Бір жолы, бұдан гөрі жастау, көркемірек және даусы да күштірек кезде, оның саяжайында, антресольде, сыйлы танысы Николай Петрович Колпаков отырды. Ауа райы адам төзгісіз ыстық және қапырық болатын. Колпаков жаңа ғана тамақтанып, бүтіндей бір бөтелке нашар портвейнді ішіп, өзін әрі көңілсіз, әрі сырқаттанғандай сезініп отыр еді. Екеуінің де іші пысып, серуендеуге шығуға күннің қайтуын күтісті.
Кенет күтпеген жерден, кіреберіс бөлмеде қоңырау соғылды. Үстінде сүртігі жоқ, аяғына туфли киіп отырған Колпаков атып тұрып "бұ не?" дегендей Пашаға қарады.
— Тегі, пошташы немесе менің дос әйелім болуы керек, — деді әнші әйел
Колпаков Пашаның дос әйелінен де, пошташыдан да именбейтін, бірақ сақтықта қорлық жоқ дегендей, киімдерін құшақтап алып, көрші бөлмеге кетті, ал Паша жүгіріп барып, есік ашты. Оның шексіз қайран қалуына босағада пошташы да, дос әйелі де емес, жас, сұлу, таза киінген, сырт пішініне қарағанда инабаттылардың қатарынан болу керек, бейтаныс бір әйел тұрды.
Бейтаныс әйелдің өңі қашқан, биік басқыш бойымен жүргендей ентігіп, ауыр дем алады.
— Сізге не керек еді? — деп сұрады Паша.
Ханым бірден жауап қатқан жоқ. Ол алға қарай бір адым басып, бөлмені баяу бір шолып өтті де, шаршағандықтан немесе сырқаттан түрегеліп тұра алмайтындай кейіп көрсетіп, отыра кетті; сонан соң ол бірдеңені айтуға тырысып, көпке дейін кезерген ернін жыбырлатумен болды.
— Менің күйеуім осында ма? — деп сұрады жылаудан қызарған тостағандай көздерімен Пашаға қарап.
— Ол қандай күйеу? — деп сыбырлады да, Паша кенет қорыққаны сондай, қол-аяғы мүздап кетті. — Ол қандай күйеу? — деді ол қайталап, дірілдей бастап.
— Менің күйеуім... Николай Петрович Колпаков.
— Жо... жоқ, ханым... Мен... мен ешбір күйеуіңізді білмеймін.
Үнсіз бір минут өтті. Бейтаныс әйел бірнеше рет кезерген ернін орамалмен сүйкелеп қойды, іштей қалтырауын жеңу үшін тынысын тоқтатты, ал Паша оның алдында селт етпестен қатып қалған, оған әрі үрейленіп, әрі абдырап қайран боп қарап тұр.
— Сөйтіп, сіз ол мұнда жоқ дейсіз бе? — деп сұрады ханым, енді қатайған дауыспен және бір түрлі жымия түсіп.
— Кім туралы сұрап тұрғаныңызды мен... білмеймін.
— Сіз оңбаған, жүзіқара, жексұрын адамсыз... — деді күбірлеп, бейтаныс әйел, Пашаны жек көре, жирене қарап. - Иә, иә... оңбағансыз. Ақыры сізге осыны айта алғаныма сондай қуаныштымын, сондай!
Қара киінген, көздері шатынаған, нәзік ақ саусақты мына әйелге өзінің жексұрын, ұсқынсыз көрініп тұрғанын Паша сезе қойды, өзінің тысырайған нарттай бетінен, мұрнындағы секпілдерінен және жоғары қайыруға ешбір көнбейтін маңдайындағы кекілінен ол жаман ұялды. Егер ол өзі ап - арық болып, беті - жүзі опаланбаса, тұлымы жоқ болса, онда өзінің инабатсыз кісі екендігін жасыруға, сөйтіп оған мынау бейтаныс, жұмбақ даманың алдында тұру мұндай сұмдық ұятты болмайтын сияқты көрінді.
