Төрт-ақ маусым, төрт мезгіл, төрт құбыла,
Талайына пенденің шақ ғұмыр,ә?!
Бір маусымнан көшкенше бір маусымға,
Басыңнан да көшеді бақ құбыла.
Бақ көшеді, қонады қайда барып,
Ақын отыр аларып, Айға налып.
Құлагер-қаламына мініп алып,
Қалыңдық іздеп кетті бойдақ әріп.
Аспанда алақанын жайған Ай-ды,
Алайда ол да бізді ойламайды.
Қаламын жетектеген әріп-ақын,
Қағаздың аппақ тәнін аймалайды.
Тағдырдың тісін санап кетілмеген,
Келеді ақын тобыр, нөпірменен.
Екі ғасыр өмірге бұрын келіп,
Еліне жаны ашиды жетілмеген.
Ес – бүтін, ақыл – аман, сана – сергек,
Өмір өзі жүзіңе салады өрнек.
Бесінші бір маусымды күтіп ақын,
Бейітінің басында қала бермек.
Қыс өтер көрпелері құрақтанып,
Көктем келер көзінен шуақ тамып.
Жаз бен Күз, сонан кейін тұрады ылғи,
Тағы да бір маусым бар сияқтанып.
Төрт маусым жол тартады кезеңдерге,
Тағдырдың талқысына төзер мен бе?
Беу, ақын, бұ жақта емес, бақи жақта,
Бесінші маусым барын сезем мен де.