Жанымның уілі,
Рухымның ғашығы –
Сен едің.
Сен едің аспанның үнінде оқылған жырым.
Мен Сенің сүйкімді, сүйкімді мұңыңды
сезімнің көзімен көремін...
Гүлім...
Жаратқан Ие,
Біздегі шаттықтың шүкірі – осы күн,
Аңқитын жаннәттай ойлары жасырын...
Рахым нұрына шалқитын жасырын...
Мәңгілік Көктемнің лебінде
Көгінде көңілдің ән болып естілген,
Мәні де, сәні де осы ғой Өмірдің.
Гүлім,
Мендегі арманның демінде
Сендегі іңкәрлік жапырақ секілді күрсініп,
Аңсарым Періште секілді,
Періште секілді...
Тылсыммен сүйісіп ұша-а-а-ады тілектен тілекке...
Гүлім,
әуелгі жоғалған Уақыт,
дыбыстар ішінде құпия сыбырлап,
Жалған мен Ақиқат вальсын билейді жүректе...
Оһо!
Былт-былт үзіліп жұлдыздың есінен,
Ақ өлең дүр-р-р етіп қонады ақ Айдың төсіне,
Еркетай, олар да бұзық ,
Түн іші ұйқымды бұзып,
Сөйлейді Көктемнің тілінде,
Қызық...
Мен сені сағындым...
Сағындым, сағындым Гүлім.
Жылама,
О, неге сағындым білмеймін, сұрама.
Гүлім, мендегі сағыныш –
Ауаның әдемі, әдемі әуені.
Былдыр-былдыр...
Әдемі.., әдемі.., әдемі...