— Менің күйеуім қайда? - деді тағы да бикеш. — Дегенмен, ол мұнда ма я жоқ па, маған бәрібір, бірақ менің сізге айтуым керек, ақша жегені ашылып, Николай Петровичті іздеп жүр... Оны тұтқынға алмақ. Міне, сіздің істегеніңіз!
Ханым орнынан түрегеліп, қатты қиналып, бөлмені бір айналып шықты. Паша одан екі көзін айырмай, зәресі ұшқандықтан ештеңені түсіне алмады.
— Бүгін оны тауып алады да, жауып қояды, — деді де ханым бір солқылдап қойды, бұл солқылдауынан зәбір шегіп, қынжылу білініп тұрды. - Оны мұндай масқарашылыққа кімнің жеткізгенін мен білемін! Оңбаған, жексұрын неме! Сатылғыш айуан! (Ханымның еріндері қисайып, жиіркенгендіктен мұрны шүйіріліп кетті). Мен әлсізбін... тыңдаңыз мені, қарабет әйел!.. Мен әлсіз, сіз менен күштірексіз, бірақ мені мен балаларыма ара түсетін біреу бар! Құдай бәрін де көріп отыр! Ол әділ! Менің әрбір көз жасым, ұйқысыз өткізген барлық түндерім үшін сізді жазалайтын болар! Мені есіңізге алатын күн туар!
Тағы да тыныштық орнады. Ханым бөлмеде ерсілі - қарсылы жүр, ал Паша оған со бойы бедірейіп, абдырай қарап, ештеңе түсінбей, одан қорқынышты бірдеңе күткендей болды.
— Бикеш, мен ештеңе де білмеймін! — деп кенет жылап жіберді.
— Өтірік айтасыз! - деді айғайлап ханым, зілді шатынаған көзімен жеп жібере жаздап. Маған бәрі де мәлім! Сізді білгенім қашан! Соңғы айдың ішінде оның сізде құдайдың құтты күні болып келгенін де білемін!
— Иә. Онда не тұр? Несі бар? Менде қонақтар коп болады, бірақ мен ешкімді зорламаймын. Еріктінің еркі өзінде.
— Мен сізге айтып тұрмын ғой: ақша жегені ашылған! Ол қызметінде бөтен біреулердің ақшасын ұстап жіберген. Сіз үшін қылмысқа дейін барған. Тыңдаңыз, - деді ханым екілене сөйлеп, Пашаның алдына келіп тұра қалып. - Сізде принцип болуы мүмкін емес, сіз тек зұлымдық шашу үшін ғана өмір сүресіз, бұл сіздің мақсатыңыз, бірақ сізді соншама бұзылды, сізде адамшылық сезімнің ізі де қалған жоқ деп ойлауға болмайды ғой! Оның әйелі, балалары бар... Егер оны соттап, айдап жіберсе, мен де, балалар да аштан өлетін боламыз... Түсінсеңізші осыны! Ал оны мен бізді қайыршылық пен масқарашылықтан құтқаратын жол бар. Егер мен бүгін тоғыз жүз сом салсам, оған тимейтін , болады. Тек қана тоғыз жүз сом!
— Ол неткен тоғыз жүз сом? — деп ақырын сұрады Паша. — Мен... мен білмеймін... Мен алған жоқпын...
— Мен сізден тоғыз жүз сом сұрап отырғам жоқпын... Сіздің ақшаңыз да жоқ және біреудікі маған қажет те емес. Менің сұрайтыным басқа... Еркектер әдетте сіз секілділерге қымбат заттар сыйлайтын болады. Тек күйеуімнің сізге сыйлаған заттарын қайырып беріңіз!
— Бикеш, о кісі маған ештеңе сыйлаған жоқ! - деп Паша шақ ете қалды, ол түсіне бастаған сияқты.
