Ілем менің ,
Түнермегін – шерлі анам,
Сені күтіп жатыр алда кең далаң.
Мен де қалдым арман – тауға бара алмай,
Сен де қалдың арнаң толмай сорлаған.
Сен жыладың Балқашыңа кете алмай,
Мен жыладым қалқашыма жете алмай.
Жұртын аңсап бота көңіл боздайды,
Бұлқынады бұғаудан бір босанбай.
Сен де ортайдың, сан тарау боп бүліндің,
Мен де ортайдым, мың сүріндім, жығылдым.
Үні естілер жағалаудан іңірде,
Үйірінен адасқан бір құлынның.
Толқыныңды ұзатып сап сан асау,
Тарылдың ба, беу, ілемнің жағасы -ау!
Сені күткен қасіретті Балқашың,
Мені күткен қасиетті Алатау.
Түнермегін!
Ілем менің – мұңлығым,
Сізге пана, бізге пана кім бүгін?!
Бетон жүрек, безбүйрек бұл ғасырда ,
Бауырлар да іздемейді бір-бірін!
Толқып-толқып сенен де енді құм қалар,
Өртей-өртей менен де енді күл қалар.
Жүрек жылтар Жетісудан тым құрса,
Жетпей қойды-ау, екеумізге бір хабар!..
Тасып-тулап сенен де енді тас қалар,
Жасып-жылап менен де енді жас қалар.
Еңіреп кеп етегіңе құлаймын,
Екеумізге жоқ қой енді басқа амал?!