Шабытым еркін келгенде,
Сөз билігін бергенде,
Ал жортақта қаламым,
Табиғат көркі өзіңде,
Жаздың жұмбақ кезінде,
Сылқылдаған гүлдерін,
Мың құбылған түрлерін,
Адаспай, саспай абайлап,
Сөз жүйесін дәл байлап,
Сөйлеуге тілім жетер ед.
Жер мен көктің қымбатын,
Күннің асыл сымбатын,
Көңілдің күйлі жырымен,
Өмірдің түрлі сырымен,
Нақ-нағымен тізілтіп,
Нәзік жандай үзілтіп,
Сайрауға шамам жетер ед.
Адамды дүние көргелі,
Өмірді адам білгелі,
Аңмен бірге өскенін,
Үйір-үйір көшкенін,
Ңұралсыз күшпен алысып,
Жәрдемсізге жабысып,
Орман кезіп жалаңаш,
Бір күні тоқ, бір күні аш,
Қасқырша талап айуанды,
Өткізген талай заманды,
Сондай соқыр қызықты,
Аңнан арам бұзықты,
Ес таппаған қылықты,
Айтуға тілім жетер ед.
Бірақ менің қаупім сол,
Маңызы терең алыс жол,
Кешегі ұлы той үшін,
Тойда тойған ой үшін,
Өлшеуін тауып дәлдеуге,
Қалдырмай анық сөйлеуге,
Шын ынтамен қуанған;
Қала менен далакы,
Ана менен баланы,
Бас-басына іреттеп,
Қуанышын суреттеп,
Қандырғанша айызды,
Тіл байлығы жетпейді!..
Жетпесең, үзіл шешен тіл,
Өрлеуді көңілім өзің біл!
Үміттің кешіп теңізін,
Жүрегіңнің негізін,
Айта алмасаң желпініп,
Таусылдың ақын, арам өл!