— Онда ақшалар қайда кетті? Ол өзінікін, менің және басқаның ақшаларын ұстап жіберді... Осылардың бәрі қайда? Тыңдаңызшы, мен сізден өтінемін! Ашу үстінде мен сізге көп жансыз сөздер айттым, бірақ кешірім сұраймын. Сіз мені жек көруіңіз керек, оны білемін, ал егер аяушылық қолыңыздан келетін болса, менің жайымды да ескерсеңізші! Жалбарынып сұраймын, заттарды беріңізші маған!
— Ым... — деді де Паша иығын бір қомдап қойды. — Мен сүйсіне орындар едім, бірақ құдай ұрсын, ол маған ештеңе берген жоқ. Ұжданыма сеніңіз. Айтпақшы, сіздікі дұрыс, — әнші әйел күмілжіп қалды, - бірде ол маған екі зат әкелген еді. Рұқсат етіңіз, егер тілесеңіз, берейін...
Қобдишаларының бірін ашты да, Паша одан жалпақ алтын білезік пен асыл тасты жіңішке сақинаны алды.
— Рақым етіңіз! — деді ол, бұл заттарды қонақ әйелге беріп жатып.
Ханым қып-қызыл боп, беті дуылдап кетті. Шамданып:
— Маған беріп отырғаныңыз не? — деді ол — Мен қайыр сұрап отырғаным жоқ, сізге тиісті емес нәрсені сұрап отырмын... сіз өзіңіздің жағдайыңызбен пайдаланып, анау әлсіз сорлы адамнан, менің күйеуімнен сығып алғаныңызды сұраймын... Бейсенбіде күйеуім екеуміз сізді кемежайда көргенімізде, сіз қымбат түйреуіштер қадап, білезіктер киіп жүр едіңіз ғой. Ендеше менің алдымда несіне күнәсіз, момақан бола қалдыңыз! Мен ақырғы рет сұраймын: заттарды бересіз бе, жоқ па?
— Құдай-ау, сіз неткен қызық адамсыз... - деді Паша шамдана бастап. - Сеніңіз, сіздің Николай Петровичіңізден осы білезік пен сақинадан басқа ештеңе де көрген жоқпын. Ол кісі маған тек тәтті самсалар әкелетін.
— Тәтті самсалар... — деді бейтаныс әйел кекесін күлкімен. — Үйде балалар жеуге ештеңе жоқ, ал мұнда тәтті самсалар десеңізші. Затты қайырудан сіз үзілді - кесілді бас тартасыз ғой?
Жауап ала алмаған соң ханым отырып, бірдеңе жөнінде ойлап, екі көзін бір жерден алмай, бедірейе қарады да қалды.
— Енді не істеу керек? — деп айтып салды ол. Егер тоғыз жүз сом таба алмасам, ол құриды да, балалар да, мен де құримын. Мынау малғұнды өлтіруім керек пе немесе оның алдына барып тізе бүгейін бе, қалай?
Ханым орамалын бетіне басып, еңіреп жіберді.
— Мен сізден өтінемін! — деді өксіп тұрып. — Күйеуімді күйзелтіп, құртқан сіз емес, құтқарсаңызшы енді... Оны аямасаңыз да, бірақ балалар... балалар ше... олардың не кінәсі бар?
Пашаның көз алдына көшеде аштықтан жылап тұрған балалар елестей қалып еді, өзі де өкси жөнелді.
— Менің қолымнан не келеді, бикеш? — деді ол. Сіз мені малғұн деп атап, Николай Петровичтің түбіне жеттің дедіңіз, ал мен сізге құдай алдында тұрғандай айтайын, одан ешбір пайда көрген емеспін... Біздің хорда тек жалғыз
Мотяның ғана бай, сыйлы танысы бар, ал қалғандарымыздың күнін көреміз. Николай Петрович оқыған, сыпайы мырза, сонсоң мен оны қабылдаған едім. Біздің қабылдамауымызға болмайды.
— Мен заттарды сұраймын! Заттарды беріңіз маған! Мен жылап... қор боп тұрмын ғой... Қаласаңыз, тіземді бүгейін! Кәне!
