғап кетеді. Жерге қонбайды. Ағаш-ағаштың басына қонақтайды. Ешқандай құс ұстай алмаған жалмауыз патша аштан өліпті.
Содан бері байғыз құстардың ақылшысы болып қалыпты. Сондықтан киелі құс саналады, оны өлтірген обал. Саятшылар қолға түскен байғызды сылап-сипап қайта ұшырып жібереді.
Барлық құстардың тұмсығында тесік бар. Ол жалмауыз патшаның құстарды ұстап, тұмсығын тесіп, жіп өткізгенінен қалыпты. Байғыздың тұмсығында ондай тесік жоқ екен дейді.