Қорыққаннан Паша айғайлап жіберді де, қолдарын ербеңдете бастады. Мынау дәл театрдағыдай көтеріңкі сөйлейтін қуаң жүзді сұлу ханым шынында да тәкаппарлығынан, тектілігінен, өзін көтере түсіп, хористканы қорлау үшін оның алдына кеп тізе бүгетіндігін сезіп тұр еді.
— Жақсы, мен сізге заттарды берейін! - деді әбігерленіп Паша, көзінің жасын сүртіп жатып — Алыңыз. Бірақ бұлар Николай Петровичтікі емес... Мен оларды басқа қонақтардан алып едім. Қалай қаласаңыз да ерік өзіңізде...
Паша комодтың жоғарғы жәшігін суырды да, одан алмастары бар түйреуішті, маржан тізілген жіпті, бірнеше жүзіктерді, білезікті алды да, бәрін әйелге берді.
— Қаласаңыз, алыңыз, бірақ мен сіздің күйеуіңізден түк пайда көрген жоқпын. Алыңыз да байи беріңіз! - деді Паша, оның тізе бүгіп тұрамын дегеніне жәбірленіп - Егер сіз инабатты... оның құдай қосқан қосағы болсаңыз, оған ие болсаңыз етті. Солай емес пе! Мен оны шақырған жоқпын, оның өзі келді...
Ханым көз жасын ағыза отырып, өзіне берілген заттарды қарады да:
— Бұл түгел емес... Мұнда бес жүз сомға да жетпейді, - деді.
Паша комодтан тағы да алтын сағатты, портсигарды және ілмектерді шапшаң - шапшаң алып лақтырып жіберді де, екі қолын жайып, былай деді:
— Бұдан басқа ештеңем де қалған жоқ... Тінтсеңіз де сол!
Қонақ әйел бір күрсінді де, қалтыраған қолдарымен заттарды орамалға орап алды, содан кейін бір ауыз сөз айтпай, тіпті басын да иземей шығып кетті.
Көрші бөлменің есігі ашылып, Колпаков кіріп келді. Өңі құп-қу, жаңа ғана өте ащы бірдеңені ішкен кісіше күйгелектеніп, басын сілке береді көздерінде жас мөлтілдеп тұр.
— Сіз маған қандай заттар әкеліп едіңіз? — деп Паша оған дүрсе қоя берді. — Сұрауға рұқсат етіңізші, қашан әкелдіңіз?
— Заттар... Заттар деген түк емес! — дей беріп, Колпаков басын бір сілкіп қойды. — Құдай-ау десеңші! Ол сенің алдыңда жылады - ау, қор болды-ау...
— Мен сізден сұрап тұрмын: маған қандай заттар әкелген едіңіз? — деп Паша айғайлап жіберді.
— Құдай-ау, ол инабатты, тәкаппар, пәк бола тұрып... ең арты мына... мына неменің алдында тізе бүгіп тұрмақ болды-ау! Оны осыған жеткізген өзім! Өзім!
Ол жалма-жан басын ұстай алып, сарнай жөнелді:
— Жоқ, мұны еш уақытта өзіме кешірмеймін! Кешірмеймін! Аулақ жүр менен... шірік! — деді айғайлап, жирене, Пашадан шегіншектеп және қалтыраған қолдарымен өзінен әрмен қарай итермелеп. - Ол тізе бүгіп тұрмақ болды-ау және... кімнің алдында десеңші? Сенің алдыңда! О, құдайым - ау!
Ол жылдам киініп, Пашадан бойын жирене қашық ұстап, есікке қарай барды да, шығып кетті.
Паша жата қалып солқылдап, бақырып жылай бастады. қызбалықпен бере салған өзінің заттарын аяды, жәбірленді де. Бұдан үш жыл бұрын бостан-босқа бір көпестің өзін сабағанын есіне түсіріп, бұрынғысынан да бетер жылады.
Аударған Ы. Дүйсенбаев